613
Ұлттық буржуазияны ұйыстыратын кез келді
Ұлттық буржуазияны ұйыстыратын кез келді
Күні кеше Forbes Kazakhstan журналы еліміздегі ең дәулетті 50 адамның тізімін жариялады. Олардың алтауы Forbes-тің америкалық нұсқасына да енген еді. Яғни бізде әлемдік деңгейдегі байлармен терезесі тең ауқаттылар бар. Бірақ әлі күнге дейін ұлт болашағына алаңдап, ұлттық жобалармен айналысатын, ұлт үшін жауапкершілік арқалауға дайын ұлттық буржуазиялық топ қалыптаса қоймады. Тек стихиялы түрдегі ұлттық жобалармен ғана шектеліп қалып жатырмыз.
Бізге меценаттардың, атымтай жомарттардың басын біріктіріп, бизнесті ұлт руханиятының дамуына бағыттайтын, ал кәсіпкерлерге сол үшін мемлекет тарапынан ынталандыру тетіктерін қарастыратын бастама, ауқымды әрі жүйелі жоба ауадай қажет.
Елбасы 1994 жылы кәсiпкерлермен кездескенде: «Бiзге ұлттық буржуазия керек. Ұлттың қалталы адамдары қалыптаспайынша, көптеген iстiң қиюы келмейдi. Ұлттық буржуазия пайда болса, мемлекет мүддесiн ойлайтын адамдар көбейер едi. Өз байларымыз өзгелер құсап қымқырып-жымқырып қалуды мақсат тұтпас едi. Осындай аса қиын әрi күрделi жағдайда ұлттық буржуазия өз сөзiн айтуы, iс-әрекет жасауы керек», – деген болатын.
Алайда әлі күнге дейін жекелеген кәсіпкер, қалталы азаматтардың қолдауы ұлттық буржуазия деңгейіне жете қойған жоқ. Біздің ауқатты атымтай жомарттардың бастамалары ең арысы ауылға мешіт немесе мектеп салумен шектеледі. Бір ауылдың, бір рудың байлары бірігіп, өз руының немесе ауылының батырына ескерткіш орнатады. Немесе бәйге, күрес сияқты ұлттық спорт жарыстарының демеушісі болуы мүмкін. Мұның барлығы да ауыз толтырып айтарлық игі іс, қоғамға қажет, әлеуметтік бастамалар екенін теріске шығармаймыз. Ұлттық жауапкершілік деген ұғым бұдан әлдеқайда кең. Дегенмен, бұдан артығына шағын және орта кәсіп иелерінің шамасы жете бермейді. Ал өте ауқатты байлардың ұлттық мәселелерге аса көңіл бөле бермейтіні тағы бар. Бірақ, бір ескеретін нәрсе – олар салық төлеп, Үкіметтің талаптарын орындап отырады. Яғни, бізге ұлттық буржуазияны қолдан құрып, қолдан өсіруге талаптану керек екені байқалады.
Әлемнің дамыған елдерінде ауқатты адамдардың ұлт мәдениетіне қаржы бөлуі, мұрасын қалдыруы – ежелден қалыптасқан үйреншікті жағдай.
Жалпы, меценат сөзінің этимологиясын біреу білсе, біреу біле бермейді. Біздің дәуірімізге дейін ежелгі Римде Гай Цильний Меценат деген ақсүйек, бай адам өмір сүрген. Ол өнерді қатты бағалаған, ақындарға арнап үйірме ашқан, сол кездегі Вергилий, Проперций, Гораций сияқты ақындарға қамқорлық жасап, барлық жағынан қолдаған. Өзі де өлең жазған. Бірақ өзінен асыра жазатын ақындар мен өнер иелеріне қызғанышпен қарамай, керісінше қолдау көрсететін жақсы қасиетімен тарихта қалған. Қайырымдылық және қолдаумен айналысатын барлық ауқатты адамдар күні бүгінге дейін оның тегімен меценат аталады.
Әдебиетке, өнерге қолдау көрсету Қайта өрлеу дәуірінде кең өріс алып, желісі үзілген жоқ. Тарихтағы ең танымал меценаттық жобалардың бірі – атақты Альфред Нобель сыйлығы әлі күнге дейін ғалымдар мен өнер иелерін ынталандырып келеді.
Одан бөлек, Ресейде де XIX ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында меценаттар мұражайлар мен театрлар ашты, ежелгі қолөнерді жандандырды. Осы кезде орыс байлары мен көпестері ұлттық мәдениеттерін дамытуға үлкен күш салды. Саудагер Павел Третьяков суретшілерді қолдады, олардан картиналарды сатып алып, тапсырыс берді. Қазір Третьяков галереясы – орыс бейнелеу өнерінің ең үлкен коллекциясы бар танымал мұражай. Савва Мамонтов өз қаражатына Ресейдегі алғашқы жеке опера театрын құрды және бейнелеу өнері мұражайының негізін қалауға көмектесті (бүгінде Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайы). Максим Горький, Антон Чехов сияқты жазушыларға қолдау көрсетті. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Жекелеген демеушілерден бөлек, әлемде меценаттардың басын біріктіретін үлкен қорлар да жұмыс істейді. Мәселен, Ұлыбританияда Корольдік әдебиет қоры жыл сайын 200-ге жуық жазушыға көмектеседі екен. Ол 1790 жылы құрылған. Қайырымдылық қорын құру туралы үндеуге алғашқылардың бірі болып болашақ ханзада регент, Джордж IV қолдау көрсеткен. Қазір қор үкіметтен субсидия алмайды, бірақ әлі күнге жұмысын тоқтатқан жоқ.
Қор Сэмюэл Тейлор Колеридж, Джозеф Конрад, Джеймс Джойс және Дилан Томас және тағы басқа танымал авторларға қол ұшын берген.
Корольдік әдебиет қоры, сонымен қатар университеттермен тығыз байланыс орнатқан. Биыл 115 стипендиат Ұлыбританияның 80 университетінде жұмыс істеп жатыр. Олар студенттерге дәріс оқып, жас таланттардың қалыптасуына қол ұшын береді.
2010 жылы Өзбекстан үкіметі Кеңес кезінде құрылып, кейін тоқтап қалған әдебиетті дамытуға бағытталған қор жұмысын қайта жандандырды. Жалпы, біздің елде ұлттық буржуазия бар ма, болған ба? Біздің елде де руханиятты қолдауға бағытталған қор құрылса, оған тартылған меценаттарға мемлекет тарапынан ынталандыру қарастырылса деген мәселе төңірегінде жан-жақты пікір білген едік.
Заңғар КӘРІМХАН,
ғалым:
Қазақ байлары ұлт руханиятының қалыптасуына үлкен күш салған
– ХХ ғасырдың басында ұлттық ояну дәуірі болғаны, Алаш қозғалысының өмірге келгені, сол Алаш қозғалысының басынан аяғына дейін қатысқан қайраткерлердің іс-әрекеті барлығы да тарихтан белгілі. Міне осы кезеңде оларға тірек болатын, оларға көмек беретін үлкен топ пайда болды. Ол – ұлттық буржуазия, қазақтың байлары, шонжарлары, меценаттары. 1913 жылы қазақ әдебиетінде роман бәйгесі жарияланды. Роман бәйгесіне Жетісудағы Есенқұл қажы бастаған үлкен бір әулет осы роман бәйгесінің қаржысын көтеріп алды, меценат болып, демеушілік танытты. Роман бәйгесінде Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Қалың мал» романы және Тайыр Жомартбаевтің «Қыз көрелік» романы бәйгеге түсті. Бұл кездегі ұлттық буржуазияның сіңірген еңбегі өте зор. Мәселен, Қаражан Үкібаев, Ике Әділұлы, Абайға қарсы жаулық ойлаған дейтін атақты Оразбайдың балалары, Ақкенже деген тағы бір бай, Мұқан Жәкежанұлы және Жаңабай Әлікұлы сияқты азаматтар ұлт руханиятының қалыптасуына өздерінің қаржысын да, барлық мүмкіндігін де аяған жоқ. Олар сонымен қатар оқу-білім жүйесі, ағарту саласы бойынша да көп нәрсеге қол ұшын берді. Мәселен, жер-жерде мектептердің ашылуы, оқулықтардың шығуы, осының барлығының да ар жағында сол байлар, ұлттық буржуазияның өкілдері тұрды. Бір ғана мысал, Әлихан түрмеде жатқан кезде, қазаққа керек адам ғой деп осы Оразбайдың балалары, Медеу сияқты байлар жылқысын, қой-қозысын сойып, қымызын күнделікті жеткізіп отырған. Міне, қазақтын бай-болыстары осындай болған. 1916-1919 жылдардағы қым-қуыт заманда харекет еткен, ұлттың бостандығы, елдің тәуелсіздігі, жердің тұтастығы және тілдің тұғырлануы үшін батыл әрекет еткен Алаш қайраткерлері, оқыған зиялыларымен бірге Алаштың ұлттық буржуазиясы – меценаттарын ұмытпауға тиіспіз.Ақберен ЕЛГЕЗЕК, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары: Ұлтты әдебиет танытады
– Бұл өте керемет бастама болар еді. Мысалы Өзбекстанда «Ижод» деген қор бар. «Ижод» – шабыт деп аударылады. Сол қор арқылы оларда әдебиетке жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр, жазушылар одағының жаңа ғимаратын салды. Өздерінің баспалары бар, газет-журналдары бар. Яғни мемлекет сол арқылы бизнесті әдебиетке, руханиятқа қамқор болуға шақырады, сол арқылы олар қазір аударма ісін қолға алып, басқа да маңызды дүниелермен айналысып жатыр. Қаржы болғаннан кейін көп нәрсені жасай алады ғой... Ал бізде ондай жоқ, бізде Жазушылар одағы ғана бар, бірақ біздің өзіміз кәдімгі қатардағы мемлекеттік емес ұйым сияқты конкурстарға қатысамыз. Кейде жеңесің, кейде ұтылып қаласың. Қор құрып, жүйелі түрде жұмыс істеуге біздің әлеуетіміз жетеді. Мысалы бір «Атамекеннің» өзінде қаншама бизнес компаниялар бар. Кәсіпкерлер өз жағдайына қарап өткізетін болса, көп нәрсе істеуге болады. Әдебиетті дамытуға аса көп ақша керек емес те негізі. Әдебиет болмаса кино болмайды, әдебиет болмаса, кітапхана, театрлар жұмыс істемейді. Бізде тіпті мәдениет туралы заңда әдебиет туралы бап жоқ. Әдебиетті таныту арқылы біз елімізді танытамыз. Мысалы XVIII-XIX ғасырларда Франция, Испания сияқты империялық елдерде әдебиет сыртқы саясаттың ажырамас бөлігі болған. Олар өзінің әдебиетін насихаттау арқылы рухани экспансия жасаған. Сондықтан, қор құрылар болса, екі бағытта жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Біріншісі – қазақ әдебиетін әлемге таныту және екіншісі – жас таланттарды қолдау. Жас таланттарды қолдау тек қана кітабын шығарып қою емес, әдебиет академиясын құру, олардың біліктілігін арттыру, шыңдау, шетелмен байланыс орнату. Себебі ұлтты әдебиет танытады.Сәуле ОТАРБАЕВА, «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» жеке қоры директоры: Қор керек және оның жетілдірілген механизмі қажет
– Жалпы меценаттық дегеніміз не? Ол – қаржылай қолдау көрсету, жеке адамға көмек көрсету. Өнерді, әдебиетті қолдаймын, жастарды қолдаймын, жалпы меценат боламын дегендер болса, ешкім оған тосқауыл қоймайды. Бірақ арнайы қор құрылса, оған ынталандыру жолдары қарастырылса, онда ол әдебиетке біздің үкімет назар аударып жатыр, сең қозғалып жатыр деген сөз. Бұл өте жақсы бастама болар еді. Расымен де, әдебиетімізді дамытар, ұлттық буржуазияны қалыптастырар бір мүмкіндік. Өзіндегі байлықты Құдай берді деп есептесе, мұсылмандық жолымен жарияламай-ақ, мұқтаж жанға, керекті жеріне бөлісіп отырса, онда бізде ұлттық буржуазияңыз да, ұлттық меценаттық мектеп те, жалпыұлттық деген нәрсенің бәрі қалыптасқан болар еді. Қор керек және бұл үлкен мәселе жан-жақты жолға қойылу үшін өте-мөте жетілдірілген механизм керек. Бізде өкінішке қарай, жершілдік, рушылдық, ағайыншылдық деген дерт өршіп тұр. Өмірден өткен ақын-жазушылардың мұрасын насихаттауға да көңіл бөлінуі керек. Тірлігінде ел үшін, қоғам үшін еңбек еткен, артына құнды мұра қалдырған адамның еңбегі ескеріліп, оның екінші ғұмырын жалғастыру мемлекеттік маңызды іс болуы керек деп ойлаймын. Олардың ұрпағы әке мұрасын өлтірмеймін деп есік жағалап, алақан жайып кетпеу керек. Мысалы, қазір шетелден кітап басып шығаруға әдеби агенттер 25 миллион теңге шамасында қаражат сұрайды. Атағы шыққан, ұлт әдебиетін жасап отырмын деген тұлғалар, ақындар, жазушыларды қолдау аса қажет емес деп ойлаймын. Әйтпесе, 70-80-ге дейін сарнай беру, үкіметке алақан жаю тоқтамайды. Ал, жастар туралы сөз басқа. Тек қана өз шеңберімізде қалып қалмай, шын асыл, шын құнды әдеби мұраларымызды шетелге таныту жұмыстары қолға алынса, әдебиетті дамыту, халықаралық, әлемдік деңгейге таныту дегеніміз міне сол деп ойлаймын. Ұлттық буржуазияның негізгі өзегі, дәнегі – ұлтқа деген құрмет, жауапкершілік пен сүйіспеншілікте. Ұлттың болашағына алаңдап, тілінің тағдырын күйттеп, мәдениетінің мәртебесін көтеруге әзір атымтай жомарттар бар. Бірақ мемлекет сол жекелеген азаматтарды бір жерге шоғырландырып, бір мүддеге бағыттамаса, шашыраған күйі қала бермек . Ұлттық буржуазияның басын біріктіретін жобаны қолға алатын уақыт жеткен сияқты.