1248
Жақсылыққа – жақсылық әр адамның ісі
Жақсылыққа – жақсылық әр адамның ісі
Неге екенiн қайдам, соңғы кезде «Адамдар арасында мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, кiшiпейiлдiк, жанашырлық, бауырмалдық азайып, жүрекке жайлы тиетiн iзгi iстер сиреп бара жатыр» деген сөздердi жиi естимiз. Шынында да солай ма? Оған не себеп? Көпшiлiкке топырақ шашпалық, бiрақ қазiргi адамдар арасында немқұрайлық, тоғышарлық, енжарлық, бейтараптылық, селқостық, менмендiк, өзiмбiлемдiк, қатiгездiк меңдеп бара жатқан секiлдi болады да тұрады.
...Жуырда әлеуметтік желі арқылы кез келген адамды еріксіз елең еткізетін жағымды бір хабар таратылды. Балық аулауды ермек ететін бір азамат демалыс күні қалың тоғай ішінен ағып өтетін асау тау өзеніне қармақпен балық аулауға барады. Күн едәуір көтерілсе де қармағына бар болғаны бір-екі ғана балық іліккеніне көңілі толмай отырған балықшы кенет қалың жыныс арасынан кішкентай қонжығын ерткен қоңыр аю шығып, балықшыға еш көңіл аудармай қарсы су жағасынан балық аулай бастағанына көңіл аударады. Әлгі аюдың балық аулау шеберлігіне таңғалып, оның іс-әрекетінен көзін алмай отырғанда анасының қасында асыр салып, ары-бері шапқылап жүрген кішкентай қонжық абайсызда ағысы қатты өзен суына топ етіп түсіп кетеді. Асау толқын конжықты суға бір батырып, бір шығарып ағызып ала жөнеледі. Балықшы уақыт жібермей жаға бойы жүгіре отырып мүмкіндігі бар бір жерде өзенге түсіп, суда ағып келе жатқан қонжықты аман-есен жағаға шығарады. Оның бар іс-әрекетін көріп тұрған аю, өзенді малтып, бұл отырған жағаға жетіп, қонжығын ертіп орманға еніп кетеді. Кешке қарай балық аулауға қайта барған балықшы отырған аймаққа әлгі аю қонжығымен бой көрсетеді. Балықшыдан таяқ тастам жерден ол да балық аулап, бірер сәтте біраз балықты жағаға жинап тастайды. Содан кейін басын көтеріп, балықшыға қарап, дыбысын шығарып, басын изегендей болады да, орманға кіріп жоқ болады. Өз көзіне өзі сенбеген балықшы ары-бері, жан-жағына қарап, жағадағы аю жинаған балықтарды теріп алып, үйіне қайтады. Ертеңіне балық аулауға барған әлгі кісі тағы кешегідей істің куәгері болады. Аю біраз балықты жағаға шығарып, ұстағанын бір жерге үйіп, асыр салып еркелеген қоңыр қонжығын ертіп ну орманға сіңіп кетеді. Осындай жайт бірер күн қайталанады. Орман иесі – аюдың әлгі адам сенбес игілікті тірлігі балықшыны ерекше толғандырып, таңғалдырады. Ертегі сияқты, басқа біреу сенбейтін оқиға. Аюдың бұл ісі суға ағып бара жатқан қонжығын құтқарған адамға деген ақ ниеті, жасаған жақсылығына «жауап» қой деп ойын түйіндейді. Байқап отырсыздар, халық арасында жиі айтылатын «Біреуге жасаған жақсылығың ертелі-кеш жақсылық болып қайтады», – деген пікірдің шындығы. Жақсылыққа жақсылық болып кері оралатыны әлгі аюдың іс-әрекетінен-ақ білуге болады. Адам емес, жабайы мақұлықтың өзі басқаның жасаған жақсылығын дұрыс түсініп, оған оң көзімен қарағаны қандай ғанибет?!
…Таяуда iссапармен Алматыға бардым. Жүрдек пойыз таңғы елең-алаңда Алматы-II стансасына келiп тоқтады. Сыртқа асыққан жолаушылар қол жүктерiн алып, есiкке қарай ұмтылуда. Асығып-үсiккен жолаушыларды жолсерiк жiгiт вагоннан түсуге көмектесiп бағуда. Қолында ауыр екi сөмкесi бар тал шыбықтай қара көз нәзiк қыз вагоннан шығып, жан-жағына қарап бiреудi iздегендей болды. Жақын маңда жүк тасушылар көрiне қоймады. Ақыры әлгi қыз ауыр жүгiн көтермек болып әлектенiп көрдi. Қайдан, тал шыбықтай белi майысып, көтеруге қауқары жетпедi. Көршi купеде бiрге келген жолаушы қызға жаным ашып, бiр сөмкесiн бос қолыма алдым. Жанымыздан өтiп бара жатқан мұрты қияқтай жас жiгiтке: «Мына қарындасыңның жүгiн вокзал алдына дейiн жеткiзiп берелiк, қолыңыз бос көрiнедi, көмектесiңiз» деп ұсыныс жасадым. Сонда әлгi жiгiт: «Мен грузчик емеспiн, кешiрiңiз!» деп ала көзiмен бажырая қарап, сөзiн келте қайырып, өз жөнiне кете барды. Не дерсiң оған? Мен өзiмнiң жеңiлдеу сөмкемдi әлгi қыздың қолына ұстатып, оның екi ауыр сөмкесiн вокзал алдындағы такси аялдамасына дейiн жеткiзiп бердiм.
– Үлкен басыңызбен кiшiрейiп, маған көмектестiңiз. Рақмет, көп жасаңыз, ағай! Сiздiң алдыңызда бiртүрлi ыңғайсыз, тiптi ұят болды. Ауылға барып едiм, әке-шешем қоярда-қоймай қалада тұратын бiзге, қыздарына, «қысқы сыбағаларыңды ала кет» деп болмағаннан кейiн, көңiлдерiн қимай, жүктерiмдi ауырлатып алғаным…
– Оқасы жоқ. Осы қалада менiң де сендей қызым бар. Сенiң қиналып тұрғаныңды байқап, көз алдыма сол қызым түсiп, қолғабыс тигiзейiн дедiм. Қолдан келсе адамдар бiр-бiрiне қол ұшын берiп, жақсылық жасауға, көмек көрсетуге ұмтылып тұру керек емес пе? Сондықтан сен ешбiр ыңғайсызданба, бәрi орынды, қызым.
– Жолың болсын! – деп кезектегi таксиге отырғызып жiбердiм. Сол бiр шағын көрiнiс бiраз уақытқа дейiн есiмнен шықпай, кейiн де мезгiл-мезгiл ойыма түсiп жүрдi.
Иә, байқасам, қазiргi уақытта адамдар арасында адамгершiлiкке тән iзгi, игiлiктi iстер азайып бара жатқан секiлдi болады да тұрады. Әрбiр iс-әрекетiн өлшеп, жасаған жақсылығын, көмегiн, атқарған қызметiн, жәрдемiн «сатып», пұлдап, ақшаға айналдыратындар саны қазiргi қоғамда көбейiп бара жатыр ма, осы? Жоқ, әлде мен қателесемiн бе? Ылайым, солай болғай…
Бiрде қала орталығындағы төлем жасайтын касса алдына кезек ұзаққа созылып кеттi. Кезектiң артын ала қолында сәбиi бар өрiмдей жас келiншек тұрды. Кезек баяу жылжып, уақыт тым ұзаққа созылды. Бiрер уақыттан кейiн әлгi келiншектiң қолындағы жас баласы мазасызданып, ыңқыл-сыңқылға басты. Келiншек әрi-берi баласын алдандырып, жұбатпақ болып бағып едi, жас нәресте онысына көнбей жылай бастады. Келiншек не iстерiн бiлмей қатты абыржыды. Бiрақ оның алдында кезекте тұрғандар құлақтарына қорғасын құйған жандардай, ештеңе естiмегендей, көрмегендей кейiп бiлдiрiп, жас баланың жылағанына селт етiп, мiз бағар емес. Келiншек нәрестесiн қолына көтерiп, тербеп тұр. Оған көнер бала жоқ. Көп iшiнде, сiрә, қайырымды, жаны iзгi бiр адам табылар ма екен? Сол кезде касса терезесiне жақындап қалған жiгiт ағасы абыржыған келiншекке өз кезегiн ұсынды. Басқалар әлгi азаматтың әлгi оң iсiн дұрыс көрiп, бойынан адами қасиетiн жоғалтпаған жандардың әлi де ортамызда бар екенiн мойындап, ешбiрi ризашылығын бiлдiре қоймады. Әттең...
«Жақсымен жанасып жүр, жарлыға қарасып жүр, шалқудың шамасын бiл, ақ-қараның арасын бiл» немесе «Құрдасыңа қуаныш бол, сырласыңа сынық бол, жылағанға жұбаныш бол, туысыңа тұнық бол» деп қазақтың дарынды жазушысы Тұтқабай Иманбеков жазғандай, кейде жан-жағымызға ойлы көзбен қарап, шалқудың шамасын бiлiп, санамызды «салмақтап» қойған да артық емес-ау, тегi. Әйтпесе адамдар бiр-бiрiне жақсылық жасаудан, қамқор болудан, қиналғанға қол ұшын беруден қалып, дүниеқоңыз, тасбауыр, қорқау қасқырға айналмай ма?!
Қасқыр дегеннен еріксіз ойыма көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлының таяуда еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Кісі иесі» деген әңгімесі келеді. Автор аштық жылдары болған сұмдық оқиғаны суреттейді. Аштықтан әбден тарығып, қатты қиналған базбір жандардың ақыл-есі ауып, аш қорқаудай еш қорғансыз балаларға ауыз салуға барғаны жайлы деректер бар («Штрафбат» киносериалы, ақын Жақан Сыздықовтың «Әли қарттың әңгімесі» атты балладасы, жазушылар Мансур Гатаулин, Несіпбек Дәутайұлы және т.с.с.).
Несіпбек Дәутайұлының әңгімесінде аңшылардан қашқан қасқырдың жан сауғалап келіп қора жанында тұрған кісіге «Маған көмектесіңізші, садағаң кетейін!» деп қыңсылап, жалынғандай болып алды-артына қарамай қораға кіріп кетіпті. Қасқырды қуғандардың сұрағына қора иесі: «Жаңа былай қарай зу ете түсті» деп мүлдем басқа жаққа жол сілтеп жібереді. Әлгі көк бөрі өзін өлімнен қорғап қалған, аштықтан қиналған кейіпкерге бірнеше рет көмекке келеді (үй маңындағы жыраға әкеп қамаған арқар және де бірнеше көріністер). Көкжал көзге бірде көрініп, бірде көрінбей жүріп, талай жақсылық жасайды. «Аман қалғыларың келсе, баланы бізге тастаңдар да өздерің кете беріңдер» деп артынан қалмай келе жатқан үшеу. Жас баласы мен әйелін қорғап қалу үшін өз жанын пида еткен бас кейіпкер ер-азаматтың ісіне ризашылық сезіммен қарайсың. Баласын арқалаған ана соның арқасында төркініне аман-есен жетеді. Бұл жерде біздің айтарымыз, көк бөрі адамның жасаған жақсылығын ұмытпай, оған бірнеше рет көмекке келуі. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген қазақтың сөзі еріксіз еске түседі.
Иә. Адамдарға неғұрлым жақсылық көп жасасаң, алғысты көп алсаң, соғұрлым жолың болып, жүрегiң жылып, жаныңа бiр жайдары тыныштық келетiнi хақ. Қара ниеттi, негiзсiз қиянат жасаған адамдардың тыныш ұйықтауы неғайбыл. Мына кең жарық дүниеде бiз қонақ екенiмiздi олар неге естен шығарады?! Адам деген атымызға iсiмiз сай болуы керек екенiн, мұсылман екенiмiздi бiр сәт те ұмытпау қажеттiгiн, қолыңнан келсе алдыңа алақан жайып келген мұқтаж жанға көмегiңдi аямау керектiгiн өмiр деген керуеннiң жолаушылары бiлiп жүрсе, артық болмас-ау деген ойға келесiң. Байлық та, қызмет те адамға мәңгiлiк жолдас болмайды, оларды данышпан халқымыз сонау қиын кезеңде-ақ «қолдың кiрi» деп қараған. Мiне, осылай ой қуып кете бардым...
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі