281
Қырғыздар Мұқағалиға құрмет көрсетті
Қырғыздар Мұқағалиға құрмет көрсетті
22 ақпанда Бішкекте, Алықұл Осмонов атындағы Қырғыз Республикасы Ұлттық кітапханасындағы Абай атындағы қырғыз-қазақ мәдени орталығында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Ең бірінші бақытым – Халқым менің... Ал екінші бақытым — Тілім менің...» атты поэзия кеші өтті. Ана тілдің халықаралық күні аясында өткен іс-шараны Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшілігі және Қырғыз Республикасы қазақтары қауымдастығы ұйымдастырды.
Қырғыз Республикасында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің, қазақ диаспорасының өкілдері және қырғыздың ақын-жазушылары қатысқан ақиық ақынға арналған жыр кешінде студенттер Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыды, қырғыз ақындары жаңа аудармаларын елдің назарына ұсынды. Әсіресе, қырғыздың белгілі ақыны Темірбек Алымбековтің аудармасындағы Мұқағали Мақатаевтың Фаризаға арналған өлеңі аудиторияны өзіне баурап алды. Қырғыз Республикасындағы қазақтардың мақтанышына айналған өнер саласындағы бірқатар халықаралық сыйлықтардың лауреаты Нұрлан Әбдірәлиевтің домбыраға қосылған әуендері поэзия кешінің көркін келтірді.
Еске салар болсақ, өткен жылы Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшілігінің бастамасымен Абайдың 175 жылдық мерейтойының аясында Қырғыз Ұлттық кітапханасында Абай атындағы қырғыз-қазақ мәдени орталығының ашылғаны бауырлас екі елдің мәдени қарым-қатынасындағы маңызы аса зор оқиға болды. Үлкен кітапхананың екінші қапталын тұтастай иеленген, жалпы алаңы 420 шаршы метр болған кітап қоймасы, оқу, компьютер, сұхбат және конференция залдары бар «Абай орталығы» қазақ елінің қырғыз жеріндегі берік бір тұғырындай десек болады. Орталықтағы алтынмен апталған Абайдың ойлы мүсін-келбеті оқырмандарды өзіне тартып, ой салады. Зал қабырғасындағы Шоқан Уәлихановтың, Мұхтар Әуезовтің және басқа да қазақ ағартушыларының үлкен портреттері қазақ елінің болмысын даралап тұр.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
túrkistan-ның Қырғыз Республикасындағы тілшісі (Бішкек)