483
Қол ұстасып көш бастаған
Қол ұстасып көш бастаған
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесіне қадам басып отырмыз. Бұл жылдарда еліміз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен бұрын-соңды болмаған мол табыстарға жетті. Солардың бірі – сырт жерлердегі 5 миллионнан астам қазақ қандастарымызбен тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа келуіне кең жол ашуымыз болды. Бұл ретте жер шарының әр түкпірінде шашырап жүрген ағайындардың басын қосып, Дүниежүзі қазақтарының бес құрылтайын өткізу айрықша маңызды болды. Бұл бес құрылтайдың бәріне де Елбасы арнайы қатысып, Қазақстанның сырт жерлердегі ағайындармен байланысын жан-жақты нығайтып, қандастар көшін көбейту жөніндегі өзекті ойларын ортаға салып, тиісті міндеттерді белгілеп беріп отырды.
Мен бұл бес құрылтайдың да ұйымдастыру жұмыстарына толық қатыстым. Соған орай ұлы жиындардың қалай өтіп, қандай жетістіктерге қол жеткізгені, ұйымдастыру барысында нендей қиындықтар кездескені көз алдымда. Әсіресе, тұңғыш құрылтайды дайындау айтарлықтай күрделі болды.
Бұл тұңғыш құрылтайды өткізу мәселесі 1991 жылы Елбасы Түркияға ресми сапармен барып, Стамбұлдағы ағайындармен кездесу кезінде көтерілген еді. Елбасы бұл басқосуды өткізуді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаевқа тапсырған болатын. Содан көп ұзамай Жазушылар одағының жанынан құрылтайды ұйымдастыру комиссиясы құрылып, мен осы жерде жауапты хатшы болып жұмыс істей бастадым. Ол кезде Қазақстанның шетелдерде елшіліктері ашылмаған, сырт жерлердегі қазақтар туралы дерек, ақпараттар мардымсыз, аз болатын. Соған орай бұл құрылтайға кімдерді шақырамыз, қалай шақырамыз деген мәселе өте күрделі жағдайда тұрды.
Осындай қарбалас күндердің бірінде Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағы орналасқан ғимараттағы бөлмемізге бір азамат келді. Аты-жөнін Досан Баймолда деп таныстырған ол өзінің Моңғолияда туып-өскен қазақ екенін, Еуропаның Польша елінен физика мамандығы бойынша жоғары білім алғанын, оншақты жылдай Моңғолия ғылым академиясында қызмет істеп, осы жолы Халықаралық атом энергиясы – МАГАТЭ-нің арнайы шақыруымен ғылыми сапармен Австрия астанасы Венада жарты жылдай уақыт болып келгенін қысқаша баяндады. Ана тілінен басқа ағылшын, орыс, моңғол, поляк, чех тілдерін еркін меңгерген бауырымыз ақжарқын, қазақи, білімді азамат екені көрініп тұр. «Іздегеніміз көктен емес, жерден өзі табылды» дегендей біз қуана отырып алыстан келген бауырымызды сөзге тарттық. Одан Моңғолияда, Еуропа елдерінде жүрген қазақтар туралы, олардың тіршілік жағдайлары, істейтін іс-қызметтері, құрылтайға кімдерді шақырып қатыстыруға болатыны жөнінде тәпіштеп сұрай бастадық. Досан бауырымыз өзі білетін барлық мәлімет пен деректерді алға тарта отырып, кеңінен айтып берді, ал біз мұқият тыңдай отырып, бірін қалдырмай жазып алдық.
Досан бауырымыздың қолында 1990 жылы Стамбұлда жарық көрген Kazak turkileri деген анықтамалық кітапша бар екен. Онда Түркияда тұратын және Еуропаның Вена, Берлин, Париж, Лондон, Брюссель, Стокгольм, Осло, Кельн, Мюнхен, Амстердам, Цюрих секілді басты қалаларында тұратын қазақтардың адрес, телефондары тіптен қазақтың қай руынан шыққандарына дейін толық жазылыпты. Өзі Венада болған кезінде Еуропада жүрген осы қазақтардың біразымен де танысыпты. Міне, осының пайдасы енді тиді. Қолындағы осы кітапшаны бізге берді. Бұған дейін Еуропада тұратын қазақтар туралы біз білмейтін мәліметтер мен деректерді кеңінен берген Досан бауырымыздың көмегімен Алматыда өтетін алғашқы құрылтайға ағайындарды шақыру мәселесі өзінің оңтайластығын осылай тапқан еді.
Осындай әңгімелердің бірінде Досан өзінің отбасы жайында сөз қозғап, жұбайы Ботагөз Уатқанның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, білім алғанын, Моңғолиядан басталған алғашқы көшті ұйымдастырушылардың бірі екенін, осы күндері Моңғолия еңбек министрлігінің Көші-қон бюросының Алматыдағы өкілдігінде көші-қон мәселесімен айналысып жүргенін де айта кеткен еді. Әрине, біз ол кезде болашақта Ботагөзбен бір жерде ұзақ жыл жұмыс істейтінімізді білген жоқпыз, бірақ оның көші-қонға шынайы жанашыр екеніне сырттай болса да алғаш рет аңғарып едік.
Атажұртын аса сағынған және әлем қазақтарының алғашқы құрылтайының басталуын асыға күткен шетелдегі қазақтардың көктен тілегені орындалып, 1992 жылы 25 қыркүйекте Шәріп Найман (Мюнхен), Әбдірахман Шетин (Кельн), Арыстан Тосын (Берлин), Мехмет Зенгин (Париж), Махмұд Башташ (Осло) бастаған Еуропа қазақтарының өкілдері Қазақстан Үкіметі жіберген арнайы шартер ұшағымен Германияның Ганновер қаласынан ең алғашқылардың бірі болып қазақ топырағына келіп жеткен болатын. Бұл әлем қазақтарының алғашқы құрылтай жұмысын ұйымдастырудағы Досан бауырымыздың бізге көрсеткен ерекше еңбегі тіпті әлем қазақтары арасына
«Алтын көпір» болғанының нақты бір көрінісі еді.
Біздің жұмысымызға көмек көрсетсе де, қолында әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайына қатысуға арнайы шақыру алған Досан бауырымыз тұңғыш құрылтайға өзі қатыса алмады. Себебі, оның МАГАТЭ-нің орталық зертханасында өткізген ғылыми тағылымдамасының есебін Моңғолия ғылым академиясының ғалымдары асыға күтіп отырғандықтан, есеп беретін мерзімі бұл құрылтай өтетін күндермен сәйкес келді.
Бірінші құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылып, Елбасы бір ауыздан осы ұйымның Төрағасы болып сайланды. Қандастардың атажұртқа 1991 жылы бастаған көші бұл бірінші құрылтайдан кейін бұрынғыдан да қалыңдап, қыза түсті. Бұл көшті ұйымдастырудың ең ауыр салмағы Еңбек министрі Саят Бейсенов пен Ғазиз Есмұқанов бастаған Көші-қон департаментіне түсті.
Сондай-ақ, сырт жерлердегі ағайындардың да арасынан атажұртқа бет алған қазақтарға алдын ала жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, көш бастаған азаматтар да баршылық еді. Досан Баймолда мен оның жан жары Ботагөз Уатқан да осындай қандастар көшінің алдыңғы қатарынан көрінген жанашыр жандар болды.
Сөз реті келгенде, Досан бауырымыздың Вена қаласының маңындағы Сейберсдорфта орналасқан МАГАТЭ-нің Орталық зертханасында ғылыми сапармен болған алғашқы қазақ екенін, ол барған зертхананың ең соңғы үлгідегі ядролық физиканың өлшегіш құралдарымен және басқадай басқарушы, есептеуші компьютер құрал жабдықтарымен толық жабдықталғанын онда әлемнің ең мықты физик-ғалымдары жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн. Осындай үлкен зертханада жұмыс істеген аз уақытта Досан бауырымыз Моңғол елінен алып барған көмір кеніштерінің сынамаларын алғаш рет ядролық физиканың рентген флуоресценциялық әдісімен зерттепті. Бұл зерттеулері зертхана басшыларының назарына ілігіп, 4 ғылыми мақала жазылып, Еуропаның Radioanalytical Methods and Nuclear Chemistry, Applied Physics, X-ray spectrometry, Radiation Physical and Chemistry Journal қатарлы жоғары рейтингті, беделді ғылыми журналдарында жаряланыпты. Ағылшын тілін жақсы меңгерген, ядролық физика саласының маманы Досанға МАГАТЭ-нің орталық зертханасында қалып, жұмыс істеуге ұсыныс та жасалыпты. Алайда Досанның қарт әке-шешесінің және бала-шағасының Моңғолияда қалғаны және көші-қон мәселесі қарқын алып, Моңғолиядағы қазақтардың Қазақстанға қарай жаппай көшуі басталғаны, оның аталмыш зертханада қалып ғылыми жұмысын ары қарай жалғастыру туралы алғашқы ойын өзгертеді. Досанның жұбайы Ботагөздің Моңғолияның Еңбек министрлігінің шетелге жұмыс күшін шығару жөніндегі көші-қон бюросындағы ұйымдастырушы жұмысынан кейін осы министрліктің Алматыдағы өкілдігіне жұмысқа ауысуы Досанды атажұртқа қарай көшу дұрыс деген шешімге апарады.
1993 жылы көктем айының бірінде Досан бауырымыз жұбайы Ботагөзді ертіп Алматыдағы Зенков көшесі бойындағы ғимаратта орналасқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына келді. Біз бірден Ботагөзді қауымдастықтың ұйымдастыру бөліміне қызметке алдық. Содан бастап Ботагөз қауымдастықта ұзақ жыл қызмет атқарып талай іс-шаралардың басы-қасында жүрді. 1994 жылдан қауымдастықтың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ауғанстан, Сауд Арабиясы, Түркия, Иран, Түркіменстан Тәжікстан секілді шет елдерден қазақтардың көшін ұйымдастыру ісінде көп еңбек сіңірді.
Кейін Ботагөз жұбайы Досанның қызметіне байланысты бір жылдан астам Еуропада тұрып келді. Мұның өзі Ботагөздің сырт жерлердегі ағайындармен бұрынғыдан да жақын танысып, тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік берді. Қазақстанға қайта оралғаннан кейін Ботагөз қауымдастықтағы жұмысын қайта жалғастырды. Ол Қазақстанда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларын, сондай-ақ, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Әзербайжан, Беларусь, Иран, Қырғыз, Тәжікстан, Түркия, Еуропа елдерінде өткен кіші құрылтайларын және көптеген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, мәдени іс-шараларды ұйымдастырды. қауымдастықтың Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстық филиалдарын ашуға, қауымдастық жанынан ғылыми орталық, студенттер орталығы мен ақсақалдар алқасын құруға еңбек сіңірді. Әлемнің 40-тан астам елінде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен ширек ғасырға жуық уақытта күнделікті тығыз байланыста жұмыс істеді.
Ботагөз Уатқан 1997 жылы алғашқы қазақ тіліндегі «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасын дайындау үшін құрылған жұмыс тобында қызмет етті, кейін осы заңның қабылдануына белсене кірісті. Алматы қаласы әкімшілігі жанындағы оралмандарды бейімдеу мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі қызметін оншақты жыл атқарды. Қазақстан Президенті жанындағы азаматтық мәселелер бойынша комиссияның отырысына қатысып, көшіп келген қандастардың азаматтығын шешуге ат салысты. Республикалық «Дарын» орталығымен бірлесіп өткізген «Қазақстан – Атажұртым, қасиетім – ана тілім» Халықаралық олимпиадасының әділ қазылар алқасының мүшесі, алғашқы рет қалыптасқан Халықаралық Түркі кеңесі жұмыс тобының мүшесі қызметтерін абыроймен атқарды. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Көктем шуағы» кездесуіне шақырылған аса көрнекті, әйгілі 18 әйелдің бірі болды (2012). Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың Ресей Федерациясына жасаған қызметтік ресми сапарында делегация құрамында болып, Ресейдегі қазақ диаспорасының мәселелерін шешуге атсалысты (2015).
Ботагөздің осы еңбектері лайықты бағаланып, 2006 жылы II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Бүгінгі күні Досан Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Математика, физика және информатика институтының физика кафедрасында профессор болып қызмет атқарады. Физика ғылымының докторы, Қазақстанның Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі. Қазақ елінің жастарына өзінің Европаның Польша, Австрия және Чехияның жоғарғы университеттері мен зертханаларынан сусындаған мол білімі мен тәжірибесін үйретуді мақсат еткен ол бакалавриат, магистрант, докторанттарға ағылшын, қазақ тілінде физика пәндерінен дәріс оқиды, сабақ береді.
Оның ядролық физиканың рентген флуоресценция әдісін көмір өндірісінде қолдану тақырыбы бойынша жазған монографиялық еңбегі ағылшын (2018ж) және қазақ тілдерінде (2011ж) жарық көрді. Бұл монографиялық еңбектерінде ол энергияның негізгі қуат көзі болып есептелетін көмірдің құрамындағы химиялық элементтерді рентген флуоресценция әдісімен анықтауға қатысты чехиялық ғалымдармен бірге ғылыми тың ұсыныс енгізді. Көмірді жаққан кезде одан шығатын улы газдар мен күлдің қоршаған ортаға, экологияға тигізер залалын болдырмау үшін көмірдің құрамындағы ауаны ластайын күкірт, күшәла, кальций, темір, титан және радиациялық сәулелер шашатын торий, плутоний, уран секілді элементтердің мөлшерін алдын ала өлшеп, зерттейтін портативті жеңіл РФА спектрометрін құрастырып жасағаны көмір өндірісіне енгізген үлкен жаңалық болды. Бұл енгізген жаңалықтары Чехия және Моңғолиядағы көмір кеніштерінде жүзеге асты.
Ғылым докторы Досан Баймолда Прага қаласындағы Техника университетінде ғылыми жұмыспен айналысқан жылдары (1993-1998) Чехиялық және бельгиялық ғалым мамандармен бірге Еуропа Одағының Солтүстік Чехия аймағындағы экологиялық қал-ахуалды зерттеу халықаралық ғылыми жобасына және Қазақстан Үкіметінің ұсыныс, өтініші бойынша жүзеге асқан «НАТО-Семей» атты халықаралық ғылыми жобаларға қатысты. Осы жобалар аясында күкірті көп (шамамен 4-5%) көмірді пайдаланғандықтан экологиясы бұзылған Чехияның солтүстік аймағындағы жағдай зерттелді, сондай-ақ атом сынақ алаңы болған Семей аймағындағы ауа, топырақ, су, өсімдік және адам организміндегі радиациялық қал-ахуал толықтай зерттеліп, зерттеу нәтижелері Еуропаның белді ғылыми журналдарында жарияланды.
Бүгінгі күні ол 3 PhD докторантқа ғылыми жетекші және 30-дай магистрант, 60 шақты бакалавриаттың диплом жетекшісі болды. Осы аралықта ол 16 кітап жазып шығарды. Бұның екеуі ғылыми монография, екеуі оқулық, алтауы оқу құралы, алтауы тарихи-танымдық және публицистикалық кітаптар болмақ. 150-ге жуық ғылыми және танымдық мақалалары шетелдің және республиканың ғылыми журналдарында жарық көрді. 60-тай халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларға қатысты. Ұлт, тіл, мәдениет және көші-қон мәселелеріне арналған көптеген халықаралық, республикалық, өңірлік конференцияларға қатысып, баяндамалар қойды және мерзімді баспасөздерде мақалалары мен ой-пікірлері жарыққа шықты.
Досан Баймолда 2013 жылы жарық көрген «Қазақ көші» атты кітабында Моңғолияның батыс өлкесіне алғаш қоныстанған қазақтардың басынан кешкен көш тағдыры және қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған кезде ең алғашқылардың бірі болып атажұртқа көш керуенін бастаған Моңғолия қазақтарының басынан кешкен көш оқиғалары, көштің себептері және көші-қонға қатысты ой толғамдары мен естеліктері еніп отыр. Қазақ елінің тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толып отырғанын және келер жылы атажұртқа қарай басталған қазақ көшіне де 30 жыл толатынын ескерер болсақ, Досан бауырымыздың «Қазақ көші» кітабы осы оқиғаларға қатысы бар тарихи дүние деп білемін.
Сондай-ақ Досан бауырымыз шетелдегі қазақ диаспора тақырыбына арналған «Европадағы қазақтар» атты тарихи-танымдық кітабын 2015 жылы шығарды. Бұл Европа қазақтары туралы, олардың кәрі құрлыққа қашан, қалай барған себептері сондай-ақ бүгінгі тұрмыс-тіршіліктері мен проблемалары туралы қазақ оқырмандарына ұсынған алғашқы зерттеу кітабы болып саналады. Бұл кітаптар диаспора тақырыбындағы құнды еңбектер деп білемін. Досанның бұл еңбегі қазақ оқырмандары тарапынан жақсы қабылданып, бірқатар университет, колледждерде тарих пәні, соның ішінде диаспорология тақырыбы бойынша оқытылуда.
Ол ғылыми және басқадай сапарлармен АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Чехия, Мажарстан, Германия, Австрия, Франция, Швеция, Нидерланд, Швейцария, Түркия, Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Иран және Қытай секілді әлемнің көптеген елдерінде болды. Моңғолияның «Азаттық» орденімен, Моңғолияның білім, ғылым саласындағы қайраткер атағымен және өзінің туып-өскен Баян-Өлгей аймағының «Құрметті азаматы» атағымен марапатталған. Атажұртта болашақ мамандар даярлаудағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Үздік ұстаз» төсбелгісімен және «Абай атындағы ҚазҰПУ-не 90 жыл» мерекелік медальмен марапатталған.
Атажұрттағы қазақтар мен әлем қазақтарының арасында «Алтын көпір» іспетті Досан мен Ботагөздің бірге өмір кешкендеріне 40 жылдың жүзі болыпты. Төрт баланы тәрбиелеп өсірген, 3 немереге ата-әже болып отырған Досан мен Ботагөз екеуі атажұртында бақытты өмір кешуде. Қыздары: Айна «Болашақ» бағдарламасымен Санкт-Петерборда медицина академиясын бітірген, жоғары дәрежелі пластикалық-хирург. Роза Абылайхан атындағы Халықаралық қатынас және шет тілдері университетін ағылшын тілінің маманы бойынша бітірген, Стамбұлда тұрады. Жанна да осы университеттің түлегі. Ол Мәрмара университетінде халықаралық қатынас мамандығы бойынша оқып, оқуын ары қарай Еуропа одағының «Ерасмус мундус» бағдарламасы бойынша Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінде жалғастырып, халықаралық қатынас мамандығы бойынша магистратураны бітірген. Қәзір Қытайдың Ухань университетінде докторантурада оқиды. Арай Абай атындағы ҚазҰПУ-дің биология факультетінде Н.Назарбаевтың стипендиясымен оқып, биология ғылымының магистрі дәрежесімен бітірген, қазір аталмыш университеттің Жаратылыстану және география институтының биология кафедрасында оқытушы болып істейді.
Ғалым, ұстаз Досан мен қауымдастық ардагері Ботагөз екеуі қазақ тілі, ұлттық мүдде, шетелден атамекенге көшіп келген қандастар басындағы жағдай, шетелдегі қазақ диаспорасының мәселелерін көтеріп, сол арқылы танылған ұлтжанды азаматтар ретінде қазақ қоғамынан өздерінің берік, нақты орындарын иеленді. Қазақ елінің мақтауға да, мақтануға да тұрарлық азаматтары деп білемін.
Шетелде туып-өссе де қазағым, елім, атажұртым деп жүрегі соққан, қол ұстасып жүріп, бар күш-қуатын сол мақсатқа арнаған Досан Баймолда мен Ботагөз Уатқан екеуі биыл ердің жасы алпыс бес жасқа толып отыр. Әлі де алда биік белестер мен асуларды бағындырып, қазақ елінің мақсат-мұраты үшін сол белес, асулардан үлкен табыстармен өтулерін тілейміз әрі соған зор сеніммен қараймыз.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының 1992-2017 жылдардағы орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы