1734
Қазақтың «қазақ» атын қайтарған қайраткер
Қазақтың «қазақ» атын қайтарған қайраткер
Түпқарағанда патша заманында Николаев стансасы деп аталған елді мекенге Кеңес үкіметі басшылығы халыққа ешқандай еңбегі сіңбеген Алексей Егорович Баутиннің есімін берген. А.Баутин кедей, кәдімгі қатардағы қаратабан балықшы, қызыл рота жауынгері болған. 1919 жылы көктемде Фортқа ақтардың генералы Железнов деген келіп, билікті қолына алып, біраз адамды түрмеге қамаған. Ішінде Жалау Мыңбаев, Алексей Баутин, Андрей Ювко бар. Жергілікті халықтың қатты наразылығынан кейін, Ж.Мыңбаев және басқа адамдарды шығарған, тек Алексей Баутин мен Андрей Ювконы атқан. Байқап отырғаныңыздай, А.Баутин «жазалаушылардың былайғы жұртты қорқыту құралына айналып, қаза болған бақытсыз бір жан» ғана (Ә.Спанов «Жалау Мыңбаев», 2000 ж., 235-бет). Кеңес үкіметі оны қолдан революционер жасаған, кент орталығына ескерткішін орнатқан. Күні бүгінге дейін сол елді мекен Баутин есімімен аталады. Сол жер қазақ елі тәуелсіздік алғалы өзгеруі керек еді ғой. Одан да сол елді мекеннің атауын Маңғыстауға, жалпы қазақ халқына өлшеусіз еңбек сіңірген, арбакештен Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің төрағасына дейін көтерілген Жалау Мыңбаевтың есіміне ауыстыруды ұсынамыз.
Ардақты Ж.Мыңбаевтың ел үшін, жер үшін, адамдар үшін, әділеттік үшін күреске толы өмірдерегі туралы негізгі мәліметтер Әбілхайыр Спановтың 2000 жылы шыққан «Жалау Мыңбаев», Сейсен Демеубайдың 2005 жылы шыққан «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты кітаптарында нанымды дәлелдер келтіріліп, егжей-тегжейлі баяндалған. Әбекеңнің жоғарыдағы еңбегінде Баутин кентінің атауын Жалау Мыңбаевтың атына аудару туралы ұсынысы бар, бірақ ол ұсыныс қанағаттандырылмаған.
Жалау Мыңбаев 1892 жылы Сыртқы Каспий облысы, Маңғыстау уезінде Форт-Александровск қаласында (қазіргі Форт-Шевченко) кедей шаруа отбасында дүниеге келді.
1905 жылы уезд орталығы Форт-Александровск қаласында үш сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға түсті.
1907 жылы әкесі мен әжесі қайтыс болғасын, анасы мен қарындастарын бағу үшін оқудан шығып, Саурадағы Дубскийдің балық кәсіпшілігінде жүкші, кейін 1916 жылға дейін Қатықбұлақ тұз кәсіпшілігінде арбакеш болып жұмыс істейді. Сол жылы Тұзшылар кәсіподағының төрағасы болып сайланады.
1917 жылы ақпанда уездік комиссар сайлауына Тұзшылар одағы атынан делегат болып қатысады. Уақытша өкіметтің азық-түлік бөліміне, аштыққа қарсы күрес комиссиясына мүше болып сайланады. Сол жылы қарашада уездік совдеп мүшесі, азық-түлік бөлімі бастығының орынбасары болып бекітілді.
1918 жылы қаңтарда қалалық дума, әскери бөлім мүшесі, шілдеде қызыл рота шаруашылық бөлімі бастығы болды.
1918 жылы желтоқсанда «Бірлік» одағының төрағасы болып сайланды.
1919 жылғы наурыз-сәуірде М.Шоқайды Красноводск пен Ашхабад арқылы шетелге шығарып салды. Қайтарда ағылшын интервенттерінің абақтысында 14 күн қамауда болды. Сол жылы мамыр-маусымда уездік атком мүшесі, оның азық-түлік бөлімі бастығының орынбасары, бастығы болып жұмыс істеді.Сол жылы шілде–қарашада Фортқа келген атаман Толстовтың Железнов бастаған жазалаушы әскерінің далалық сотының үкімімен ату жазасына кесіліп, 67 күн абақтыда жатады. Жергілікті тұрғындардың қатты наразылығынан кейін ақталып, босатылады.
1920 жылы сәуірде уездік атком мүшесі, оның азық-түлік бөлімінің бастығы болды, сол жылы қыркүйекте уездік ревком мүшесі, ревком жанындағы коммуналдық-шаруашылық бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
1921 жылы қаңтар-тамызда уездік ревком мүшесі ретінде әртүрлі бөлімдерге басшылық етті.
1921 жылы қыркүйекте уездік ревком мүшесі, уездік милиция бөлімінің бастығы кызметіне тағайындалды. Сол жылы қарашада ол уездік милиция бөлімі басшылығымен қоса, ревком төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
1922 жылы қазанда Қазатком және БОАК мүшелігіне сайланды, қарашада Адай уездік ревкомы төрағасы болып бекітілді.
1917 жылдан бастап халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жолында Ж.Мыңбаевтың жарғақ құлағы жастыққа тимей бармаған жері жоқ шығар. Бакуге, Полторацкіге (Ашхабадқа), Ташкентке, Астраханға, Петровскіге барып, елге азық-түлік, арасында дәрі-дәрмек жіберіп тұрып, елді аштықтан құтқарады. 1917 жылғы 10 желтоқсандағы Сыртқы-Каспий облысының азық-түлік басқармасының №15 бұйрығымен айлық кесімді жалақы мөлшеріндегі сыйақымен марапатталады.
1921 жылы уездік милиция бөлімінде істегенде ел ішіндегі (адай мен табын рулары арасындағы) келеңсіздіктерді, Хорезм республикасы (Жөнейт ханның қарақшылары) тарапынан қазақ ауылдарына жасалған шабуылдарын тоқтатуға, қазақ ауылдарын көшкен кезде қарулы жасақ қорғап жүруін, ол үшін 1 000 адамнан тұратын жасақ құрылуына қол жеткізді.
1922 жылы ревком төрағасының орынбасары болып іске кіріседі. Орталық аштыққа қарсы күрес комиссиясының төрағасы Сергеев Маңғыстау уезіне норма бойынша бөлінетін астық қорын қиырдағы Беларусьтің Гомель қаласынан алуды жоспарлайды. Ж.Мыңбаев үкімет төрағасы С.Меңдешовке шығып, астықты Астраханнан, болмаса Петровскіден алуды өтінеді. Ол хатқа бұрыштама жазып, Сергеевке жібереді. Ол С.Меңдешевке жіберген жауабында, уезден комиссияға тиісті есептер түспеген деп, көмек беруден бас тартады. Қазақстан кеңестерінің ІІІ сессиясында Ж.Мыңбаев Сергевтің барлық кінәсін бетіне басып, оның астамшыл пиғылына соққы беріп, мәселе көтерді. Осыдан кейін уезд астықты Петровск мен Астраханнан алатын болады.
1923 жылы ревком төрағасы қызметіне кіріскенде уезд орталығы Форт-Урицкийдегі пошта-телеграфы РКФСР жол қатынасы Халкомының Астрахандағы Каспий теңізі транспортының қарамағынан Қазақ пошта-телеграф округіне беру туралы шешімге қол жеткізді. Басқа да шешімін таппаған мәселелерді жоғарғы органдардың алдына батыл ұсыныстармен шығып, шешілуіне қол жеткізеді.
Қай жұмыста жүрсе де, халықтың қамын ойлады, әділетсіздікке жол бермеді.
1924 жылы қыркүйекте Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына және Орта Азия мен Қазақстанның әкімшілік-территориялық жағынан межелеу жөніндегі айрықша комиссиясының мүшелігіне тағайындалып, осы іске белсене қатысады.
1925 жылғы наурызда қайта құрылған біріккен Бөкей губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді.
Сол кезде Кеңес Одағы орталық комитетінің Қырғыз-Қайсақ аталған автономия орталығы болған Орынбор қаласын орыстарға қалдырып, ішкі қалаға ауысу туралы талабымен жаңа астана Ақмешітке келеді. Сол жерде 1925 жылы сәуірде бүкілқазақстандық Кеңестерінің V съезі өтеді. Сол съездің басында Ж.Мыңбаев Қазақстан орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады, өлкелік ауыл шаруашылығына жәрдемдесу комитетінің және астана құрылысын салу жөніндегі комиссияның төрағасы қызметін қоса атқарады. Съезде Ақмешіт Қызылорда болып өзгереді. Бұрын ұлтжандылар қанша ұсыныс бергенмен, орындалмай келген елдің Қырғыз-Қайсақ деген атауын Қазақ болып өзгертуге қол қояды.
Осы тарихи шешімдердің астында Қазақ үкіметінің төрағасы Жалау Мыңбаев мен хатшы Б.Аралбаевтың қолтаңбалары тұр. Бұл съездің Қырғыз-Қайсақты Қазаққа аудару туралы шешімін бекіту туралы Мәскеудегі Кеңес үкіметінің алдына Ж.Мыңбаев ресми түрде қойып, бекітуіне қол жеткізеді. Ж.Мыңбаев 1925 жылғы қазанда Республикалық тұңғыш ғылыми-зерттеу орталығы – Қазатком жанындағы санитарлық-бактериологиялық институтты құру туралы қаулыға, 1926 жылы қаңтарда Қазақтың тұңғыш ұлттық драма театрын (бүгінгі М.Әуезов атындағы) құру туралы қаулыға қол қояды. Ақпанда Қазатком Төралқасының республикалық тұңғыш Конституциясын қабылдауға байланысты өткен мәжілісінде сөз сөйлейді. Наурызда «Наурыз» мейрамын өткізу туралы қаулыға қол қояды. Шілдеде қазақ шаруаларының тұңғыш баспасөз үні «Ауыл тілі» газетін шығарып, оның редакторлық қызметін өзі атқарады. Бұрынғы Түркістан губерниясына қараған қазақтың көп жерін қайтарып алған. Ол Маңғыстауда істеп жүргенде Орынборға барып тұрған, сонда әнші-композитор А.Затаевичке бірнеше қазақ әнін орындап берген, сол жерде оқып жүрген Маңғыстау жастарының
А.Затевичке ән орындап беруін ұйымдастырған. Тағы да көптеген игі іске ұйытқы болды. Ұлттық-территориялық межелеуден кейінгі Ж.Мыңбаевтың қол қойып бекіткен 1925-1929 жылдардағы Қазақстан шекарасы жалғанды. Ол картада Қарабұғаз шығанағының оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс жақтары бүтіндей, қазақтың ең шұрайлы, шөбі шүйгін суы мол, балығы тайдай тулаған, байлығы тасып-төгілген Елек (орысша – Соль-Илецк), онымен қоса бұрын Ресей құрамына өтіп кеткен Жетіқара, Аққара, және Бозбие сияқты алтын өндірісі дамыған аудандар да Қазақстан жағында. Кейін
Ж.Мыңбаев өмірден озған соң, Кеңес Одағы атқару комитеті Електі алып қойды, бұрын Түркімен Республикасын басқарған, сол кезде Мәскеуде істейтін Н.Айтақов Қарабұғазды түгелдей Түркіменстанға қостырып алды. Бірақ, 1991 жылға дейін Қарабұғаздан Шағадамды (бұрын – Красноводск, қазір – Түркіменбашы) қоса алғандағы жерлердің бәрінде қазақтар отырды, Шағадамда іс-қағаздары қазақша жүрді, қазақша газет шықты, басшы қызметтерде қазақтар болды. Сол 1991 жылдардан кейін тәуелсіздік алған Түркіменстан сол жерге түркмендерді көбейте бастады.
Сол 1925 жылы Сталин Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшылығына Ф.Голощекинді жібереді. Ол келгеннен кейін «Қазақстанда Октябрь революциясы болмаған, бай-кулактар әлі отыр, оларды тап жауы ретінде соттау керек, итжеккенге айдау қажет, Кіші Октябрь революциясын жасау керек» дейді. Оның бұл ұсынысына әуелі біраз қазақтар қарсы болады, олардың уәжі: «байда 100 қой болса, оған 100 сом салық саламыз, кедейде 5 қой болса, 5 сом салық саламыз, 100 сом салық ауыр болған соң бай малын азайтып, кедейлерге береді. Сөйтіп, бай мен кедейді теңестіреміз». Голощекин біраз қазақты қорқытып-үркітіп, өзінің жағына шығарып алады. Ал Жалау Мыңбаев пен Смағұл Сәдуақасов «байлардың малдары тартылып алынса, халық аштыққа ұрынады» деп тәркілеуге көнбейді. Тәркілеу тек Қазақ үкіметі төрағасының шешімімен іске асырылатын шара. Жалау Мыңбаев ондай қаулыға қол қоюдан бас тартады. 1927 жылдың 28 наурызы мен 3 сәуірі аралығында өткен Қазақстан кеңестерінің VI съезінде Ф.Голощекин Жалау Мыңбаевты Қазақ Орталық Атқару комитеті немесе Қазақ үкіметі төрағасы қызметінен кетіреді. Одан кейін Голощекин өзінің айтқанынан шықпайтын Елтай Ерназаровты Үкімет төрағасына отырғызады. Сонда С.Сейфуллин «Бұл қазақ халқын қорлау, ел үкіметінің басына кімді отырғызғаны» деп жаны шырқырап аттан салған (С.Демеубай. «Жалындап өткен жас ғұмыр» «Үш қиян» баспасы, 2005 ж, 418-бет). Көп ұзамай, Е.Ерназаров тәркілеу өткізу туралы қаулыға қол қойып берді. Сөйтіп, Қазақстанда орасан зор нәубет басталып кетті, халық аштан қынадай қырылды, босып кетті.
1927 жылғы қарашада Өлкелік партия комитетінің бюросында Жалау Мыңбаевты Түрксіб магистралына өкіл етіп жібереді. 1928 жылғы сәуірде Гурьев округтік атқару комитетінің төрағалығына тағайындалады, желтоқсанда денсаулығына байланысты Қызылорда ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері, 1929 жылғы сәуірде Қазақ өлкелік «Союзхлеб» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары және «Казгоссельссклад» кәсіпорнының директорының орынбасары болып тағайындалады. 1929 жылы маусымда Голощекин Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросында Жалау Мыңбаевқа ешқандай дәлелсіз жала жауып, партиялық қатаң сөгіс береді. «Адай контрреволюциялық ұйымының» басшысы деген жала жабылып, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-2-бабы бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалады. 1929 қыркүйекте денсаулық жағдайының әбден нашарлауына байланысты дербес зейнеткерлік демалысына шығады. 1929 жылғы қарашада науқасының асқынып кетуінен 37 жасында Алматы қаласында дүние салады. 1930 жылы қазанда ОГПУ үштігінің қаулысы бойынша Ж.Мыңбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.
1964 жылдың күзінде Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасыновтың Маңғыстауға келіп, жергілікті шаруашылық басшыларымен кездескенде айтқан сөзі: «Жәкеңдер, шіркін, азамат қой. Құлақтарыңда жүрсін. Біздің Қырғыз Республикасы деген атымызды өзгертіп, қазақ атымызды алып берген сол ағаларыңыз. Маңғыстауды Түркіменстанға берілген жерінен қайта алған қызметі сірә құлақтарыңызда шығар. Одан басқа Өзбекстанмен шектес біраз жерге қазақтарды қоныстандырған да сол Жалау Мыңбаев еріміз. Тіпті дендеп кеткеніміз сонша, Ташкентке қозы өрісіндей-ақ жер қалыппыз. Міне, Жәкең сондай азамат болған. Ол бәрімізге мақтаныш». (Ә.Спан. «Жалау Мыңбаев», «Информ-Арна» баспасы, 2000ж., 233-бет).
Осы уақытқа дейін ешқандай тарихи немесе басқа құжатта А.Баутиннің еңбегі туралы жазылған емес. Ал Жалау Мыңбаевтың жарғақ құлағы жастыққа тимей, қай қызметте жүрсе де халықтық, елдік, еларалық проблемаларды шешіп жүргені туралы жоғарыда жазылған кітаптардан басқа да жазылған еңбектер бар.
Жоғарыдағы елге еңбегі сіңбеген Баутин есімін кенттің атауынан алып, орнына нағыз ұлтжанды азамат, қазақтың көрнекті мемелекет қайраткері Ж.Мыңбаевтың атын қою ұсынысын қолдауды өтінеміз. Әділетсіз қойылған есім кент атауынан алынуы тиіс!
Асылбек ДЕРБІСІН,
Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы