332
«Ахыска» – ағайынға алтын көпір
«Ахыска» – ағайынға алтын көпір
Қазақстан және онда тұратын барлық этностың тыныс-тіршілігі әлемдік қауымдастықтың көз алдында. Қай елде болмасын, өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілдерінің рухани және мәдени өмірінде бейбітшілік пен келісім және жасампаз еңбек болуы қажет екені белгілі. Онсыз демократияны қайта құру, мәдениетімізді алға жылжыту және экономикалық тұрақтануды жүзеге асыру мүмкін емес. Мұның еліміздегі барлық шағын этникалық топтың өкілдеріне тікелей қатысы бар.
Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін біздің қоғамымыздың тек өмір тіршілігінде ғана емес, сонымен бірге ұлттық саясатында да біршама өзгерістер болды. Қазақстанның ұлтаралық қарым-қатынасында мемлекет жүзеге асырған, ұлттық қарама-қайшылықты шешуге және ондағы барлық этностардың ұлттық талап-тілегін орындауға бағытталған ұлт мәселесі жан-жақты дәлелді жүйедегі өлшемге ие бола бастады.
Біздің республикамыз – көпұлтты мемлекет. Бұл үшін тек қана ірі этностар қазақтар мен орыстардың этномәдени ерешеліктерін зерттеп қана қоймай, сонымен қатар шағын этностарды да зерделеу қажет. Мұның барысында қазақ халқымен ағайынды бауырлас түрік этносын зерттеу қазіргі заманға сай және өзекті мәселе.
Түрік ұлттық мәдени орталығы 1991 жылы ақпан айында ұйымдастырылды. Ал 1996 жылы ол Түріктердің «Ахыска» қоғамы болып атауын өзгертті. Республикалық қоғамның облыстық, қалалық, аудандық бөлімшелерімен және түрік этносы тығыз қоныстанған елді мекендерімен байланыстың құрылымдық жүйесі қалыптасқан.
Қоғам бірлестігінің бағыттары мыналарға сайып келеді:
– Қазақстан халқының ұлттық мәдениетінің, соның ішінде қазақ және түрік мәдениетінің өзара ықпалдастығына қызмет ету. Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстардың дамуына үлес қосу;
– Түрік этносы арасында ана тілі мен тарихын оқып үйрену, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтау және дамыту бағытындағы мәдени-ағарту жұмыстарын ұйымдастыруды жолға қою;
– Түрік этносының мәселелерін зерттеу және республикадағы мемлекеттік және қоғамдық бірлестіктерде, шетелдерде олардың мүддесін қорғау;
– Түріктердің тарихын, мәдениеті мен өнерін басқа ұлт өкілдеріне таныстыру, насихаттау.
Осы бағытта Шымкент қаласы «Ахыска» түрік этномәдени қоғамының мүшелері, қоғамымыздың барлық саласында қызмет атқаратын тұлғалар ел бірлігі үшін аянбай қызмет етіп келеді.
Біздің елдегі қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат елді алалап, бөлуге емес, керісінше бірігуге үндейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда ел игілігі жолындағы жұмыстардың жанынан табылатын ассамблея мүшелері ел болып ұйысу жолындағы байсалды бастамаға лайықты қолдау көрсетеді деген сенімдемін.
Ағапаша ҚҰРБАНОВ, Шымкент қаласы «Ахыска» түрік этно-мәдени қоғамының мүшесі