Сұлтан Оразалы

Сұлтан Оразалы

Сұлтан Оразалы
ашық дереккөзі
756
Ұстаздық жолында маған бүгінгінің тұлғалары мен дараларының кураторы болу бақыты бұйырған екен. Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдік, Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Әбдірахманов сынды шәкірттерге жетекші болдым. Сол шәкірттерімнің бірі, бірегейі ؘ– жарқын жүзді, жомарт жүректі жан, көрнекті жазушы, теледраматург, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Шәріпұлы Оразалы 80 жасқа толып отыр. Аягөз қаласында туып, елінің құрметіне бөленген Сұлтан інім бүгінгі биігіне талай жол­дан өтіп жетті. Орта мектепті 1958 жы­лы бітіріп, арман жетегінде Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің филология факультетіне оқу­ға түседі. Мен сол университетте а­с­систент болып жүрген кезімде 1963 жылы Сұл­тандар 4-курс студенті еді. Менің кура­тор болып барған кезім болатын. Көп ұза­май, көктемде мен педпрактикаға же­текші бо­лып Сұлтандарды Жамбыл (бүгінде Та­раз) қаласының Абай атындағы орта мек­тебіне алып барған едім. Сол жолы сту­дент­тер М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын сах­наға қойып, Сұлтанның Кебектің рөлін ойнағаны есімде. Алматыға қайтып оралған соң, көп ұза­май студенттердің проблемалық жағдайын кө­терген «Студент күнделігі» деген көлемді ма­қаласын жазды. Оқып шығып, қатты ұнат­тым. «Ленинишіл жас» газетіне ұсын­дым. Көп ұзамай мақала бір бетке жуық болып, басылып шықты. Ол қызмет істеген қай-қай жерде де тың­ға түрен салып, бұрын-соңды қазақ топырағында болмаған, жаңа салаларды өріс­тетіп, өркендетуге барынша ықпал ету­мен келеді. Жаспын демей, жаңадан құрылып, ба­ғыты мен бағдары қалыптаспаған қазақ те­левизиясы шаңырағының уығын кө­тергендердің бірі. Заманның өзі екшеп, шың­даған, қайсар азаматтықтан – ел қай­раткері, қарымды қаламгер дәрежесіне кө­терілген ірі тұлғалардың біріне, еменге ұ­қ­сас терең тамырлы ғұмыр иесіне, табиға­ты­нан талантты, көп сөзге ермейтін, осал­дық­қа жол бермейтін, мінезіне халқының дар­­­­хандығын сыйдырған жан иесіне ай­налды. 1965-1966 жылдары Қазақ телевизия­сын­да әдебиет саласын басқарады. Сонда не­бәрі 23 жастағы жігіт еді. Космонавтар кө­шесінде екеуміз жолығып қалып, менің «Ор­хон-Енисей» жазбалары туралы ең­бегімді сөз еттік. Сол әңгіме қыза түсіп, ақы­рында бір суретші жігітті алып келіп, үш апта бойы менің жатақханадағы бөл­мем­ді Орхон жазуларының үлкейтілген әріп­терімен толтырды. Ақырында сол бөл­меден телерепортаж жүргізіп, мен бір сағат бойы сөйлеп, сұхбат беріп, сенсация жа­садық. Бұл кез Орхон ескерткіштерінің қа­заққа еш керегі жоқ, керісінше олар бізге жат мұралар дейтін заман еді. Ертеңінен бастап газеттер телефон соғып, мақалалар сұра­тып жатты. Бұл Сұлтанның ұлы мақсат жо­лындағы нысаналы, табанды іс-әре­кеттер арқылы қандай кедергілер мен қыс­пақтар кезіксе де алған бағыттан тан­бай­тын табандылығы мен әр жүрекке жылу сый­лайтын, туған халқының туын жоғары ұстай­тын тұлға екенінің дәлелі еді. Бұлай болуы­ның да өз сыры болса керек, әсте ұлы Абай, дана Мұхтар, ғұлама Шәкәрімдер шық­қан өңірден түлеп ұшқан Сұлтанның бас­қаша болуы мүмкін емес еді. Сол жыл­дары Сұлтан жалтақтамай неше түрлі бағ­дарламаларды тайсалмастан экранға шы­ға­рып жатты. Бірде Сұлтан екеуміз ақыл­дасып, әлі де белгісіз талантты жастарды ел­ге таныту мақсатында қазақ телеви­зия­сын­да «Айдын» дейтін бағдарлама аштық. Бағдарламаны мен жүргізіп отырдым. Алғаш­қы хабарды Кенен Әзірбаевтың қызы Төрт­кенге арнадық. Сөйтсек, жұрт Кененді бая­ғыда дүниеден өтіп кеткен аңыз адам деп біледі екен. Төрткенді шынында Кенен­нің қызы ма деген хаттар қарша борады. 1964 жылы алғашқы хабардың бірінде жұрт­шылықты ауылдан келген Жәнібек Кәрменов деген қаршадай баламен таныс­тыр­дық. Семейден 10 класты жаңа ғана біті­ріп келген баланы көргенде құдды, ау­маған Жүсіпбек Елебековті көргендей бол­дық. Осылай оны алғаш экранға шығарған да біз едік. Үшінші хабарға Целиноградтан Қорабаевты, төртінші хабарда Оңтүстіктен жас жыршы-термешілерді шығардық, осы­лайша бағдарламаға келушілер мен кө­рер­мен көбейді. Байтақ республикамыздың әр жерінен, түкпір-түкпірінен өнер адамдары, халық өнерінің дәстүрінен сусындаған бола­шақ шебер күйші, қобызшы, тер­ме­шілердің келіп, экран арқылы көрсеткен өне­ріне деген халықтың ризашылығы шек­сіз еді. Жер-жерден, ел-елден қап-қап хат толассыз келіп жатушы еді. Сұлтанның теледидардағы ширек ға­сырлық дара соқпағы, «Өнер» баспасындағы бе­делді істері, елімізде құрылған тұңғыш Тіл комитетінің төрағасы тұсындағы ат­қар­ған қайраткерлік еңбегі жылдар өткен сайын бағалана түсуде. Сұлтанның өмірінде «тұңғыш» деген сөз жиі кездеседі. «Қазақ теледидарының тұң­ғыш ұйымдастырушысы», «Қазақ теле­ди­дарында әдеби бағдарламаны тұңғыш енгізуші», қазіргі әзіл-оспақ шоуларының атасы «Қымызхана», «Айтыс», «Терменің» өмір­ге келуі – Сұлтан Оразалының есімімен бай­ланысты. «Қазақ зиялылары туралы ан­тологиясын» құрайтын 5 бейнефильмнің әдебиет, өнер туралы Ш.Айтматов, Ғ.Мү­сіре­пов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин, Т.Ахтанов, С.Бегалин және т.б. туралы «Сұхбат» серия­лары алтынмен пара-пар қымбат қазы­на­лар. Серік Қирабаев: «Сұлтан – қазақ теле­дидарындағы көркем әдебиет саласының туып, көркеюіне алғашқы күннен бастап еңбек сіңірген, әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы телесын, теледраматургия жан­рының түпатасы, көшбасшысы» – деп әділ бағалады. Теледидар бүгінде адам ба­ласының жан азығына айналды. Сондықтан да болар, Сұлтанның «Теледидар өнері» кітабы бүгінгі заманауи ілімнің әліппесі іспеттес. «Өміріммен өзектес өнер», «Теле­театр – өнердің жаңа түрі», «Қазақ зия­лы­лары туралы антология», «Өнер өрісі» деп атал­ған төрт бөлімі де заманауи ілімнің түп-тамыры бола білді. Бұрындары өнер туралы жазу үлкен еңбек болатын, ака­демик Ахмет Жұбановтың «Өскен өнер» кітабы алғаш рет қазақ музыкасындағы та­нымдылықты паш етті. Ақселеудің «Күй өнері» кітабы күй өнері болмысын ас­пандатты. Ендігі жерде Сұлтанның «Те­ле­дидар өнері» кітабы да сол қатардан орын ала­тын алтын қазынаның біріне ай­на­латыны сөзсіз. Осы орайда академик Зәки Ахметов жаз­ған мына бір сөз еске түседі: «Сұлтан маз­мұнды да мәнді әдеби көркем телесце­нарий­лер мен телепьесалар жазып, көгілдір экран­ның көкжиегін кеңейтіп, оны өмір­мен, өнермен қоян-қолтық араластыруға жол ашты, құпия «сандықшаның» кілтін тап­ты. Соның нәтижесінде шетел әдебие­ті­нің бірталай таңдаулы шығармалары көгіл­дір экран арқылы қазақ топырағына дән салып, ұлттық байлығымызды молықтыра түсті. Теледидардың тақырыптық аясы кеңейіп, жанрлық жағынан байыған, қайта түлеген кезі осы тұс». Сұлтан телепьесалары мен телеинсценировкалары, 300-ге жуық әдеби сценарийі, 20-дан астам деректі филь­мі, 40-тан астам ғылыми-зерттеу мақа­ласы өнер саласындағы байтақ қазынаны құрайды. Публицистер елдің мүлгіген санасын оятатын, азаматтықты тәрбиелейтін, ха­лықтың ойын, дәуір бағдарын қорытатын көшбасшыларға ұқсайды. Табан аудармай 20 жыл еңбек етті. Қазақ топырағында кен­желеп дамыған өнерді және қазақ те­ле­визиясының техникалық құрал-жаб­дық­тары құлашты кеңге созуға мүмкіндік бер­мейтін кездегі жанкешті жұмыстары, тіке­лей эфирге шығарудың қиындықтары, тір­нектеп жинақталған соқталы сцена­рийлері, тақырыптарының өзектілігі, оны жан-жақты ашып, игеру қабілеті – бәрі де бір бойынан табылған дарын да талант иесі екенінің дәлелі. Қазақ теледидарында 60-70-жылдары жиын-жиналыстарда мінберлерден сөйле­ген сөздері және көтерген мәселелері, қой­ған сауалдары бәрі де белсенді азаматтың та­рихқа көп із қалдырған күресті жылда­ры­ның жарқын нәтижесі еді. Осылай Сұлтан­мен бірге өмірге жалтақтамай батыл айта алатын жаңа буын келді. Сол ұрпақ еге­мендікке рухани даярлық жасаған ұрпақ еді. Мемлекеттік істерді басқарудың сын­дар­лы саяси-ұйымдық мектебінен өткен Сұл­тан Оразалыны сол топтың белор­та­сы­нан көремін. 1993 жылы Тіл комитеті құрылып, төра­ғалығына Сұлтанның тағайындалуы, Қа­зақстан Үкіметінің қаулысымен комитет құ­з­ыреті анықталып, оның жергілікті ор­гандарының қалыптасуы, сөйтіп Сұл­тан­ның мемлекеттік тілдің білім, ғылыми, ру­хани, тәрбиелік және ақпараттық мүм­кін­дігін аша түскені әлі күнге дейін жадымыз­да. Өткір мінезді, ұлтжанды, қайсар, ұстам­ды да пайымды азаматтың жаңа тіл сая­са­тын үйлестірудің басында тұруы әбден заң­ды еді. Сөйтіп, оның жан-жақты білімділігі, ше­шендігі, қажырлы қайраты және тәуе­келшілдігі арқасында Тіл комитетін қыс­қа мерзімде ана тіліміздің мәртебесін арт­тыру­ға қызмет етті. Уақытымен санас­пай, күн демей, түн демей 80 мемлекеттің конс­ти­туциясындағы тілге байланысты бап­тарды, Тіл туралы заңдар мен тәжірибелерді жи­нақтап, сараптан өткізді. Сол арқылы комитет ғалымдармен, дипломаттармен, түрлі саладағы көрнекті тұлғалармен ақыл-кеңес құратын орынға айналды. Тілді да­мыту бағытындағы заңдарды күшейтуді, оның тетіктерін белгілеуді батыл қолға алды. «Тіл тағдыры – Ел тағдыры» деген кі­табының жазылуы да жәй емес еді. Шың­далған, шындыққа суарылған жанға осын­шалық қуат берген де тіл киесі дер едім. Тіл­дің бағын ашуға жанын салды. Қиыннан бұлтарып, ауырдан тайсалмады. Қалың халқымен бірге болды. Сұлтан Оразалы – қарымды қаламгер, айтулы әдебиетші. Оның шығармашылы­ғын­дағы басты-басты үш сала – әдебиет, тіл жә­не теледраматургия. Әдебиетке жақын болуы­на бала күнгі арманы әсер етсе керек. Ол Абай туған әдеби топырақта туып-өс­кен. Бала күнінен ағасы Кәменнің үйіне кел­ген Ғабит, Сәбит, Ғабиден, Қасым, Хамит, Қай­некей, Әбу т.б. ақын-жазушыларды кө­ріп өскен баланың жазушылыққа, дәстүрге, публицистикаға жаны құмар болғаны анық. Алғашқы мақалалары мен очерктері Се­мейден шығатын «Екпінді» және «Ленин­шіл жас» газеттерінде жарияланып, радио­дан беріліп отырған. 1977 жылы Ғ.Сланов шығармашылығын өзек еткен «Өмір шын­дығы және көркемдік шешім» деп аталатын мо­нографиясы жарық көріп, сол жылы жыл­дың сәтті де үздік туындысы қатарынан табыл­ды. «Ұлы адамдар ұлағаты», «Ұлылық қал­ғыса ұлт ұйқыға кетеді» сынды және сол сияқ­ты В.Еременконың «Күткен таң», А.Ха­кимовтың «Қилы кезең», «Қос терек» сын­ды бірнеше романын қазақ тіліне аударады. Абайдың 125 жылдығында «Абай – қа­зақ­тың ұлы ақыны» 25 сериялы және Мұх­тар­дың 70, 80 жылдығы қарсаңындағы Мұх­тар Әуезов туралы «Үлкен өмір беттері» ат­ты 1967 жылғы – 17 серия, 1977 жылы – 20 сериялы жасаған хабарлары – халқы­ның алтын қорына қосылған қымбат қазынасы. Әділет министрлігінде істеген жылдары әр депутаттың жұмыс үстелінен табылған «Заң терминдерінің сөздігін» әзірлеуге басшылық жасады және бұл жинағы әр кез толықтырылып, 5 рет жарық көрді. 5 жыл ішінде 25 мың термин сөздің орысша, қазақша атаулары берілді. Тілге байланысты көптеген ғылыми-теориялық, практикалық жиындарда, әсіресе шет елдерде, оның ішінде Швейцарияда болған ОБСЕ-ның Бас комиссары Ван Дер Стул басқарған са­лиқалы жиында сөйлеген сөзі, сөзінің не­гізінде бас комиссардың бірнеше пункттен тұратын Қазақстанның Тіл саясатын қол­дап, көмектесу қажет деген қарар қа­был­дауы – тарихи іс. Телеарнадағы ізгі жолы сан тараптан тұрады. Солардың бірі Новеллалар театры еді. Бұл көркем спектакльдер алыс-жақын шет елдер мен қазақ авторларының жақсы әңгімелеріне негіз болды. М.Әуезовтің «Үйлену», «Шатқалақ», А. Моруаның – «Өлім фабрикасы», «Райхан гүлі», Б.Момышұлы­ның «Адам қайраты» т.б. ұзын саны 15 теле­пьесаларының сценарийін жазып, халқына ұсын­ды. «Шұғыла» әдеби телеальманағының 60 минуттық 70 сериясы көрсетілді. Бұл шын мәнінде еліміздің әдебиеті мен өне­рінің энциклопедиясы еді. Сұлтан Оразалы бүгінде бірнеше жо­ғары оқу орындарының Құрметті профес­соры, Халықаралық телевизия және радио академиясының (IAТR) академигі, ҚР Пре­зиденті жанындағы рақымшылық жө­нін­дегі комиссияның, «Қазақстан» РТРК ди­ректорлар кеңесінің мүшесі және көптеген атақ иесі. Мұның бәрі де оның жылдар бойы еліне сіңірген еңбегінің нәтижесі. Өк­шелес, қанаттас ініме отбасың аман, ел-жұр­тың тыныш, ғұмырың ұзақ болсын, жа­сай бер дегім келеді!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары