480
Толстой мен Прюдом. Бап шаба ма, бақ шаба ма?
Толстой мен Прюдом. Бап шаба ма, бақ шаба ма?
Редакциядан: Амангелді Кеңшілікұлының аты-жөні әдебиет сыншысы ретінде қалың оқырманға кеңінен таныс. Сөз өнерінің ең нәзік, ең күрделі саласы әдеби сын бойынша қалам тербеп келе жатқаны баршаға мәлім. Бұдан былай қаламгердің мақалалары Túrkistan газетінде тұрақты жарияланып тұратын болады.
Нобель сыйлығының дүниеге келгеніне бір ғасырдан астам уақыт өтті. Бүгінгі таңда атағы аспандап кеткен марапатты алу құрметіне бөленген әдебиет өкілдерінің ішінде шығармалары адамзат баласының ортақ игілігіне айналған суреткерлер ғана емес, сонымен бірге, есімдері де ұмытылған, жазған туындыларын да жұрт жөнді біле бермейтін қаламгерлер де аз емес.
Талай-талай талантты ақын-жазушылардың арманына айналған сыйлықты ең бірінші болып еншілеген француз ақыны әрі эссеист Сюлли-Прюдом да (толық аты-жөні Рене Франсуа Арман Прюдом) сондай аты да, шығармалары да жұрт жадынан шығып қалған ақындардың бірі. Ең алғашқы Нобель сыйлығының лауреаты болса да, қазір Сюлли-Прюдомның кім екенін, оның қаламынан қандай шығармалардың туғанын, оқырман түгіл, әдебиет саласының мамандары да біле қоймайды. Дегенмен, не үшін, әдебиетке сіңірген қандай еңбегі үшін сарапшылар оның қолына осындай үлкен сыйлықты ұстата салды? Табаны күректей жүз жыл өтсе де, әлі күнге дейін сүйегі баяғыда күлге айналған Сюлли жарықтықтың рухына тыныштық бермей, аруағын күңірентіп осы бір сауалды қайта-қайта талқылау толастамай келеді.
Өткен ғасырдың басында тіл мен әдебиет саласындағы Швед академиясы жыл сайын дүниежүзіндегі ең үздік шығармаларға Нобель сыйлығын беруді ұйғарғанда, айдай
әлемде орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың алдына түсе алатын, онымен тең түсетін талант жоқ-тын. «Казактар», «Анна Каренина», «Соғыс және әлем», «Қажымұрат» секілді орыстың ғана емес, жалпы адамзат баласының ұлы қазынасына айналған, мәңгілік дүниелерді туғызған Лев Толстойдың алдына түсу немесе одан артық жазу мүмкін де емес еді. Жиырмасыншы ғасырдың басы ұлы жазушының аты әлемге жайылып, атағының жер жарып тұрған шағы болатын. Лев Толстойдың жазу машығына, көркемдік қабілетінің қуаттылығына, ойының тереңдігіне, тілінің шұрайлылығына, сезімталдығына, өзгеше көре білетін ерекшелігіне таңғалмаған суреткер кемде-кем. Ги де Моппасан сынды француз әдебиетінің ұлы өкілдерінің Толстойға табынып, оған хат жазғанын әдебиет тарихынан жақсы білеміз. Одан бөлек, оны бір ғана көру үшін, жазушы тұратын «Ясная Полянаға» ит арқасы қияннан сапар шегіп келгендер қаншама. Сөзімізге сенбесеңіз, орыс жазушысы Иван Буниннің «Толстойдың азаттануы» романын оқып көріңіз. Біз айтып отырған деректердің бәрі де сол кітапта өте жақсы баяндалған.
Неге екені белгісіз, Лев Толстойға деген миллиондаған оқырман мен мыңдаған жазушының ыстық пейілін елемеген Швед академиясы 1901 жылы Нобель сыйлығын француз ақыны Сюлли-Прюдомға берді. Мақаланы жазу барысында біз Сюлли-Прюдомның өмірі туралы біраз деректерді іздестіріп, шығармаларымен таныстық. Біздің анықтағанымыз, бүгінгі таңда алғашқы Нобель сыйлығын алған ақынды өз елінде де ешкім біле бермейді екен. Өмірінің соңында ол қатты сырқаттанып қалып, денсаулығына байланысты жоғары марапатты алу салтанатының рәсіміне қатыса алмапты. Нобель сыйлығының лауреаты болғандықтан ба, өлеңдерін Константин Бальмонт секілді орыстың атақты шайырлары да аударыпты.
Швед академиясының 1901 жылғы таңдауының Сюлли-Прюдомға түсуі сол кездегі әлемдегі талантты қаламгерлердің қатты наразылығын туғызғаны мәлім. Өйткені, сол жылдары әдеби қауым ең алғашқы Нобель сыйлығын ұлы суреткер Лев Толстойдың алатынына қатты сенімді болды. Тіпті, шведтердің Август Стриндберг, Сельма Лагерлеф бастаған бір топ талантты қаламгерлері қабылданған шешімге риза болмай, қарсылық білдіріп, ашық хат та жазды.
Алайда, Швед академиясы ұлы қаламгерге Нобель сыйлығының берілмейтінін ашық айтып, оның сол кездегі хатшысы Карл Вирсен суреткер Толстойдың ұлы шығармалар туғызған талантын мойындағанымен, оған осы атақты марапатты беруге үзілді-кесілді қарсылық танытты. Өз сөзінде ол «бұл жазушы өркениеттің бүкіл үлгілерін мансұқ етті, оның орнына биік мәдениеттен іргесі ажыраған жабайы өмірдің заңдылықтарын қабылдауды ұсынды» деп, әлем мойындаған жазушының атына ауыр-ауыр сындар да айтты.
Адамзат мойындаған Толстой талантының бағаланбауы, өкінішті жағдай, әрине. Дегенмен, біз негізгі, тақырыбымызға көшіп, Сюлли-Прюдомның өмірі және шығармашылығына оралайық.
Әлбетте, 1901 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын француз ақыны Сюлли-Прюдомның иеленуіне бүгінгі заман тұрғысынан түрлі баға берілуі заңдылық. Бірақ соған қарап, Сюлли-Прюдомның өз дәуірінің ірі ақыны болғанын жоққа шығара алмаймыз. 1909 жылы жарық көрген әдебиет оқулығында «Сюлли-Прюдом –бүгінгі таңдағы Францияның әйгілі ақыны» деген сөздердің жазылуын, оның шығармашылығына берілген баға ретінде қабылдаған ләзім. Әрине, уақыт – қатал сүзгі. Одан мыңдаған ақындардың ішінен, ілеуде біреуінің ғана шығармасы өтіп, болашаққа жолдама алады. Тіпті, кезінде аты дүрілдеген ақындардың туындыларын да ол сүзгі өткізбей тастайды. Өйткені, уақыт өте келе әдебиеттегі жақсы дүниелер де екшеледі. Жақсы ақын болғанына қарамастан, Сюлли-Прюдомның өлеңдері уақыт сүзгісінің сынынан өте алмады. Ал, Нобель сыйлығын беруге қатысты алғашқы таңдаудың неліктен Сюлли-Прюдомға түсуінің себебін, менің ойымша сол жылдардағы француз поэзиясы тарихындағы өліара мезгілдің тым созылып кеткен ахуалымен байланыстырған абзал.
Нобель сыйлығы ең алғаш табыс етілген жылы ХІХ ғасырдың аяғында поэзияда төңкеріс жасаған жаңашыл ақындар Стефан Маллерме, Поль Верлен, Артюр Ремболар өмірден өтіп кеткен еді. Ал, жиырмасыншы ғасырда француз поэзиясының атағын әлемге танытқан шайырлары Поль Валери, Поль Клодель, Гийом Аполлинерлер ол кезде әдебиеттегі алғашқы қадамын енді ғана бастап жатты. Поэзияда төңкеріс жасаған ұлы ақындар өмірден өтіп кеткен, жаңа поэзияның жарқын өкілдері әлі таныла қоймаған осындай өліара мезгілде француз әдебиетінде Жозе – Мария де Эредиа, Анри де Ренье, Реми де Гурьмон, Жан Мореас, Франсис Вьеле-Гриффен, Рене Гиль сияқты ақындардың жұлдызы жарқырап тұрды. Француз поэзиясындағы осы толқынның ішінде болған ақындардың арасында өз заманында Сюлли-Прюдомның өлеңдері қалың оқырманның қатты қызығушылығын туғызды. 1901 жылы ол расында да өз дәуірінің бірінші ақыны болып саналды. Ендеше, христиан діні мен өркениетті қатты сынағаны үшін ұлы суреткер Лев Толстойға берілмеген Нобель сыйлығының Рене Сюлли-Прюдомға бұйыруы бір жағынан заңдылық та болатын.
Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының алғашқы лауреаты 1839 жылдың 26 наурызында Парижде дүниеге келді. Нағыз аты - Рене-Франсуа-Арман Прюдом, ал Сюлли деген — әкесінің қойған лақап атты. Рене екі жасқа келгенде әкесі дүние салып, қаржылық қиындық көрген жесір шешесі, өзінен бірер жас үлкен әпкесі үшеуі нағашы ағаларының қолына көшіп барады. Сегіз жасында Бонапарттың лицейіне оқуға түскен болашақ ақынның математика мен классикалық тілдерге, француз өлең құрау әдістеріне
қызығушылығы арта түседі. Ол 1856 жылы сол мектептен бакалавр дәрежесін алып шығады. Математикаға үздік бозбала инженер болғысы келіп, білімін политехникалық мектепте жалғастырмақ болады. Алайда, ол ойынан көзінің ауыр сырқатына байланысты бас тартады. Рене алғашқы еңбек жолын Крезо зауытында кеңсе қызметкері болып бастап, 1860 жылдан нотариалдық кеңсеге ауысады. Ал кешкі уақытта нотариалдық құқық мәселелері мен философиядан сабақ алып, өлең жаза бастайды. Кеңсенің іш пыстырарлық қағаздарынан шаршаған Рене өміріне өзгеріс енгізгісі келіп, «Бұтақтар бауырластығы» атты шығармашыл студенттердің ұйымының мүшелігіне өтіп, солардың сенімінің, білдірген қолдауларының арқасында өлеңмен шындап айналысуға кіріседі. 1865 жылы Сюлли-Прюдом алғашқы өлеңдер жинағын жарыққа шығарып, ақынның тырнақалды туындыларына өз заманының атақты сыншысы Шарл Сент-Бев жоғары баға берді. Азғантай уақыттың ішінде ақынның тағы да бірнеше өлең жинақтары жарық көрді. Франко-прусс соғысы ақынды зор бақытсыздыққа душар етті, 1870 жылы бірінен соң бірі дүние салып, бүкіл туыстары қайтыс болды. Ал, Ұлттық гвардияның қатарына өткен Сюлли -Прюдомның Парижді қорғауына тура келіп, нәтижесінде жүйкесіне зақым келіп, өмірінің соңына дейін ол одан зардап шекті. Денсаулығының сыр бергеніне қарамастан ол 1870-1880 жылдар аралығында бірнеше өлең жинағын халыққа ұсынды. Жұрт Сюлли-Прюдомның романтизмнің лебі есетін лирикалық жырларын сүйіп оқыды, ал, әріптестері 1881 жылы оны Француз Академиясының мүшесі етіп сайлады. Алайда, осы оқиғадан кейін оның ақындық шабыты шау тартып, бір ғана өлеңдер жинағын жарыққа шығарып, бір ғана поэма жазды. Енді ол әдеби сын мен ғылыми-философиямен әуестеніп, бірнеше еңбек жазды. Нобель комитеті берген сыйлықтың қомақты қаржысын ол жеке басына жұмсаған жоқ, ол қаражатқа жас таланттарды қолдауға арналған сыйлық тағайындады. Сюлли-Прюдом 1907 жылдың 6 қыркүйегінде дүние салды. Ол Париждегі Пер-Лашез зиратына жерленген. Өз заманында үлкен танымалдыққа ие болған ақынды бүгінде туған елі де ұмытып кеткендей, есімі сирек аталады. Жекелеген өлеңдері түрлі антологияларға енгенімен, бүгінгі таңда қарапайым халық түгіл, әдебиеттанушылар да оның шығармашылығына ерекше назар аударуды қойған.
Ақын ретінде Сюлли-Прюдом өмір бойы екі түрлі жағдайда болды; бір жағынан, өлеңдерінің қарапайымдылығы үшін оны жамағат бірден қабылдады, екінші жағынан ол сол замандағы жаңашылдарға жоламауға тырысып, жапан далада өскен бәйтеректей әдеби жалғыздыққа ұшырады. Алпысыншы жылдардағы Бодлердің ізденістеріне ол аса қатты қызықпады, 70-жылдардағы Верлен поэзиясының сиқыры да оның жанын арбай алмады. 80-жылдардағы декаденттік даралыққа да, символистік мистицизмге де ол немқұрайлы қарады. Прюдом «Парнас мектебінің» өкілі. Сондықтан да оның шығармашылығы романтикалық және парнастық мектеп ықпалының тоғысында
дүниеге келді. Романтизмде оны адам жанының нәзік әлемінің сиқыры баурады. Алайда, 60-жылдары ақын романтизмнің қарсыластары болып саналатын «Парнас» тобының өкілдерімен жақындасты. Олар «поэзия алған әсеріңді ағызатын саңылау емес, ол болмыстың мәңгілік сұлулығын жырлауы тиіс» деп есептейтін. Бұл топтың көшбасшысы Шарль Мари Рене Леконт де Лиль есімді ақын болды. «Нағыз өлең мәрмәрдің мүсініне ұқсайды: ол көп қырлы, бірақ қас-қағым сәттік адам өмірінің формасын мәңгілікке айналдырады, біржола ұмытылудың тұңғиығына құлаудан құтқарады» деген болатын ол. Парнас мектебінің идеалдары оны қызықтырып, Сюлли-Прюдомның лирикалық тақырыбы өзінің жеке жаны, ішкі әлемінің пейзажы болды. Бұл жағдайдың қалыпты күйі жалғыздық еді. Дегенмен, романтиктер сияқты өз жанына үңілгенімен, ол романтиктердің қайғы-қасіретін қабылдаған жоқ. Жалғыздық ақын үшін үмітсіздіктің көрінісі емес. Ақын жалғыздық шеңберінің ашылуы мүмкін екеніне сенді, өйткені, адамдар көзге көрінбейтін туысқандықтың жібімен байланған. Ақын Құдайдың бар екеніне сенбегенімен, тіршіліктің бәріне шуағын шашып тұрған махаббаттың құдіретіне сенді. Шайыр өз өлеңдерінде адам жанының қуаныш күніне де, қасіретке толы түнгі жұлдыздарға да тартылатынын жырлады. Ол үшін Табиғат қастық ниеттегі стихия емес. Адам әлемді санасымен сезініп, оған құйылып кетуі тиіс. Оның идеалы – ежелгі заманның философ-ақындары Парменид, Эмпедокл, Пифагор. Прюдом өлеңдерінде өзге «парнастықтарға» қарағанда, әлеуметтік сарынның бары рас еді. Ол өзін заманына сай туған ақын деп есептейтін. Парнастықтар феодалдық, католиктік тенденциядан шыға алмай жүргенде, Сюлли-Прюдом өзін позитивизмді жақтаушы ретінде көрсетіп, өлеңдерінде көркемдік пен ғылымды ұштастыруға тырысты. Оның шығармашылығының алғашқы жылдарында лирика басым болса, кейінгілері, әсіресе, 1878 жылы оқырманға жол тартқан «Әділеттілік» атты поэмасы философиялық сарында, диалог үлгісінде жазылған. Бұл поэмасында ол «әділдікті айналаңнан емес, жан дүниеңнен ізде» деген ойға тоқтам жасайды. Сюлли-Прюдомның шығармашылығын зерттеушілер ақынның француз әдебиетіне ықпалы туралы айтқанда: «Ол француз поэзиясын түнектен жарыққа шығарды, пессимизмнен позитивизмге қарай ұмтылдырды» дегенді айтады. Ақын 1881 жылы Француз академиясының мүшелігіне өткен. Әлемге әйгілі болған Дрейфус ісінде капитан жағында болып, соттың басы-қасында жүрген. Ақын 1900 жылы шығарған «Ақындық өсиет» атты мақалалар жинағында француздың классикалық өлең құрау әдістерін қорғап, еркін өлең формасына қарсылығын білдіріп, символистер мен декаденттерді сынға алады. Келер үш жылда жас ақынның қаламынан көне мифтік сарында жазылған бірнеше кітап дүниеге келді. Бұл жылдары жазылған өлеңдерінде жауапсыз махаббат та, ғылым мен діннің таласы да тақырыпқа арқау болды. Дәл осы жинақтар Сюлли-Прюдомды Франциядағы ең атақты ақындардың бірі етті. Дей тұрсақ та, ақын өлеңдері уақыт
сүзгісінен өте алған жоқ. Оның есімі өз дәуірінің көп жақсы ақындарының бірі ретінде ғана әдебиет тарихында қалғанымен, пешенесіне ең бірінші Нобель сыйлығының лауреаты болу бақыты жазылды.
Амангелді Кеңшілік