1333
Қат мамандық қайсы?
Қат мамандық қайсы?
Еңбек нарығы заман ағымына қарай үздіксіз өзгеріп отырады. Бүгін бәсі жоғары тұрған мамандықтар уақыт өте келе сұраныстан шығып қалуы әбден мүмкін. Оксфорд университетінің ғалымдары 2045 жылға қарай барлық қызмет түрлерінің шамамен 50 пайызы автоматтандырылып, мамандықтардың біразы жойылады деген қорытындыға келген. 2016 жылы өткен Бүкіләлемдік экономика форумында 2021 жылға қарай дамыған елдерде 7 млн адам жұмыссыз қалатыны, сонымен қатар заман талабына сай 2 млн жаңа жұмыс орны пайда болатыны айтылған.
Жалпы, еңбек нарығы қоғамның қызығушылықтары мен экономикалық, технологиялық және саяси трендтердің ықпалынан қалыптасады. Сол себепті де әр мемлекеттің еңбек нарығы әрқилы. Мысалы, біздің жағдайда жұмыссыздық цифрландыру мен автоматтандыруға байланысты деу жаңсақ болар еді. Дипломы бар, жұмысы жоқ мамандар мен дамытатын маман табылмай тоқырап тұрған салалар. Бұл қарама-қайшылық неден туындап отыр? Жалпы, еліміздегі жоғары оқу орындары еңбек нарығындағы сұраныспен санаса ма? Еліміздегі еңбек нарығына толықтай зерттеу жүргізіп, сараптап, болжам жасайтын мамандар бар ма, болған жағдайда, сол зерттеу нәтижесін қолданып жүрміз бе?
«Жаңа кәсіптер атласын» кәдеге жарата аламыз ба?
Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 2020-2021 оқу жылында жоғары білімді мамандарды даярлауға 53 864 грант бөлінген екен. 2020 жылғы шілдедегі статистикалық мәлімет бойынша елімізде 636 405 студент университеттерде білім алып жатыр. Десек те, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының дерегі бойынша 2018 жылы ЖОО түлектерінің 60 пайызға жуығы мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған. 2021 жылғы 1 ақпандағы қорытынды бойынша елімізде 453 971 адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Тіркелмегендері қаншама. Мұның барлығы еңбек нарығын нақты әрі жан-жақты сараптап, талдау керектігін көрсетіп отыр. Аталған талдаулар мен болжамдар дамыған елдерде баяғыда-ақ қалыптасқан үрдіс. Сол арқылы талапкерлер болашаққа бағыт-бағдар алады, нарықта да маман тапшылығы болмайды. Сондай нұсқаулықтың бізге де ауадай қажет екені айтылып жүрді.
Жақында ERG және BTS Digital компанияларының «Жаңа кәсіптер атласы» деп аталатын жаңа мамандықтарды анықтауға негізделген нұсқаулығы жарық көрді. Атласта 9 өндірістік саланың мамандықтарын 3 топқа бөліп, жіктейді. Біріншісі – жаңа мамандықтар – ресми түрде әлі пайда болмаған, бірақ жақын арада пайда болу ықтималдығы жоғары мамандықтар. Екіншісі – бұрыннан бар, бірақ заман талабына сай өзгеретін мамандықтар. Үшіншісі – мүлде жойылатын мамандықтар.
Enbek.kz сайтында атлас алдағы 5-10 жылды қамтитыны жазылған. 55 сарапшы 2000-нан артық салалық сарапшы қатысқан жоба Foresight (Форсайт) әдістемесімен жасалыпты. Яғни форсайт – болашақта жүзеге асыратын мәселелердi алдын ала зерттеп, сол мақсатта жұмыс iстеп, соңғы нүктесiне дейiн жеткiзу. Атлас туралы жақсы пікірлер көп, сәтті жоба ретінде танылып үлгерді. Бірақ, оны кәдеге жарату жағы қалай болмақ? Жалпы, қазіргі еңбек нарығы, «Жаңа кәсіптер атласы» турасында экономист-сарапшы Асылбек Күздеубаевтың пікірін білген едік.
Асылбек КҮЗДЕУБАЕВ,
экономист-сарапшы:
– Жақында елімізде жарық көрген «Жаңа кәсіптер атласы» туралы білемін. Бұл жалпы Қазақстан нарығында жастарға, талапкерлерге болашақта қандай мамандықтардың маңызы бар, қандай мамандықтарға сұраныс болады, қандай маман дайындауымыз керек деген сұрақтар төңірегінде жүргізілген зерттеулердің қорытындысы. Атлас – болашақтың шамшырағы болады деп сеніммен айта аламын. Себебі бұл – тек жас түлектерге ғана емес, қазір қоғамда, еңбек нарығында өз жолын, бағытын таба алмай жүрген азаматтарға жол сілтейтін үлкен жоба. Атласта болашақта жаңадан пайда болатын 239 мамандық еліміздің экономикасындағы 9 сала бойынша көрсетілген. Оның ішінде, 30 мамандық жойылады деген сияқты нақты статистикалық деректер де бар. Бірақ, бір айта кетерлігі, бізде еңбек нарығына, тілге, білім саласына қатысты болсын қаншама қабылданған жақсы реформалар болды. Қағаз жүзінде бәрі керемет, нәтижесінен зор үміт күттіреді. Ал оны жүзеге асыруға келгенде біздің механизмнен қандай да бір ақау шығады да, нәтиже әлсіз немесе халықтың көңілінен шығатындай болмайды. Ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Осы атлас жобасы да соның кебін кимесе екен деймін. Бұл жоба, сөз жоқ, жақсы жоба. Бірақ бағанағы 9 өндірістік сектор аталған өзгерістерге дайын бола ма? Әлде осы барымызбен жүре берейік дей ме? Мұндай жағдайда өзгеріске бейім мамандар даярлап шығарғанымызбен, ешқандай пайда болмайды. Сондықтан да біз тек бағыт сілтеумен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Кәсіпорындар мен салалардың техникалық-базалық жағын қадағалап, еңбек нарығына қарай икемдеуіміз керек. Еңбек нарығына талдау жүргізетін департаменттер болсын, арнайы сарапшылар болсын зерттеу жүргізіп жатады, бірақ, ол сол күйі қалады. Оларда сол зерттеулерін жүзеге асыратындай құзыреттілік жоқ. Жоғары оқу орындары қандай маманды даярлап шығарамын десе де, өз еріктері. Гуманитарлық бағыттағы оқу орындары техникалық бағыттағы мамандарды даярлап жатады немесе керісінше. Осы сияқты әртүрлі факторлардың әсерінен осындай қарама-қайшылықтар туындап жатады.Үкіметтің 1999 жылғы 15 ақпандағы №125 қаулысы негізінде «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» құрылған. 2016 жылғы 1 шілдедегі № 391 қаулы бойынша орталық «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы болып өзгерді. Орталықта Еңбек нарығын талдау департаменті, Болжау департаменті, оның ішінде Еңбек нарығын болжау басқармасы бар. Аталған департаменттер жұмысының жай-жапсарын біліп, жасаған зерттеу нәтижелері қаншалықты ескерілетіні, білім гранттарын бөлу кезінде Білім және ғылым министрлігімен арада байланыс бола ма деген сұрақтардың жауабын білу үшін орталыққа хабарластық. Баспасөз қызметі маманы Анар Шайкенованың сөзінше, enbek.kz жүктелген резюмелер мен бос жұмыс орындарына қарай еңбек нарығына талдау жасалады. Сонымен қатар, білім гранттарын анықтау кезінде Білім және ғылым министрлігіне талдау қорытындылары жіберіледі. Бірақ, білім гранттары тек Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің сараптамасы арқылы ғана бөлінбейді. Әр сала өздеріне керек, сұранысқа ие мамандықтарды өзі ұсынады.