Хан Кененің қазасы

Хан Кененің қазасы

Хан Кененің қазасы
ашық дереккөзі
2270
Өткен жылдың соңын­да әлеуметтік желі­де қырғыз жазушысы За­мирбек Осоров пен «Бей­бітшілік үшін күрес» қоғам­дық қорының мүшесі Вале­рий Яковлевтің қа­зақтың ханы Кенесарыға Бішкектің төрінде ескерткіш қойып, орталық көшелерінің біріне есімін беру туралы бастама көтергені мәлім.
Онда: «Біз ел астанасына қазақтың соң­ғы ұлы ханы Кенесарыға арнап ескерткіш қойсақ дұрыс болады. Өмір бойы патша басқыншыларымен күрескен ұлы адам патша қуғыншыларынан қашып бізге келді. Ол қырғыздың би-манаптары мен халқы­нан көмек сұрап келсе ке­рек. Ал біз оның басын кесіп, патша өкіметіне тапсырдық. Қырғыз­дың бір ғана руының билерінің бұл ақылсыз әрекетінен бүкіл қырғызға жа­манат келді. Соған қарамастан қазақ халқы бізге деген бауыр­малдықты сақтап қалды», – деп жазыпты қырғыз жазушысы.
Әрине, оның бұл ұсынысына қарсылық біл­діргендер де аз болмаған көрінеді. Қырғыздар жуық маңда Кенесарыға ескерткіш орната да қоймас. Бастысы, қазақ ханының тарихтағы рөліне қатысты әділеттілікті қал­пына келтіру туралы қырғыздар тарапынан да сөз қозғалып жатуы маңыз­ды болып отыр. Қазақ халқын ғасырларға созылған бодандық бұғауынан құтқару жо­лын­да тәуел­сіздік туын көтерген ұлт қаһар­ман­дарының бірі Кенесары Қасымұлының соң­ғы шайқасы біздің Қордай ауданының жерінде болды. Атасы Абылайханның бы­тыраңқы қазақтың басын қосу арманын жүзеге асыру үшін сонау Көкшеде атқа қо­нып он жылдан аса отарлаушылармен ашық майдандасқан есіл ер, қазақтың соң­ғы ханы Алатау бөктерінде қапияда қаза тап­ты. Жазушы I.Есенберлиннің «Көшпе­н­ділер» трилогиясы сол қайғылы оқиғаны си­паттаумен аяқталады. Ондағы аталатын Ке­кіліктау, Әулиешоқы, Майтөбе таулы адыр­лары Қаракемер ауылдық аймағының Күн­гей аталатын түстігінде орналасқан. Сол өңір­дің қай тұсынан қарасаң да менмұн­далап Әулие шоқы төбеңнен төнеді. Одан төменірек Кекіліксеңгірмен екі арада «Кене хан­ның ту тіккен жері» деп аталатын Май­тө­бе, қозы өрім жерде гүрілдеп Шу өзені ағып жатыр. Сол қанды қырғынның бел­гісін­дей Майтөбе үстінде бұрыннан-ақ қолдан үйілген қорымдар, балбал тастар болатын. Оншақты жылдай бұрын хан ұрпақтарының күшімен ескі қорымның ортасынан қызыл гранит тақталармен қапталған биіктігі бес метр еңселі ескерт­кіш орнатылып, төңірегінде таңбалы тас бел­гілер пайда болған еді. Айнала қорша­лып, жақын маңнан шырақшы үйі де бой көтерді. Оның артынша Күнгейді бойлап жаңадан салынған «Қаракемер – Қарасай» тасжолы Майтөбені жанай өтіп, ондағы ескерткіштер шоғыры жолаушылардың ат басын тартып ата-бабаларымыздың ерлік рухына тәу ету орнына айналды. Бұл белгі­лер Кенесары мен оның жаужүрек інісі Наурызбайға, олармен бірге азаттық жолында ажал құшқан қазақ батырларының рухына арналған. Талайлы тарихымыздың сол бір сұрапыл оқиғаларына куә болған киелі жерлер... ...Осыдан жүз жетпіс төрт жыл бұрын, 1847 жылғы сәуір айы. Анталаған жаудың ор­та­сында жаралы арыстандай арпалысқан Кене­сары Кекіліксеңгірдің сайында қолға түсті. Көкетайлап Наурызбай, ағасының қа­сына өзі келді. Қырғыздар батырдың ба­сын шауып, патша офицерінің қанжы­ғасы­на байлап береді. Бас Омбыға кетті, одан әрі Петерборға өтті. Ал денесін қырғыздар іш­керіге алып кетіп сол маңнан 30-40 ша­қы­рымдай жерге жасырын жерлеген деседі... Сол қанды қырғыннан бергі бір жарым ға­­сырдан астам уақытта Кенесары қозға­лы­сы туралы аз жазылған жоқ. Атақты француз жазушысы Жюль Верннің романынан бастап, дастандар да, ғылыми зерттеулер де, көркем шығармалар да баршылық. Орыс тарихшылары орыс әскерімен текетірескен Кенесарының биік парасатын, көзсіз ержүректігін мойындап, орыс журналдары арқылы төрткүл дүниеге мәшһүр етті.
Мәселен Орынбор қаласының мэрі Н. Середа: «Кенесары өз сарбаздарының кемеңгер көсемі бола білді. Оның жасақтарының лапылдаған биік рухына еуропалық қолбасшыларының қай қайсысы да қызғанышпен қараған болар еді» дейді.
Ал орыс армиясының генералы В.Потто оны сайын даланың жеңілуді білмейтін сайыпқыран қолбасшысы, дала көкжалы атаған.
«Түркістан тарихының» авторы Н.Павлов «Кенесары өзінің бітім-болмысында қажымайтын, талмайтын дала батырларының типіне жатады: ол тегінде аса дарынның адамы болса керек. Кенесары өзінің ақтық демі біткенше Ресейдің қас жауы болса да, мен оны «Түздің соңғы батыры» атаймын» деген.
Әлемге әйгілі Жюль Верн орыс басылымдарындағы осындай очерктерден өзінің қайталанбас романти­калық кейіпкерін тапқан болуы керек. Бірақ, халықтың жадынан тарихын өшіріп орыстандыруды көксеген коммунистік идеология тұсында ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен қаһармандарымызға ашық баға беріп, есімдерін қастерлеу аса қиынға түсті. Ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Кене­сарыны ауызға алған М.Әуезов, І.Есенберлин, Е.Бекмаханов және басқалары қуғынға ұшырады, түрмеге жабылды, жер аударылды. Дегенмен, олардың жазғандары тарихта қалды, бүгінгі тәуелсіз мемлекет жағдайында қазақты қазақ еткен, қазақтың ұлан-байтақ жерін қорғап, сақтап қалған кемеңгер хандарымыз бен билеріміздің, қаһарман батырларымыздың есімін өмірге, ұлт санасына оралтуға баға жетпестей қыз­мет етуде. Кенесары қозғалысы хақында қаншама ғылыми тұжырымдар жасалды. Осынау қасиетті күрестің мәнін шынайы ұғынуға мүмкіндік беретін тың көзқарасты зерттеу­лер бүгін де жалғасын тауып келеді. Кө­тері­лістің алғы шарттары, өрістеуі, шарық­тау шегіне жетуі, ақыр аяғында жеңіліс табуының себептері туралы әділ бағасын еліміздің тәуелсіздігі тұсында ғана ешбір жалтақсыз ашық айтуға мүмкіндік туып отыр. Қасым сұлтан мен оның ұлдары қара басын күйттесе, қарны тоқ, көйлегі көк өмір сүрулеріне мүмкіндігі мол еді. Бірақ, олар ұлт мүддесін мансаптан жоғары қой­ды. Жер жәннаты Көкшетауды тастап, Ресей бұғауына қарсы қоқандықтармен бірігуге Сыр бойына көшіп келді. Алайда, арыдан ойлай алмаған Қоқан билеушілері Қасым сұлтан мен олардың ұлдары Саржан мен Есен­гелді сұлтандардан қорқып, олардың андаусызда көзін жояды. Әйтсе де, Қасым сұлтанның қайсар ұлы Кенесары әкесі мен аға­ларының орнын жоқтатпай, аз уақыт­тың ішінде үш жүздің батырларының басын қосып, Ресей мен Қоқан езгісіне қарсы күреске елді бастап шығады. Алдымен Ресей­дің қазақты ішкерілей отарлау үшін ар­қа төсіне салған бекіністерінің бірі – Қараөткел бекінісі 1837 жылы тас-талқан етілді, сөйтіп тарихта «Кенесары көтерілісі» деген атпен қалған қарулы қақтығыстар өрті бұрқ ете түседі. Үш жүздің игі жақ­сылары 1841 жылы Кенесарыны ақ киізге көтеріп, хан деп жариялады. Содан бастап Кенесары жасақтары қазақтың ұшқан құстың қанаты талар сайын даласында құйындай ойнап патша отарлаушыларына қарсы ойранды салады. Оның әскери тактикасының мықтылығы соншалық, Ресей империясының тіс қаққан әскері көтерілісті ауыздықтай алмай, әл-дәрмені құриды. Дегенмен, Хан Кене Ресейді жалғыз өзі күресіп жеңе алмайтынын ұғынып, оңтүстіктегі қалың үйсінді өз жағына тартып, көршіміз қырғыздармен одақтасуды ұйғарады.
 Қырғыз хандарына жазған хатында ол: «Солтүстіктен орыстар қысып барады. Егер оған жерің мен мал-мүлкіңді таратып, бала­ларыңды соның әскеріне берсең тату-тәтті тұра бересің. Шығыстан шүршіт (Қытай) бүре түсті. Олар ешкімді аямайды. Оң­түстік­тен тиген Қоқан бала-шағаңа күн көр­сетпек емес. Қарсылық көрсетсең өзіңді дарға асады» деп жазады. (Е.Бекмаханов, (Казахстан в 20-40-е годы XIX века; А, 1992). Хан келесі бір хатында: «Менің мұнда келу мақсатым – жауласып, қан төгу емес, қазақтар мен қырғыздардың күшін біріктіру. Сөйтіп, оларды қоқандықтардың қысымынан құтқару» деп жазды. (Е.Смирнов, «Султаны Кенисара и Садык», Изд.Сыр-дар.Облстаткомитета; Ташкент, 1889). Алайда, арғы атасы Абылай ханның бар қазақтың басын қосып, біртұтас тәуелсіз елге айналдыру арманын жүзеге асыру жолында он жылдан аса ат белінен түспеген есіл ер Қордайдағы Кекілік тауының баурайында ажал құшты.
Біз бұл шағын мақаланы дайындау барысында Кенесарының ажалына себеп болған қырғыздармен болған ақтық күресі туралы жазылған деректерді барынша ақтарған едік. Ең алдымен қолға түскені небәрі 34 жасында өмірден ерте кеткен, Қордайдан шыққан белгілі тарихшы Әбіл­қасым Ділебаевтың (1914-1948) мұрас­ы болды. 1934 жылдан Қордай аудандык ком­сомол ұйымының хатшысы болып істеп, 1940 жылы ҚазПИ-ді бітірген соң Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, инс­пектор, институтта оқытушы бола жүріп ол өмірдегі тарихи оқиғаларға зерттеу жасап, жекелеген тарихи тұлғалар туралы ел аузындағы аңыздар мен естеліктерді жинақтаған. Төле би, Өтеген батыр туралы жазбаларымен таныспыз. Сондай-ақ, Кенесары ханның қырғыздармен қақтығыстары және Кекілік тауының түбінде қаза табуы туралы оқиғаның ізі онша суи қоймаған, оны білетін көнеқұлақ қариялардың баршылық кезінде бұдан сексен жылдай бұрын қағазға түсірген зерттеу еңбегі де бар. «Батырлардың ерліктері және Кенесары туралы халық әңгімелері көп. Олар әртүрлі. Олардың ішінен алғаным – оқи­ғаның ортасында болғандардың өз аузынан естігендердің әңгімелері» деп ескертеді тарихшы. Қордай ауданының Қасық ауылының солтүстік жағында жатқан бір қырқаны бұрын жұрт «Кене ханның қырқасы» деп атай­ды екен. Ол жердің неліктен бұлай аталғаны жөнінде Нұрпа Төлебайұлы деген қа­рия тарихшыға былай түсіндірген. «Ел жайлаудан түсіп, Шудың бойында отырған кезі екен, бір күні ертең ерте қараса кыр­қаға тола ақ үйлер қонып алыпты. Сөйтсе, ол Кене ханның ауылы екен. Біраздан кейін ауылға жасауылдар келіпті. Менің әкем қасына кісі ертіп, ерулікке сойыс алып, ханның ауылына барыпты. Оларды қонақ үйге түсіріпті. Бір кезде «Хан шақырады» деп екі жігіт келіп, оларды ертіп, ханның үйіне алып кіріпті. Сәлемдесіп жөн сұрасып болғасын Кене хан: «Жантай, Ормандармен ұрысайын деген жоқ едім. Ел болайық дегенге көнбеді. Жауға қосылды. Елшімді байлады, ұрлығын былай істеп жатыр. Кінә өздеріңде, ертең елін шабамын. Дулат баласы іргелі ел едіңдер, көздеріңмен көріп, олжаларыңды алыңдар» депті. Айтқа­нындай, ханның қолы ертеңіне Шудың арғы жағына өтіп, Піспектің қасындағы қарағаштың бергі түбінде қырғыздың қолы кездесіп, соғыс болыпты. Қырғыздың батыры өліп, әскері бет-бетімен тауға қарай қа­шыпты.Түскен олжаны хан елге таратып беріпті де, теріскейге қайта көшіп кетіпті деп әкем әңгімелеп отырар еді». Қыстыгүні Кене хан Жантайға тағы адам жіберіпті. Басшысы Өтеген батырдың немересі Орман Биембетұлы деген шешен адам екен. Бұғыбай, Саурық бастатқан ба-тыр­лар барыпты. Қырғыздар қошеметтеп сыйлапты. Бірақ, екі ай жатқызып, жөнді жауап бермей аттандырыпты. «Орман бастатқан елші жіберу Кененің ең ақырғы шарасы көрінеді, – дейді тарихшы. – Одан бұрын бірнеше рет елші жіберген. Бекбатыр бастаған елшіні манаптар байлап, қамап қойған. Сыпатай бастаған елшімен сөй­лес­пеген. Бұлардан кейін барып манаптарға қар­сы Кене қолы аттанады. Соғыстан кейі­н­гі кезде Кекілік тауының түбіне барған. Сол жерде Кенесары қолға түседі». Тарихшы Ә.Ділебаевтың зерттеулері бойынша Кенесарының штабы Майтөбеде болып, соғысты сол жерден басқарып отыр­ған. Сыпатай мен Рүстем қолы сол Май­тө­бе­ден бөлінеді. Ол жөнінде «Кеңес» колхо­зы­ның мүшесі Мәдібек Бекқожаев тарих­шыға былай әңгімелеген: «Сыпатай батыр мен Рүстем төре қолды Шудың арғы жағы­мен түнде қашырыпты. Қол келіп Мықын суына тіреліп өте алмай жүргенде таң атып кетіп, оларды қырғыздар көріп, сол жерде соғыс болып, арты жау, алды су болып көп адам өліп, көп адам қолға түсіп, қазақтар көп шығынға ұшырапты» (кейіннен қол­дың қырғын тапқан жерінде 1925-1926 жылдары көпір салынғанда найза, мылтык, қы­лыш сияқты көп құралдар табылып Фрун­зедегі музейге өткізіледі). Қазақ қолы азай­ғасын манаптар Майтөбенің оңтүстік шығысынан келіп, батысына өтіп, қалған қолды (Кенесарының) Алмалыға қарай шегінуге мәжбүр еткен сияқты. Оны жер жағ­дайының өзі дәлелдеп тұр. Қол азай­ғасын, қырғыздар кептей бастапты. Қа­зақ­тар Майтөбеден тауға қарай шегінеді: Ал­малы мен Суалман сайының қосылған жеріне барғанда Кене хан қолға түседі. Хан қол­ға түскен соң, Наурызбай төре қырғыз­дар­ға өзі барыпты. Қалған батырлар соғы­са-соғыса, тау-тасқа шығып құтылыпты. Кенесарымен бірге болған Бұғыбай, Саурық, Ағыбай, Байсейіт, Орман, Таятай тағы басқа батырлар Кенесары мен Наурызбай қолға түскесін ғана шегінген. Олар да қор­шауда болған, бірақ таулы жердің жық­пыл-жықпылын сағалап сытылып кеткен. Егер Кенесары бір ғана құтылудың қамын ойласа, ол жерден қолға түспейтіндігін жер ың­ғайы көрсетіп тұр. Ханның қолға түсуі­нің негізгі себебі: «Соғыста жаудан қашқан хан – хан бола алмайды. Сайдан шыққаны­мыз – майданнан шыққанымыз. Қашсам, мен хан емеспін» (Қалыш Кәрібозұлының айтуынан) дегенінен болуы керек. Тілеміс ақын: Халықтың қамын ойлап Кене келген, Ілесіп қалың Дулат түгел ерген. Соғысып ақ патшаның әскерімен Іленің жағасында Шаншар өлген, – дейді. Тілеміс – оқиғаның ішінде болған адам­дарды көріп, әңгімелерін өз аузынан естіген адам. Сыздық келіп, қырғыздан Кене­сары­ның ерін аларда бірге барып қасында бол­ған. Кейініректе Жантайдың баласы Шаб­дан­ды мұқата: «Менің атам Өтеген» деген өлең айтқан. Ол өлеңінде атасы – Ұлы жүз, Ду­латтан шыққан Абылай тұсындағы атақ­ты Өтеген батырдың қазақ халқының бос­тандығы мен тәуелсіздігін қорғаудағы ерлігін айтқан. Тілемістің жоғарыдағы өлеңін­де айтылған Шаншар – сол Өтеген ба­тыр­дың немересі. «Бұл өлеңде Кенесары – ха­лықтың қамқоры, оның қозғалысы – жалпы халықтың тәуелсіздік қозғалысы екен­дігі тарихи шындықпен тура көрсе­тіл­ген» деп түйіндейді тарихшы Ә.Ділебаев бұ­дан сексен жыл бұрынғы зерттеу еңбе­гінде. Кенесары тақырыбында қырғыз тарих­шы­лары да едәуір зерттеулер қалдырған. Олар­дың ішінде Кенесарының денесі қайда жер­ленгені туралы деректер біз үшін маңыз­­дырақ. Өйткені, ханның бас сүйегі бір жақта қалып, бір жарым ғасырдан аса туған жердің топырағына берілмеуі күллі қазақтың намысын қорлап, жігерін құм етіп отырған жай екені айтылудан кен­де емес. Тіпті, Кенесарының бас сүйегі мен де­несіне қатысты кезінде Парламент депу­тат­тары да мәселе көтерген еді, аяғы сұйы­лып кетті. Әуелден Эрмитажда тұр делінген бас сүйектің енді онда жоқтығы туралы сөз шы­ғып жатыр. Ал қырғыз жерінен сүйегін іздестіруші экспедициялардың зерттеулері де көңіл көн­­шітпейді. 1994 жылдан бері мұндай үш экспедиция шыққаны мәлім. «Атамұра» кор­­порациясының сол кездегі президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед бастап құрамында Манаш Қозыбаев, Карл Байпақов, Оразақ Смағұлов тәрізді белгілі тарихшы, археолог, антропологтар бар алғашқы іздеушілер хан сүйегі жатыр деген тұста оншақты күн жұмыс жүргізіп ештеңе таппаған. Ал мәс­кеулік «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар» сериясымен Кенесары туралы кітап шығарған белгілі тарихшы Едіге Уәлиханов пен геолог Молдияр Серікбаев 2005 жылы шағын экспедиция ұйымдас­тырады. Олармен бірге барған қаракемерлік Ұлы Отан соғысының ардагері, аймаққа танымал халық емшісі болған марқұм Хамза Демеуов ақсақал кезінде бізге былай деген еді: – Тоқпақтан түстікке қарай 15 ша­қы­рым­дай қашықта Алшалы айылы бар. Соған таяу сай ішінде «Әулие бұлақ» деген жерде атақты адам жерленген деп жұрт қасиет тұ­тып, ауру адамдар шипа іздеп, түнейді екен. Бірақ, қабірдің дәл орнын ешкім бізге көрсете алмады, дұрысы көрсеткісі келмей жасырды. Ханның сүйегін қазып әкетсе киесі қоса кетеді деп қорықты ма әлде басқа сыры бар ма, біле алмадық. Біз де сол маңда бір түнеп шығып құр қол қайттық… Ал 2007 жылы Айсара, Күмісай көріп­келдердің көрсетуімен ханның сүйегі қыр­ғыз жерінен қазылып алынып, Алматының шығыс жақ іргесіндегі Беснайза ауылының маңындағы қорымға жерленгені туралы кезінде кейбір басылымдар жазды. Бірақ, содан бері қаншама жылдар өтсе де бұл оқи­ғаға ғылыми тұжырымдама жасалмады. Сонда ол сүйектерге әлі күнге дейін ғы­лыми-антропологиялық сараптау жүргізіліп жатыр ма?. Дегенмен, дүдәмал ой да жоқ емес. Өйткені, Кенесарының қырғыздармен соғысы туралы мейлінше жете зерттеген қырғыздың көрнекті тарихшысы Белек Солтанаев «Кенесарының соңғы күндері» деген еңбегінде «Кенесары Борды деген сайға көмілген. Борды Тоқпақтан жиырма бес шақырымдай Буамға жүретін қара жолдың оң жағында болады» деп нақты жер атауын көрсетеді. Оған бұл деректі Хан Кене­нің басын Қапалдағы орыс ұлықтары­на апарып тапсырған Қалығұл Әлібеков 1894 жылы: «Өлүгүн Қызыл су мен Шамшы­ның ортосундағы Бордуу деген сайдың орто бөксөсу тоого көмген» деп айтып беріпті. Бі­рақ, жоғарыдағы экспедициялардың бірде-бірі, неліктен екені белгісіз, бұл араға ат ізін салмаған көрінеді. Қырғыздың тағы бір тарихшысы Есенқұл Төреқұлов: «Сүйекті Кіші Алмалының басындағы Тоқ­тарбай қыстауынан не болмаса ол жерді «Көрпебай мазары» деп атайды, міне, сол жерден іздеу керек» дейді. Тағы бір деректерде Он бір жылға деген жерге көмілген деседі. Қалай болғанда да жұмбақ көп. Оның үстіне өлтіргенге дейін тұтқында ұста­ған күндері күтушісі болған адамға Кенекең «сүйегім жатқан жерді ешкім білмесін, ешкім қорламасын» деп антын алған деген де сөз бар. Ханның сүйегі қырғыз жерінің өзінде бірнеше мәрте қайта жерленген көрінеді. Алғаш 1884 жылы Сыздық Сұлтан әкесінің сүйегін іздеп қырғызға келерде асығыс бұрынғы орнынан жасырын түрде басқа жерге жерлеген. Одан тағы да жүз отыз жыл өткенде бақшасының шетінен ұра қазбақшы болған ауыл тұр­ғыны адамның бассыз сүйегін тауып алып өзге жерге апарып көмеді. Әлгі үшінші экспедиция тауып Алматы маңына апарып жерлейтін сүйек осы. Бірақ, ол туралы мемлекеттік құзырлы органдар әлі кесімді сөз айтпай отырғанына қарап, сүйектің нақ хандікі екеніне күдік туады. Біздіңше, бұл мәселеге жоғары үкіметтік тұрғыда мән бері­ліп, ханның бас сүйегі мен денесін туған жерге қайтару мемлекетаралық ке­лісімдер арқылы шешілуі тиіс. Қазақстан тәуелсіздігінің отызыншы жылын мерекелеп отырған еліміздің, осынау тәуелсіздікке жетудің сан ғасырларға созылған ұзақ жолында оқтын-оқтын бой көтерген қиян-кескі ұлт-азаттық күрестерде қол бастап, жан пида еткен ұлт қаһармандарына қа­тысты қолдан жасалған қиянаттарды қал­пына келтіруіміз парыз. Соның қа­тарында Хан Кененің денесін тұтас күйінде кіндік қаны тамған Көкше топырағына апарып аса кең ауқымда, биік мемлекеттік деңгейде қайта жерленуі еліміз үшін үлкен абырой болар еді.

      Құрманбек ӘЛІМЖАН

Серіктес жаңалықтары