Мәмбетов феномені

Мәмбетов феномені

Мәмбетов феномені
ашық дереккөзі
744
Адамның есімі оның болашағына, болмысына, тағдырына әсер етері тылсым дүниенің бір жұмбағы болып саналады. Жаңа туған нәрестеге есім қоярда, ат таңдауда оның ата-анасы кәдімгідей ойланған. Баланы қауіп-қатер, тіл-көз, сұқтанудан, түрлі кесапат-кеселден дін аман сақтайтын, бағы зор, болып-толған, мәртебелі, ізгі адамдардың есімін ырымдап қойып, өз ұрпағының дәулетті, айтулы азамат болуын қалаған.

Меніңше, ең әуелі қазақтың маңдайына біт­кен кемеңгер азаматы, ұлттық театр әле­мінің көшбасшысы, режиссер Әзірбайжан Мәм­бетовтің есімін әкесі Мәдидің Әзірбайжан қойғаны қа­лай туса да, бейсаналы болсын мейлі, бәрібір түй­сігі алдамаған. Бұл расында этноним – бір ұлт­тың, оғыз түркілердің мықты бір бұтағы әзірбайжан хал­қының этникалық есімі ғой. Ежелден оғыз-қып­шақ бірге аталады, олар Қорқыт заманынан әріден Кас­пий маңын мекендеген ежелгі автохон тай­палардың арқауын құраған халықтар. Қазақ сал­тында жаңа туған балаға бір халықтың немесе мем­­­лекеттің, дәлірегі, мұсылман елдерінің есімін беру, тайпаның, рудың атауын беру салты сирек кез­деспейді. Бұған Әзірбайжан, Иранбек, Ирак, Орыс­бай, Өзбек, Түркпенбай, Дағыстан, Ноғай, Арап, Сартқожа, Арғын, Найман, Керей, Әлім, Дулат, Ой­рат т.б. сияқты этнонимдік немесе топонимдік есім­дерді беру дәлел. Әзірбайжан Мәмбетов түрік текті, негізі күшті әзірбайжан халқымен бірдей есім иемденіп, сол есіміне бек лайық бекзат болып, қайраткерлігі әрі суреткерлігінің арқасында үлкен кеңістікке шы­ғып, тек асылды мойындайтын өнер әлемінде ірі үлес­ке, зор табысқа ие болды. Тұтас бір халыққа бө­лін­ген жомарт несібе сияқты Құдайдың оған бер­ген ырыс-несібесі мол, жарқыраған жұлдызы биік, тектілігі айқын азамат, жазмышы күшті жан болып шықты. Белгілі журналист, жазушы Назым Сапарова­ның «Әзірбайжан Мәмбетов: Даңқ жолы» («Азербайжан Мамбетов: Путь к славе») деп аталатын тұл­ғатану кітабы жарыққа шықты. Бұл – ғұмыр­баян­дық, портреттік проза. Кітаптың негізгі идеясы – адал­дық, дарын, адал суреткерліктің михнат пен мәр­тебеге толы өмірдегі, өнердегі жарқын жолын ай­қара таныту. Қазақтың біртуар жасампаз ұлы, ұлт­тық сахналық мәдениетті кәсіби биік деңгейге жет­кізген, театрда өз жолын қалыптастырған, қазақ елін сыртқа танытқан, Құдай маңдайына жазған өмі­рін (1932-2009) адал сүрген Әзірбайжан Мәм­бетовтің алар орны бөлек. Назым Сапарқызы Әзірбайжан ағаның баласы Адайдың келіншегі, осы көрнекті әулеттің мүшесі болуы себепті қайынатасы туралы сырт көз біле бермейтін деректерді айқындап қана қоймай, тал­дап та беруі – заңды құбылыс. Әзірбайжан Мәди­ұлы қазаққа тән ұлттық қасиет, дегдар мінезбен, дархан көңілмен өзіне алтын асықтай ұл неме­ре­лерді сыйлаған келіні Назымға шын риза, ақ пейіл­мен, туған қызындай еркелетіп: «Назым, саған бәрі рұқсат. Қашанда сенің дегенің болсын!» деп сүйініп ай­тады екен. Ол кісінің толеранттығы, яғни тағат­ты­лығы шынайы екенін мэтрдің көзін көрген, кең­пейіл табиғатын, шапағатын сезінген ел-жұрт, өнер адамдары жақсы біледі. Текті тұқымдардың құдаласуы бір Құдайдың бұйрығы демеске болмайды. Назымның ата-анасы – қазақ журналистикасында лайықты өз ор­н­ы бар зиялы, жаны ізгі игі жақсылар. Белгілі жазу­шы, әдебиет зерттеушісі, сыншы, прозалық және деректі кітаптардың авторы, ұзақ жылдар рес­публикалық ірі басылым – «Социалистік Қазақстан» га­зетінің бас редакторы болған Сапар Байжанов жә­не республикалық журналдарда қызмет атқарған, та­нымдық кітаптары жарық көрген Күләш Бей­сенбиеваның сүттей ұйыған тату-тәтті отбасында өскен еркесі, сүт кенжесі Назым ҚазМУ-дың жур­фа­гін үздік бітірген. Назым тегінде өңі де, мінезі де әке­сіне аумай тартқан. Қазақ ССР-і және КСРО Халық әртісі, «Халық Қаһарманы», Астана қаласының құрметті аза­маты Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов – ұлттық та­рихта игі аты қалған, ерен еңбегі елге сіңген хари­змасы күшті нартұлға. Назымның тұлғатануға үлес қос­қан бұл кітабын оқығанда өмірде аса құнды қа­сиеттердің қандай боларын, ол жаратылысы дег­дар, текті адамдардың бойында қалай көрініс та­ба­рын көруге болады. Оның таңдап сүйген жары, ба­лаларының анасы – Ғазиза Ахметқызы Жұбанова. Бұл дағы сирек құбылыс. Қос бірдей кесек дарын­ның отбасы құрып, білімді ұрпақ өсіріп, шығар­ма­шылық тандем құруы қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне қосылған зор иігілік, теңдесі жоқ олжа бо­лып шықты. Бұл да бекер құбылыс емесі анық. Адал­дық, арлылық, еңбекқорлық, кісілік, жан та­залығы – осының бәрін беру үшін Құдай шын та­лант­ты таңдайды екен! Ар-ұят құдайлық болмыс. Бекер кісінің басына бақ қонбайды. Осы кітаптың мазмұнынан менің ұққаным осы, оның үстіне оқырман қауымның алар рухани қорегі де зор бол­мақ. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көр­сеңіз» деген Абай өсиеті көкейге орала кетеді. Автор өзінің рухани ұстанымын үнемі айқын да ашық білдіріп отырады: «Жалпы, біз талантты адамдар әрқашанда қор­ғансыз болғанын тарихтан білеміз. Олар ақ­пейіл, жақсылық тілеуші, ал олардың алдынан зұ­лым­дық кесе көлденең тұрады; ортаңқол адам­дар­дың үлкен бөлігі өзара топтасып алып, суреткердің жеке басына қарсы жүреді, оны табандарымен тап­тап жіберуге бар, осы жерде суреткер оларға қар­сы тұра алмайды десе болар, себебі олар көп, ал көп қорқытады, терең батырады, олардың оның үсті­не бұларды жоғары биліктегілер қолдайды». Мен елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық академиялық қазақ дра­ма театрында 2015-2019 жылдары әдебиет бө­лімінің меңгерушісі болып істедім. Өзіме бейтаныс театр әлеміне мені тартқан белгілі кино және театр режиссері, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Теменов. Талғат аға 2006 жылы Алматыдағы ТЮЗ-ге осы қызметке шақырғанда барудың сәті түспеген, арада 9 жылдан соң қайта шақырғанда іркілмедім. Қуанышбаев театрында қызмет істеген 4 жылда сахна әлемінің қыр-сырын көріп білдім. Қаллеки театрында 16-18 жылдан бері сах­на­дан түспей келе жатқан «Ғасырдан да ұзақ күн» атты спектакльдегі режиссер Әзірбайжан Мәм­бетовтің қолтаңбасында тұнып тұрған телегей теңіз суреткерлік дау тудырмайды. Бұл Шыңғыс Айт­ма­товтың еншісіне бұйырған шын бақыт! Едігенің рө­лін шебер сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген ак­тері Болат Ибраевтың шығармашылық портретін дайындау барысында айтқанын қаз-қалпында кел­тірейін: «Әзекең мені кабинетіне шақырып алып, «Мі­не, Айтматов. Оқы!», – деп пьесаны қолыма бер­ді. Спектакльді тапсырар алдында сахнадағы де­корация – теміржол рельсінен түсіп келе жат­қанда Әзекең: «Абайла! Құлап кетсең Едігені кім ойнай­ды?», – дегені көкейімде тұнып қалды». Осы жылдары 33-тен аса актердің шы­ғар­машылық портретін жазып, респуб­ли­калық «Ақ желкен» журналында циклдік мақалалар етіп жарияладым. Сұхбат берген актерлердің барлығы дер­лік өнер алыбы Әзірбайжан Мәмбетовті әсте ай­налып өтпейтін. Ұлы режиссер туралы әрқай­сы­сының нақты деректерін мақалаларымда толық кел­тіруді өзіме мәртебе санадым. Мұның түбінде шы­найы талантқа, ұлтымыз үшін жан аямай көп қыз­мет қылған айтулы тұлғаға қадір тұту, биік тағ­зым жатса керек. Автор Әзірбайжан Мәмбетов пен оның асыл жары, атақты композитор Ғазиза Жұба­нова­ның кісілік келбеттерін, суреткерлік тұғырын, об­раз­дарын беруде шындықтан ауытқымайды, реа­листік стильмен береді. Нағыз зиялы адамдар тура­лы оқу – оқырман үшін ұлағатты іс. Бұл адам­дар дарын, жігер күшімен, қайраткерлігімен, ізге бол­мысымен жас ұрпаққа үлгі болуға әбден лайық. Мы­салы, Ғазиза Ахметқызы туралы бір ғана дерек­тен оның қандай дегдар, текті адам екені білініп-ақ тұр­ған жоқ па? «Режиссердің жұбайы ешқашан Әзе­ке жұмыс істейтін театрдың қожайын әйелі рө­лін өзіне өлшеп көрген жоқ. Ол оның жұмысына, әріп­тестеріне және достарына зор құрметпен қара­ды. Бұдан бөлек, Әуезов театрына келген кезде өзіне назар аудартпауға тырысатын»; «Ғазиза Ахметқызы күйеуінің көптеген спектакльдеріне музыка жазды және өзіне айрықша қарым-қатынас талап етуге құқылы да болатын. Бірақ ол әрдайым өзін өте қа­рапайым ұстайтын, себебі ата-анасынан алған тәр­биесі кеудесін керіп, өзіне артықшылықтар талап етуге рұқсат етпейтін». Әзірбайжан Мәмбетов Әнуар Әлімжановтың аттас романы бойынша «Жаушы» атты көр­кем фильмді 1980 жылы Семей облысы, Абай ау­данының Арқат ауылында түсірді. Фильмге көп­шілік көріністерге ел-жұрт жинағанда Бұршақбай ағам біздің Құндызды ауылынан 70 шақырым ал­шақ Арқатқа асқан энтузиазммен аттанғаны, жарты айдай актерлік ойынға қатысып, балаша мәз болып, қуанып оралғаны ойымда қалды. Қазақтың айтулы актері Жамбыл Құдайбергенов басты рөлге түскен тамаша фильм қазақ киносының алтын қорына лайық туынды. Сондай-ақ Әзірбайжан Мәмбетов тү­сірген классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының өте шебер экран­далғаны шындық. Кино әлеміне менің таласым бар, көңілім күпті. Белгілі кинорежиссер Болат Шәріптің идея­сымен Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнә­сі» атты әңгімесінің киносценарийін жазу мәр­те­бесі маған бұйырды. «Кінәратсыз күнә» атты фильм­нің тұсаукесері 2005 жылғы 3 шілдеде Ал­матыда «Цезарь» кинотеатрында өтті. Премьераға На­зымның анасы Күләш тәтем және анамның сің­лісі Биғайша тәтем келіп, тәтелерім риза пейілмен ақ батасын берген болатын. Интеллектуалды қуат күшін, нағыз суреткерлігін бағалап, шіркін, сце­на­рий авторы мен болып Әзірбайжан ағамен бір көр­кем фильм түсірсе ғой деп ойлап жүретінмін. Ол к­і­сі­мен тіл табысып кетер рух туыстығына түк кү­мә­нім жоқ. 2008 жылы қыркүйек әлде қазан айында Әзірбайжан Мәдиұлы мен Хорлан Ықсанқызының үйіне Назым мен Адай ертіп апарды. Әзірбайжан аға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында басына тиген ауыр жарақат кесірінен инсульт алған кезі. Көп сөй­лемейді, тек «Идиот» деген сөзді бірер мәрте зіл­сіз айтты. Сөзінің мәтеліне айналып кеткені се­зіл­ді. Көзқарасынан Адай мен Назымға деген әкелік мейірбандық көрдім. Әттең, әзиз ағаның аттан түскен, қартайыңқырап қалған, ел абызының ең­кейген шағы екен. Көкейімдегі киножобаның енді жүзеге аспасына іштей аһ ұрып, өкінгенім бар. Қал­леки театрында жақын танысқан, осы театрдың көркемдік жетекшісі Талғат ағаның тапсырмасымен шығармашылық портретін жазып, «Айқын» газетіне 2019 жылдың қараша айында жариялаған әйгілі опера әншісі Хорлан Қалиламбекова ханымды жүз­бе-жүз алғаш көруім. Қазақтың біртуар ұлы Әзірбайжан Мәм­бетов­тің адами бейнесін дөп айқындайтын На­зым айтқан мына шындық: «Ол биліктен ештеңе: еш­қашанда пәтер де, машина да, саяжай да сұрама­ға­нына мақтанатын. Өзінің адалдығына риза бола­тын, фамилиясына көңілі толатын. Өз өмірінде әкем ешуақытта ақша қуып кеткен жоқ, театрдан не­месе киностудиядан түк алып шыққан емес. Оның қолдары әрқашан бос шығатын. Өйткені ол ар-намыс, талант және абырой, қадір-қасиетін ар­дақ тұтты». Шын адал адамдарды өз пайдасын білмес ақымақ санайтын қоғамда тұлғалық тұ­ғырды иелену қиынның қиыны. Жамандар жақ­сыны өткізбеуге, қолдарынан келсе күйретіп, жойып жіберуге жанын салады. Бірақ шын талантты тыл­сым күштер арқылы қорғап-қолдайтын, же­бейтін бір Құдай екені ақиқат. Құдайдан басқа жа­на­шыры жоқтың қасы, сүйемелсіз, шығар­ма­шы­лықпен айналысуға аса бір жағдайы болмаса да азға қанағат қылып, жаны құлай сүйген ісінен бас тарт­паудың құдіретін сезіну екінің біріне бұйыра бермес бақ. Әзірбайжан Мәмбетовтің өмір жолында қас жақсыны көре алмайтын, оның биік жұлдызын кешіре алмайтын қысастық пен күншілдіктің кесі­рінен туған небір кедергілердің соңы тұс-тұсында керемет өрлеумен, биік самғаулармен алмасып отырды. Бұл расында шығармашылық тұлғаның Құ­дайдан басқа жанашыры жоқ дегенді анық біл­діретін құбылыс. Алайда өмірде мұнан артық қан­дай игілік бар?!

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары