294
Асаның ақ терегі
Асаның ақ терегі
Екеуміз де Жамбыл өңірінің өрендері болсақ та, Бақытжан Советұлымен Алматыда студент кезімізде таныстық. «Сен Амангелдіденсің бе, мен Асаданмын», – деді алғашқы танысуымызда өзінің аудан орталығынан екеніне екпін салып. Сұңғақ бойлы сыптай жігіт екен. Аса өзенінің бойын жағалай өсіп, дауыл тұрса даланың байырғы әуеніне басып, толқынмен бірге тербелетін ақ теректері көз алдыма келді. Содан кейін мына бір өлең жолдары ойыма оралды:
Теректер биік өседі,
Алатұғындай Ай ұстап.
Діңдері жұмсақ бірақ та,
Сондықтан аздап майысқақ.
Айтса-айтқандай, айға қолын созған арманшыл, аңғал пейілі айшуақтанған күлкісінен-ақ көрініп тұр. Мейірлі жүзінен менмендіктің ізі байқалмайды. Нағыз дос болатын жігіт екен, дедім іштей.
Қолға күректей дипломды алған соң, азын-аулақ уақыт республикалық телеарнада жұмыс істеп, артынша ауылға тарттым. Тараздағы телеарналардың біріне қызметке орналастым. Бір күні әдеттегідей өңір басшысы өткізетін жиналыстан жаңалық әзірлеуге облыс әкімшілігіне барған едім. Қасымдағы қалам-қағазын, микрофонын ұстаған әріптестер орындарына жайғаса бастады. Шеткерірек отырған ұзын бойлы азамат көзіме оттай басылды. Бақытжанға ұқсайды. Ол мұнда не істеп жүр? Менің білуімше, Бақытжан Алматыға орнығып, кітап шығаратын баспалардың біріне қызметке орналасқан-тұғын. Жиналыс біткенде жайдары қалпы өзі амандасты. «Қуат, сен Алматыдан келіп тұрсың ба?», – деді менің ойыммен өзектес ақжарылқап таңданысын жасырмай. Сөйтсек, екеуміз де Алматыда аз-кем жұмыс істегеннен соң, тамырымыз нәр алған талайғы Таразға қарай тартқан екенбіз. Сол күннен бастап достықтың қыл өтпес шұғылалы сәттері мен жастықтың жалынды күндерін қатар өткізген думанды кезеңіміз басталды.
Бақытжанның баладай аңғал мінезі мен жалпы адам баласына жамандық ойламайтын жазира пейілінен туындап жататын кейбір әрекеттерін әжуаға айналдырып, басына әпенділіктің сәлдесін орағысы келетін бірқатар дос-жаранмен келіспейтінім де бар. Егер Бақытжан қабағына қар жауғызып, кірпігіне мұз қатырып, маңайындағыларға кіді мінез, кірбің қабақ танытып жүрсе бүгінгідей жүйрік журналист, ақадал ақын, саралы сатирик бола алар ма еді? Жаратқан иеміз жаратылысына қарай оның ырыс-несібесін қара сөзден тергізіп, көпшіліктің қуанышы мен жұбанышын көлдей көңілімен суаруды жазып қойса не істейсің? Бүгінгі ақпарат тілімен айтсақ, Бақытжан Жаратушының оған белгілеп берген программалық кодтарында көрсетілген миссияларды абыроймен атқарып келеді.
Бақытжан екеуміз де Жамбыл ауданынанбыз. Біздің Амангелді ауылы Таразға тиіп тұрса да, Жамбыл ауданының шаруашылығы саналғандықтан, оқушы кезімізден Асаға көп қатынайтынбыз. Мектепаралық жарыстар, ұлтаралық фестивальдер, шопандар слеті дейсіз бе, не керек, асқақ мерекенің бәрі Асада тоғысады. Тіпті, біздің буын үшін өмірдегі ең сәулелі сәттердің бірі саналатын комсомолға өтуге де Асаға барамыз. Сондықтан, бала кезімізде Аса бізге өркендеудің есігіндей, өркениеттің бесігіндей көрінетін. Бастапқы таныстығымызда Бақытжанның сол Асаның азаматы болуы елең еткізсе, сұрастыра келе оның ақын Совет Әлімқұлов ағамыздың ұлы екенін білгенде аралас-құраластығымыз бекемделе түскен еді. Себебі баспасөз атаулыда көзімізді ашып көргеніміз аудандық «Шұғыла» газеті болса, ал сол газетте ауданнан шығып, күллі республикаға танымал болған Совет ағамыздың жалынды өлеңдері ұдайы басылып, оны біз жаттап өскен болсақ, екеумізді етене ете түсер одан өзге қандай жақындастық ырғағы керек?
Кей кезде маған қазақтың «әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген қанатты сөздері Бақытжанға қарата айтылғандай көрінеді. Бұрындары алаш баласына шопан атаның ақ таяғы мұра етіліп келсе, бұл жолы қаламгер әке кенже ұлына қаламсабын мирас етті. Еншісіне деп еңсегей ойлы шығармаларын қалдырып кетті. Оқы, үйрен, жаз, жарыққа шығар деп аманаттады. Аманатқа қиянат жасалған жоқ. Дүниеден ерте озған Совет ағамыздың артында қалған рухани мұрасын түгендеп, халыққа жеткізуде Бақытжан көп еңбек сіңіріп келеді. Асып-тасып бара жатқан байлығы болмаса да, адал еңбекпен тапқан табысының басын құрап, дарынды ақынның «Көзмоншақ», «Ұмытып кетпе мені» жинақтарын және «Таңдамалы» шығармаларын жарыққа шығарды. Өгіз қара күшін өзінен де аяп қалмады. Туралап айтсаң туғаныңа жақпайтын, төтелеп жеткізсең төренің қитығына тиетін сатира өнеріне өзіндік өрнегін салды. Елуге келгенімде талғампаз оқырманым танымай қалмасын деп «Бұл мен ғой» жинағын шығарды. Елуге келгенше үні шықпады деген сөзді естімес үшін «Мен де бірдеңе дейінші» деген кітабын көпшілікке тарту етті. Бұрын-соңды жұртшылықтың құлағына құйылып көрмеген «Ерін туралы ертегісін» ел-жұртқа сыйға тартты.
Таразда жүргенде Бақытжан екеуміздің жырымыз да, сырымыз да бір болды. Күнделікті жұмыста біргеміз, кей кезде қарбалас тірлікпен жүріп қас қарайғанын да байқамай қаламыз. Ол облыстық телеарнаның жаңалықтар бөлімінде едел-жедел ақпарат әзірлеп, епсекті қимылдауға әбден машыққан. Қанша жерден кеш қайтып, құс ұйқымен түн қатып, түс қашып жүрсе де жұмысқа келгенде тыңдай. Қашан эфирден облыс жаңалықтары беріліп бітпейінше бөлек тақырыпқа, бөгде әңгімеге әсте бармайды. Жұмысы аяқталды ма, мүлдем басқа Бақытжанды көре беріңіз. Жайраңдап, қос жанарына нұр құйылып, жаңа көргендей жанында жүрген қыз-келіншектерге қырындап, шабыты шарықтап шыға келеді. Сөйтіп, жұмыстан кейінгі «жұмысқа» жегіліп, сыр-сұхбат кешіне кезек беріледі Жаңа дүние жаза қалсақ бір-бірімізден бірінші болып сүйінші сұраймыз. Ара-тұра арқаланып өлең оқимыз. Алатаудың етегінде елес боп қалған студенттік шағымызды еске аламыз. Астанада жүрген армандас, қанаттас достарды сағынамыз. Бақытжанның бір жақсы қасиеті қашанда шығармашылықты шыңдап, шабытыңа шырпы жағып, қаламды тастамауға қамшылап отырады. Ертеңгі күні артыңда қалған ақ зәулім үйің де, атан түйең де, ала дорба алтының да атыңды ұрпаққа қалдыра алмайды. Ұрпаққа ұмыттырмайтын жазған-сызған дүниең, жарыққа шыққан кітаптарың, дейді пәлсапалатып.
Қаратаудың оңтүстік-шығыс беткейіндегі Теріс пен Күркіреудің арналасуынан ағысы арқырап басталатын Аса өзені біздің Жамбыл ауданының аумағына келгенде «Айырма» аталып, «Үлкен Аса» және «Кіші Аса» болып екіге бөлінеді. Содан Асаның ағысы баяулап, әр тұста егістіктерге жырылып, кей жерлерде шылжырап ағып, өзендік өрекпіген мінезінен айырыла бастайды. Кей кездері Бақытжан екеуміз елеулі шығармалар жаза алмай жүрген себебімізді осы ортақ өзеніміз Асаның мінсіз баяу ағысынан, мінезсіздігінен іздейміз. Аңдамай жүріп, тарихтың атасы Геродоттың жазбаларында таңбаланған, ару Айша бибінің тағдырын шешкен кәрі Асаға шамамызға қарамай өкпе артамыз. Сөйтеміз де, ата-бабамыздың табаны тиген, тасын сүйген, талын еккен киелі Асадан қайтадан кешірім сұраймыз. Өзімсінген еркелігіміз, перзенттік іңкәрлігіміз деп ақталамыз. Күнде бірге жүріп, туған бауырдай етене араласып кеткендіктен бе, мен Астанаға көшкенде Бақытжан маған арнап өлең жазды. Әуелгіде әкімшілікте кездескенде екеуміздің ойларымыз бір арнада тоқайласқанындай, бұл жолы да алдын ала келіспесек те жыр жазу процесі бір мезгілде музамен қауышқан екен. Мен оны Асаның ақ терегіне теңедім.
Бауырмыз біздер,
жуықпыз.
Асаның асау мінезі
жуасыған жерде
біздер туыппыз.
Ақ терек елге пана бол,
Жауратқан кезде суық күз.
Асаның анау тұнық бастаулы
өр басын,
Өзектеп алшы,
өрнегі бөлек жолдасым.
Өзеніміз біздің баяу ағады,
Неліктен?
Көмейіне біреу құйып
қойғандай
қорғасын.
Асаны көріп қайтайын десем,
жол алыс,
Көргенде қайтем, баяғы
жойқын
жоқ ағыс.
Асаның бағзы асау мінезін
жаңылтпай,
Сарқыра досым, оянсын Аса,
сол арыс.
Ботаникалық энциклопедияларда «Ақ терек еліміздің оңтүстік өңірлерінде, әсіресе Жамбыл облысының аумағында өзен бойларында өседі. Құнарлы топырақта, күн көзінде жақсы жетіледі, 150 жылдай тіршілік етеді», деген анықтама беріпті. Құдды, Бақытжанның ақ терек түріндегі анықтамасы іспетті.
Қуат БОРАШ, журналист
Астана