Қырғыз билігі президенттік басқаруға көшуде

Қырғыз билігі президенттік басқаруға көшуде

Қырғыз билігі президенттік басқаруға көшуде
ашық дереккөзі
443
Қырғыз Республикасының жаңа президенті Садыр Жапаров 28 қаңтарда қызметіне ресми түрде кіріскеннен кейін ел заңнамаларына сәйкес, 3 ақ­пан­да республиканың жаңа үкіметі жасақталды. Қолданыстағы Конс­титуция бойынша бұл іс Жоғарғы кеңестің құзыретінде. Жоғарғы кеңестің көп­шілік коалициясы парламенттегі «Ата-Жұрт» партиясының бас­тамасымен жасақталған жаңа үкіметтің құрамына, бағдарламасына келісіп, пре­зиденттің қол қоюына ұсынылған. 3 ақпанда президент Садыр Жапаров үкі­мет мүшелерін тағайындау жөнінде жарлықтарға қол қойды. Қырғыз Рес­публикасы премьер-министрлігіне Ұлықбек Марипов, бірінші премьер-ми­нистрлікке Артем Новиков бекітілді. Жаңа үкіметте бір ғана вице-пре­мьер-министр лауазымы бар. Оны Экономика және каржы министрі Ұлық­бек Қармышақов қоса атқарады. Бұрынғы үкіметке қарағанда жаңа үкіметте мемлекеттік органдардың бір-біріне қосылуына байланысты үкімет мү­шелерінің саны 16-дан 12-ге қысқарды. Ел­дің көпшілігі үкімет мү­шелері прези­дент­тің қатысуымен Жоғарғы кеңес­те ант бер­ген күні әлеуметтік желіде Ұлық­бек Мари­повтың премьер-министр бол­ғанына жап­пай наразылық білдіре бас­тады. Олардың айтуынша, мұның алдында Есеп палатасын бес жыл басқарып келген ол – бұл қызметке лайық емес, сыбайлас жем­қорлыққа ма­лын­ған шенеуніктердің бірі. Ош облысының Науқат ауданының тумасы Ұлықбек Марипов – әкесі, Жоғарғы кеңестің экс-депутаты  Асамидин Марипов екеуі Науқат ауданындағы үлкен қыз­меттердің жетекшіліктеріне өз адам­дарын, туысқан-жегжаттарын тағайын­да­тып, ауданды «меншіктеп» алған. Мұны сол күні үкімет үйінің алдына ереуілге шыққан оның жерлестері айтты. Бірақ бұған президент тіл қатқан жоқ. «Айтылған сөз, атыл­ған оқпен тең» деген мақал қырғызда да бар. Мемлекет басшысы жарлығын қай­тарып ала алмай, сабыр сақтап отырса ке­р­ек. Өйткені бірнеше айдан кейін жаңа Конс­титуция қабылданады. Соған сәйкес Жо­ғарғы кеңестің жаңа депутаттары сай­ла­нып, «Үкімет» мүшелері қайта тағайын­да­лады. «үкіметті» тырнақшаға алып отыр­ғанымыздың мәні бар. Референдумға қойы­латын жаңа Конституцияның жоба­сын­да «үкімет» деген сөз жоқ. «Министрлер кабинеті» деп аталатын жаңа «үкіметтің» төрағасын және мүшелерін Жоғарғы кеңестің мақұлдауымен Президенттің өзі тағайындайтын болады. Министрлер кабинеті Жоғарғы кеңеске есеп бермейді. Мемлекет басшысы атқарушы билікті (үкі­метті) өзі бақылайды. Президенттің әкім­ші­лігі қалып, үкіметтікі жойылады. Ми­нистрлер кабинеті (және төрағасы) бұрын­ғыдай Жоғарғы кеңеске емес, Президентке тәуелді. Барлық мемлекеттік органның, оның ішінде жергілікті биліктің басшы­ла­рын президент тағайындайды. Соттарды, бас прокурорды, Есеп палатасының мү­ше­лерін, Ұлттық банк төрағасын тағайындау Жоғарғы кеңеспен ақылдасып шешіледі.        Ұлықбек Мариповтың бірнеше айдан кейін­гі жаңа «үкіметтің» басшысы бола ал­майтыны белгілі болып қалды. Садыр Жа­паров елдің пікіріне құлақ салып отырғаны мәлім. Жаңа үкіметтегі жаңалық екі ми­нистр­лікке әйел затының бар­ға­ны болды. 47 жастағы Әсел Чынбаева Әді­лет министрі, 49 жастағы Гүлмира Әбдра­лиева Транспорт, архитектура, құрылыс жә­не коммуникациялар министрі болып та­ғайындалды. Екеуі де өз салаларында әр­түрлі қызметтер атқарған. Есеп палатасының төрағасы, премьер-министр болғанына байланысты бұл қыз­метке палатада бес жылдан бері аудитор бо­лып істеп жүрген, 42 жастағы ұлты қазақ Айжан Са­дыр­құлова тағайындалды. Әкесі – Медет Са­дырқұлов мемлекеттік қызмет­тер­де болған. Президент А.Ақаевтың және Қ.Ба­киевтің тұсында президент әкімшілігін басқарған. Бір-біріне кереғар адамдармен бірге ондай үлкен қызметті атқару –  білікті адамдардың ғана қолынан келетін іс. Қыр­ғыз Республикасындағы қандастарымыздан ең жоғары қызметте істегені де осы кісі бо­­латын. Ол өкінішке қарай, Бакиевтің ке­­зінде қызметінен босатылып, бірнеше ай­дан кейін, 2009 жылғы 13 наурызда, 55 жа­сында кісі қолынан қаза тапты. Өлкедегі қазан төңкерісінен кейін «дүрілдетіп» жұмыс істеген Эко­но­ми­ка­лық қылмыстарға қарсы күрес мемлекеттік қыз­метінің (Қаржы полициясының) төра­ғасы Сыймық Жапыкеев мекеменің Ішкі іс­тер министрлігіне өткеніне байланысты қыз­метінен босатылды. Бұған наразы бол­ған Жапыкеев өзіне қолдау көрсетуін сұрап ха­лыққа үндеу жасады. Еске салсақ, Жа­пы­кеев­тің тобы 6 қазан күні таңғы сағат 5-терде алғашқылардың бірі болып, пре­зидент және Жоғарғы кеңес жайғасқан ғи­маратты басып алған, ертеңіне Жапыкеев ел­дегі хаосты пайдаланып, бас прокура­тура­ға кіріп, өзін-өзі тағайындап, бас про­курор болған. Бірнеше күннен кейін Садыр Жа­паров премьер-министр болып та­ғайын­далғанда Сыймық Жапыкеевті («ре­волю­циялық еңбегін бағалап» – Н.Б.) қаржы по­­­лициясының төрағалығына бекіткен. Сый­мық Жапыкеев аталған қызметте пара ал­ды деген күдікпен айыпталу алдында тұр. Бұл іс сотта қаралуы мүмкін. Анық-қанығы сон­да білінеді.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

túrkistan-ның Қырғыз Республикасындағы тілшісі (Бішкек)

Серіктес жаңалықтары