1299
Дипломатия жемістері
Дипломатия жемістері
Биыл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып жарияланғанына 30 жыл толады. Осы тарихи датаға байланысты өмірімнің жиырмаға жуық жылын осы салаға арнаған дипломатия ардагері хақында, дербес еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы мен даму жолы жөнінде әңгіме қозғауды жөн көрдім.
Әуелі қазақ халқының тарихына аздап көз жүгіртіп өтсек. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан дипломатиясы Ұлы дала дипломатиясының жалғасы деу өте орынды. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу мәселесін қалың жұртшылыққа таныстыру жолында тер төккен ғалымдар мен жазушылар арасындағы Ә.Марғұланның, С.Мұқановтың, М.Әуезовтің, С.Кеңесбаевтың шоқтығы биік. Олар Ұлы дала дипломатиясының бағзы заманнан бастау алатынын бірнеше деректермен дәлелдеген.
Мысалы, Республика Академиясы жаршысының (1957, 1969, 1985 жылдардағы) басылымдарында: «Қазақстанның ХV–ХVIII ғасырлардағы әлеуметтік-саяси тарихын зерттей келе, бұл тек сол дәуірде болған оқиғалар ғана емес, сондай-ақ ол күллі қазақ халқының қалыптасуы мен өту жолдары, ата-бабаларымыздың тарихы, ежелгі тайпалардың бет-бейнесі мен олар сөйлеген тілдің орта ғасырға дейін жетіп, бүгінгі таңға көп өзгеріске енбей келуі, қазақ халқының данышпандығын баяндайтын тарихи ғұмырнама» делінген. Оқымыстылардың айтуынша, тайпа көсемдері әрі әскер басы, әрі сот, әрі ұлттық дін мен дәстүр сақтаушысы болумен қатар, олардың бейбітшілік пен соғыс мәселелері жөніндегі келісімдерге қол қоюға құқылары да бар болған.
Ежелден қазақ халқы өзінің төл тарихын, туған жерін, тілін, ділін, салт-санасы мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерді құрметтеуді, оларды көзінің қарашығындай сақтап қастерлеуді ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырған. Бір деректерде (б.ж.с. дейінгі VIII–VIғғ.) сақтар мен массагеттер бірігіп көршілес тайпалармен бейбіт және сауда-саттық байланысқа түскендігі жөнінде және олардың Ассирия және Мидиеямен, көп кешікпей Персиямен өзара тиімді шарт жасасқаны туралы жазылған.
Бейбіт өмір сүру, бөтен елдермен достық қарым-қатынаста болу – қазақ халқының ежелден бойына біткен абзал қасиеттерінің бірі. XVII-ХIX ғасырларда Орта Азия аумағында дипломатиялық, сауда, әскери байланыстар шеңберінде орын алған дәстүрлердің бірі – елшілер құқығына қол сұқпау, сапар кезінде елшілердің қонып шығуына, көліктердің тынығуына мүмкіндік туғызу, сондай-ақ белгіленген мөлшердегі кедендік баж салығын төлеу болды. Аймақта қалыптасқан дәстүрлер бірте-бірте мемлекеттік ережелер мен халықаралық нормаларына ауысқаны – бүгінгі дипломатияның негізі екендігінің куәсі. Елшілердің құқықтық дәрежесі тек шарттармен шектеліп қана қоймай, Орта Азия мен Қазақстан халықтарына тән салт-дәстүрлерге, дініне, мемлекеттің ішкі заңдарына негізделді.
Қазақстан 1991 жылы өзін Тәуелсіз мемлекет деп жариялағаннан кейін, Сыртқы істер министрлігі қызметі мүлде өзгерді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындаған халықаралық қауымдастық елдерімен терезесі тең, сыртқы саясатын өзі анықтайтын мемлекетке айналды. Қысқа мерзім ішінде Сыртқы істер министрлігі алдында ұлттық мүддеге сай маңызды да жауапты міндет – дипломатиялық жұмысты дұрыс жолға қою мәселесі тұрды.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болып тағайындалған Төлеутай Сүлейменов басқарған ұжым қиын да күрделі шараларды үлкен жауапкершілікпен атқара білді. Күрделіліктің біріншісі – Кеңес дәуірі кезінде Қазақстанның дербес сыртқы саясат жүргізу тәжірибесінің аз болғандығы; екіншісі – Кеңес Одағы құлағаннан кейін Қазақстанның өзіне тән сыртқы саясат жүргізуде геосаяси ақиқатқа сай бейімделуіндегі қиындықтарға төзе отырып, өзіндік сыртқы саясат жолына түсуі.
Елде болған жағдайды шешу барысында жас мемлекеттің дипломатиялық қызметіне шет елдерде жұмыс істеген мамандарды және сол кезде КСРО Сыртқы істер министрлігі (СІМ) мен халықаралық ұйымдардағы дипломаттарды Қазақстан Республикасының СІМ-не қызметке шақыру қажеттілігі туды.
Тәуелсіз еліміздің Сырқы істер ведомствосындағы алғашқы ұйымдастыру шараларының бірі министрлік жұмысына құқықтық негіз беру болды. Бұл тұрғыда сыртқы байланыстарда тәжірибесі мол шет елдердің сыртқы саясатына сараптама жасай отырып, Қазақстанға сай халықаралық құжаттардың құқықтық принциптерін зерттеп, зерделеп, оларды заң арқылы бекіту болды.
Ұжымның алғашқы қолға алған құжаты – «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы Ережесі». Үкімет басшыларының жан-жақты талдауынан өткен бұл құжат Президент Жарлығымен 1992 жылғы 2 шілдеде бекітілді. Жарлық күшіне енгеннен бастап, Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының атқарушы органы болып есептелініп, оған шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен байланыс орнату құқығы берілді.
Сыртқы істер министрлігі өміріндегі аса маңызды туынды – тәуелсіз, жас Қазақстан Республикасының сыртқы саясат жөніндегі тұжырымдамасы (концепция) болды. Тұжырымдамада егеменді еліміздің сыртқы саясаттағы негізгі қағидалары мен бағыттары, мақсаттар мен көзқарастар жүйесі жан-жақты айқындалды.
Дипломатиялық қызметтің басты мақсаты – Қазақстан Республикасында әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру үшін сыртқы саясатта қолайлы жағдайлар жасау және елімізге қажетті шетелдік инвестициялар тарту. Мемлекетіміздің сыртқы саясаты – халықаралық ұйымдардың қолдауымен шет елдермен сауда–экономикалық байланыстарды барынша дамыту. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатының үндестігін еске ала отырып, республикамызда демократиялық қоғам құру, әлеуметтік жағдайды одан әрі жақсартуға бағытталған нарықтық экономика жүйесін жасау, Отанымызда тұрып жатқан азаматтардың конституциялық құқығын сақтау – тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты мақсаты екенін естен шығармауға тұңғыш Президент Н.Назарбаев үнемі назар аударып отырды.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының негіздері – тепе теңдік, көпвекторлық, әріптестерімен сыртқы қатынастарды орнатуда прагматикалық принцип ұстау, өз елінің сыртқы саясатына қайшылық келетін іс-қимылдар кезінде сабырлы да салиқалы, істің мән-жайына терең талдау жасау арқылы елімізге келген шетелдік инвестицияларды барынша қорғау. Сонымен қатар екіжақты не көпжақты қарым-қатынастарды нығайтуда халықаралық құқық қағидаларын дұрыс пайдалану.
Елбасының ядролық қарудан бас тарту жөніндегі тарихи шешімі қазақ еліне бедел мен абырой әкелді. Халықаралық қауымдастыққа мүше елдер республиканың бұл қадамына өз ризашылығын білдіріп, жаңа тәуелсіз мемлекеттің дүниежүзілік қауіпсіздік ісіне қосқан үлесін шексіз деп бағалады. 1992 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Лиссабон хаттамасына қол қойып, өзін ядролық қарусыз мемлекет ретінде жариялады.
Егеменді еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуына едәуір ықпал жасаған оның Біріккен Ұлттар Ұйымында өз ұстанымына берік болғаны. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ға 1992 жылғы 2 наурызда мүше болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Қазақстан шекаралас елдермен халықаралық құқыққа негізделген, достық пен тату-тәтті көршілікті көзінің қарашығындай сақтауды алдына мақсат етіп қойды. 1991 жылдың желтоқсанында қабылданған Алматы Декларациясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрылғандығы әлемге жария болды. ТМД-ның жұмысы оған мүше елдердің бір-бірімен тең құқықтығы негізінде құрылғаны, олардың территориялық тұтастығын құрметтеу, осы күнге дейін қалыптасқан шекаралардың беріктігін сақтау және бөтен елдер тарапынан көршілес мемлекеттер шекарасына қауіп-қатер төнсе, бірігіп тойтарыс беру жөнінде келісімге келді.
Осындай қиын-қыстау заманда, яғни 1994 жылғы 13 қазанда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне басшылық ету Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұйырды. Ол баянды еңбек еткен 1994-1999 жылдар еліміздің сыртқы саясатындағы елеулі кезеңдердің бірі болды. Еліміз дербес мемлекет ретінде үлкен әлемге алғашқы қадамдарын жасай бастады. Мемлекетаралық қатынастар орнату тәжірибесі жоққа жақын болатын. Алайда жас қазақ дипломатиясы бұл құрметті де қиын миссияны абыроймен орындап шықты. Қасым-Жомарт Тоқаевты шет елдерде «кәнігі дипломат» деп бағалайды, оның жоғары кәсіпқойлығын құрметтейді, қазіргі қазақ дипломатиясы мектебінің негізін қалаушы ретінде біледі. Мемлекетіміздің талай жоғары лауазымды қызметтерінде абыройлы жұмыс атқарған Қ.Тоқаев мырза 2002 жылы Сыртқы істер министрі болып, дипломатияның сара жолына қайта оралды. Әлемдік ауқымдағы дипломат деңгейіне көтерілген Қасым-Жомарт Кемелұлы – ірі халықаралық форумдардың қалаулы қонағы, дүниежүзілік дипломатиялық қоғамдастықтың танымал өкілі. 2007 жылға дейін өзіне тапсырылған жауапты қызметке бар білімі мен күш-жігерін арнаған Қ.Тоқаевтың есімі Қазақстан сыртқы саясатымен байланыста бола тұра, жаһандық саясатта да әбден танымал тұлға. Бұған Қасым-Жомарт Кемелұлының 2011-2013 жылдарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орынбасары лауазымында табысты жұмысы дәлел бола алады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдарында, өз елінде халықаралық жоғары деңгейдегі кездесулер, жиындар, форумдар өткізумен, дұниежүзілік қауымдастық елдерін өз назарына аудара бастады.
2010 жылғы Қазақстан Республикасының Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ – ОБСЕ) төрағалық етуі – еліміздің сыртқы саясаты мен халықаралық қатынастарын әлемге паш етудегі тарихи оқиғалардың бірі болды. Бұдан бұрын бұл мәртебе ешбір мұсылман еліне, сондай-ақ посткеңес кеңістігі елдеріне бұйырмаған еді. Төрағалық жөніндегі шешім ұйымға мүше мемлекеттердің Қазақстанның әлемдік процестегі позитивті рөлі, оның құқықтық, демократиялық мемлекет құруға шынайы ұмтылыстарын ресми бағалауы болды.
ХХІ ғасырдың басында елордамызда өткізілген ЕҚЫҰ-ның бірінші басқосуы және онда қабылданған Астана Декларациясының маңызы жоғары деңгейдегі халықаралық шаралардың санатына жатады. Сәтті өткен төрағалық жылынан кейін, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның «Үштік» шеңберінде өз жұмысын белсенді жалғастырды. 2011 жылдың қыркүйегінен желтоқсан айына дейін біздің мемлекет қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумына басшылық етті. Белгілі қазақ дипломаттарының келіссөздер жүргізудегі шеберлігі, декларация мәтініндегі кейбір келіспеушіліктерді алып тастауы, не ымыраға келудегі аймақ өкілдерімен жеке-жеке дөңгелек үстел басында күні-түні өткізген кездесулері нәтижесінде Астана Декларациясы қабылданып, ЕҚЫҰ-ның болашақ тағдыры айқындалды.
Дүниежүзінде болып жатқан әртүрлі әскери қақтығыстар мен дау дамайларға тоқтау бере алатын саяси құралдардың бірі – әлемдегі дін өкілдерінің бір жерге бас қосып, дүниеде болып отырған келеңсіз жайттарды дөңгелек үстел басында, диалог пен өзара пікір алмасу арқылы бейбіт түрде шешу. Осы орайда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезін өткізу шешімі қабылданды. Осыған дейін конфессияаралық келіссөздерді орнатуға бағытталған іс-шаралардың бірі Италияның Ассизи қаласында 1986, 2002 жылдары өткен болатын. Кең көлемде сьезд мәртебесінде бұрын болып көрмеген осындай саяси шараны өз елінде өткізуге Қазақстан бел байлады. Бұл 2003 жыл болатын. Астанамызға ислам, христиан, иудаизм, будизм, сондай-ақ көптеген дәстүлі діндердің көшбасшылары жиналды. Форум нәтижелері бойынша декларация қабылданды, онда рухани лидерлер адамзат үшін бейбітшілік пен өзара сыйластықты сақтау, сондай-ақ келешекте бейбітшілік негізінде қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы бірлесе атқаратын іс-әрекеттер туралы өз ойларымен бөлісті. Өткен іс-шараның жеңісі сьезді 3 жылда бір рет өткізу туралы келісім болды. Осыдан кейінгі 2006 жылы Астанада өткен ІІ сьезге 17 конфессиялық делегация қатысқан болса, 2009 жылғы ІІІ сьезге келген делегациялар саны 77-ге жетті. Келісілген мерзімде өтіп тұратын – 2012 жылғы IV Сьезд; 2015 жылғы V Сьезд; 2018 жылғы VI Сьезд делегаттары көтерген мәселелер – адамзат алдында тұрған күрделі проблемалардың өрістеп келе жатқан өзектілігін мойындап, қоғамның әр мүшесінің өз жауапкершілігін сезіну; діннің өскелең рөлін және дінаралық өзара түсіністік пен қазіргі кездегі әлемдегі ынтымақтастықтың қажеттілігін ескеру; дінге сенетіндерді өзара құрметтеу мен үйлесімдікке ықпал ету; мәдени және рухани мұраны қорғау мен дамытуға ұмтылыс көрсету; этнос және дінаралық араздыққа, өшпенділікке ымырасыз қарсы шығып, әртүрлі сенімдегі адамдармен бейбіт өмір сүру адамзат қауіпсіздігінің маңызы деп атап көрсетілді.
2010-2011 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ-ШОС) төрағалық етті. Өзара сенімділік пен теңдіктің, мәдениеттердің әртүрлілігіне құрметтің және өзара тиімді біріккен дамуға талпыныстың «Шанхай рухын» басшылыққа ала отырып, Қазақстан бұл ұйымға басшылығын іс жүзіндегі нақты нәтижелерімен іске асырды. Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта айтарлықтай жұмыс көлемін атқарды. Атап айтқанда, ШЫҰ елдерінде, тұтастай алғанда, әртүрлі деңгейде өткен 90-ға жуық іс-шаралардың нәтижесінде ұйымға мүше елдер арасындағы ауқымды және жан-жақты ынтымақтастық одан әрі нығая түсті. ШЫҰ мемлекет басшылары бірауыздан Қазақстан төрағалығына жоғары баға бере келе, нәтижелі бастамалардың жалғасын табуды ұсынды. Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай мүше болған бұл ұйымның негізгі мақсаты – аумақта қауіпсіздікті сақтап қана қоймай, елдер арасындағы экономикалық байланыстарды барынша дамыту.
Елді елең еткізген оқиғалардың бірі – 2011 жылы Қазақстанның Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИЫҰ) төрағалық етуі болды. Мүше елдердің саны жағынан
(57 мемлекет) БҰҰ-нан кейін екінші орында тұрған бұл үйым – мұсылман мемлекеттерінің басын біріктіретін халықаралық маңызды саяси, экономикалық, гуманитарлық құрылым. 2011 жылғы 28-30 маусымда Астанада ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өтті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғашқы рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.
Жаңғырту мен реформаларды ХХІ ғасырдағы Ислам әлемі дамуының негізі деп жарияланған, мазмұны жөнінен ұйымның ең прогрессивті құжаты болған сол кездегі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың мұсылман үкіметі алдындағы бағдарламалық сөзі ИЫҰ Астана декларациясының негізін қалады. Сыртқы істер министрлері кеңесі (СІМК) жүзден астам қарар қабылдады, соның ішінде Қазақстанның бастамасымен ұсынылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру, Ауғанстандағы заңсыз есірткі өндіру және оның айналымымен күресу, бұрынғы Семей ядролық полигоны мен Арал теңізі өңірлерін сауықтырып, қалпына келтіру жөніндегі құжаттар бар. Ұйым шеңберінде қабылданған шешімдер салиқалы да байсалды, төзімді де икемді болды. Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы экономикалық қарым-қатынастар мен саяси әрекеттер, өркениеттер мен дінаралық диалогтар «Батыс пен Шығыс» елдерін байланыстыратын көпір болатыны сөзсіз.
Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған республикалардың басын біріктіретін экономикалық жүйе құру бастамасын қолға алған болатын. Соның бірі – Еуразиялық экономикалық ұйым мен Кедендік Одақ. Аталмыш интеграциялық бірлестік Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын, көптен бері экономикалық ізденіс жолында жүрген миллиондаған халқымыздың үміт-арманы еді. Еуразия континентінде дүниеге келген бұл ұйым болашақта еуроатлантикалық және азиялық таралымды бекітетін ең басты түйін болмақ.
Қазақстан Республикасы өзін егеменді мемлекет деп жариялаған уақыттан бері дүниежүзі елдерін ядролық қарудан бас тартуға шақыруда. Қазақстан тарапы 2011 жылы Нью-Иоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясында әлем жұртшылығының назарын адамзат өміріне төніп тұрған қатерлі қауіптен сақтануға аударды. Сондықтан да ядролық қарулары бар мемлекеттердің осындай жойқын күштен бас тартып оны пайдаланбау және ол арқылы қоқан-лоққы көрсетпеу жөнінде Конвенция қабылдауды ұсынды.
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақ дипломатиясының қол жеткен ірі жетістіктерінің бірі еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құрамына енуі және оған төрағалық етуі болды. Бұл тек біздің мемлекетіміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда өкілеттілік етпеген бүкіл Орталық Азия өңірінің де табысы болды.
БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, осы ұйымға мүше 193 мемлекеттің Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше елдері атынан жарты жылға төрағалық ету құқығы бар. Күллі әлемнің назарын өзіне аударатын осындай лауазымға Қазақстанның қол жеткізуі оның БҰҰ-на мүше болған жылдардан бастап дәйекті де салиқалы жүргізген сыртқы сая-сатының нәтижесі деп түсінген абзал.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік кеңесінің үздіксіз күнделікті жұмысын қамтамасыз етті және мандатқа сәйкес жүктелген функцияларды орындады. Қазақстанның төрағалығы барысында консультациялар, брифингтер және пікірталастар форматында 30-ға жуық отырыс өткізілді. 2018 жылғы 18 қаңтарда Елбасымыздың төрағалық етуімен өткен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етуінің басты іс-шарасы болды. Отырыс сенімді нығайту шаралары, сондай-ақ преветивті дипломатия құралдарын нығайту әлемдік державалар арасындағы саяси коньюнктура нәтижесінде уақытылы шешілмейтін көптеген маңызды мәселелер бойынша прогреске қол жеткізудің негізі бола алатынын көрсетті.
Төрағалық ету мерзімінде Қазақстан өзіне бауырлас мемлекет – Ауғанстанның әл-ахуалына баса назар аударды. Қазақ дипломаттарының бастауымен Ауған жеріне келген өзге елдердің дипломаттары, бұл игі бастаманы қолдайтындарын және де бұдан былай осы елдің бейбіт өмірге оралуына бар күш-жігерін жұмсайтындарын білдірді.
Тұңғыш рет елімізді әлемге танытқан Азия континентіндегі өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК–СВМДА) құру бастамасы еді. Кеңесті шақыру жөніндегі идеяны Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1992 жылғы қазанда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында ұсынған болатын. Елбасы бұл бастаманың негізгі мәні әлемнің өзге өңірлеріне қарағанда әлі тиісті тетігі қалыптасып болмаған Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ықпалды әрі әмбебап құрылымын қайта құруға деген ұмтылыс екенін атап көрсетті. Міне, содан бері 29 жыл өтті. Кеңес Жарғысына сәйкес, мүше елдердің бұл форумға басшылық етуі, кесте бойынша өзгеріп отырады. Мұндай маңызды бастаманы мақаламның соңына қалдыруымның өзіндік себебі бар. Бастапқы жылдары кеңеске сәтті басшылық еткен Қазақстанға – 2020-2022 жылдары төрағалық ету мәртебесі қайтып оралды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев кеңес жұмысына ерекше назар аударуда. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Сыртқы істер министрлігі жанынан арнайы Хатшылық құрылды. 2022 жылы форумның құрылғанына 30 жыл толмақ. Қазіргі таңда Кеңеске мүше елдер саны 26-ға жетті. Қазақстан тарапы төрағалығы барысында АӨСШК-нің аты Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымы деп өзгеріп, (АҚДҰ) оған толыққанды ұйым статусын беруді ұсынбақ. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл қадам кеңестің атын ғана жаңартып
қоймай, оның мәртебесін де биіктетеді.
Әлемдік қауымдастық елдерімен орнатылған тиімді қарым-қатынастардың нәтижесінде Қазақстан Республикасының елшіліктері мен консулдық мекемелері сыртқы саяси басымдылық елдерінде ашылуда. Олардың саны 70-тен асты. Қазіргі таңда Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған дүниежүзінің 170-тен астам елімен жан-жақты пәрменді қарым-қатынас орнап жатыр.
Қорыта келе айтарым, егер кейбір елдердің Сыртқы істер мекемелері жоғарыда баяндалған халықаралық шараларды іске асыруға бір ғасырдай уақытын сарп етсе, ал біздің қазақ дипломатиясының дарынды да талантты дипломаттарының мұндай мағыналы да мазмұнды, абыройлы істерді 30 жыл аралығында ойдағыдай орындауы – қуаныш пен мақтаныш, зор жеміс пен толағай табыс нәтижесі. Бұл келер ұрпақты сәулелі болашаққа жетелейтін ашық та айқын жол болмақ.
Қайрат Исағалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген
дипломаты, Сорбонна – Қазақстан институтының профессоры