438
Тәуелсіздік құрдастары – жас актерлар
Тәуелсіздік құрдастары – жас актерлар
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында егемендіктің 30 жылдық жолына қорытынды жасап, болашаққа деген бағдарымызды тағы бір айқындап берді. Еліміз осы ширек ғасырдан сəл асатын қысқа мерзімде ұлы даланың зеңгір көгіндей көк туымызды көкке көтеріп, елдіктің көшін түзеп, жүз жылдықтардың еншісіндегі тарихи үдерістерді қысқа мерзім ішінде абыроймен өткергені біз үшін зор мақтаныш.
Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде «Тәуелсіздік – біздің халқымыздың ең басты құндылығы және ең маңызды байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтау – Отанымыздың әрбір азаматының аса маңызды міндеті әрі қасиетті борышы» екендігі тереңінен дәріптеліп, мемлекетіміздің мәдениеті мен өнері, экономикасы мен өндірісі даму мен жанданудың жаңа белестерін бағындырды. Өнер саласы да жаңа деңгейге көтеріліп, төрткүл дүние көз тіккен нысанаға айналды.
Соның ішінде театр өнерінің тұсбағдарына айналған қарашаңырақ М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры да тәуелсіздік жылдары өсу мен өркендеудің жаңа сатысына аяқ басты.
Тәуелсіздіктің арқасында
М.Әуезов театрының шығармашылық табыстары ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жетті. Мемлекетіміздің өнерге деген қолдауының арқасында, көптеген елдің сахнасында өнер көрсетіп, бақ сынау бақыты бұйырды. Ал, жетістіктеріміздің ішіндегі ең үлкені – 2020 жылғы 20 желтоқсанда Президенттің арнайы Жарлығымен театрға «Ұлттық» мәртебесі берілгені болды. Мұның барлығы да Тәуелсіздіктің жемісі, ұжымның театрға деген шексіз махаббатының, толассыз еңбегінің көрсеткіші деп білеміз.
Театр өнерінің өрге басуының ең басты қозғалтқыш күші жастар десек, театрымызда тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жас артистердің бірнеше буыны жемісті еңбек етіп, халық ықыласына бөленуде. Тәуелсіз ел болып, дербестік алған жылдары өмірге келіп, білім алып, өнер додасына қосылған жастар бүгінде театрымыздың бетке ұстар мақтаныштары.
Президентіміздің өзі ұлттық намыс пен сананы ояту үшін жастарға дұрыс тәрбие беріп, ұрпақтар сабақтастығына, өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулуға аса мән беру керектігіне ерекше тоқталып кеткен болатын. Бүгінде театрдың жастары жастық жалынымен, күш-жігерімен театрға аянбай еңбек етіп жүр.
Тәуелсіздіктің құрдастары, талантты жас буын өнерпаздар:
А.Бақытжанова, М.Мұхтарұлы,
Ғ.Оспанов, Г.Хасанова, Д.Шыныбек, Ш.Пірназаров, Қ.Бейсағалиев,
Н.Қуанышбайұлы, А.Максим, Ә.Лепесбаев, Л.Тілеуова, Ә.Сайлауова,
М.Асаубай, М.Келгенбай, Д.Анарбай, М.Тағанов, Д.Ныгметуллина, И.Меңдібаева, Р.Бекет, Ә.Базарбайұлы, Ж.Қонысбай, Қ.Құдайберген, З.Рахымжан, А.Курак, А.Оспанбаева тағы да басқалар арыдан келе жатқан дәстүрді жалғастырып, театрдың ауыр жүгін көтерісіп келеді.
Актерлік шеберлігімен, тұлғалық даралығымен өзге театр әртістерінен ерекшеленіп тұратын Тәуелсіздіктің төл құрдасы, талантты актер – Ғалымбек Оспанов алдыңғы буын А.Әшімов, С.Оразбаев, Т.Жаманқұлов сынды өнер майталмандарының ізін жалғап келе жатқан дарын иесі. Театр репертуарындағы Ғ.Есімнің «Таңсұлу» драмасында Қалмақ бегін, У.Шекспирдің «Ромео-Джульеттасында» Тибальтты, «Отеллосында» сенат қызметкерін, Д.Эннери мен Ф.Дюмануардың «Дон Сезар де Базанында» Дон Сезар де Базанды, И.Вовнянконың «Қаза мен жазасында» адвокатты, А.Володиннің «Қоштасқым келмейдісінде» Шумиловты, М.Омарованың «Көмбе нанның дәмінде» Жайықты т.б. нақышына келтіре сомдап жүр.
«Таңсұлу» драмасындағы Қалмақ бегі бейнесі – жас актердің төлқұжатына айналған рөлдердің бірі. Театр көрермендерінің көңілінен орын алып, біраз бөлігінің сүйіктісіне айналып та үлгерген. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Н.Жақыпбай сахналаған «Қобыланды» спектакліндегі батыр бейнесі актердің өз қарым-қабілетін айшықтап, көрермен ықыласына бөлеген рөлдердің бірі болды. Бейнені сомдауда сыртқы қасиеттерін жеткізумен ғана шектелмей, кейіпкердің ішкі жан дүниесі мен болаттай мінезін айшықтауға мән берген актер ойыны көрермендер мен мамандардың қошеметіне бөленді.
Театрымыз мақтанышпен кез келген додаға қоса алатын тағы бір әртіс – Ажарлым Бақытжанова. Бүгінде сахнада «Таңсұлу» спектаклінде Таңсұлу, «Жүз жылдық махаббатта» Зылиха, «Сыған серенадасында» Сағыныш, «Қыз мұңында» Қарагөз, «Бейбарыс сұлтанда» Пұлжетпес, «Қыз Жібекте» Дүрия, «Бес бойдаққа бір той» комедиясында Шүйкетай, «Қобыланды» драмасында Қарлығаш, «Анна Каренина» трагедиясында Бетси Тверская, «Аттила мен Аэций» тарихи драмасында Ганория т.б рөлдерді сомдап, көрермен көзайымына айналып келеді.
А.Бақытжанованың театр сахнасындағы төлқұжаты – Таңсұлу рөлі. ««Таңсұлу» – қазақтың қасиет деген сөзінің бір формасы» деп спектакль режиссері Алма Кәкішева айтқандай, намысы, елі, ұрпағының амандығы үшін сұлулығын тәрк еткен, шамамен Төле би заманында өмір сүрген батыр әйелдің ерлігі Ғ.Есімнің шығармасы арқылы тарих бетіне түссе, А.Кәкішеваның режиссерлігімен қарашаңырақ сахнасында қойылып, сыншылардың жоғары бағасына ие болды және көрермен қауымның қошеметіне бөленді. Жетіген мен домбырада жетік ойнайтын дарын иесі, қазақ қыздарының қайтпас қайсар рухын, өр мінезділігін жаңғыртқан Таңсұлу бейнесін театрымыздың актрисасы Ажарлым Бақытжанова шебер сомдады. Қазақтың қайсар, батыр қыздарының символындай болған бұл кейіпкер, актриса ойынында ерекше сүрлеу тауып, ұлттық рухты оятып, көрермен жүрегінен ерекше орын алды. Өзінің жері үшін, елі үшін, рухы үшін сұлулығын тәрк еткен қыз тағдырын жеткізудегі актрисаның шеберлігі көрген жанды бейжай қалдырмасы анық.
М.Әуезов театрының көрермендеріне «Анна Каренина» қойылымындағы кербез жігіт Вронский бейнесі арқылы танымал Нұрғиса Қуанышбайұлы да – Тәуелсіздіктің құрдасы, театрымыздың мақтанышы. І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» тарихи драмасындағы Қасым, М.Омарованың «Көмбе нанның дәмі» драмасындағы Ақеділ, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасындағы Төлеген, Г.Томскийдің «Аттила мен Аэций» драмасындағы Жасинт, М.Әуезовтің «Қобыланды» драмасындағы Шуақ, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясындағы Меркуцио бейнелері көрермен жадында сақталып, актердің қарым-қабілетін айқындады. Н.Қуанышбайұлының кез-келген рөлді құбылтып, бір-біріне ұқсамайтын рөл жасау шеберлігі әр қойылым сайын жетіліп, жаңа қырынан танылып келеді. Еңбек пен ізденістің арқасында алдыңғы буынның ізін жалғап, тарих беттерінде қалатын тың бейнелер сомдарына сеніміміз мол.
Театрдың жас буын режиссері А.Оспанбаева – театр көрермендеріне «Жүрегімнің иесі» психо-физикалық драмасы арқылы жақсы таныс. Жас драматург Айдана Аламанның «Бір күндік ғұмыр» пьесасы бойынша сахналанған бұл қойылым көрермендерді дүр сілкінтіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп басқан болатын. Аталған қойылым, алғаш сахналанған сәттен бастап, бүгінгі күнге дейін театрдың ең танымал қойылымдары қатарында. Жас режиссер 2018 жылы Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» спектаклін режиссер М.Ахмановпен, 2019 жылы М.Әуезовтің «Қобыланды» спектаклін режиссер Н.Жақыпбаймен бірлесе сахналап, өнер майталмандарымен тәжірибе алмасқан болатын. 2019 жылы Б.Беделханнның «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық драмасын көрерменге ұсынды. Өткен жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында сахналаған «Абайдың жұмбағы» драмасы режиссердің өзіндік қолтаңбасын тағы бір мәрте айшықтап, көрермендер мен сыншылар тарапынан оң бағасын алған спектакльдердің бірі болды.
Тәуелсіздік құрдастары – жас өнерпаздардың санасы азат, ойы тәуелсіз, қиялы да, мүмкіндіктері де шексіз. Жаңаша өнер жасап, жаңа бағытта ізденуге деген құлшыныстары да көңіл қуантады. Сол құлшыныстың арқасында театр ұжымының үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнерді әрі қарай да дамыта берері сөзсіз. Басқа қонған бағын бағалайтын театр ұжымының ұлттық өнерімізді таныту жолындағы қалтқысыз қызметі жалынды жастар барда өз жалғасын таба бермек.
Еркін ЖУАСБЕК
М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері