1524
Күш атасы Мұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында...
Күш атасы Мұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында...
Мұқан Мұңайтпасұлы! Күш атасы. Қазақтың мақтанышы, алып күш иесі, алғашқы әлемге танылған кәсіпқой балуан. Қажымұқан Мұңайтпасов – күрес өнерінің көптеген түрін жетік меңгеріп, әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Дүниежүзінің 30-ға жуық елін аралап, 50-ден астам медаль жеңіп алған балуанның биыл – 150 жылдық мерейтойы. Осынау даталы жыл қарсаңында алып күш иесінің өмірі мен жеңісті жолы жайында бізге жеткен ашық деректерге тағы бір шолуды жөн көрдік.
Мұқан кімнің ұрпағы?
Қажымұқан Қыпшақтың Алтыбас руынан шыққан. Аталары: қыпшақ Тоқтарбай, одан кейін Қобыланды, Тірлікбай, Ойбас, Ұзын, Алтыбас, Қарыс, Жоламан, Санбай, Шадибатыр, Ернақ одан әкесі Мұңайтпас тарайды. Атасы Ернақ ерекше күштің иесі болған дейді және ол немересі мұқанға қазақ күресін үйреткен деседі. Ал нағашы атасы Лек балуан ағаштарды тамырымен қопарып жұлып алатын аю секілді алып балуан болған деген аңыз бар. Әкесі Мұңайтпас та өте күшті адам болған дейді. Күреске қатысып, «жуанаяқ балуан» деген атанады. Мұқан құжат бойынша 1871 жылы 7 сәуір күні қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келгені жазылыпты. Алайда оның туған жеріне қатысты әр түрлі пікір бар. Зерттеушілердің бір тобы оны Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында 1883 жылы дүниеге келді деп пайымдайды.Мұқан неше жасында танылды?
Мұқан жастайынан байларға жалданып, ауыр жұмысқа жегілгені тарихтан белгілі. Сол кезде батпаққа батып қалған өгізді жалғыз өзі тартып шығарып алғаны туралы әңгімелер де бар. Елдің есінде тағы бір оқиға қалды. Мұқанның қожайыны қыстың қақаған суығында құрғақ шөп алып келуді тапсырады. Жолда арбаны сүйреп келе жатқан бір ат әлсіреп құлап қалғанда Қажымұқан оны арбаның үстіне лақтырып, екінші атты арбаның артына байлайды да, арбаны жалғыз өзі сүйреп әкеледі. Сөйтіп ол 17 жасқа толмай жатып, «бала балуан» деген атпен таныла бастайды. Оның Ақмола облысы бойынша барлық атақты балуандарды жеңгені туралы әңгіме бүкіл қазақ даласына тез тарап кетеді.Мұқанның жеңісті жолы қалай басталды?
1905 жылы Мұқан алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді. Қытайдың Харбин қаласында өткен жарыста ол «джиу-джитсу» күресінен алтын медаль жеңіп алды. Осы додадан кейін «Маньчжурия чемпионы» деген атаққа ие болды. Одан бір жылдан кейін Алманияда өткен дүниежүзілік жарыста тағы да топ жарды. Швецияның Гётеборг қаласында өткен француз күресінен әлем чемпионатында алтын медальге ие болды. Сөйтіп, осы күрес бойынша әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ атанды. 1910 жылы Европа және Ресей балуандарының бір тобы Америкаға аттанды. Олардың ішінде Қажымұқан да болды. Оңтүстік Америка қалаларына жасалған турнирде Қажымұқанның ең сәтті өнер көрсеткен жері – Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы. Сол жерде ол алтын медальмен мараппатталды. Троицк қаласында өткен жарыста Қажымұқан неміс балуаны Вестергард Шмидт, француз Фисури Колос, эстондық Тигане, орыс Петров және тағы басқа атақты алыптардан басым түсті. Ал бір жылдан кейін Нижний Новгородта тағы бір жарысқа қатысты. Сол сайыста неміс балуаны Вестергард Шмидттің мықты екенін біле тұра, Мұқан орындай алмайтын шарт қойған. Ол 100 сом көлеміндегі бәске үшін ғана күресемін дейді. Сөйтіп, Мұқан көрерменнен көмек сұрап, ақша жинап алады. Алайда Қажымұқан бұл жолы да жеңімпаз атанады.Балуандар одан неге қорықты?
Мұқанның жапон балуаны Саракики Джиндофумен болған жекпе-жегі әлі күнге аңыз болып айтылады. Француз күресінен ресми чемпионат аяқталғаннан кейін Саракики кілемге шығып, джиу-джитсудан кез келген балуанды жеңе аламын деп жиналған спортшыларды жекпе-жекке шақырады. Алаңға ешкім шықпайды. Сонда «жығылсаң нардан жығал, деген бабамыз» деп Мұқан атып шығады. Жекпе-жек кезінде Саракики қазақ балуанының құлағы мен астыңғы ернін жыртып жіберген. Соған қарамастан, Мұқан жапон балуанын алып ұрып, жерге жығады. Осы жекпе-жектен кейін Саракики қайтыс болды. Біреулер жүрегі тоқтап қалды десе, енді біреулер жынданып өлген дейді. Осыдан кейін көп балуанның жүрегі шайылығып қалған көренеді. Өйткені, «Біздің арамызда дене бітімі және күшімен қазақ балуаны Қажымұқан ерекше. Оның иығы кең, орасан зор күші иесі болды. Балуандардың көбі одан қорқатын және күрескісі келмейтін», – депті әйгілі балуан Николай Турбас өзінің бір естелігінде.Мұқанның бойы, салмағы қанша болған?
Мұқан тұратын үйде қонақта болған филолог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев балуанның физикалық өлшемдерін жазып алған. Сол кезде 75 жастағы балуан жалаңаш тұрғанда 174 келі тартқан. Шалбарының өзіне үш метр мата, көйлегіне 6 метр сұрып кетеді екен. Бойы – 195 сантиметр, төбеден белге дейін – 77 сантиметр, белінен аяғына дейін – 118 сантиметр. Кеудесі – 146 сантиметр, кіндік тұсы – 173 сантиметр, жуан қара санының қалыңдығы – 71 сантиметр, сан жілігінің ұзындығы (жамбастан тізеге дейін) – 65 сантиметр, балтыр – 49 сантиметр, балтырының ұзындығы – 58 сантиметр, табаны – 35 сантиметр, аяқ киімі – шамамен 54-ші өлшем. Шалбарының белдігі – 220 см., жауырынының жалпақтығы – 60 см., қолтық еттің қалыңдығы – 50 см., қар еті – 47 см., екі иығы – 56 см., мойын жуандығы – 56 см шығыпты. Мұқан теңдессіз күштің иесі болғанына мына бір оқиға дәлел. Бірде Балуандарға үлкен сейфті апарып тастау өтініші түсті. Жолдастарының бұл жұмысты атқара аламай жатқанын көрген Мұқан арқан жіптің көмегімен сейфті арқасына салып алып, екінші қабатқа көтеріп кеткен. Сонда сейфтің салмағы 450 келі болған.Балуанға неге көп лақап ат қойылды?
Мұқан Мұңайтпасұлы лақап аты көп болыпты. Өйткені Ресей оны бұратана халықтан шыққанын айтұқысы келмеген деседі. «Ямагата Муханура», «Қара Иван», «Қызыл маска» деп атаған. Мәселен, «Муханура» деген лақап атты Қажымұқанға Иван Лебедев қойған. Ал «Қара Иван» деген лақап атты «төрт Иван» – Иван Поддубный, Иван Заикин және Иван Шемякинмен бірге өнер көрсеткен кезінде алған еді. Түркияда өнер көрсеткенде Қажымұқан «Қара Мұстафа» деген лақап атпен шыққан. Сол кезде ол түріктің ең атақты балуаны Нуруллахты жеңді. Сөйтіп, Стамбұл билеушісі Шәкір-пашаның назарына ілінеді. Ол жұмбақ «орыстың» мұсылмандық тегін анықтағаннан кейін оған қажылыққа бірге баруды ұсынады. Мұқан ол ұсынысты бірден қабыл алады. Осылайша, қажылықтан кейін Мұқан деген есіміне «Қажы» деген мәртебені қосты. Содан бастап оның есімі Қажымұқан атанып, осы есіммен оның абыройы асқақтай түседі. Қажымұған есіммен ол алғаш рет 1912 жылы Саратов қаласында өнер көрсетті. Жалпы Қажымұқан бабамыздан басқа балуандардың да әртүрлі жағдайға байланысты лақап аты болған. Сол дәстүрі қазір қазақ күресінде жалғасып келеді.Мұқан тапқан олжасын қайда жұмсады?
1940 жылы Қажымұқан халық алдында соңғы рет өнер көрсетуге шығады. Бірақ Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін цирк әртістерінің ақшаны майданға көмек ретінде жіберіп жатқанын көріп, жасының келіп қалғанына қарамастан, өз үлесімді қосамын деп, цирк-шапито ұйымдастырады. Сөйтіп, балға, шынжыр және кір тастар сияқты қарапайым снарядтарды пайдаланып, қазақ ауылдарын аралайды. Шоулардың бірінде Мұқан жерге жатқан екен. Сосын оның үстіне тақтайлар орнатылатын. Сол тақтайлардың үстімен адамдарға лық толы жүк машинасы жүріп өтетін. Осылайша, төрт жылдың ішінде Қажымұқан 100 мың рубль жинап, қорғаныс қорына аударады. Бұл ақшаға ұшақ жасатады да, бүйіріне Амангелді Имановтың атын жаздыртады. Мұқан ол ұшақты жас ұшқыш Қажытай Шалабаевқа салтанатты түрде табыс етеді. Ұшқыш Шалабаев онымен Прибалтика және Ленинград майдандарында соғысты.Мұқаның марапаттары қайда?
Қажымұқан 28 мемлекетте өнер көрсетіп, 50-ден астам медаль жеңіп алған деген дерек бар. Ол наградаларының бәрін сақтай алмады. Мәселен, Рига қаласында жүргенде әкесінің қайтыс болғанын естіп, жолға ақша іздеген екен. Сөйтіп, медальдардың жартысына жуығын атақты балуан Вейланд-Шулцке тастап кетті. Наградалардың ішінде сан алуан мемлекеттердің бірінші басшылары берген медальдар да көп болды. Мысалы, парсы чемпионы Машрутты жеңгені үшін Персия шахы Қажымұқанды «Алтын Арыстан мен Күн» орденімен марапаттады. Бұдан бөлек, жапон балуаны Саракики Джиндофуді жеңгені үшін Манчжурияның «Қайырымдылық» орденін алды. 1927 жылы Қазақстан орталық атқару комитеті Мұңайтпасұлы күрестен әлем чемпионы болғаны үшін оған «Қазақ халқының батыры» атағын берді. Ал 1945 жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлы «Құрмет белгісімен» марапатталды.Балуанның ұрпағы және өмірінің соңы не болды?
Балуанның төрт әйелі болыпты. Олардан төрт ұл – Халиолла, Ғабдолла, Айдархан мен Жаңаділді, сондай-ақ үш қыз – София, Азия мен Рашиданы сүйген. Бірінші әйелі – цирк әртісі Надежда Чеповская. Қажымұқанға тигеннен кейін ислам дінін қабылдап, Бәтима (Фатима) есімін алған. Олар 1909 жылы Рига қаласында танысып, Омбы қаласында үйленіп, той жасады. Одан балуанның Халиолла атты ұлы бар. Ал Ғабдолланы балалар үйінен асырап алды. Ұлты – орыс. 1925 жылы балуан Тыныбайқызы Ырыстыға үйленеді. Одан үш қызы туды. Ал 1938 жылы Мінәйімге, ал 1946 жылы Айшагүлге үйленген. Мінәйімнен Айдархан, ал отыз жас кіші соңғы әйелінен Жаңаділ деген ұлы болған. Ол кезде Қажымұқан 78 жаста болатын. 1996 жылы Қажымұқанның Францияда балалары бар екен деген әңгіме шықты. Бірақ ол ақпарат расталмады. Мұңайтпасұлы немересі Шаттық Қажымұқанов карате-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Бақытжан Қажымұқанов атты басқа немересі – белгілі композитор, «Жас Қанат» пен «Азия Дауысы» байқауының жүлдегері. Балуан өмірінің соңғы жылдары биліктің назарынан тыс қалды, тіпті өз отбасын асырау үшін медальдарын сатуына тура келді деген сөз бар. Ол 1948 жылы Түркістан облысының Бөген ауданындағы Ленин туы колхозында қайтыс болды.Гүлбаршын АВУТАЛИВ, Нұр-Сұлтан қаласы, «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ тәрбиешісі