1904
Ұстаз бақыты – шыңдаған шәкірті
Ұстаз бақыты – шыңдаған шәкірті
Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. «Ұстаз» ұғымы ұлтымыз үшін қашан да қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөз құлаққа «Ана тәрбиесін алған» деген сөзбен ұштасып жатады. Ұстаз – әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым.
Ұстаз ұғымы діни ілімнен бастау алады. Ол адамзатты ғылымды сүюге, танымға құштарлыққа үндейтіні Құран Кәрімнің беташар сүресінің Алланы «Рабби – тәрбиелеуші» мағынасында ұлықтаумен басталуынан көрінеді.
Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланып, ілім үйрету – ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашан да биік тұратындығы айтылып, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген.
Сондай сый-құрметке лайық жанның бірі ғалым – Сәуле Тапанова дер едім.
Сәуле Есембекқызы 1953 жылдың 8 тамызында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін 1974 жылы абыроймен тәмамдап, еңбек жолын сол кездегі Жезқазған облысындағы «Жезқазған туы» газетінде әдеби қызметкерліктен бастады. Араға жыл салып Жезқазған педагогикалық институты ашылды. Обкомның жолдамасымен білім ошағына жас маман болып қабылданды. Жезқазған педогогтік институты педогогика және психология кафедрасында оқытушы, аға оқытушы (1975-1989), Мәскеу қаласындағы Педагогика ғылымдар академиясы жанындағы Бүкілодақтық ғылыми-педагогикалық кадрларды қайта даярлау және білімін жетілдіру институтында арнайы курстан (1988-1889) өтеді. Жас та болса жігерлілігімен, біліктілігімен, сауаттылығымен басшылықтың көзіне түскен ол аудандарға барып дәріс оқып, мектеп мұғалімдерінің жиындарында баяндамалар жасады. Сондай жұмыстар жас ұстазды мамандығына шыңдай түсті. Сол заманның қатал тәртібі тумысынан жауапкершілігі мен талапшылдығы басым Сәуле апамызды адалдыққа, жауапкершілікке, адамгершілікке тәрбиелей түсті.
Ө.Ә. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы (1989-1997), доценті (1999), профессоры (2008), кафедра меңгерушісі (1997-2004, 2007-2010) қызметтерін абыроймен атқарды. 2010 жылдан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор Қайрат Сақ басшылық ететін Журналистика және саясаттану факультеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры.
«Сонау жылдардан басталған еңбек жолым қырық жылдан асып барады. Тек жоғары оқу орындарында мамандар даярлаумен келемін. Алғашқы жылдары жаңа институттың шаруасы да шаш етектен еді, тек сабақ берумен ғана шектелген жоқпыз, қоғамдық жұмыстарға да белсене араластық» дейді Сәуле Есембекқызы.
Менің ойымша, кез-келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. Сәуле апайдың тұла бойынан осы қасиеттердің лебі есіп тұрғанын әріптестері мен шәкірттері жоққа шығармайды.
1924 жылғы «Сана» журналының 2-3 нөмірлерінде «Мұғалімдікті әрбір мұғалім адамшылықтан алынған бір меншікті еншісі деп білу керек» делінген. Иә, мұғалім тұлғасын ізгілік, білгірлік, тереңдік, қайырымдылық, ой-парасат көркейтеді. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтпақшы, тарихта ақыл-парасаты асқақ тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған.
С.Есембекқызы да жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті зор болашағын тапсыратын сенімді өкілі ретінде сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, зейінді шәкірт санасына, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды сіңіріп келеді. Ол ұстаздық қызметте, шәкірттермен қарым-қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік пен мәдениеттілікті бірінші кезекке қояр қағидасынан айныған емес.
Кісінің кемшілігін тура айтпай, түрлі мысалмен астарлап жеткізіп, «мақтамен бауыздап алу» Сәуле апайға тән қасиет. Апайдың өзгелерден тағы бір оқшау ерекше қасиеті – жас буын мен аға буын арасындағы сыйластық пен сабақтастықтың нәзік жібін аса сақтықпен жалғастыруында.
Ол қай кезде де сүрінгенді демеді, күйзелгенге жігер берді, жылағанның көз жасын құрғатты. Ауыртпалыққа алдырмайтын, ішкі рухани қайсарлығы мығым мінезінің арқасында бәрін жеңе білді. Сол табандылығымен шыңдарды бағындырды.
С.Тапанованың қай кезде де тіліне тірлігі, ісіне сөзі сай тиянақтылығы әріптестері мен шәкірттеріне аян. Сол қасиетін бағалап, факультет басшылығы Сәуле Есембекқызын ұжымның оқу-әдістемелік кешені жұмыстарына жауапты етіп бекіткен-ді. Бүгінде зейнет жасынан асса да креативті ұстаз білім берумен қоса шығармашылығы мен өзіне тапсырылған міндетті назардан тыс қалдырмаған.
«Қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады. «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдында үлкен жауапкершілік жүктеді.
«Сапалы білім негізі – жан-жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, білім алушыға ешбір кітаптан таба алмайтын білім беру. Сондықтан бүгін білім берудің сапалы болуы үшін: біріншіден, ұстаздың жан-жақты академиялық білімінің болуы, екіншіден, мұғалімнің өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиеттері болуы шарт. Өйткені, жаңа ғасырда ғылымның, техниканың, өндірістің қарқындап өсуі білім берудің барлық жүйесін жүйелі дамытуды талап етіп отыр, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу үшін іргелі өзгерістер керек», – деген Сәуле апайымыздың сөзі ізін басқан біз секілді жас ғалымдарға ұран іспеттес.
Ендеше, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін Сәуле Есембекқызының жөні де, жолы да бөлек.
Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды. Өйткені, әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде.
Бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы Сәуле апайдың еңбегі ескерусіз қалмады.
Әдебиет зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Тапанова ҚР Білім беру ісінің үздігі (2000), ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері (2010), Ө.Ә. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Құрметті профессоры (2009), студенттердің республикалық ғылыми-практикалық конференцияға дайындалған үздік жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым минстрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған (1998). Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі (2008), Халықаралық журналистер мүшесі (2016), «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Шолохов» медалінің иегері (2013), Почетное звание «Заслуженный деятель науки и образования» (2015), «Байқоңыров» «медалінің иегері (2016), «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2016», Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық Мүшесі (академик) болып сайланған (2018). Қарағанды облысы мәслихаты, Жезқазған қаласы маслихатының мақтау грамоталары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаты (01.09.2018), «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаты (2018), университет, факультет деңгейіндегі түрлі марапаттаулардың иесі. Сондай-ақ, білім және ғылым саласына қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның құрметті профессоры» (2019) атанды.
С.Тапанова өзі еңбек ететін Журналистика және саясаттану факультеті басшылығының қолдауымен 2012-2013 оқу жылының маусым айында Ұлыбританияның Борнмурт университетінде өткен «Public Relations» (қоғаммен байланыс) тарихы атты конференцияға «Қазақстандағы саяси РR және жарнама» («Политический PR и реклама в современном Казахстане») атты мақаласымен қатысып келді. 2014-2015 оқу жылының қараша айында Голландия, 2016-2017 оқу жылының наурыз айында Франция (Париж) елінде тағлымдамадан, мамыр айында Жапонияның Цукуба қаласында білім жетілдіру курсынан өтті.
Ғылыми-зерттеу бағыттары: қазақ әдебиеті және журналистика, журналистика пәндерін оқыту әдістемесі мәселелері, БАҚ-тың тілі мен стилі, әдеби редакциялау әдістемесі.
Бүгінде «Қазақ романдарындарындағы ғашықтық сарын» (2007), «Қазақ басылымдарындағы әйелдер бейнесі» (2013) «Қазақ романдарындағы әйелдер бейнесі» (2017) атты монографиялары жарық көрді. «Қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтар» (1997), «Әйелдер образын жасаудағы алғашқы тәжірибелер» (1998), Реалистік образ жасаудағы ізденістер (1999), «Қазақ тарихи романдарындағы махаббат желісі» (2007), «Психологиялық романдардағы махаббат тақырыбы» (2007), «Қазіргі қазақ әдебиеті (кредиттік оқу жүйесіне негізделген дәрістер)» (2009) сияқты оқу құралдары, «Мектеп оқушыларына шешендік өнер сабағын оқыту» (1996), «Жоғары сынып оқушыларына ақын-жазушылардың өмірбаянын оқыту» (1997), «Мектептерде қазақ әдебиетін жүргізудің тиімді жолдары» (1998), «Шәкәрім шығармаларын оқыту» (2000), «С.Торайғыров шығармаларын оқыту» (2001), «Әдебиет пәнін оқытудың тиімді жолдары» (2003), «Әдебиет пәнінен жүргізілетін жазба жұмыстары», «Журналистика және шешендік өнер» (2013), «Қазақ әдебиеті», «БАҚ-тың тілі мен стилі» (2016), ағылшын тілінде 2017 жылы Франциядан, 2018 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасынан оқу-әдістемелік құралдары баспадан шыққан. «Кішітау келбеті» (2000), «Туған жер – тұнған шежіре» (2008) атты жинақтарын құрастырушы. 300-дей ғылыми мақалалардың авторы. Маңызы зор бірнеше ғылыми мақалалары Қытай, Ресей, Франция, Польша, Түркия, Үндістан, Австрия елдерінде жарияланды.
Осындай еселі еңбегі мен өн бойындағы асыл қасиеттерін, білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші жан ретінде Сәуле апайға құрметім зор!
Абзалдық әліппесін, интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін жас ұрпаққа дарытудан жалықпайтын Сәуле апайымыздың тұғыры жоғары болғай!
Шәкірт санасына жаққан шырағыңыз сөнбесін! Еңбегіңізге ілгерілеу, отбасыңызға қуаныш тілеймін! Әмәнда аман жүріңіз, аяулы Сәуле Есембекқызы!
Гүлжазира ЕРТАСОВА, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі