552
«Бұл айда төрт түрлі қасиетті көбейтіңдер...»
«Бұл айда төрт түрлі қасиетті көбейтіңдер...»
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін қасиетті Рамазан айында ораза ұстауға шақырып, берекелі айда жасалған әрбір ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатыны жайлы сүйінші хабар жеткізген.
Алла Елшісі сахабаларына ораза ұстаудың маңызы мен аузы берік адамның жасаған амалдарының сауабы еселеніп жазылатыны жайлы сахабаларына былай деген: «Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті. Ал түндерінде намаз оқуды ерікті етті. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындаған болады. Бұл – сабырлық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Бұл – өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді...» деген.
Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың» дейді. Адам баласы тілін калимаға келтіріп, Алланы үнемі ұлықтап, мадақтап жүрсе, оның жақсы сөзі тағдырына айналады. Екіншіден, қателік пен кемшілік – пендеге тән сипаттың бірі. Алла ғана кемшіліктен пәк. Егер адам баласы жасап қойған қателігі немесе күнәсі үшін шынайы ықыласпен истиғфар айтса, Алла Тағала пендесінің күнәсін кешіреді екен. Раббымыз қасиетті Құранда: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса да, сонсоң Алладан жарылқану тілесе, Алланы аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді табар еді» («Ниса» сүресі, 110-аят) деп баяндаған.
Алладан кешірім сұраудың қарапайым түрі – истиғфар, яғни, «Астағфирулла!» деп айту. Оның мағынасы: Алла мені кешірсін! Истиғфар – Алланың пенделеріне деген шексіз мейірімі. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Истиғфар (Астағфирулла) айтуды әдет еткен, көп оқитын адамды Алла Тағала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны ойламаған жерден ризықтандырады» деп, сүйінші хабар жеткізген. Тағы бір хадисте: «Күнә көңілде із қалдырады, тәубе және истиғфар еткенде ол дақ жойылады, көңіл тазарады» делінген.
Алладан шын ниетпен кешірім сұраған адам ары қарай күнә жасамауы тиіс. Алладан жүрекпен де, тілмен де шынайы кешірім сұрау, өкініп, тәубе ету және енді сол күнәні енді жасамауға ниет ету шынайы тәубе ету болып саналады.
Үшіншіден, Алладан жәннатты сұрау – мұсылманның мәңгілік мұраты. Пайғамбарымыз үмбетін барлық нәрсені, барлық қажет дүниені, тіпті үзілген аяқ киімнің бауына дейін Алладан сұрауды үйреткен.
Бұл ретте дұға қабыл болудың өзіндік шарттары бар екенін ұмытпаған абзал. Олар – тілекте ықыласты болу, ішіп-жеуде, киім киюде, оның адал нәрседен болуына мән беру, «дұғам қабыл болмады» деп асықпау, дұғада Аллаға серік қоспау, тілек жасағанда Алланың көркем есімдерімен сұрау, т.б.
Алла Тағала қасиетті Рамазан айында дұғаларымыз бен ізгі амалдарымызды қабыл еткей!
Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ, Шымкент қаласының бас имамы