291
Елімізге Түрікменстаннан 153 қандасымыз көшіп келді
Елімізге Түрікменстаннан 153 қандасымыз көшіп келді
Бүгін Түрікменстан Республикасынан 153 қандасымыз тарихи Отанына көшіп келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2020 жылы әлемде орын алған пандемияға байланысты елімізде көшіп–қонушылар ағыны кейінге қалдырылған болатын. Содан бері шетелдік қандастарымыз ел аумағына кіргізілген жоқ. Үкіметтің қолдауымен бүгін барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, Қазақстанға көшіп келуге өтініш тастаған қандастарымыз өз еріктерімен тарихи Отанына қоныс аударды. Оларды Қазақстан-Түрікменстан шекарасындағы «Болашақ» станциясынан Қарақия ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен Қарақия орталық аудандық ауруханасының медбикелері Ермағанбетова Марал және Унгарбаева Ляззат, өздерінің көмегін көрсетіп, ағайындарды қарсы алды. Қоныс аударушылардың ПТР тест сынамасының нәтижесі мен тиісті құжаттары тексеріліп, «Қазақстан Темір Жолы» «Жолаушылар тасымалы»» АҚ-ның демеушілігімен арнайы дайындалған пойызбен елге келді, делінген МО ҚКО таратқан ақпаратта. Бауырлас ағайындар мінген пойыз Жаңаөзен станциясына, одан кейін Маңғыстау станциясына келді. Оларды Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданы әкімдігінің қызметкерлері күтіп алды. Бірқатары туыстарының үйіне жайғасса, ал бір бөлігі өзге облыстарға қоныстанады. Атап айтсақ: Ақтау қаласына 42 адам; Мұнайлы ауданына 58 адам; Түпқараған ауданына 11 адам; Жаңаөзен қаласына 18 адам; Жамбыл облысына 9 адам; Алматы қаласына 11 адам; Ақтобе облысына 1 адам; Шымкент қаласына 2 адам барады.