301
Бішкекте қандасымызға арналған музыкалық кеш өтті
Бішкекте қандасымызға арналған музыкалық кеш өтті
1 наурызда Бішкектегі К.Молдобасанов атындағы Қырғыз ұлттық консерваториясында Қырғыз Республикасындағы қазақтардың арасынан шыққан талантты әнші, қырғыз елінің мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Ержан Мусинді еске алу кеші болды.
Ұлы ақын Абайдың «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген өлең жолдарын дәл осы Ержан Мусинге қарата айтсақ жарасады. Өмірден ерте озған әнші артына өзі шырқаған әндерін, нақтылай түссек әнін шырқайтын шәкірттер тәрбиелеп, қалдырыпты. Ұстаздарына арналған іс-шараны қазір Қырғыз Республикасындағы әр алуан өнер ордаларында еңбек етіп жүрген, көпшілігі педагогикалық қызметтегі шәкірттері ұйымдастырды.
Шәкірттерінің естеліктерінен оның ғажап педагог, ұлағатты ұстаз болғанын білдік. Мусин студенттерінің бапкері, ақылшысы ғана емес досы, консерваториядағы әкесі де болыпты. Бұлай деп бір емес, бірнеше шәкірті айтты. Қазір музыкадан сабақ беріп жүрген, ата-анасынан ерте айырылған бір шәкірті «Ержан ағай менің әкем мен шешемдей болды» деп көзіне жас алды. Тағы бір шәкірті Қанышай Сүйүмбай: «Ағайдан алты жыл тәлім алдым. Ол кісі мені өз қызындай бауырына тартып, қанатымды қатайтты» деп ұстазы екеуі Қазақстандағы фестивальға арнайы әзірлеген «Елге сәлем!» атты қазақша әнді орындады.
Және бір кереметі, Мусин тәрбиелеген жас әншілердің барлығы дерлік халықаралық конкурстарға қатысып, бас жүлде – Гран-приге ие болған. Сондай шәкірттерінің бірегейі, 2016 жылдың бір күнінде Мәскеудің Бірінші телеарнасының «Дауыс» шоу-конкурсында 1-орынға бір ұпай жетпей, 2-орынды иеленген Қайрат Пірімбердиев ұстазына арнаған әнін орындап берді. Бұдан 4 жыл бұрын 32 жасында «Қырғыз Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер» құрметті атағына ие болған Қайрат: «Егер Ержан ағайдай ұстазға тап болмасам, менің бағым ашылмай қала берер ме еді» деп ұстазына тағзым етті. Консерваторияның эстрада кафедрасының басшысы, қырғыздың белгілі сазгері Рафаил Сарлыков Ержан Мусиннің басқа әртістерден бір артықшылығына тоқталды. «Ержан әнші ғана емес, мәдени іс-шараларды жүргізуші екені де белгілі. Егемендіктің алғашқы жылдарында мынадай үрдіс болды. Іс-шараларды қырғызша жүргізгендер орысша айта алмайды, ал орысша жүргізгендері қырғызша айта алмайды. Ал енді Мусин екі тілде бірдей жүргізетін, егер іс-шара қазақтарға қатысты болса, үш тілде жүргізіп, ара-арасында 5-6 тілде ән салатын», – деді әріптесі.
Әншінің туысқандары атынан сөз сөйлеген әпкесі Зәуреш Мусина: «Ержаннан айырылғандай болып едік. Сендердей шәкірттері барда, ол арамызда екен!» деп інісінің шәкірттеріне ризашылығын білдірді.
Іс-шараның соңында әншінің шәкірті Бектұр Шаршеналиев ендігі жылдан бастап, наурыз айында шәкірттер тобы ұстаздарының туған күні қарсаңында Ержан Мусин атындағы өнер фестивалін жыл сайын ұйымдастырып тұратынын жариялады. Көңілге түйгеніміз, аяулы отандасымыз, әнші және ұстаз Ержан Мусиннің өшпес өнер айдынында екінші ғұмыры басталғандай.
Ержан Сейсенұлы 1958 жылы 31 наурызда Алматы облысының Нарынқол ауылында дүниеге келген. Бір жасында ата-анасы Фрунзе (Бішкек) қаласына көшіп келіп, осында тұрақтап қалған. Музыкалық училищені бітірген соң, Ресейдің Қырғыз Республикасындағы шекара әскерлерінің ән-би ансамблінде әнші болған. Бүбүсара Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік өнер институтын тәмамдаған соң, 2019 жылдың қазан айында дүниеден қайтқанға дейін Ержан Мусин осы өнер институтында және ұлттық консерваторияда ұзақ жылдар аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарып, әнші-музыканттардың бірнеше легін тәрбиелеп шығарған. Өзі де Қырғыз Республикасының белгілі әншілерінің бірі еді.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
túrkistan-ның Қырғыз Республикасындағы тілшісі (Бішкек)