1024
Барлық бала бақытты болуға лайық
Барлық бала бақытты болуға лайық
Дүниеге кіршіксіз пәк, қорғансыз әрі риясыз таза күйінде келетін сәби – әр отбасының мәні мен сәні. Балалы үйді базарға теңейтін, жетімін жылатпаған қазақ үшін сәбидің күлкісі мен шаттығы тіпті айрықша бағалы. Сондықтан, мемлекеттің болашағы саналатын балалардың бақытты ортада өсіп, толыққанды өмір сүруін қамтамасыз ету – ұлттық деңгейде жүзеге асырылуы тиіс міндеттердің негізгісі. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында қазақстандық балалардың толыққанды білім алып, тиісті дәрежеде өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасаудың нақты жолдары жазылған. Парламент Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсеметова Партияның сайлауалды бағдарламасында айтылған бұл міндеттердің мәнін ашып берді.
Партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында «Бақытты балалар» деп аталатын арнайы тармақ бар. Бұл дегеніміз, мемлекетіміздегі балалардың бақытты өмір сүруі үшін жағдай жасау партиямыздың басым бағыттарының бірі екенін айғақтайды. Әлбетте, балалар – біздің болашағымыз.
Біздің бүгінгі жасап отырған әрбір әрекетіміз, әрбір қадамымыз дәл осы балалардың ұлан-ғайыр қазақ даласында емін-еркін өмір сүруі үшін, олардың тиісті білім алып, бақытты балалық шақтың барлық бал қызығын көруі үшін жасалуы тиіс.
Міне, сондықтан, балалар мәселесін Партиямыздың Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды санап, осы тармақтың жүзеге асуына көп көңіл бөліп отыр. Жалпы, балалар мәселесі елдегі көптеген маңызды бағыттарды, оның ішінде, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек көрсету, спорт, қоғамдық қауіпсіздік секілді бірнеше салаларға қатысы бар екені белгілі.
Демек, біз балаларымыздың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қоғамның барлық саласындағы жұмыстардың нәтижелі болуына ықпал етуге тиіспіз.
Сайлауалды бағдарламада «Біз әр баланың толыққанды өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуді, оның құқықтарын қорғауды, жақсы тәрбие мен білім алу мүмкіндігін қолдаймыз», – делінген.
Нақтырақ айтсақ, аталған тармақ «Балаларға сапалы білім беру», «Балалардың құқықтарын қорғау», «Барлық балаға тең мүмкіндіктер» деп аталатын жекелеген бөлімдерден тұрады. Алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі арнайы әзірленген жол картасында аталған бөлімдер бойынша 34 бағытта жұмыс істеу көзделіп отыр. Бұл іс-шаралар отбасылардың әлеуметтік хал-ауқатын жақсарту, баспанамен қамту, білім беру саласын дұрыс жолға қою, медицинаның ахуалын дұрыстау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды көптеген сала бойынша жүзеге асырылмақ.
Партияның сайлауалды бағдарламасында балалардың толыққанды білім алуына баса назар аударылып отыр. Олардың ішінде негізгілеріне тоқтала кетсек.
3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды қамтамасыз етуді 2025 жылға қарай 100 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, бес жыл ішінде 800 жаңа мектеп салу есебінен апатты және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу және бүгінде ауыл мектептеріндегі жоғары жылдамдықты интернетпен қамту деңгейі 57,3 пайыз болса, белгіленген уақытқа қарай бұл межені 100 пайызға жеткізу мақсат етіліп отыр.
Барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және ірі аудан орталықтарында спорт секцияларының санын 128 мыңға, ал балалар үйірмелері 22,6 мыңға жеткізіледі деп күтіліп отыр. Тұтас алғанда, еліміздің барлық мектептерінде спортпен айналысу мүмкін болмай отыр. Мәселен, ауыл мектептерінде спортпен айналысу деңгейі 87 пайыз болса, 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін өседі.
Әлбетте, мен атап өткен жұмыстардың тиісті атқарылуы үшін біз үнемі балалар мәселесін назарға алып, бақылауды да тиісті деңгейде ұстап тұруымыз қажет. Бұл ретте, білім саласының сапасын жақсартуды да ұмыт қалдырмағанымыз жөн. Ол үшін бірінші кезекте, ұстаздардың еңбегін бағалау, осы арқылы олардың өз кәсібіне деген ынта-ықыласын арттыра түсу тетіктерін ұмытпағанымыз абзал.
Мәселен, бұл үшін «Nur Otan» партиясы мектеп мұғалімдерінің жалақысын арттыру мәселесін жолға қойып отыр. Педагогтердің жалақысын 2023 жылға қарай 2 есеге ұлғайту (базалық деңгейден 2019 жылға қарағанда) арқылы орташа жалақы мөлшерін 333 мың теңгеге дейін жеткізу алдағы негізгі міндеттердің бірі деп санаймыз. Еңбек бағалана түскен сайын оның қадірі де арта түсетіні бесенеден белгілі жайт. Сол себепті аталған мәселенің шешімін тауып, ұстаздар еңбегі тиісінше бағаланғаны білім беру саласының бірден-бір жетістігі болатынына күмәнім жоқ.
Одан бөлек, оқушылар арасындағы буллинг, зорлық-зомбылық секілді мәселелер бойынша кешенді жұмыс жүргізудің де маңызы аса зор.
Бұл тұста, қоғамда болып жатқан балалар қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де алға шығады. Әлбетте, балалар арасындағы буллинг сынды сырттай қарағанда «аса маңызды емес» проблемалардың арты қоғамдағы келеңсіздіктерге, бұзақылық пен сан алуан мәселелердің бой көтеруіне алып келетінін ұмытпағанымыз абзал. Балалар қауіпсіздігінің өз деңгейінде қорғалуы қоғамдық тәртіпбұзушылық деректерінің азаюына сеп боларына сенімім мол. Бұл сайып келгенде балалар тәрбиесіне келіп тірелер мәселе екені анық. Демек, балаларды дұрыс тәрбиелеудің өзі сауабы мол ортақ іс екенін ескергеніміз жөн.
Осылайша, балалық шақ адам дамуындағы аса маңызды кезең екенін естен шығармай, дәл осы кезеңде негізі қаланатын салауатты, табысты, әрі бақытты өмірді қалыптастыруға, балалардың дамуына қолдау көрсетуге ұмтылу қоғамның стратегиялық мақсаты болып отыр. Осы мақсатты орындауда «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын?» деген Ахмет Байтұрсынұлындай қайраткердің сөзін ұдайы есте сақтасақ абзал болар еді.
ӘЛИЯ ӘБСЕМЕТОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі