515
Латынграфикалы қазақ әліпбиі: кірме терминдерді жазудағы ұстанымдар
Латынграфикалы қазақ әліпбиі: кірме терминдерді жазудағы ұстанымдар
2019 жылғы қазанда Ұлттық кеңестің кезекті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев ғалымдарға жаңа қазақ ұлттық латынграфикалы әліпбиін жетілдіруді тапсырған болатын. Ал 2021 жылғы 28 қаңтарда Премьер-Министр Асқар Мамин қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында жетілдірілген жаңа қазақ ұлттық латынграфикалы әліпбиін таныстыру рәсімін өткізді. Осылайша, Қазақстан жұртшылығы жаңа әліпбиді талқылауға жаппай ден қойды.
Өзге елдер тәжірибесіндегі тәрізді жетілдірілген әліпби де сөзжасамдағы барлық принциптерге (фонетикалық, фонематикалық, морфологиялық, түпнұсқа, дәстүрлі, «бір дыбыс – бір әріп принципі», цитаталық принцип, т.б.), тілдік бірліктерді үнемдеу мен үндестік заңына, дыбыстардың тіркесімділігі мен жүйесіне сүйеніп, негізделіп жасалынды.
- Фонетикалық принцип. Мұнда сөздер қалай дыбысталса, солай жазылады, яғни айтылуы бойынша норма деп ұсынылғандар фонетикалық принципке негізделеді (paról, zarád, púlt, avenü, revü, paraşüt, brusellöz, aktör, amöba, аloі, kanoі, dіploі). Бұл – сөздерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшелігіне икемдеп, яғни қазақ тілінің үндесім заңына сәйкестендіріп, сындырып жазудың нағыз үлгісі. Аталған принцип жалпы терминжасамдағы «тілдің ішкі мүмкіндігін сарқа пайдалану» принципінің бір тармағы болып саналады.
- Жаңа емле ережесі көбіне фонематикалық принципке сүйенеді. Яғни, бұл ұстаным бойынша дыбыстардың сөз ішіндегі немесе сөз тіркесіміндегі өзара әсері ескерілмей, негізгі фонемалық түрі, фонеманың негізгі реңкі сақталып жазылады. Бұл принцип бойынша сөздер басқаша айтылады, өзгеше жазылады (pedagog, sіkl, hirurg, oşerk, polk), яғни көп дыбысты аз әріппен көрсету жүзеге асады.
- Морфологиялық принцип – жеке сөздің және күрделі сөз сыңарларының түбір тұлғасы сақталып жазылатын емле ұстанымы. Кейбір сөздердің түбірі сақталып (matematika, pedagogika, statistika, mehanika, gramatika, baza, faza, norma) жазылады. Әдетте төл сөздерде қатаң п (р) әрпіне аяқталған түбірге жалғау жалғанғанда п б-ға ауысатыны (доп-добы, кеп-кебу, теп-тебу) белгілі. Ал кірме терминдерді таңбалауда қатаң п (р)-ға аяқталған сөздерге қосымша жалғанғанда п (р) әрпі өзгеріссіз сақталады (arhetip (-tıŋ, -ı, -ke, -ter), stereotip (-tıŋ, -ı, -ke, -ter).
- Дәстүрлі принцип – кірме сөздерді қазақтың байырғы сөздері бұрын қалай қалыптасса, сол үлгі бойынша бұзбай жазу. Мысалы, емледегі tauar, nömır, stansy, kepkı, siez (тауар, нөмір, стансы, кепкі, сиез) осы ұстанымға негізделген.
- Түпнұсқа принципі бойынша жазылуы мен айтылуы қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес келетін терминдер топтастырылады (planşеt, senat, раrlamетt, рrezidеnt, dеputat). Мұнда кірме сөздерді өзгертіп жазудың қажеттілігі тумайды, ал оларды болашақта аударып беру басқа проблема болмақ.
- Цитаталық принцип. Кез келген тілдің әліпбиінде кейбір сөздерді таңбалау үшін әліпби құрамына енбейтін қосалқы таңбалар болады. Жетілдірілген емледе де ондай үш әріп (С, W, Х) бар. Олар халықаралық марка, бренд атауларын жазуға арналып қолданылады. Мысалы, Саmel, Canon, Coca-Соla, Twitter, Word, Windows, WһаtsАpp, Yandex, Playtex, Kimex, Coneх, Xerox.
Нұрлан ШҮЛЕНБАЕВ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Терминология бөлімінің
ғылыми қызметкері