Мәделіқожа – 200 жыл! Ақынның Қанай датқаға айтқаны

Мәделіқожа – 200 жыл! Ақынның Қанай датқаға айтқаны

Мәделіқожа – 200 жыл! Ақынның Қанай датқаға айтқаны
ашық дереккөзі
1027

              Шығарманың 32 шумақтан тұратын тағы бір нұсқасы табылды

Қазақ хандығының тарихында Ордабасы тауының алатын орны ерекше екені белгілі. Өйткені бұл жерде Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама трагедиясын басынан өткерген халқымыздың беткеұстарлары 1726 жылы бір тудың астында бас қосып, тізе біріктіріп жоңғар шапқыншыларына қарсы аттануға ант ішкен. Сол жолғы жиынның басты жемісі – ел басына күн туғанда қазақтардың жүзге, ру-руға бөлінбей жұмыла алатындығын көрсетіп, 1727 жылы жоңғарлармен болған Бұланты-Білеуті шайқасы мен 1729-1730 жылдардағы Аңырақай шайқастарында жеңістерге қол жеткізгені болды. Бүгіндері басқа өңірлердің қазақтары үшін Ордабасы тауының аты осы әйгілі жиынмен тікелей байланысты болса, күнгей қазақтары үшін бұл таудың маңыздылығы тағы да бір елеулі оқиғамен ерекшеленеді. Ол – Мырзаби оқиғасы. Ордабасы басында өткен алғашқы жиыннан 132 жыл өткен соң, 1858 жылдың көктемінде Қотырбұлақ деген жерде орын алған бұл оқиға Қазақстанның оңтүстік бөлігін алып жатқан Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Жетісу өңірлерінің ХІХ ғасырдың басынан Қоқан хандығының езгісіне ұшырап, халықтың әл-ахуалы барынша төмендеп, әбден кедейленген кезімен тікелей байланысты. Алғашқыда көшпенді қазақтармен тіл табысып, олармен санаса жүріп билеген қоқан бектері біртіндеп елді қыспаққа алып, ойына келген сансыз салықтармен матап тастап, ақыры кәмелетке келген қыздарға дейін «күйеуге тиер» деген салық шығарып, кейбір зекетшілері нәпсінің жетегіне салынып кеткен соң, қазақ қауымы жаппай көтеріліске шығуға бел буады. Шымкент өңірінде бұл ұлт-азаттық қозғалыстың басында Сапақ, Асқар секілді беделді датқалар, Жәбек би, Мәделіқожа, Мұсабек, Ырысқұлбек, Тәнен, Байбақ, Жақыпбек сынды батырлар тұрған. Көтеріліс барысында ашынған қазақ жігіттері Қоқан хандығының зекетшісі Мырзабиді жасақшыларымен қоса қырып салып, Түркістан қаласын алуға ұмтылады. Алайда олар бірнеше дүркін шабуыл жасап, қаланың қақпасын бұзып кірмек болғанымен іштегі зеңбіректер оқ жаудырып, бұл әрекеттерінен ештеңе өнбейді. Сөйтіп жүргендерінде Қоқан мен Ташкенттен шыққан Шабдан қожа, Мәллабек, Мырзахмет бастаған ауыр әскер көтерілісшілер шоғырланған жерге бет алады. Бұдан хабардар болған, жеңіл-желпі қаруланған, арбалы зеңбіректерге төтеп бере алатын мұрсаты жоқ қазақ сарбаздары амалсыздан орыстар орныққан Ақмешіттен ары асып кетуге мәжбүр болады. Көп ұзамай Қоқан ханы Құдияр көтеріліске шыққан қазақ руларына кеңшілік жасап, олардың ескі қоныстарына қайтып көшіп келулеріне барын салады. Сол кезде дулат пен қоңырат руларының елшілері хан ордасына барып, бітімге келмек болады. Міне, осы кездесуде Мәделіқожаның есімін бүкіл елге паш еткен әйгілі «Қоқан ханына айтқаны» өлеңі дүниеге келеді. Сол жолы батырдың қасқайып тұрып айтқан уәжіне Құдияр хан ештеңе айта алмай, бұдан әрі Қоқан билеушісі көшпенді қазақ қауымына артық салық салмауға, олардың датқаларымен ақылдаса отырып басқаруға уәде береді. Алайда ол кезде Қоқан хандығының өзі де көп ұзамай орыс отаршыларына бодан болатынын ешкім білмеген еді... Мырзаби оқиғасынан кейін алты жыл өткен соң Ордабасы тауы Ресей қарамағына өтіп, Түркістан өңірін мекендеген күнгей қазақтары бұдан былай орыс ұлықтарының орнатқан тәртібіне сай өмір сүруге мәжбүрленеді. Ал бұл жаңа тәртіптің түбінде қазақтарды ру-руға бөліп, бірін-біріне айдап салу көзделген болатын. Мұны іске асыру үшін орыс әкімшілігі халыққа адал қызмет еткен билерді биліктен шеттетіп, олардың орнына болыстық сайлау жүйесін енгізді. Соның салдарынан әрбір ру өзінің адамын билікке өткізбек мақсатында алдымен бар малын сатып, дүниесін шашып сайлауда жеңіске жетіп, артынан параға берген, басқа да шығындарының орнын толтыру үшін көрші отырған руларды талан-таражға ұшыратты. Осылай ел ішін рушылдық сана-сезім жайлап, қазақ баласының дүниетанымы улана түсті. Осының нәтижесінде 1726 және 1858 жылдары бүкіл қазақтың басын қосқан, ұрпақтары мақтан тұтарлық бірлігі мен ынтымағының шырқы бұзылып, біртіндеп желге ұша бастады... Мұның бірден-бір жарқын дәлелі ретінде Мәделіқожаның сол, орыс ұлықтары жаңа тәртіп орнатқан жылдары Қанай датқаға арнап шығарған өлеңін келтірсек жетіп жатыр. Ал бұл өлеңнің шығу тарихы мынадай: Түркістан өңірі орыс отаршы­ла­рының табанының астында қа­лып, жаңа әкімшілік орнаған соң Ресей жандайшаптарының жағына өтіп кеткендер Кенесары ханның заманында, қайнағасына болысып өздеріне қарсы шыққан Мәделіқожадан (батырдың екінші әйелі Қалипа – Қасым ханның қызы) есе қайтаруға барын салады. Батырдың үстінен қайта-қайта арыз жазып, Мәделіқожаға құн төлетіп, соңына түсіп алады. Сөйтіп сергелдең болып жүргенінде бірден-бір сенген адамы, нағашы жұртының тізгінін ұстаған Қанай датқа да қарсыластарының жағына шығады. Бұл келеңсіз жағдай бірталай жылға созылып, Шымкент оязының көмекшісі Ахмет төре Кенесарин мен Түркістанның генерал-губернаторы фон Кауфманның тілмашы болып қызмет атқарған сұлтан Сейітжаппар Асфендияровтың тікелей араласуымен ғана біржолата тыйылады. Міне, сол жылдары Мәделіқожа батыр көңіліндегі бар кірін ақтарып, Қанай датқаның арсыз істерін әшкерелеген арыз өлеңін шығарады. Ел ішінде бұл шығарманың бірнеше нұсқасы сақталып, оларды кезінде белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлы жариялап кеткен болатын. Бұл өлеңдердің бәрі бір сарында жазылғанымен ішінде елеулі айырмашылықтары да кездесіп отырады. Кейбірі қысқа қайырылып, тағы біреулері ұзақ болып келеді. Ең көлемдісі 33 шумақты құрайды. Енді міне, сол шығарманың 32 шумақтан тұратын тағы бір нұсқасы табылды. Оны бар ғұмыры Отырар ауылында өткен ақын Балтабай Тебейұлы жазып қалдырыпты.  «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби» мұражайының директоры Абдулла Жұмашев ақынның қолжазбаларын ұрпақтарынан сұрап алып, зерттеп, араб әрпінен бүгінгі қазақ әліпбиіне аудартып, «Балтабай ақын» атты кітап етіп 2010 жылы Шымкент қаласында жариялаған. Алайда кітапта бұл өлең Балтабай Тебейұлының өзі қойған «Майлықожаның датқаға айтқаны» айдары астында басылып, Мәделіқожаның туған жиеніне телініп кетіпті. Осы жерде Балтабай ақын туралы да кеңірек баяндап өткенім дұрыс болар. Балтабай Тебейұлы 1892 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Отырар ауылында туып, 1968 жылы сонда дүние салған. Ақын ескіше хат таныған, Қажымұқанның жақын жолдасы болыпты. 1931 жылдың наурызында «халық жауы» деген айыппен түрмеге түсіп, 1932 жылдың қазанында ақталып шыққан. Балтабай Тебейұлы қазақтың қыршын кеткен дарынды жазушысы Саттар Ерубаевтың жақын туысы – немере ағасы болып келеді. Кеңес дәуірінде Саттардың (дұрысы Саттархан) үстінен қайта-қайта бай-шонжарлардың тұқымы деген арыздар түсе беріп, ол Алматыда оқуын жалғастыра алмайтын күйге ұшырайды. Сол кезде Балтабай оған «Ерубаев» деп өзгертілген жаңа құжат жаздыртып әкеліп, шет жерге, Ленинград қаласына оқуға аттандырып жіберген екен. Ақынның осы жүрекжұтты ісінің арқасында көп ұзамай қазақ әдебиетінің классикалық шығармасына айналған «Менің құрдастарым» романы дүниеге келген. Ал енді осы Балтабай Тебейұлы жазып алған Қанайға айтылған арыз-өлеңнің осы бір нұсқасы жайлы әңгімені әрі жалғастырайын. Бұл нұсқада басқаларына қарағанда бүгінге дейін беймәлім болып келген жайлардың бетін ашып алуға жағдай жасайтын біраз мәлімет бар болып шықты. Алайда олар туралы сөз қозғамас бұрын Мәделіқожаның тегіне қатысты айтып кетсем деймін. Мәделіқожаның өмірі мен өнерін зерттеушілер оның шешесі – Қойқан апа қоңыраттың қызы, батырдың осы руға жиен болып келетінін жақсы біледі. Сол себепті ол өзінің қалың нағашы жұрты – қоңыраттардың әскери қолбасшыларының біріне айналады. Өзі секілді жаужүрек Мұсабек, Тәнен, Байбақ секілді ерлермен қосылып, талай жорықтарға бас болып, батырлық өнерін шыңдайды. Қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесары орыс отаршыларымен атысып-шабысып жүрген заманда Алтыбай Көбеков пен зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегенов дегендер ханның жігіттерін қадірлі қонақ етіп күтіп, түн ішінде ұйқыға кеткендерінде 95-ін қырып салып, осы «ерліктеріне» орыс ұлықтарынан сүйінші алған жайы бар болатын. Сол жолы жалғыз Наурызбай батырдың ғана жұлдызы жанып, аман қалса, Кенесарының сүйікті батыры Байтабын қазаға ұшырайды. Осының кегін қайтармақ болған қаһарлы хан жау жағына шыққандарды аямай қырып, мейірімсіз жазалауға кіріседі. Бұл оқиға 1844 жылы орын алған. Мұның арты, Кенесары қаза болған соң, алма-кезек барымтаға ауысады. Тіпті Ер Шойын деген батыр Мәделіқожаның ауылын шауып, қарындасы Момынды алып кетеді. Оны қайтармақ болған батыр қарымта әрекет жасайды. Сөйтіп бұл дау ұзақ жылдарға созылады. Олар Мәделіқожаның үстінен қайта-қайта арыз түсіріп, кеткен құндарын барынша «семіртіп», аз үйлі ауылды әбден тоздырып жібереді. Осы кезде Қанай датқа алған парасына масайып, қарсы жақтың сөзін сөйлеп шыға келеді. Мұнысын батыр: Қудалап, Қанай істеп сұрқиялық, Ісіңе қарабеттің жұрт ұялып, Қашанда өз ұпайың түгелдейсің, Пәреге үш жүз ділдә пұл шығарып, – деп әшкерелеп, датқаның бұлайша құбылатынын күтпегендіктен ішіндегі күйігін осы арыз-өлеңі арқылы сыртқа шығарады. Қанай датқаның бұрынғы жолдас-жоралық, туыстық жолынан оңай айнып, өзінің батыр жиенін сатып кетуін немен түсіндірсе болады? Оның жауабын ақынның осы өлеңінде ауызға алатын Сапақ пен Асқар датқаның дүниеден озып кеткені, содан елдің тізгіні Қанай датқаның қолында қалғанымен түсіндірсек, ақиқатты аяққа баспаймыз. Батырдың жанына әсіресе Сапақ датқадан айрылғаны ерекше батып, оны ол қайта-қайта ауызға алудан шаршамайды: Айырып алар еді Сапақ болса, Қайтейін қара күнім тайғақ болса, Ағаңның бар қылғаны есімізде, Шықпайды бұрын қоңырат айғақ болса...   ...Халқымның Сапақ датқа ағасындай, Жесір менен жетімнің панасындай. Ей, датқа! Мені неғып қамап кеттің, Көрместен бір тоқтының баласындай?   ...Кетірдің байлар-жандар берекесін, Ер Сапақ ел қып еді зорға жамап.   ...Басыма қиыншылық іс түскенде Құтқарып Сапақ датқа ерлік етті. Осы жерде бүкіл саналы ғұмырын күнгей ақындарының өнері мен өмір жолдарын зерттеуге арнаған белгілі әдебиетші Әсілхан Оспанұлының Сапақ пен Қанай датқаға берген мінездемелерімен танысып шықсақ, артық болмас деймін. бұл екі би туралы ғалым өзінің 2005 жылы жарық көрген соңғы «Майлықожа» кітабында «Қанай датқа – қоңырат елінің байлар-жандар руының көбек атасынан шыққан белгілі би. Қоқан ханынан датқа атағын алған ол, Оңтүстік Қазақстан халқының 1857-1858 жылдары Қоқан хандығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісін басуға атсалысқан. Кейін Ресей қызметінде болған» және «Сапақ – қоңырат елінің байлар-жандар тобының адамы. Қоқан ханынан датқа атағын алғанына қарамастан хандыққа қарсы халық қозғалысын қолдаған» деп жазып кеткен екен. Бұл мәліметтер Мәделіқожаның «Қанайға» атты өлеңінің мына соңғы нұсқасындағы бұл екі датқа жайлы айтқандарымен толық үйлеседі және басқадай кері пікір тудырмайтыны анық көрініп тұр. Бұл өлеңнің тағы бір ерекшелігі – батыр ерліктерінің зая кеткеніне, қайырымы болмағанына жанының күйгенін, арының күйзелгенін көрсетеді. Себебі Қанайдан көрген қорлығына куә болған, кезінде үзеңгілес болып жауға бірге шапқан, шетінен сен тұр, мен атайын деген нағыз жүрек жұтқан батыр достары – Мұсабек, Тәнен, Байбақ, Иманбердінің шеттеп кеткендері аңғарылады. Әрине, олардың кейбірі бұл кездері бақилық болып кетуі де мүмкін, алайда Мәделіқожаның осы дауға қатысты Тәненге шағынған өлеңінің бізге жетуі, Сапақ датқаның баласы Иманбердінің сол кездері көзі тірі болғанын анықтап беретін бірнеше құжаттың болуы, кемінде осы екеуінің ол кезде аман-сау жүргенін көрсетеді. Әсіресе, Майлықожа ақынның Иманберді мен Мәделіқожа екеуінің арасындағы әрі достық, әрі құдалық ара-қатынастары жөнінде: Иманберді, Мәделі – егіз қозы секілді, Жарасушы еді қатарың,   ...Әрі құда, әрі дос, Ықылас көңілің бір едің, ... Иманберді, Мәделі – жарасып туған ұл едің, – сынды сөздерін есімізге алсақ, батыр көңілінің қалай күйрегенін тереңінен түсінеміз. Сөз орайы келген соң Майлықожа ақынның Иманберді датқаны кезінде мақтай да, даттай білгенін айтып кеткені абзал. Мұнысы қазақтың «Жау күлдіріп айтады, Дос жылатып айтады» деген терең мағыналы сөзіне сай келеді. Мысалы, ақын кезінде өзі «қараның ханына» теңеген Иманбердіні де ағат кеткен жерінде ел алдындағы беделіне жараспайтын ісін «Келмес пе едің?» деген өлеңінде бетіне басады. Онысы өзі ұзақ уақыт ауырып жатқанында таудың да, даланың да қазағы, бүкіл ел жақсыларының бірі қалмай көңілін сұрап келіп-кеткенін, тіпті Тәшкенттегі генерал-губернатордың көмекшісі, «ояз» боп тұрған атақты Сейітжаппар төренің (Санжар Асфендияровтың әкесі) арнайы ат басын бұрып келгенін баяндап, мына қоңсы отырған сен келмедің деп, басқа да жараспайтын осал кеткен тұстарын тізіп өтіп, оның ішінде «Сараңдығың белгілі бұрыннан-ақ, Сапақты орап көмгенсің қамыспенен» деп әкесін соңғы сапарға қалай шығарып салғанына шейін ақтарып шығады. Бір қызығы, ақын осы өлеңінде Мәделіқожаның басын сергелдеңге салған Қанай датқаның да болымсыз баласы жайлы «Сен құсап оқырайып келмей кетті, Баласы кеше жүрген Қанайыңның» деп айтып кетуді дұрыс деп санапты. Алайда Майлықожа қаншалықты ашынып, шаншып тиіссе де сөзінің арасында Иманбердінің шын адамгершілік қасиеттерін жоққа шығармай: Әлімнен алты ай жаттым, хабар алмай, Сан қылған жақсылығың кетті селге, – деп, тек осы бір жолы оның ата жолдан тайғанын ел тізгінін ұстаған болысқа болашақта сабақ болсын деген ниетпен айтып өтеді. Ал Мәделіқожа нағашы жұртына шамданып, Қанай датқаға ашуланып айтқан сөздерімен жалғастырсақ, онда батыр:   Сіз үшін басты өлімге талай тіктік, Жалған жоқ, қиындықтың бәрін көрдік,   ... Жаныңа ара түсіп жүрмеп пе едім, Жеріңде амал таппай, неше сасқан?   Кенжехан, Уәлихандар қабат тұрып, Сіздерден алдық бата бетті бұрып. Қасыма қырық жігіт қосып бердің, Қалып ең шулап-жылап бәрің түгел! – деген сөздерді ашынып айтып кеткен екен. Осы жерде айтатын тағы бір нәрсе бар. Ол мына соңғы шумақтағы аттары аталған Мәделіқожаның екі бірдей ет бауыры – Кенжехан мен Уәлихан туралы болмақ. Бұған дейін бұл інілері жайлы, әсіресе Кенжеханы турасында, батырдың Ағыбаймен найза тірескеніне қатысты әңгімелерде қара сөзбен болса да аздап айтылып жүрсе, Уәлиханның есімі тек Майлықожаның Мәделіқожа нағашысының қартайып, кесел қыса бастаған шағында көңілін сұрап келгендегі өлеңінде: Қабырғаңның сүйеуі – Уәлихан еді қалаңыз, Қасыңнан қалаң кеткен соң Болыпты қатты налаңыз, – деген жолдарда ғана ұшырасатын. Енді болса ол қос батырдың есімдері мен жасаған ерліктері ұрпақтарының мақтана айтып жүретіндей үлгіде – Мәделіқожа ақынның өз аузынан шығып отыр. Сөз соңында тағы бір ашып айтып кететін мәселе бар. Ол 1858 жылғы күнгей қазақтарының жұмылып бастаған ұлт-азаттық көтеріліс барысында Қоқанның зекетшісі Мырзабидің өліміне байланысты Мәделіқожаға кейбір зерттеушілердің беретін бағасы. Зерттеушілердің пайымдауынша Мәделіқожа көтеріліс­тің рухани басшысы болғаны ақиқат. Майлықожаның «Қараның өтті хандары» толғауында: Дәуренбек бимен шаншысып, Үй ара жау боп аңдысып Мұсабек өтті жандардан Сар даланы шаң қылған, Қоқаннан олжа мал қылған. Мырзабиді өлтіріп Батырлығын даң қылған, Мұсабек батыр жандардан. Құлшығашта ер Тәнен Байбақ өтті алғидан.., – делінеді. Байқасаңыздар, бұл жерде Мұсабек жаумен де, ағайынмен де соғысып өткен батыр болғаны бір бөлек, Мырзабиді жалғыз өзі емес, ер Тәнен мен Байбақ та өлтірген болып шығатыны. Шындап келсек, 1858 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы ретінде қазақтар Түркістан қаласын қоршап алғанда Әлекен (Алекен Карабышев) деген төренің (Т.К. Бейсембиев «Кокандская историография». Исследование по источниковедению Средней Азии ХVІІІ-ХІХ веков. Алматы: ТОО «Print-S», 2009. – 1263 бет.) хан сайланғаны жайлы ғана деректер сақталған. Ал Мәделіқожаның қылы­шынан қан тамған нағыз батыр болғанын осы «Қанай датқаға» деген шығарманың соңғы нұсқасынан келтірілген өлең жолдарынан-ақ оңай байқаймыз. Мырзабидің өліміне қатысты өлеңдер мен аңыз-әңгімелерде аттары аталған Мұсабек болсын, Тәнен болсын, Байбақ болсын, тіпті алғаш рет Мәделіқожаның осы өлеңінің арқасында көпшілікке белгілі болып отырған Кенжехан мен Уәлихан болсын, барлығының да асыл есімдері ел аузында сақталып қалғаны осы Балтабай Тебейұлы секілді көкірегі ашық ақындарымыздың дер кезінде түсіріп алған өлең сөздерінің арқасында ғана тарихымызға еніп отырғаны рас. Оңтүстік Қазақстан өңіріне белгілі ақындарды, олардың ішінде Құлыншақ, Молда Мұса, Ергөбек сынды сөз шеберлерін кезінде әкем, ғалым Әсілхан Оспанұлы, жан-жақты зерттеп, шығармаларын жеке-жеке кітап етіп шығарып кеткенін зиялы қауым жақсы біледі. Бүгіндері әкемнің дүниеден өткеніне тура 15 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ақпарат көздерінде Мырзабидің өлімі төңірегінде бірнеше рет мақала жарияланып, оны кім өлтіргеніне қатысты талас әлі де өз жалғасын табуда. Осыған орай бір нәрсеге таңым бар – осы 15 жыл ішінде елдің бірде-бір зиялы азаматы жоғарыда есімдері аталған үш ақынның мұрасын іздеп біздің үйге ат басын бұрған емес...  

МӘДЕЛІНІҢ ДАТҚАҒА АЙТҚАНЫ

  (Ақын Балтабай Тебейұлы жазып алған нұсқасы)   Көшкендер жорға қосар арбасына, Ініңіздің сауға түсер арнасына. Датқа-еке, құлақ салып тыңдасаңыз Хат жазған ініңіздің арзасына.   Жолдасың Асқар, Сапақ екі талас, Атанды тегіс білген Үш жүз – Алаш. Дүниеден ол жолдасың сапар шекті, Ойласаң бұл жалғаннан ешкім қалмас.   Жолдас ем мен өзіңе жасыңызда, Бағыңыз тұр жағылған басыңызда. Жолдастарың осал кісі емес еді, Жүргенде мен ілесіп қасыңызда.   Қалып ем қай жауыңды жаулағанда, Мен шоқ ем сіз жалын боп лаулағанда. Қартайып, тотай қыздай мінез аштың Басыңа қариялық аунағанда.   Мен – патша, сіз – аруақты Алаш едің, Алты Алаш түрікпенге талас едің Жандардың Байларының бірі болсам, Пәреңе үш жүз ділдә алмас едің.   Қамадың жат тауығын кетегіңе, Қаматтың жат баласын етегіңе Ардақты ақсүйекті көріп тұрсың, Жараған күнің туса жетегіңе. ... Жолдас ем, ей арыстан, аш кезіңде, Атадан қалып едің жас кезіңде. Күніңде нашарлаған тілектес ем, Ұмыттың тойынғанда, мас кезіңде.   Қудалап, Қанай істеп сұрқиялық, Ісіңе қарабеттің жұрт ұялып, Қашанда өз ұпайың түгелдейсің Пәреге үш жүз ділдә пұл шығарып.   Атқардым ерлікпенен қолдан жұмыс, Жұмсадым білте мылтық, найза, қылыш. Қорғаумен Қоңырат елін кірдім отқа, Болмаған соң Қоқаннан елге тыныш.   Қоқаннан дар құлаттым қанжарыммен, Аз емес опырылды аймағымен. Ақтардым қазыналы қоймаларын, Олжалап үш жүз түйе жем-жүгімен.   Қалды жас ағытылған көзден моншақ, Қоңыратты жауға бермей қойдай қоршап, Бүркіттей қырақтаған қолдан ұшып, Өкпеме тырнақ жайып тұрсың салып.   Қасым хан бата берсе Абылаймен, Соғыста бет қаратпай ашып майдан. Қоңыратқа үлкен олжа алып бердім, Ұрысып бес жүз кісі Ағыбаймен.   Атандым Мәделі батыр қаруыммен, Қай дұшпан сескенбеген сарынымнан. Түркістан топ қаласын бұзып бердім, Оқ тиіп жарадар боп оң қарнымнан.   Датқа-еке, міне кеттің орға қамап, Есіңде не қиял бар олжаламақ? Кетірдің Байлар, Жандар берекесін, Ер Сапақ ел қып еді зорға жамап.   Халқымның Сапақ датқа ағасындай, Жесір менен жетімнің панасындай. Ей, датқа! Мені неғып қамап кеттің, Көрместен бір тоқтының баласындай?   Айырып алар еді Сапақ болса, Қайтейін қара күнім тайғақ болса. Бабаңның бар қылғаны есімізде, Шықпайды бұрын Қоңырат айғақ болса.   Қанай датқа, не қылдың Меңлібекті? Есіл ер дүниеге келіп-кетті. Басыма қиыншылық іс түскенде Құтқарып Сапақ датқа ерлік етті.   Сол күнде көрінбеді көзім жастан, Бірталай қайғылы күн өтті бастан. Датқа-еке, Қоңыратты жоқтаймын деп, Өткіздім қиыншылық талай бастан.   Сұраңыз Жандәулеттен сөздің астын, Жарадар жалғыз інім болғаннан соң, Мінгенмін Қазанғаптың көкшолағын, Міне алмадым Абылайдың ақбоз атын.   Он екі ат ер-әбзелімен түсті қолға, Басымыз тегіс аман – үлкен олжа. Бұл түрлі қызыметім кімдер үшін, Датқа-еке, қартаймасаң, өзің болжа!   Бұл түрлі талай қызық көрген басым, Қанай деп шабуылмен өтті жасым. Алшынды жалғыз атты қасыңа алып, Мен болдым осы күні үлкен қасың.   Датқа-еке, әулие ме едің аруақ қысқан? Тарақтының бүркіті ең, қалыңға ұшқан. Қасқыр менен түлкіге әлің келмей Аңдығаның болды ма қыз бен тышқан?   Қанды болсаң құсы едің қарайғанның, Осы күнде жаңылған нәзік көңілің. Ұя тауып алыпсыз Машырапта, Тұрсаң да ісін көріп жаратқанның.   Кереге болсаң егер – мен бір уық, Бар ма еді жақын досың менен жуық, Қоңыраттан кісі өлтірген жерім бар ма? Датқа-еке, естіп пе едің, жүзің суық.   Сіз үшін басты өлімге талай тіктік, Жалған жоқ, қиындықтың бәрін көрдік, Еңбектің еленбесін болжағам жоқ, Зая боп, бекер болды қайран ерлік!   Датқа-еке, талай жұмыс өтті бастан, Болады айта берсем үлкен дастан. Жаныңа ара түсіп жүрмеп пе едім, Жеріңде амал таппай, неше сасқан?   Ағыбай Арғын шапты Қоңырат елін, Талқандап Қаратаудың талай жерін. Шыдамай бес жүз қойын Ағыбайға Қоңыраттың көрмеп пе едің төлегенін.   Сондағы мен емес пе ем атқа мінген, Көктің ұлы, Көтеншіге қайрат берген! Жалтақтап жалпы Қоңырат жан- жағына, Шыға алмай қалмап па едің ердей өзің?   Кенжехан, Уәлихандар қабат тұрып, Сіздерден алдық бата бетті бұрып. Қасыма қырық жігіт қосып бердің, Қалып ең шулап-жылап бәрің түгел!   Сондағы сөздеріңіз естен шықты, Бар ма еді ерің, датқа, менен мықты? Қайтқанда Ағыбайдың елін шауып, Көрмеді ашуменен көзім түкті.   Ағыбай қуып жетті артымыздан, Кездесті бес жүз кісі қарсымыздан, Сонда да аянбастан жауға кірдім, Ағызып қан майданда қып-қызыл қан...  

Ералы ОСПАНОВ,  суретші

 

Серіктес жаңалықтары