1208
Пейіл немесе кетесің не қалдырып артыңа сен?
Пейіл немесе кетесің не қалдырып артыңа сен?
Жылдар жылжып, уақыт өзгеріп, заман талабына сай адамдардың мінез-құлқы, психологиясы, тіпті, пейілі де өзгеріске ұшырауда. Пейіл дегеннен шығады-ау... Осы пейіл деген не? Ол қалай, неге өзгеріп жатыр? Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғап, бір уақыт санамызға салмақ салып көрелікші...
Ұлы даламыз қандай ұлан-ғайыр болса оның тұрғындары қазақтардың көңілі көл, жаны жомарт, дастарқаны мол, пейілі шалқар теңіздей болғанын әрдайым мақтан етеміз.
Біздің Қазақстанда туып, өсіп-жетіліп, кейінірек тарихи Отанына, алыс шетелдерге (Германия, Грекия, Ресей, Франция және т.б.) қоныс аударған жандар қазақтың сол бір ерекше қасиетін жүректері елжіреп, жыр етіп айтып, сағынышқа бөленіп, аңсап жүреді. Қазақтың ұнамды салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, мәдениетін, дарқан көңілін, адамдық пейілін ұмыта алмай, кейінгі ұрпағына өнеге-мысал етіп айтып отырады.
«Құдайы қонақпыз» деп келген кісілерге қабақ шытпай, құрметті қонағындай қарсы алып, қазан көтеріп, ас-суын бөлісіп, барынша күтіп, жақсылап шығарып салу, тіпті, көліктеріне (аттарына) жемшөп беру ежелгі ата дәстүрімізде бар-ды. «Ауылдағы үйлердің есігіне құлып салынбайтын, дастарқан жиылмайтын кеңшілік заман еді. Шіркін-ай, адамдардың пейілі қандай еді...» деп әңгімесін бастайтын кәріқұлақ апаларымыз бен аталарымыз өздерінің өткен өмірлеріне шолу жасай отырып. Ол рас еді. Ауылда өстік, көршілер мен ағайындар арасында татулық, бауырмалдық деген қандай керемет еді! Содан болар қазақтың «жақсы көрші алыстағы ағайыннан артық» дейтіні. Қазақтың сол бір асыл қасиеті бүгінде көзден бұлбұл ұшып кеткендей болады. Қала түгілі, ауылда көршілермен жақын араласу, қонағы мен кісісін күтісу тіптен ұмытыла бастады десек қателеспейміз. Неге?
Қазақта «Асар» деген ертеден сақталып келе жатқан әдемі, ұнамды, жақсы бір дәстүр бар. Ауылдастары жиылып жағдайы төмен панасыз отбасына үй салуға, әлдебір себептерден өртенген немесе құлаған, жарамсыз болып қалған баспанасын жөндеуге жәрдемдесіп, қолғабыс беретін. Тіпті, қажет болса, ауылдың қадірлі ақсақалдарының шешімімен, жылу (қой-ешкі және де басқа мал, азын-аулақ қаржы) жинап беру де бар еді. Сөйтіп, бала-шағасы көп, «қолының қысқалығынан» қиналған жанға, отбасыларына түсіністікпен қарап, көмек көрсететін, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасының аяғына тік тұрып кетуіне себепкер болатын. Ол жиын басқаларға, әсіресе жастарға, сабақ еді, адамдарды біріне-бірін жақындататын, татулыққа, бауырмалдыққа баулитын, тәрбиелілік мәні зор қайырымды, өнегелі, жағымды іс еді! Кейінгі кезде біздің Жамбыл облысы өңіріндегі ауылдарда тұрмысы төмен жеке басты қарт аналарға, көпбалалы күйсіз жүрген отбасына асарлатып үй салып беру үрдісі қолға алынды. Оған көпшілік түсіністікпен қарап, әрбірі қолдан келгенше атсалысуда. Сөйтіп «Көп түкірсе – көл» дегендей, көптің кең пейілі арқасында, сауапты іс жолымен ауылдарда баспаналы болып жатқандар бар. Халық арасында жетім мен жесірге қол ұшын беріп жүрген жаны жомарт, пейілдері кең, ұстанымы дұрыс жандарға алғыстан басқа айтар сөз, тілек жоқ. Халықтың батасын алып, олардың алғысына, шапағатына бөлене берейік.
Қазақ ертеде «не қиындық көрсетсең де, пейілімді тарылта көрме» деп Жаратқанға жалынады екен. Қандай қасиетті сөз! Уақыт келе адам санасы өзгерді. Бұл күндері басым көпшілік үшін басты құндылық ақша, дүние болды. Сондықтан болар, қазіргі адам дүниенің құлына айналды. Жеке басын байыту үшін теріс қылыққа, алаяқтыққа, алдап-арбауға, тіпті, тонаудан тайынбайды. Дүние жиюдың жолына түскендер кейбіреудің басына сыймайтын нешебір арамза айла тауып, оны іске асыруға аянбайды. Сол мақсатына жеткенше оның берекесі кетіп, ұйқысы қашып, тамағы батпайды, ағайын-туысты, достықты ұмытады. Олардың бар аңсағаны қу дүние. Оның түбіне жету үшін арпалысып, тыраштанып, ар тазалығынан айрылып, қиянатқа барып жатыр. Тіпті, ол мақсатына жету үшін сол сабаздарың жан беруге дайын-ау...
Жазушы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген әңгімесінде оқушысын терең ойға қалдыратын мынадай мәнді сюжет бар:
…Ертеректе, орыстар Орал тауына тұмсығын енді тіреген тұста бір орыс азаматы жергілікті башқұрттардан жекеменшікке жер сұрайды емес пе? Сонда башқұрттың сұңғыла ақсақалы: «Мен анау көрініп тұрған төбе басына шығып қарап тұрамын. Кешке дейін қанша жерді айналып өтесің, соның барлығы сенің жекеменшігіңе өтеді. Бірақ, есіңе ұста, бір шартымыз бар: күн ұясына отырмай тұрып біз отырған төбеге келіп жетуің керек. Жете алмасаң, өз обалың өзіңе, онда саған жер жоқ», – депті.
– Келістік, мен онда кеттім. Тек, сіз сөзіңізде тұрсаңыз болды.
– Ал, жүгір, жігітім. Күн ұясына батқанша әлі талай уақыт бар...
Әлгі жер сұраған жігіт жүгіре басып, аяғы аяғына тимей зырлап тез-ақ бел асып кетеді. Қанағатты ұмытқан ол көбірек жерді қамтымақ болып, қара терге түсіп бірнеше өзенді кешіп өтіп, көлдерді айналып, дала мен орман-тоғайларды артына қалдырады. Бір мезетте аспанға қараса, күн дөңгеленіп көкжиекке тақап қалыпты. Оны байқап, жаны қысылған жігіт екі өкпесін қолына алып, көз ұшында қалған төбеге қарай құстай ұшады. Бірақ, қайдан, межелеген төбе жеткізер емес. Төбе басына жиналған башқұрттар қиқулап, қалбақтай жүгіріп, жаны қысылғаннан қара суық терге малынып, өкпесі өшкен орысты келеке-мазақ етеді. Күн ұясына бата бергенде бойынан әбден күш-қуат кетіп, шаршап-шалдығып, өлдім-талдым деп төбенің етегіне жеткен бейбақ мұрттай ұшып түседі де сол жерде жан тәсілім етеді. Башқұрттар қанағатсыз ақымақты сол төбе етегіне ұзындығы екі, ені бір метр жерге көмеді…
Жазушы өз әңгімесінің түйінінде «Адамға қанша жер керек?» деп ащы мысқыл-сұрақ қояды. Иә, Құдайдың құдіреті, тойымсызды қорлау, дүниеқоңыздықты, қорқаулықты, қанағатсыздықты суреттеу осындай-ақ болар. Ойлап отырсаң, бұл барлық тойымсыздарға, қомағайларға, дүние-байлық қуғандарға, қазіргі жебірлерге, пысақайларға айтылған ауыр қарғыс! «Мешкейдің өзі тойса да, көзі тоймайды» немесе «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» демейтін емес пе еді халық мұндайларға? Онысы рас, әжептеуір билік басында отырған базбір шенеуніктер, мол дүниеге қызығып, көздерін шел басып, заңды белінен басып мемлекет қаржысын «түгімен» жұтып немесе көлемді пара алып, ұсталып, абақтыға қамалып жатқаны нені білдіреді?
«Дүние – жалған». Бұл біздің айтқанымыз емес, ертеден келе жатқан халық философиясы. Әттең, сол аталы сөзді ұмытып, мына жарық дүниеде өтпестей, өлместей терлеп-тепшіп дүние жиған пақырларды көргенде олардың мүшкіл халін аяп, жағаңды ұстайсың. Қазір адам үшін не жетпейді?
Ойында жоқ бірінің,
Салтыков пен Толстой.
Иә, тілмәш, иә, адвокат,
Болсам деген бәрінде ой, – деп ұлы Абай айтқандай, бұл күндері өз ана тіліннен мүлдем мақұрым, ұлттық ата-жұрт салт-дәстүрінен жұрдай, шетелде орысша немесе ағылшынша білім алып, кіндік қаны тамған жердің, аяқ астындағы туған топырағының қадірін білмей, алдына бір мекеменің «құлағын» ұстап, қалай да болса баюды мақсат еткен қуыскеуде, рухы жоқ тобыр өсіп келе жатқан секілді болады да тұрады менің көңілімде. «Ұялмайтынды көріп ұяласың» деген екен бір көреген абыз қария. Сол айтқандай, қазіргі жебірлердің ісін көріп, жүрегің мұздап, жағаңды ұстайсың. Біз қайда кетіп барамыз? Келешекте қандай қоғам боламыз?
Жақын күндері әлеуметтік желіде Германия канцлері Ангела Меркельді (тарихта канцлер болған алғашқы әйел) ел-жұрты қалай құрметтейтіні жайлы ақпарат тарады. Бүкіл елі оның ерекше басқару қабілетін, адал қызметін, халқына деген махаббатын, арының тазалығын, қарапайымдылығы мен ел алдындағы ерен жауапкершілігін атап, алғыс жаудырып, 6 минут бойы үзбей қол шапалақтап, жүректері елжірей ризашылық сезімдерін білдірді. Қанша жыл биік қызметте, саясатта жүрсе де ол қарапайым халқының ортасында болды, дүниеге, байлыққа еш қызықпады. Тіпті, отбасындағы әйелдерге тән жұмысты (тамақ әзірлеу, кір жуу, үй жинау және т.б.) өз қолымен атқарып, азық-түлікті дүкеннен өзі сатып алып, көпқабатты үйде үш бөлмелі пәтерде тұрғаны, әсем киім-кешекке еш қызықпағаны, жеке автокөлігінің жоқтығы таңғаларлық, қызығарлық қасиетті дүние емес пе? Қазіргі біздің билік басында жүргендердің жиркенішті іс-әрекеттерін, теріс пейілдерін ой таразысынан өткізе отырып жағаңды ұстайсың. Е, не дейік, айта берсең жүйкең жұқарып, ішің қыж-қыж қайнайды емес пе?..
«Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді» деген дана сөз бар қазақта. Орынды айтылған, маржанға тең аталы сөз. Адамның пейілі, құлқы түзелмей алдыңғы қатарлы қоғам орнатамыз, іргелі мемлекет құрамыз деу бекершілік-ау деп кей сәтте ой қаузайсың.
Ғұлама Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деп ой түйген екен. Ұлы Абайдан артып не айтасың?!
Көріп жүрміз, қазіргі жастар тез баюдың жолын іздейді, қалай үлкен бастық болуды сұрайды. Қазіргі заман солай болып тұр. Санаңды сарғайтатын өкінішке толы осындай кезең болуының себебі не? Адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік, намыс, ұят, уәде деген асыл қасиеттер неге сонша бұлыңғырланып барады? Болашақ қоғам адамзатқа қандай сый жасамақ? Түйсігі терең, көкірегі ояу, ой-санасы жетік жанды мазалайтын сұрақ бұл күндері аз емес-ау, аз емес. Тым көп қой...
Сәл ертеректе Шер-ағаның (Шерхан Мұртазаның) «Қайраткер Камал» деген естелігінің үзінділері «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған болатын. Шебер жазылған дүниенің бір жерінде Шәкең былай деп толғанады: «Жақсылыққа да, жамандыққа да таразы бар. Бұл дүниеде болмаса, о дүниеде істеген адал ісің де, арам ісің де, әйтеуір, бір алдыңнан шығары хақ. Кісі ақысы кісіге кетпейді. Қазіргі алпауыттар ақырын ойламайды». Ойланатын жай. О дүниеде, ақырымызда бізді не күтіп тұр екен?
Сонау бір заманда Сүлеймен деген патша өтіпті. Сол ақылды азамат алтын жүзігінің бетіне «Бәрі де өтеді» деген сөздерді зергерге әдейілеп жаздырыпты. Жарықтық қуанса да, қайғырса да жүзігіндегі әлгі жазуларды оқып, сабасына түсіп, тәубесіне келеді екен. Иә, тірлікте бәрі де өткінші, ештеңе мәңгілік емес екенін, сірә, естен шығармағанымыз абзал болар.
Таяуда, қолым қалт еткенде, газет беттерін ақтарып отырып, көрнекті ақын Есенғали Раушановтың «Бекзат» («Егемен Қазақстан», 14.10.2015) атты мақаласында келтірілген мына жыр жолдарына көзім түсті:
«О дүние бір керуен жол кешкен әрі,
Бірі ерте, енді бірі кеш барады.
Кетесің не қалдырып артыңа сен,
Ел ертең кім еді деп еске алады.
Қой баққан, тауық баққан, шошқа баққан,
Зәулімдеп сарай салған қос қабаттан.
Қарасаң не мықтылар өтіп кетті.
Бұл дүние ақ сағым-дүр босқа лаққан».
Иә, «Кетесің не қалдырып артыңа сен, Ел ертең кім еді деп еске алады» деп ақын бізге орынды сұрақ қояды. Бұл – әркімді міндетті түрде ертелі-кеш ойландыратын, толғандыратын сұрақ. Ойланайық, зерделейік, сараптайық, өткен өміріміз, атқарған ісіміз жай, бұлыңғыр сағымға айналып кетпесінші...
Заман керуені бір сәт те толастамай алға жөнкіп, күн артынан күн келіп, айлар аттап, жылдар жылжып мына өмір шіркін уысқа ілінбей, құс қанатына ілесіп зулап, сусылдап өтіп жатыр.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі