2472
Тайқазан
Тайқазан
Жасы ұлғайғандар өткен ғасырдың сексенінші жылдары Мәскеудегі ел басқарушы партияның Орталық Комитет өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысын тесіле тексеріп, нәтижесінде басшы ауысып, облыс біраз уақытта қара тізімде тұрғанын ұмыта қоймаған шығар.
Басшылыққа сайланған Р.Мырзашев өз қызметіне белсене кірісті. Үш күн өткенде облыстық партия комитетінің іс-жоспарына сәйкес кезекті бюро мәжілісінде күн тәртібіне сәйкес біздің, өндіріс және көлік бөлігіне қарасты кәсіпорындарда «өндірістің тиімділігін арттыру өзектілігі мәселесі» қаралатын болды. Бөлім меңгерушісі ретінде ол мәселені алдын ала тиянақты тексеру нәтижесінде кемістіктер анықталып, өндірістік жоғары нәтижеге жету жолдары жүйеленіп ұсыныстар дайындалған болатын. Р. Мырзашұлына арнайы кіріп, барлық материалмен таныстырып, ол кісінің сұрақтарына жауап бердім. Бюро мәжілісі уақытылы өткізіліп, ерекше есте қалғаны, ол кісі жаңа келгеніне қарамастан, біздің облыста бұрыннан қызмет жасағандай терең біліктілігі мен білімділігін көрсетті.
Көп ұзамай Р.Мырзашұлы өзіне шақырып, мені жан-жақты терең зерттегенін, сондай-ақ «осы қызметте ұзақ отырып қалған екенсің, енді Түркістан қаласының басшылығына барасың» деді. Мен үлкен ризашылығымды білдіріп, «облыс өндірісіне нарықтық экономика жүйесін ендіру мәселесі» тақырыбы бойынша ғылыми жұмыс дайындаған едім, тек соны ғылыми кеңесте қорғаған соң, ұсынған кез келген қызметке дайынмын» дегенімде, «Жоқ, қазір біз үшін әрбір сағат қымбат, алда қыруар іс күтіп тұр» деп нықтап айтты. Түсіністікпен келісуге тура келді. Облыстық партия комитетінің кезектен тыс бюро мәжілісінде ұсыныс бірауыздан қабылданып республика басшылығының келісімін алған соң, 1985 жылғы 6 қарашада Түркістан қаласы партия комитетінің пленумында бірінші хатшы қызметіне сайланып, басшы мәртебесіне ие болдым.
Бұрынғы қызмет-міндеттеріме сәйкес Түркістандағы өнеркәсіп және көлік саласының кәсіпорындарымен тікелей байланыста болып талай рет қалаға барғанымызға қарамастан, қасиетті қаланың көп ерекшелігі мен қиыншылығына көңіл аудармағаныма көзім жетті. Жасы ұлғайған кісілер бірінші басшының әрбір қимылы, іс-әрекеттеріне аса зор көңіл бөліп қадағалап отыратыны белгілі болды. Адамдар еңбекқор, «ұлы сауда жібек жолы» бойындағы тарихи қала жұртының сауда-саттыққа жақындығы сезіледі, әсіресе демалыс күндерді алыс-жақын жерлердегі Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының тұрғындары ағылып келеді екен.
Тарихты зерттей келе, көзім жеткені мұндай жағдай астаналық болған қала жұртына тән қасиет екен. Мен барған кезде қалада жұмыссыздық, (әсіресе, әйелдер арасында) өндіріс орындарының аздығы, қала бюджетінің жетіспеушілігінде мемлекет беретін жәрдемақыға тәуелділігі, шешілуін қажет ететін күрделі мәселелер жинақталған. Ең бастысы, түркі әлеміне белгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру өзекті екен.
Жалпы жағдайды терең түсіну үшін тарихи деректерді ақтаруға тура келді. Қазақстанды танып-білу қоғамның Сырдария бөлімшесі 1930 жылы шығарған М.Массонның «Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі (кесенесі)» атты кітабымен танысудың реті келді. Онда келтірілген деректер: «Қазіргі Түркістанның аты қолданысқа кіргені XVI ғ. Араб жолшыларының (саяхатшыларының) деректері бойынша қазіргі Түркістан жерінде кең көлемді Шауғар қаласы болуы мүмкін делінеді. Бұл уақытқа дейінгі сол жердегі археологиялық материалдар мұнда қалалық елді мекен XII ғасырда болғанын көрсетеді. ол кезде Яссы (иесін) деген атпен аталатын Түркістан қаласын сол уақытта-ақ софы Қожа Ахмет Ясауи атымен байланыстыра бастады.
Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Махмуд баласы Ифтардан туған Ибрагим сол жердегі түрік тұқымынан. Бала кезінен терең ойланатын, парасатты, әсерленгіш және күйгелек Ахметті жергілікті түрік шейхы Арыстан баб назарына алып, рухани тәрбиелеумен айналысады.
Қожа Ахмет кейіннен, ұстазы қайтыс болған соң Бұхараға аттанып, онда сол кездегі танымал шейх Қожа Юсуф Хамаданиден үйреніп, «иршад» - өзі де софылық «шындықты тану жолдарын» (тарихат) үйретуге рұқсат құқығына ие болды. Тіптен ол кейінірек накшбанд атымен белгілі болған бұхаралық софылар қауымын біршама уақыт басқарады. Сонан соң Бұхараны тастап және Яссыға оралады.
Бұл жерде тақуа сопыға кең көлемді қызметтік әрекетке жол ашылды. Оның өнегелі беделі кеңес және жұбаныш іздеген тіптен алыстағы кісілерді қызықтырып, өзіне тартты. Өзінің ақиқатты өнегелі өмірінен нақты мысалдармен жеңіл түсінуге жеңіл тілімен Қожа Ахмет өзіне келгендерге, софылық ілім қажет ететін жақсылық жасау, тойымсыздықты тежеу, бойұсынғыштықта ұстазды құлақ қойып тыңдауға, сенімді жүруге талап етіп, үндеді.
Оның жолын қуушы ізбасарларының саны тез көбейді. Барлық өңірдегі, бұл уақытқа дейін әрең тамырын жая бастаған ислам дініндегі түрік тайпалары, оны өздерінің рухани басшысы ретінде мойындады және оған «ата» (әке) деген ат берді. 562 х.ж. (ж.э. 1166\7ж.) уағыздау қызметінің екінші онжылдығында даңқты түрік шейхының дүниеден өтуі данқын және әйгілігін ешқандай кеміткен жоқ. Оның қабіріне жыл сайын мыңдаған тәуіп етуші ағылып жатты. Түрік тіліндегі авторы Қожа Ахмет саналатын Хикмет (даналық) атты софылық өлеңдер жинағы кеңінен таралды.
Қожа Ахметтің қанша жаста өмірден өткені белгісіз. Хикметте жазылған бір өлеңде белгілі болғандай, 63 жасқа толғанда, яғни пайғамбар Мұхаммедтің қайтыс болған жасында, Қожа Ахмет осы оқиғаны еске алып, жер асты жеке бөлмесіне (Хилля-ханаға) түсіп, онда 60 күн және 60 түн ораза тұтып және намаз оқыған.
Темірдің ресми тарихы «жеңістер» кітабында көрсетілгендей, Ясауи қабірінің басына ғимарат тұрғызу хикаясы х.799 жылының соңында, яғни ж.э.1397 жылдың күзінде болған оқиғалармен байланыстырылады. Әмір өзінің болашақ жұбайының келуін күтіп, қыркүйек айында Яссы қаласына келеді және Қожа Ахмет бейітіне діни жораға сәйкес салтанатты зират (тәжім ету) жасайды және дәл сол уақытта түрік шейхының қабірі басына жаңа кесене тұрғызуға бұйрық береді. Тапсырушының қалауы ғимараттың жалпы жоспары, негізгі көлем-мөлшерлері және кейбір декоративті (сәндік) бөлшектері ішкі жасау жиһаздары указбен бекітіледі. Тапсырманы іске асыру Маулен Убайдулла Садраға жүктеледі. Ескерткіштің әртүрлі бөліктері мен жекелеген жасау бұйым заттарында кесенені тұрғызуға қатысушы кейбір парсы шеберлерінің аттары бұл күнге дейін жеткен.
Изразецті сыртқы қабығын Шираздық Хаджы Хасан деген кісі жүргізген, оның аты және жұмыс уақыты х. 800 ж. солтүстік фасадтың сыртқы қуысынан жоғары көк түсті кірпішпен көмкерілген. Сағананың дәл үстіндегі қабырғасы ырсиған кіші күмбезді жапқан алты-қырлы жұқа кірпіш басқа Шираздық Шемс Абд-ал-Вахабтың атын сақтаған жазба бойынша, ол кесенені түгелдей болмаса да, қабірдің өзін жасап шығарушы болуы мүмкін. Екі есіктегі күміспен безендірілген, қола ілмектер және шырағдандар мен чирагаларға арналған бірнеше бронзалық тіреуіштерді жасап шығарған Исфагандық Тадж-ед-Диннің ұлы – Изз-ед-Дин.
Салынған құдыретті кесене тастарға сәйкес және ниет, түпкі ой бойынша Орта Азияда жалғастырушысы жоқ. Бірақ оның ислам өнері тудырған дәстүрлі түрлерінің ар жағында, көңіл күйі ғасырына үндес, мүмкін, кездейсоқ емес интуициямен Персияның патшалық стилінен, Сасанид ғасырынан және императорлық Византия архитектурасынан алып пайдаланған жаңғырық сезіледі. Ктесифон және Фирузабад сарайларды өздерінің кескін ерекшеліктерін сызба тұрғысынан «П» әрпі кескінінен тапты. Сасанидтік патшалардың (Так-и-Кесра) залдарының орасан зор күмбездері-сәулетті Портелдың болашақ үлгісі.
Византияның барынша дәл әсері, бұрын сасанидтік Персияда болған «аспан патшасы және жердегі тақсырдың бір қолдан басқарушылығы» идеясын архитектурада іске асырылуы өркендеді және 537 жылы тұрғызылған Константинопольдағы «Киелі Софияда» салтанатты көрініс тапты. Бұл әлемдік ескерткіш бірнеше ғасыр бойы едәуір дәрежеде әйгілі шығыс, сондай-ақ мұсылмандық Түркия архитектурасына тәуелді әсері Қожа Ахмет кесенесінде көрініс тапқан, сондықтан оны толық негізде Орта Азияның Айя-Софиясы деп атауға болады.
Қожа Ахмет кесенесі қабырғаларының астына сол кездегі жердің деңгейінен 25-30 см тереңдікте бірнеше қатар кірпіш ұқыпсыз қаланып қойылған, мұнаралар және порталдар астындағы шұңқырлар топырақ аралас кесек тастармен толтырылған.
Фундаменттің болмауы ескерткіштің шөгуінің негізгі себебі болып саналады және мұнымен ескерткіштің бірте-бірте бүлінуіне әкеледі. Өз кезегінде жер сілкінісі ошағының қашықтығына сәйкес уақыт әрекеті әсеріне айтарлықтай қарсы тұруы тиіс. Кесененің кіреберістегі есігінің табалдырығынан аттаған келуші жан-жағы 18,5 шаршы метр орталық және ең үлкен бөлмеге тап болады. Мұның ортасында бүкіл бөлмеге «қазандық» атын берген биіктігі адам бойындай үлкен қола қазан орналасқан.
Қазанға тәтті су құйылып, діндарларға жұма күнгі намаз аяқталған соң үлестірілген, онан соң мұнда кедейлер мен кезбелерге ерекше тамақ «халим» таратылып берілген. Ол сол жақтағы дәліздің арғы жағындағы «Халимхана» аталған (Юляк) бөлмеде дайындалған.
Халимханаға симметриялы оң жақта дәліздің ар жағында құдығы бар «Құдық» аты берілген күмбезді бөлме орналасқан. Бөлменің алғашында неге арналғаны белгісіз. Құдық XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында қалаға шабуыл жасалғанда жасырынып отыру үшін қазылған.
Орталық «Қазандықтың» жалпақ қуысынан тесіп шығарылған екі есік, олардың ар жағында «қазандықпен» (юляк) дәлізі арқылы байланыстыратын созылып орналасқан кішігірім бөлмелерге апарады. Сол жақтағысы «кітапхана» деп аталады, өйткені аңыз бойынша мұнда кітапхана орналасқан, өйткені оң жақтағысы – кіші Ақсарай, қарама-қарсыда және бүкіл ғимараттың солтүстік бұрышына жататын екі күмбезді шатыр арқалығымен жабылған үлкен Ақсарай бөлмесі. Үлкен Ақсарайға жұп ескерткіштің батыс бұрышында кіші мешіт бөлмесі. Оған орталық «Қазандықтан» сонда жерленген Жолбарыс хан дәлізі арқылы кіреді. Кіші мешіт Қожа Ахмет сағанасынан «Зиярат юлак» атты дәлізімен бөлінген. Мұнда әулие қабіріне тағзым ететіндер оның қабірі орналасқан бөлмеде тар есікпен бітелген орын арқылы жақын келе алады. Жартылай жарық қазандықта тұрып және оның ашық есігі арқылы қабірге қарағанда бейітке тау жарығы төмен түскендей көрінеді, өйткені сағананың іші әрқашан өте жарық.»
(М.Массон. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ташкент 1930).
Зерттеу нәтижесіндегі келтірілген ғылыми деректер әлемдік дәрежедегі ғимарат пен Түркістан қаласының тағдыры бүкіл Түркі халқының өткен ғасырлар тарихы ғана емес, әділдік пен шындықты тану жолдарын үйрену, өз-өзіңді тәрбиелеу, адами асыл қасиеттерді бойға жинау арқылы жарқын болашаққа жол сілтейтін еліміздің рухани орталығы екенін көрсетті. Осынау ізгі ниетке көз жеткізу үшін Қазақ қалпына келтіру жобалау институтының («Казпроект реставрация») директоры Б.Тұяқбаева мен бас инженерін арнайы шақырып, кеңес өткіздік. Кездесу барысында жинақталған мәселелер мен алдағы атқарар іс-шаралар түйінделді. А.Ясауи кесенесіне байланысты алдыңғы жылдары қабылданған Қазақстан министерлер кеңесінің арнайы қаулысы бар болып шықты. Өкініштісі, онда белгіленген іс-шаралар толық орындалмаған.
Келесі жылдың маусым айында қалаға арнайы сапармен Д.Қонаев барды. Кесенені аралап, құдықтан бір кесе су ішіп, сыртқа шыға бергенде, алдын ала келісім бойынша жобалау институтының директоры Б.Тұяқбаева есік алды қабырғасына сызба-карталар ілініп, ойластырылып келіскен, қажетті және шешілуі кезек күттірмейтін мәселелер туралы баяндады. Димекеңе ой-пікірімізді толық жеткізуге тырыстық. Ынта қойып тыңдағаннан соң, «Қарағым Нұридін, бұл уақытқа дейін ешкім мұншалықты мәселелерді айтқан емес еді. Бәрін шешеміз» деді.
Бір ай өткеннен соң, Димекеңнің қабылдауында болу сәті түсті. Аса бір ілтипатпен қабылдаған ол кісі: «Көтерілген мәселе Орталық Комитеттің секретариатында қаралып, Министрлер кеңесінің орындауына тапсырылды» дегенде қуанышым қойныма сыймады. Жылы шырайлы қоштасқаннан соң ескі алаңдағы ғимаратта орналасқан Министрлер кеңесіне барғанымда, кеңес төрағасы ол шешімді алғанын және оның орындалатынын айтты.
Бір ай бойы күткен шешім туралы хабар болмаған соң қаланың халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы Е.Жорабековке Министрлер кеңесіне барып, қаламыз туралы қаулының тағдырын біліп келуін тапсырдым. Оның кеткенінен келуі жылдам болды. Еңсесі түсіп кеткен. Министрлер кеңесі төрағасының көмекшісіне жолыққанын және оның «ауыр сөздерін» естуге тура келгенін жеткізді. Сонымен үміт артқан тарихи шешім қабылданбай аяқсыз қалды.
Енді шегінерге жол жоқ деген шешімге келіп, Еркін Жорабековке «қасиетті тайқазан» тағдырымен шұғылдануды тапсырып, қаламыздың күрделі де, өзекті мәселелерін шешу үшін Түркістанның қала болып қалыптасқан жылын анықтап, ғасырлар тарихымыздың куәгері А.Ясауи кесенесін ЮНЕСКО жылнамасы тізіміне енгізу жұмыстарын тікелей мойныма алдым.
Алдымызда тарихи оқиғалар тұрғанын кім білген? Көп ұзамай Кеңес Одағы республикалары басшыларының арасында КОКП саяси бюросының санаулы ғана мүшесінің бірі Д.Қонаевтың орнына республика басшылығына біздің елде ғана емес, одаққа белгісіз Г.Колбиннің тағайындалуы халықтың, әсіресе ұлтжанды өскелең студент жастарымыздың наразылығын туғызды.
Қаламыздың тарихы туралы біраз деректер жиналған соң ҚКП орталық комитетінің хатшысы З.Камалидиновтің қабылдауында болып, еліміздің бірнеше ғасыр астанасы болған Түркістан қаласының жылнамасын анықтап, ЮНЕСКО тізіміне енгізу мәселесін тілге тиек еттім. Ол кісі түсіністік танытқандай болды. «Қазір Солтүстік Қазақстан облысының орыстілді газетінің 100 жылдығын атап өтуге дайындық жүріп жатыр. Өйткені қолымызда газеттің бірінші нөмірі бар» деді. «Қазіргі жиналған деректерде қаланың қай жылы қалай аталғаны көрсетілмеген, әлі де іздестіреміз, мүмкін көрші ел Қытай жылнамаларынан табылып қалар» дегенімде, ол кісі «Жоқ, тек ресейлік деректер болуы керек» деп кесіп айтты.
Әрине мұндай күрделі де жауапты мәселені шешу үшін республиканың Ұлттық ғылым академиясына шығуға тура келді. Кейіннен ескі қала аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының негізінде Түркістан қаласына 1500 жыл деген ресми дерек анықталды.
М.Горбачевтың Қазақстанға сапары кезінде оған мен А.Ясауи кесенесі туралы қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылып шыққан альбомды ұсындым. Михаил Сергеевич альбомды қолына алып «600 жылдан астам бұрын фундаментсіз тұрғызылған бұл тарихи кесене туралы Нұрсұлтан Әбішұлы ұшақта жол бойы айтып келді» деп ризашылық пейілмен жұбайына ұстатты. Бірақ бұл тақырып одан әрі жалғасын тапқан жоқ. Біздің ұсынысымыз қабылданып, көп ұзамай ҚКП орталық комитетінен арнайы комиссия келіп қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысын тексеріп, зерделеп, сараптама мәліметтерімен таныстырды. Өзекті мәселелерді тізбектеумен қатар, онда қалада жекешелендіру шараларын іске асыруда оң нәтижелерге қол жеткізілгені және салыстырмалы түрде мұңдағы тәжірибені үлгі ретінде басқа жерлерге таратуға болатыны көрсетіліпті. Еске сала кетейін, бұрында баспасөзде жарық көрген мақаламда жазылғандай, тексерілген мәселелер ҚКП орталық комитетінің бюро мәжілісінде тыңдалып, оның шешіміне сәйкес, Министрлер кеңесі «Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Саяси бюро мәжілісінің шешімі жарық көрген соң «Казахстанская правда» газеті «Туркестан – город социальных проблем» атты бір беттік көлемді мақала басты. Қоғамдық пікір тудырған бұл жайттардан кейін, екінші рет ҚКП орталық комитетінің бюро мәжілісінде менің есебім тыңдалып, қабылданған шешім негізінде, Министрлер кеңесі «Республикалық Әзірет Сұлтан қорығын құру туралы» қаулы қабылдады.
Тақырыбымызға оралсақ, тайқазанды қайтару ең өзекті мәселе ретінде көңілден кеткен емес, тұрақты түрде оның шешу жолдарын іздестірдік.
Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи қала тұрғындары ата-бабаларын қанға сіңген сауда-саттықты дамытуда нарық жүйесін еркін меңгеріп, алыс -жақын елдердегі кәсіпкерлермен етене қарым-қатынасы ұлғайып, Түркістан қаласы кеңінен таныла бастады. Мұндай мүмкіншілікті ескеріп, қалалық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы Еркін Жорабеков, кәсіпкерлер Ә.Әбдіразақов, Б.Ирисметов тобын Мәскеуге Одақтық мәдениет министрлігіне тайқазанды қайтару мүмкіндігін анықтауға арнайы жіберілді. Сапарлары оң болды. Е.Жорабеков Одақ Мәдениет министрі
В.Захаровпен кездесіп, тайқазанды Эрмитаждан қайтару мәселесін көтерген. Әңгіменің шеті М.Горбачевтің жұбайы Райса Горбачеваның құлағына жеткен. (Мүмкін жоғарыда айтылғандай М.Горбачевке тапсырылған
А.Ясауи кесенесі туралы үш тілдегі альбомның да септігі тиген болар). В.Захаров тайқазанды қайтаруға болатынын мойындайды.
Көңілдері орнына түсіп қайтқан жігіттер Ленинградқа аттанып, Эрмитажға барғанда академик Б.Пиотровский кезекті демалыста болғандықтан, қарсы алған Эрмитаждың жауапты қызметкері тайқазанның қайтарылмайтынын айтып, Мәскеуден келген «тайқазанды қайтарудан бас тарту» туралы ресми жеделхатты көрсетіп кері қайтарады. Көңілі түскен жігіттер кері қайтады. Арада біраз уақыт өткен соң Б.Пиотровскийдің өзі Е.Жорабековке қоңырау шалып тайқазанның қайтарылуы оң шешілгені, енді тез келіп алып кетуді хабарлаған. Мұндай қуанышты хабарды ести сала, ол маған келіп «тайқазанды алып келуге өзіңіз барасыз ба?» деді. Мен оған «жоқ осы игі істің басы-қасында жүрген сен барасың» деп, бұл жұмысты өзіне тапсырдым.
Тайқазанды алып келуге мақта тазарту зауытынан «КамАЗ» автокөлігі екі (Шералы, Молдахан есімді) жүргізушілер мен қалалық ішкі істер бөлімінен арнайы қызметкер белгіленіп, автокөлікке Эрмитаж қызметкерлеріне арналған қарбыз тиеліп Ленинградқа тездетіп аттандырылып, Е.Жорабеков, Ә.Әбдразақов, Д.Жамалов ұшақпен жолға шықты. Беттеген жеріне жеткен соң, жігіттер сый-сияпат ретінде оңтүстік өңірден қарбыз әкелгенін айтқанда Б.Пиотровский өз қызметкерлеріне мәлімет тізім (ведомость) арқылы таратып береді. Е.Жорабеков ризашылықпен Б.Пиотровскийді қонаққа шақырып, арқа-жарқа сезімде ыстық көңілмен қиын мәселенің қалай шешілгенін сұрағанда, ол кісі уақытында Эрмитажға Иран өнерінің халықаралық көрмесіне уақытша әкелінген тайқазанға көрме барысында тәуіп (зиярат) етушілердің көп болғанына байланысты Эрмитаж басшылары Түркістан қаласының басқарушы органдары басшыларына тайқазанның Эрмитажда қалу уақытын ұзартуды сұранып өтініш жеделхат жібергенін, сол себепті тайқазанның тұрақты қалып қойғанын мойындайды. Тіптен жеделхаттың түпнұсқасын да жігіттерге көрсетеді. Әңгіме барысында тайқазанның қайтарылуына қарсы болғандардың жеткілікті болғанына байланысты Б.Пиотровский СОКП Орталық Комитетінің басшыларына арнайы жолығып, қолындағы деректі құжаттарды көрсетіп, шындықты дәлелдеген соң ғана мәселенің оң шешілгенін айтады. Келесі күні академик жергілікті теледидардан тайқазанның Эрмитажға уақытша әкелінгені, енді оның тарихи өз орнына қойылуы үшін Қазақстанға қайтарылуы туралы шешім қабылданғанын ашық хабарлайды. Сондай-ақ Эрмитаждың тиісті қызметкерлеріне экспонаттарды қорғаудың электр жүйесінен ажыратып, тайқазанды тұрған жерінен алып шығуға рұқсат етеді. Алайда келеңсіз қиындықтар туындайды. Қазанның өлшем-мөлшері терезенікімен дәлме-дәл келуіне байланысты жігіттер алып келген автокрандардың тайқазанды алып шығуына мүмкіндіктері болмай уақыт созылады. Бұл жағдай құлақ түріп отырғандарға резонанс тудырады. Одақ көлемінде қажетті техниканың жоғын айтудың орнына, оқиғадан хабары бар тележүргізуші Невзоров эфирден қасиетті тайқазанды Эрмитаж ғимаратынан шығара алмай жатқанын келемеждеп хабарлайды.
«Кәсіпкердің табысты болуы танысының көптігіне байланысты» дегендей, Әбсадық Әбдразақовтың алыс-берісті сыйластықтағы сол жердегі «Нагинка» фабрикасы директорының орынбасары А.Козловтың жәрдемімен шведциялық «Вольво» жүргізушісі де швед автокранымен тайқазанды ғимарат терезесінен алып шығып, астына әкелінген киізді төсеп, «КамАЗ» автокөлігіне жайғастырады. Ә.Әбдіразақов пен Д.Жамалов ере жүріп, оларды «Мәскеу қақпасы» деген жерге жеткізіп, күзетші милиционер мен жүргізушілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп Балқаш бағытына жүруді белгілеп, жолға шығарып салады. Олар жол бойы, еш жерде тоқтамай, автокөлікті кезек-кезек, белгілі қалаларға жеткен уақытын хабарлап отырды. Сондықтан да келер уақытын пайымдауға мүмкіндік туды. Аудан шекарасынан қарсы алған Түркістан қаласының ішкі істер бөлімінің басшысы Т.Мамышев тайқазан тиеген автокөлігінің алдына түсіп, жарық сигналын қосқан бойы кесене алдына келіп тоқтап, қасиетті тайқазанның аман-есен жеткізілгені туралы рапорт берді. Сондай-ақ ол тайқазанның әкеле жатқанын естіген халық Түркістанға жете берістегі «Ынтымақ» ауылынан бастап тізілген, қалың жұрт қалаға кіргенше қол бұлғап тұрып қарсы алғанын жеткізді. Кесене алдында ине шаншар жер жоқ, қуанышы қойнына сыймаған жандарға толы.
Қарсы алу рәсімінде қаланың мәдениет бөлімінің басшысы Қ.Бегмановтың шақыруымен келген академик Зейнолла Қабдоловпен бірге сөйлеген сөзімде «қасиетті тайқазан елімізге ырыс әкеледі» деген ыстық лебіз айтылып еді, ол сәт менің өмірімдегі ең қымбат уақыт болып қала береді.
Нұридін БАЛҚИЯҰЛЫ, Түркістан қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы»