321
Технократия мен педагогиканың білгірі
Технократия мен педагогиканың білгірі
Қазақ даласының қасиеті мен киесі ерекше ғой. Қай жерін алып қарасаң да табиғатымен біте қайнасқан алып тұлғалары арқылы асқақтап, алып шыңдай әсер береді. Сайын даланың саф алтындай құдіретінің ерекшелігі оның адамдарында.
Семейдің іргесіндегі Қайнар ауылындағы Құсайын ақсақалдың әулетінде дүниеге көзін ашып, жарық күнге жанарын тіктеген Асқарбек атты ұлдың ата-анасы Қабыкен әкей мен Сахия анасы перзенттерінің болашақта ұлылардың ұлылығын ұстанса, данышпандардың даналық жолына түссе деген армандары болғанына кәміл сенемін. Әйтпесе есімін Асқарбек деп әспеттемес еді, ата-ана жүрегі алысты болжап, көкірек көңілдері сәби ұлының келешегіне үлкен үмітпен қарағаны әмбеге аян. Екінші дүниежүзілік соғыста «толарсақтан саз кешіп, тоқтамай тартып шығып» Еуропаның төріне ту тігіп қайтқан Қабыкен әкей әсте өз ұлының артынан өзі ту тіккен елден аты шығып, қазақтан шыққан ғалым ұл барын паш ететінін ойламаған да шығар. Бірақ та әке көкірегі осыны сезген болуы керек, әйтпесе тағы да Асқарбек деп әлпештеп ат қоймаса керек-ті.
Қазақтың Асқарбек ұлының Қайнардан бастау алған таза бұлақтай қайнар ағысы зор арнаға, асау толқындары арынды, күшті телегей теңізге бет бұрды. Әкенің қиыншылығы көп болған сұрапыл соғыстан қайтып, ел тірлігін түзеудегі ерен еңбектен түйген өмірлік тәжірибесі мен ананың аялы алақаны мен жүрек жылуын бойына сіңіріп өскен Қайнардың қаршадай ұлы ендігі жерде қаймана қазақтың рухы үшін, білімі үшін арман арқалап Алматыға аттанды.
Тұлға болу жаны ізгіліктен жаратылған адамның ғана несібесіне бұйырады. Бұл – аксиома! Оның анықтамасын әлемнің небір ғұламалары, философтары, ғалымдары пайымдап берген. Индивидтен тұлғаға айналу ұзақ та өте күрделі процесс. Оған адам қоғамының даму дәрежесінің ең озық, үлгілі, нәтижесі мол кеңістігі қажет. Екіншіден әр ұлттың, халықтың тұлға қалыптастырудағы өз таным дүниесі бар. Ұлттық код пен жадының мықтылығы, беріктігі зор болса, салты мен дәстүрінің, әдеті мен ғұрпының, сенімінің шынайылығы мол болса, тұлға тәрбиелеу дәрежесі де сондайлық биік болары хақ. Асқарбек Қабыкенұлының зор тұлғалық бітімінің қалыптасуына әулеттегі қазақ ұлтының ең озық, таза уызды әрі шынайы менталитетінің кең ауқымда болуынан. Бесік көріп, бел ауып, ашамай мініп, жер ауып, бала жастан дөңгеленген дүниенің бесік тербелісімен теңестірілген (бұл жерде физиканың мәңгілік қозғалыс заңы бар) ұлы ғибратты тағылымы дәстүр мен ғұрыптың астасып, біте қайнаған тамаша тәлімінен.
Қазақта тектілік деген тамаша ұғым бар. Қасиеттілік пен киелікті иемденген кемел мағына. Тұлғалық бітімнің қалыптасуына осы аталық тектіліктің әсері орасан. Бұл жерде ғылымның (медицина, физиология, психология, философия т.б.) бүгінде көптеген саласы дәлелдеп отырған гендік, яғни қандық тектіліктің сақталуы арқылы ерекше сұрыпталу синтезі. Қазақта жеті аталық байланыстың әлемде жоқ тәжірибесінің дәлелі. Қазақ феномені деп осыны айтады. Асқарбек ағаның тұлғалық бітімі осының айғағы. Ұлт ұлылығының айнасы – тектіліктің тамыры қанында сақталған, сол арқылы кемел саналық биіктікке көтерілген тұлға осы Асқарбек Қабыкенұлының өзінен байқаймыз. Тектіліктің тұлғаны тәрбиелеуге, оның сан салалы қабілетін қалыптастыруға, жетілдіруге тікелей қатысы бар. Бұл қазақ халқын соңғы екі ғасырда небір сұрапыл нәубеттер мен зұлматтардан сақтап келеді. Әйтпесе, тұлпарды тұңғыш ерттеп мініп, бүкіл Еуразияның түкпір-түкпіріне тұяғын жеткізген көшпенді түркілердің орасан көпшілігі тарих соқпағынан көшіп үлгерді. Ал солардың ішінде жиырма бірінші ғасырға жетіп, түркі дүниесінің үшінші мыңжылдықтың көшін бастауға қазақ баратын болса, осы тектіліктің арқасы болуы әбден кәміл ақиқат. Асқарбек ағаның жүріп өткен өмір жолының соқпағынан мен осы дүниені көремін. Себебі ғалым ағамыздың тұлғалық дәрежесінен бүкіл бір ұлттың ең жоғары әрі сапалы рухани кеңістігін көруге болады.
Бүгінгі заманда қоғамның жоғары деңгейде дамуына тек білім ғана әсер ете алады. Қазіргі әлемдік интеграцияда өз орнын ала алатын тек білімді ел ғана. Уақыт талабы осыны қалайтын сияқты. Жасанды интеллект пен эмоционалды интеллектінің текетіреске түскен уақытында міндетті түрде толық бітімді тұлғалары көп ұлт басылымдыққа ие болатынына көз жетіп келеді. Ұлтқа адал қызмет ету – зор тұлғалардың ғана үлесіне тиетін қасиет. Біз Асқарбек Қабыкенұлының ғылымдағы, білімдегі, қайраткерлік қызметіндегі барлық еңбектерін талдап, жіліктеп беруді мақсат тұтпадық. Ол бүгінгі ғалымдардың, ертеңгі жас ұрпақтың үлесінде болсын. Мен ағаның тұлғалық бітіміне ғана зер салып, оның ішкі тектоникалық жаратылысына үңілуге тырыстым. Әйтпесе, «Қазақстанда ең алғашқы» деп ғылымдағы жасап өткен дүниелерін саралап атап шығар болсақ саусақ жетпейді, қағаз бітіп, қалам таусылуы мүмкін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жазсақ, бір өзі бір дәуірдің педагогикасын жасап отырған тұлға! Төрт оқулықтың, төрт оқу құралының, жиырма үш оқу методикалық басылымның, он бір монография, бес кітап, жеті зияткерлік меншік обьектісінің мемлекеттік тіркеу патентінің иесі, жүзден аса құнды ғылыми мақалалардың авторы. Әлемдік бүгінгі зор интеграциялық үрдістің бір бағытын алатын салыстырмалы педагогиканың Қазақстанда негізін қалаушы, соған отыз жыл өмірін арнаған еліміздегі тұңғыш компоративист - ғалым, отандық оқулықтану ілімінің іргетасын қалаушы. Айта берсек, «ең алғашқы, ең тұңғыш» анықтамасын жалғастыра беруге болады.
Менің таңғалатыным, Асқарбек Қабыкенұлының әуелдегі жүрек қалауы – энергетика саласы, яғни технократия бағыты. Қазақтың шет елде жүріп «доктор – инженер» ғылыми атағын қорғаған тұңғыш ғалымы. Ал ғұмырын ізгілік педагогикасына арнауы, сол жолды таңдап алуы шамасы өзінің табиғи жаратылысынан ба деп ойлаймын. Қазақ елінің тәуелсіздік алуы тұсында ел білімі мен ғылымына иелік ететін, жетекшілік жасайтын тұлға қажет болды. Таңдау Асқарбек Қабыкенұлына түсті. Егемендік алып, ес кіріп, етек жинап жатқан қарбалас уақытта Қазақстан Республикасының білім министрі, қазақтың біртуар ұлы Ш.Шаяхметовтің әлем білімінің құрылымы мен жүйесін зерттеуде Асқарбек Қабыкенұлына сенім білдіруі шынында да тарихи таңдау әрі өте дұрыс конструктивті шешім еді. Тәуелсіз Қазақстанның педагогика ғылымы бұдан зор жетістіктерге жетті, басқа тәуелсіздігін бірге алған мемлекеттер көшінің алдына шықты. Осы жолда Асқарбек ағаның шынайы тұлғалық бітімі толықтай ел қызметіне жұмыс атқарды. Бұл қажеттіліктен туындаған таңдау деп есептеген жөн. Педагогика тарихында бұл әлі талай зерттеулерге арқау боларына сенімім мол.
Жоғарыда айтып өттім, тұлға ізгіліктен тәрбие алады, оның қайнар бұлағы адами мейірбандық пен пейіл мөлдірлігі. Мен ағаны ұзақ жылдардан білемін, сондықтан оның ең үлкен мінез – қасиеті сыпайылығында. Әуелде ата – анадан жүрегіне ұялаған мейірбандық, ақкөңіл ізеттілік, мінез мөлдірлігі біртіндеп синтезделген ғажайып сыпайылық тұлғалық кредоны қалыптастырған. Таулардың алыстаған сайын биіктей беретіні сияқты, Асқарбек ағаның даналық дариясы сыпайылық кеңістігі арқылы кеңейе береді. Жалпы, адам білімді болған сайын, өмірлік тәжірибесінің гуманистік мөлдір жүйесіне енген сайын мәдениеттілігі, кішіпейілділігі арта береді ғой. Асекеңнің өмірдің өзінен тоқығаны бар мол тәжірибесінің өзі оның ізеттілігі мен сыпайылығын айшықтап көрсетіп тұрады. Жиі кездеспесек те, жыл айналымындағы бір жүздесуіміздің өзі ұзақ уақытқа өзіміздің ішкі жан дүниемізге сәуле шашып, жылулық нұрын сеуіп тұрады ғой. Ағаның үнемі жақсылыққа жанашыр болатын қамқорлығының өзі бір төбе! Кейбір көңілдегі толғанысы көп, шешімі табылмай жүрген ой-идеяларды айтсақ болды, бірден қолдап, қолпаштап, оның шешімін табудың жолдарын көрсетіп, өзі бел сыбана кірісіп кететін еңбекқорлығы, жанашырлығы осы табиғи сыпайылық ашық мінезінен. Адамдар арасында өте сирек кездесетін мінез құбылысы! Бір кездескеннен ұзақ мерзімге энергетикалық қуат алып, тұлға бітімінен тараған ерекше бір жан жылулығын сезініп жүргенің өзіңе де, алдағы күндеріңе асыл дүниелерді іске асыруға да күш беретінін айқын түсінесің. Шамасы, осының өзі-ақ Асқарбек ағаның қазақтың ұлыларынан алған, кемеңгерлерінен сарқыған рухани дүниелерінен бізге де үлестірген қасиеті деп түсінемін.
Нұртас АХАТ, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты