Бүгінгі журналистердің бас ұстазы

Бүгінгі журналистердің бас ұстазы

Бүгінгі журналистердің бас ұстазы
ашық дереккөзі
741
Редакциядан: 7 мамыр – радио күні. 1895 жылы осы күні ресейлік физик Александр Попов өзі құрастырған әлемдегі тұңғыш радиоқабылдағышты таныстырған. 1925 жылы тұңғыш рет радио күні аталып өткен. Сонымен қатар биыл Қазақ радиосының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Біз осы орайда қазақ радиосының тарихын зерттеп, оны бір жүйеге келтірген танымал ғалым Намазалы Омашев жайлы мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз. Өзінің мыңдаған журналист шә­кірті бар, дарынды ғалымдарды топ­тастырған ғылыми мектебі бар Қа­зақстан Жоғары мектеп ака­де­мия­сының академигі, Қазақстан жур­налистикасы академиясының то­лық мүшесі, Қазақстан Пре­зи­ден­тінің бұқаралық ақпарат құ­ралдары са­ласындағы сыйлығының лау­реа­ты, филология ғылым­дарының док­­торы, профессор Намазалы Ома­шев бүгінде қазақ журналис­ти­ка­сының бас ұстазы. Олай деуге то­лық хақымыз бар. Ең алдымен ол қа­зақстандық журналистердің ХХ ға­сырдағы жалғыз басты ұста­ха­насы атанған әл-Фараби атын­дағы қазақ ұлттық университетіндегі жур­налистика факультетінің білікті ғалымы, беделді басшысы болды. Бұл қара шаңырақтан журналист ма­мандығы дипломын алған қан­шама түлек еліміздің түкпір-түк­пірінде, шетелдерде де қызмет ат­қарып жүр. Мен де Намазалы ұста­зы­мыздың студенттік кезден дә­рісін тыңдап, тәрбиесін көріп ке­ле жатқан орта буын шәкіртінің бірі­мін. Қайта құру заманы басталып, кеңес­тік жүйе әлсіреген 80-жыл­дарда журналистиканың әліппесін жа­ңа ашқан біз Мәскеуден доктор­лық диссертациясын қорғап келген ағамыздың дәрістерінен алғаш рет оған дейін көп айтылмайтын әлем­дік ақпарат алпауыттары Си-эн-эн, Би-би-си, Эн-эйч-кей, Нью-Йорк таймс, Вашингтон пост, Тайм, Уол стрит джорнал, Файненшл таймс, Гардиан, Франс пресс, Ассошейтед пресс, Юсиа, Синхуа агенттіктері мен медиа корпорациялар туралы ал­ғашқы ақпараттарды естіп, олар­дың бағыт-бағдары жөнінде кең түсініктеме алған едік. Сол заманда-ақ жаңашыл жас ұстазымыз бізге бұл ақпарат акулаларының ерек­ше­лігін талдап, әлемдік ақпарат ай­ды­нындағы орнын жіктеп берді. Бұл алыптардың артықшылықтары мен кемшін тұстарын да саралаудан өткізе алды. Заман өзгерді. Тәуел­сіз­дік алғаннан кейін қазақстан да әлем­дік қауымдастықтың бір мү­шесі ретінде дүниежүзілік ақпарат кеңіс­тігіне бойлай енді. Журна­лис­тер қауымы да Намазалы ағамыз оқыт­қан ақпарат алпауыттарына ба­рып, тәжірибе алмаса бастадық. Сол сәтте ұстазымыздың дәрістері бір­ден еске түсетін. Халықаралық дең­гейдегі жаңашылдық бағыттағы үрдісті жалғастырған Намазалы Омашұлы осы университеттің журналистика факультетінде тұң­ғыш рет ЮНЕСКО-ның жур­налис­тика және коммуникация жөнін­дегі кафедрасын ашып, басшылық тізгінін ұстап, әлемдік озық уни­вер­ситеттер және ақпарат құрал­дары­мен халықаралық байланысты жан-жақты жолға қойды. АҚШ-тың, Францияның, Канаданың, Түр­кияның, Оңтүстік Кореяның, Фи­липпиннің журналистика мек­тептерімен қарым-қатынасты тұң­ғыш рет жүзеге асырды. Осы ЮНЕСКО ұйымы аясында өткен ха­­лықаралық ғылыми кон­­ферен­ция­лар мен симпозиумдарда На­маза­лы Омашев жасаған баян­да­малар жоғары бағаға ие болды. Белгілі ғылыми, шығармашылық үздік еңбектері үшін оған Кемб­ридж­дің (Англия) Халық­аралық Өмір­баяндық орталығы 2001 жылы «Жыл адамы» деген атақ беріп, «Тану декларациясы» мен «Құрмет ме­да­лімен» марапаттады. Бұл да отан­дық ғылыми журналис­ти­ка­ның шет­елде халықаралық дең­гей­де тұңғыш мойындалуы, танылуы еді. Жалпы, Намазалы Омашұлы ту­ралы сөз қозғағанда тұңғыш де­ген сөзді жиі пайдаланамыз. Мықты ғылым көшбасшысы, білікті ғалым Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің шақыруымен елор­дамызға келіп, осы жоғары оқу ор­нында тұңғыш рет журналистика фа­культетін құрып, барлық ұйым­дас­тыру жұмысын жүргізіп, оқу-әдістемелік жүйесін қалыптас­тыр­ды. Факультеттің тұңғыш дека­ны болды. Журналистика ма­мандығы бойынша докторан­тура, «Қоғаммен байланыс» мамандықтары ашылып, алғашқы талапкерлерін қабылдады. Қазір бұл факультеттің түлектері елор­дамызда орналасқан барлық бұқаралық ақпарат құралдарының же­текші мамандары. Тағы бір ерек­ше атап өтетін жайт, Намазалы Омаш­ұлы – елімізде тұңғыш рет Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті жанынан ашыл­ған журналистика мәселелерін зерт­теу инс­титутын құрған ғылым қай­­рат­кері. Осы институт жалпы барлық алаш қайраткерлерінің көсемсөзін тұтас топтастырып, 10 томдық жи­нақ дайындады. Бұл ұлттық жур­на­листика тарихын зерт­теймін деген ғалымдарға ға­жайып рухани қазы­на. Институт өт­кен ғасырдың 20-30-жыл­дарын­дағы қазақ жур­на­листикасындағы қай­шылықтарды да зерттеп, сара­лап, ғылыми айна­лымға түсірді. Сон­дай-ақ зерттеу инс­титуты тұң­ғыш рет қазақ эмиг­рациялық жур­налистика­сы­ның та­рихын ғылыми тұрғыда сара­лау­дан өткізіп, ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай бас­тамасымен шыққан басылымдар­дың материалдарын ғалымдардың назарына ұсынды. Бұған қоса осы ғылыми мекеме қазіргі заманның өзекті мәселе­лерін зерттеуді де қол­ға алып, ин­тер­неттің қазақстандық сегмен­тін­дегі ақпараттық қауіп­сіздік мәсе­ле­лері атты ғылыми жобаны да сәт­ті жүзеге асырды. Алдағы уа­қыт­та инс­титут Қазақ радиосының 100 жыл­дығына, отан­дық телевизия­ның өзекті мә­се­ле­леріне және дәс­түрлі бақ пен әлеу­меттік медианың бәсе­ке­лес­тігіне арналған зерттеу жо­ба­ларын қолға алғалы отыр. На­ма­залы ағамыздың басшылығымен журналистика мәселелерін зерттеу институты құрыл­ғалы бері 20 том­нан аса ең­бек дайындап, 8 ғылыми жобаны іс­ке қосты. Намазалы Омашұлы – еліміздегі жур­налистика ғылымының тұжы­рымдамаларын айқындап, ғылыми мектебін құрған тұлға. Тіл білімінен аражігін ажыратып, журналисти­ка­ны зерттейтін ғылым саласын қа­лып­тастырған ғалым. Тұңғыш рет жур­налистикадан ғылыми атақ қор­ғайтын кеңес ашты. 10-ға жуық ғы­лым докторы мен 50-ден аса ғы­лым кандидаты диссертация қор­ғап, отандық журналистиканың өзек­ті мәселелерін ғылыми тұрғыда тал­даудан өткізді. Намазалы ұстаз әр ғалым шәкіртінің зерттеуі жүйе­лі және нәтижелі болуын жіті қада­ға­лап, түпкі межеге бағыттай біле­тін тәжірибелі тәлімгер. Оның таң­д­аған тақырыпты бүге-шігесіне дейін зерттеу үрдісі жас ғалымдарға ай­рықша үлгі. Мәселен, Намазалы Ома­шевтың ұлттың үнжариясы, рухани қарашаңырағы қазақ ра­дио­сының тарихынан бастап, жанрлық, бағдарламалық ерек­ше­лік­терін зерделеп, бүгінгі заманауи өзекті мәселелеріне дейін үңгіп, жан-жақты талдап зерттеуі өзіндік ғылыми қолтаңбасын айқын көр­сетіп тұр. Ғалымның осы ыжда­хат­ты, тиянақты еңбегінің арқасында ұлттық радиомыздың өткені мен бүгіні де ғылыми тұрғыда зерттеліп тұр. Биыл 100 жылдығын атап өтіп жат­қан Қазақ радиосының құ­рылуы­на мұрындық болған алаш же­тек­шілерінің бірі Ахмет Байтұр­сынұлы екендігін дәлелдеп, және құрылу тарихын он жылға ұзартқан да Намазалы ағамыз. Осы радионың 95 жылдығына арналған елорда­мыз­да өткен халықаралық конфе­ренция кезінде көрші Қырғыз Рес­публикасы радиосының директоры «Намазалы Омашевтай мықты ға­лы­­мымыз болса, біздің радиомыз­дың да тарихи ғұмыры бірнеше жыл­ға ұзаратын еді деп айтқаны бар. Бұл ға­лымның еңбегіне жаны­мыз­дағы бауырлас елдерде сүйініш­пен қа­рап, жоғары бағалап отыр­ға­нын көрсетеді. Намазалы Омашев ең ал­дымен Қазақ радиосында қызмет атқарып, тәжірибе жинақтап, кейіннен оны ғылыми теориялық негізге сала білді. Оның осы керемет тәжірибесі жемісті нәтижесін берді. На­мазалы ағаның тағы бір ерекше қыры – ғылыми зерттеулерінен бө­лек бас­пасөз беттерінде публи­цис­ти­калық, танымдық, тағылымдық, шет­елдік жолсапарлардан түйген ой толғамды мақалаларын да жиі жа­риялап отырады. Бұл жазба­ла­рын­да ол журналист ретінде ой тол­­ғап, қалам тербейді. Замана кө­шіне ілесіп отыруға шақырады, ке­зіндегі алаш қайраткерлері сияқты озық өркениетті елдерден үйренуге тиісті тұстарымызды ашық жазып, алға тартып, жөн сілтеп отырады. Ұста­зымыздың өзінің өнегелі жо­лымен шәкірттеріне ұқтыра білгені әділ­дікті, адалдықты басты ұстаным ету. Өзінің бір мақаласында «Жур­на­листердің міндеті – саясат­кер­лер­дің, лауазым иелерінің нені қа­лай­тынын, не ойлайтынын баяндау емес, қоғамда не болып жатқанын әділ айту. Міне, осы тұрғыдан кел­ген­де, сапалы журналистиканың шын мәніндегі нағыз демок­ра­тия­лық қоғамды қалыптастыруға қа­бі­летті екенін, сол істе маңызды рөл ат­қаратынын атап айтқан жөн. Ал журналистің жеке өзін алып қарай­тын болсақ, онда оның білім дең­гейі мен белсенділік қабілеті қан­ша­лықты жоғары болса, сапалы ақ­парат, жалпы сапалы журналис­тік туынды әзірлеуге деген мүмкін­дігі соншалықты мол болады» дейді. Ендеше Намазалы Омашұлы айтқан осы қағида саланы зерттеуші ға­лым­дар мен барлық журналистің не­гізгі ұстанымы болуы тиіс. Ғылым жә­не қоғам қайраткері әрдайым отан­дық ақпарат кеңістігінің же­тістігі мен кемшін тұсын зерделеп отыруға ерекше мән береді. шалт ке­тіп жатқан тұстар болса, баяғы­ның абыз ақсақалындай, би-шеше­нін­дей өзі тәрбиелеген сала жетек­шілері министр шәкірттеріне де ашық айтып, ұлттық журналис­ти­ка­ның беделін, пәрменін көтеруге ар­налған парасатты пайымын алға тартып отырады. Өскелең ұрпақ жас журналистерге де өз маман­ды­ғының қадірін, құрметін ұғынуды әрдайым еске салып келеді. Тағы бір мақаласында ұлт қайраткері: – Кейінгі кезде журналистиканы әркім өз білгеніне қарай пайдалан­ғы­сы келетін жағымсыз тенденция етек алып бара жатқанын айтпасқа бол­мас. Ондай дертті аластатудың жо­лы – журналистиканың қоғам, ел алдындағы негізгі міндетін анық­тай түсіп, халық мінберіне айнал­дыру. Егер ол тек биліктің қолшоқ­пары болып қалса немесе ат төбе­лін­дей ақшалының сойылын соғып кетсе, ақ жолдан адасатыны анық. Ақпарат монополияланған жерде пікір алуандығы бұзылады. Ақиқат айтылмайды. Ал біз шын зиялы қоғам орнатамыз десек, Ахмет Бай­тұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі мен құлағы һәм тілі» болатын кадрларды даярлауымыз керек. Жур­налист үшін одан асқан мәр­те­бе жоқ. Ондай абыройлы істі келте ой­лайтын кісі емес, кемел толғай­тын жан атқара алса керек, – деп ой түйеді. Журналистің ұлт алдындағы негізгі міндетін, азаматтық пары­зын айқындап берген бас ұста­зы­мыз­дың бұл тұжырымы қай заман­да болса да әріптестеріміздің басты бағ­даршамы болмақ.

Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері

Серіктес жаңалықтары