512
Қазақ сөздерін термин ретінде қабылдауға кесірін тигізіп жүргендер...
Қазақ сөздерін термин ретінде қабылдауға кесірін тигізіп жүргендер...
Өткен екі-үш жыл ішінде, яғни 2012-14 жылдар аралығында республикалық Педагогикалық ғылымдар академиясы басқармасының төрағасы, ғылым докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Асқарбек Қабыкенұлы Құсайыновтың басшылығымен ғылымның алуан түрлі салалары бойынша ХХ ғасырдың аяқ шенінде алғаш дайындалып, баспадан жарық көрген 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер топтамасы мамандар тарапынан тағы бір рет талқыланып, олардың жаңартылған нұсқалары «Қазақпарат» баспа корпорациясынан өткен жылы жеке-жеке 30 том түрінде қайтадан басылып шықты. Осы топтаманың 19-шы томына енгізілген ғылымның геология, геодезия және география салалары ауқымындағы геологиялық терминдердің қазақша нұсқаларын дайындаушы шығармашылық топтың жетекшісі болғандықтан, осы ұланғайыр шаруаның басы-қасында болған маман ретінде жарық көрген томдардың маңызы мен мәртебесі, жетістігі мен перспективасы жайлы ой-пікірімізді оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік.
Аталған сөздіктердің 1999-2000 жылдары «Рауан» баспасынан жарық көрген алғашқы нұсқалары уақытында елеулі рөл атқарғаны даусыз. Тәуелсіз мемлекет ретінде білім мен ғылымды өз тілімізде сөйлетуге деген талпыныс нышанындай көрінген бұл еңбек нәтижелері нақтылы өндіріс салаларына жаппай еніп кете қоймаса да, білім беру орталықтарында, қазақи терминдер ғылыми айналысқа енгізіп жіберу ісінде айтарлықтай бетбұрыс болғаны анық. Алайда алғашқы қадамның апыл-тапыл болатындығы сияқты бұл еңбектердің де «әттеген-айлары» аз болмаған еді. Мұның негізгі себептері – терминді талқылаушылар арасында тілді білгенімен, сөздің төркіні мен терең иірімдерін сезінуге дәрменсіз «әсіреқызыл білгіштердің» көп болуының және әлгіндейлер топтамаларды талқылау барысында терминнің өздері ұсынған нұсқаларының өтпеуінен өзге маман ұсынған ұтымды нұсқаны да өткізбеуге бірден бір себепші болуын т.с.с. атауға болады. Жинақталған терминдердің қазақша рәсімделген нұсқаларын талқылауға тек сала мамандары ғана тартылып, тіл мамандарының бұл маңызды мәселеден мүлдем сырт қалуы да бұрын жарық көрген 31 томдық серияның аса сапалы болып шықпауына өз ықпалын тигізгені анық. Бұл жөнінде бұрынырақ та талай рет жазғанбыз, оны тағы қайталаудың реті шамалы.
Жаңадан жарық көрген 30 томдық серия осы айтылған «әттеген-айлардың» барлығын дерлік қатаң ескере отырып дайындалғандығын мәлімдеуге тиістіміз. Жаңадан жарық көрген томдардың кіріспесінде аталып көрсетілгеніндей, бұл шаруаны жүзеге асырудағы басты мақсат – «біріншіден, сала терминдерін жаңа терминдермен толықтыру, екіншіден, бұрынғы терминдерді мұқият зерделеу, қазақша нұсқаларына қайтадан шұқшию, оларды өңдеу яки бірізділендіру, ал үшіншіден, бұрынғы сөздіктердің әрбір томына енген 4000-5000-дей терминдер санын жаңа терминдермен толықтырып, оларды 9000-ға, тіпті 11000-12000-ға дейін жеткізу болды». Кіріспеде, сол сияқты, сөздіктер топтамасын талқылап дайындауға ұзын саны 52 мекемеде жұмыс істейтін 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты атсалысқаны айтылған. Бұл еңбектер алдын ала әдейі дайындалған «Сөздіктер топтамасын әзірлеу ұстанымдарына» сәйкес дайындалған, оларды дайындау барысында бұған дейін жарық көрген салалық терминологиялық сөздіктер, жалпылама сөздіктер және терминология мәселесіне қатысты жарық көрген ғылыми еңбектер кеңінен пайдаланылған. Жұмыстың жалпылама барысын Тілдерді дамыту комитеті үнемі қадағалап отырды.
Әрбір сала бойынша басты-басты терминдерді анықтау, оларды жүйелей топтастыру, осы топтар ауқымындағы жекелеген терминдердің қазақша баламаларын сала мамандары тарапынан ұсыну, ұсынылған нұсқаларды кең ауқымда талқылау шаралары жоспарлы түрде жүзеге асып отырды. Осы іс-шараларға тікелей араласқандардың бірі ретінде сөз болып отырған сөздіктер сериясының аса мұқият екшеліп, жан-жақты талқылаудан өткендігіне куәгерміз. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында 13-14 жыл бұрын жарық көрген 31 томдық сөзіктер топтамасын жаңа сапаға көтеру мақсатында үш түрлі мәселеге айрықша мән берілді: 1) жинақталған терминдерді жүйелеу және оларды кең ауқымда талқылау шараларына тек сала мамандары ғана емес, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары да тартылды; алғашқы сөздіктер топтамасын шығару барысында ескерілмеген бұл маңызды шешім жаңа басылым сапасын айтарлықтай жақсартуға септігін тигізгені даусыз; 2) жекелеген терминдердің қазақша нұсқалары мерзімді баспасөз бетінде, атап айтқанда «Ана тілі» газетінде тұрақты түрде жарияланып, оқырмандардан түскен пікірлер ескеріліп отырды. Дайындалған сөздіктердің соңғы нұсқасы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық Терминологиялық комиссиясы мүшелеріне уақтылы тапсырылып, олардың айтқан ескертпелері мен пікірлері қатаң ескеріліп отырды; 3) бұрынғы сөздіктерге кірмеген, бірақ ұлттық болмысымызды жарнамалауда таптырмайтын құрал болып табылатын, қазақ ұлтына ғана тән салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге, тұрмыс-тіршілігімізге қатысты, өзге тілдерде, соның ішінде орыс тілінде де мүлдем ұшыраспайтын талай-талай термин-сөздер жүйеленіп, сөздіктерге енгізілді.
Жаңадан дайындалған сөздіктердің бұрынғы сөздіктерден елеулі айырмашылығын ғана белгілеп қоймай, тіліміздің тегеурінділігін, қазақ тілінің әлем тілдерін байыта түсу мүмкіндігі де айтарлықтай жоғары екендігін көрсетуге тырысқан талпыныс болғандығын айрықша атамақпыз. Расынан да, көне тарихымызда әбден қалыптасқан, жаңа заманда қолданыс аясы бірте-бірте тарылып бара жатқан, өзге тілдерде ұшыраспайтын, ал аударма-нұсқалары қазақ тіліндегі түсінігін тұп-тура бере алмайтын қазақ сөздері қаншама?! Танымдық мағынасы соншалықты терең және мейлінше мәнді де мағыналы мұндай түсінік атауларына арнаулы термин мәртебесін бере отырып, оларды ғылыми айналысқа нақ қазақ тілінде енгізуге тырысу құптарлық жайт.
Бұл оңай шаруа емес, әрине. Сөздік өзімізге үйреншікті болып үлгерген орысша-қазақша және қазақша-орысша нұсқаларда дайындалғандықтан, төл қазақ тілінде анықталған терминді орысшаламай, оны орыс орфографиясына сәйкестендірілген қазақ сөзі түрінде ғана қалдыру қажет екендігі күмән тудырмаса керек. Алайда «көзі ашық» болғанымен, көкірегі «бодандық дертімен» әбден уланып үлгерген талай-талай «білгіштерге» бұл әрекет мүлдем тосын көрінуі әбден ықтимал. «Ерулік» пен «кәде», «құнан» мен «бесті», «ақбоз» бен «сүлікқара», «ірімшік» пен «қазы», «туырлық» пен «іргелік», «шаңырақ» пен «кереге», т.с.с. тек қазақ сөздері арнаулы терминдер ретінде халықаралық айналысқа енгізуге тұрарлық сөздер екендігіне күмән келтіруге бола ма?! Бұған күмәнданбайтын болсақ, олардың орысша баламасын іздеп арамтер болып неміз бар? Бұл сөздерді сол қалпында халықаралық айналысқа енгізу дегеніңіз қазақтың мәртебесін жоғарылатудың ең ұтымды жолдарының бірі емес пе?! Біздің әбден «орыстанып кеткен» қоғамымызда «қазы» – «конская колбаса» деп, «кереге» – «остов юрты» деп, «шаңырақ» – «купол юрты» деп неге орысшаға аударылмаған деген мазмұнда шу шығарушы «көрсоқырлар» аз болмайтындығы анық. Алайда нақ осы орайда олардың байбаламына құлақ аспағаннан ұтымдысы жоқ. «Ит үреді – керуен көшеді» деген философияны тұтыну нақ осы орайда орынды.
Мен жоғарыда бір топ басты терминдерді ғана атадым. Тек қана киіз үйдің құрылысы мен құрылымына, жабдығы мен жасауына қатысты терминдердің өзінен ширек том шығатындығына күмән жоқ. Және олардың басым көпшілігінің орыс тіліндегі немесе өзге тілдегі дәлме-дәл баламасын табу мүмкін емес. Мәселен, киіз үйдің шаңырағына қатысты «қаламдық» терминінің «орысша нұсқасын» «каламдык», «күлдіреуіш»-ті «кулдиреуиш» демегенде қайтпекпіз? Тіпті «қаламдық»-ты сол «қаламдық», ал «күлдіреуіш»-ті сол «күлдіреуіш» күйінде қаз-қалпында қалдырсақ, тіпті қатып кетер еді, алайда орыс тілінде «қ» және «і» әріптерінің жоқтығына қазақ кінәлі емес қой. Мұндай мысалдарды салт-дәстүріміз, киіз үйдің құрылысы мен жабдықтары, ат әбзелдері, жылқының түрлері мен түстері, т.с.с. номадтардың тыныс-тіршілігіне қатысты нысандар тұрғысынан келтіруге болады. Қазақ сөзі қорының байлығы соншалық, өзге тілдерге аударуға болмайтын түсініктер тіпті адамдардың мінез-құлқына қатысты түсініктерде де аз емес. Мәселен «жігіттік» сөзін алайық. Байырғы «жігіт» сөзін байырғы «парень» сөзінің баламасы ретінде қолдану дұрыс-ақ делікші, себебі «жігіт» – «парень» термин емес қой. Ал «жігіттік»-тің жөні бір басқа, ол байырғы жігіттің нағыз еркектерге тән талай-талай әрекеттерге бара алатын айрықша сипаты. Ендеше бұл сөз арнаулы түсінік (анықтама) беруді қажет ететін нағыз термин. Бұл терминнің орыс тіліндегі дәлме-дәл баламасын таба алмайтындығымыз даусыз. Сондықтан «жігіттік»-ті термин-сөз ретінде рәсімдей отырып, оның «орысша аудармасын» да «жигиттік» деместен басқа, амал жоқ.
Айтқандай-ақ төркіні түркі тілінен туындайтын «жігіт» сөзінің түбірі орыстың «джигитовка» сөзінде көрініс таба отырып, ғылыми айналысқа әлдеқашан еніп кетті. Бұл сөзді «жигитовка» деп дыбыстаудың орнына сөз алдына «д» дыбысының жалғануы сөзді орыс тілі орфографиясына икемдеумен ғана шектелмеген сияқты; мұның арғы төркінінде қазақты бірте-бірте «орыстандырудың», яки орыстың ұлыдержавалық шовинистік саясатының да «құлағы қылтиятын» сыңайлы. Орысша жазғанның өзінде «Уалиханов», «Жамбыл» т.с.с. деп жазудың еш қиындығы болмаса да, олардың «Валиханов», «Джамбул» т.с.с. болып өзгертілуі қазақтың құлағын «орысша дыбыстарға» бірте бірте үйрете беру саясаты жатқанға ұқсайды.
Маған етене жақын геология терминдеріне «қазақтас» (орысша нұсқасы «казахтас»), «қойтас» («койтас»), «сай» т.б. бір топ терминдер қазақ тілінен ендірілген. Олар көптен бері қолданыста – орыс тіліндегі геологиялық академиялық түсініктеме сөздіктерге әлдеқашан еніп кеткен. Десек те, нақтылы термин ретінде халықаралық қолданысқа ұсынуға жарамды қазақ сөздері табиғатқа қатысты нұсқалардан гөрі ұлтымыздың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігімізге қатысты нұсқаларда әлдеқайда көп болуы тиіс. Олардың кейбір өкілдері ғана 30 томдыққа енгізілгендігінен хабардармыз, бірақ олар бірегей қалпын сақтамай, жеке-жеке томдарға таралып берілген сыңайлы. Болашақта мұндай айрықша терминдерді – қазақ тілінен іріктеліп алынған, халықаралық айналысқа енгізуге тұрарлық терминдерді жеке том етіп шығару – келелі шаруа. Алайда бұл жұмыс тек қана термин түзушілер емес, бүкіл қазақ зиялылары өкілдерінің тізе қоса отырып тындыратын жұмысы.
Айтулы қазақ сөздерін термин ретінде топтастыру оларды айналысқа енгізудің ең алғашқы қадамы ғана. Термин ретінде рәсімделген бір топ арнаулы қазақ сөздерін жекелеген сөзтізбелер томы түрінде шығарып алып, қол қусырып қарап отырсақ, олар кең ауқымды халықаралық айналысқа өзінен өзі ене қоймасы анық. Ол үшін ұлтымыздың бүкіл зиялы өкілдері тұрақты да пәрменді түрде жұмыс істеуі тиіс, яғни олар әзірше ең болмағанда орыс тілінде жазылған күнделікті шығармаларында терминдер томына енген сөздерді сол қалпында барынша кеңінен қолдануы керек. Бұл орайда шығарманы (әдеби шығармаларды, әсіресе газет мақалаларын) оқыған орыс немесе «орыс боп кеткен қазағымыз» әлгі сөздің мағынасын түсінбей қалады-ау деп қапа болудың түкке де қажеті жоқ. Тіпті, қайта түсінбегені жақсы, сонда ол әлгі сөздің түп-төркінін іздейтін болады, сөйтіп сол сөздің айналысқа ену үдерісін санадан тыс жылдамдатады. Айтқандай-ақ, төл тілімізде рәсімделіп, халықаралық айналысқа ене бастаған (бірінші кезекте, орыс тілінде жазылған еңбектер арқылы) сөздердің түп-төркінін анықтап беретін қазақ терминдерінің өзге тілдердегі (бірінші кезекте, орыс тіліндегі) түсіндірме сөздігін, яғни «Қазақ тілі терминдерінің сөзтізбелері» томын жедел шығару қажеттілігі өзінен-өзі түсінікті. Бұл аса маңызды шаруаны екі тілді де өте жетік меңгерген, ұқыпты да зерделі және аса еңбекқор жалғыз ғана автор атқарғаны абзал, сонда ғана бұл түсіндірме сөздік мәтінінің бірізділігі қамтамасыз етілетін болады. Ал «Қазақ тілі терминдерінің сөзтізбесі» томына енген термин-сөздердің түсініктемесін (анықтамасын) тауып, жүйелеу бүгінгі биік технологиялар заманында айтарлықтай қиындық тудырмаса керек, бұл орайда әлемдік желінің яки интернеттің атқарар рөлі ұшан-теңіз екендігі анық. Қазақ ұлтының өзіне тән бүкіл болмыс-бітімін барынша ашып көрсететін тақырыптарды қамтитын арнаулы энциклопедиялардың соңғы кезде жаппай жарық көруі де бұл мәселенің оң шешілуіне өз септігін тигізетіні анық.
Бұрыннан қолданыста бар байырғы сала терминдерін жинақтап, жинақталған терминдерді жүйелеу барысында да олардың қазақша баламаларын, шама келгенше, көбірек қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. «Білім-ғылымды қазақша сөйлету» ұстанымы еліміздің кез келген дамыған мемлекетпен терезесі тең ұлттық мемлекет болуының бірден-бір шарты екендігін ескерсек, сала терминдерінің басым көпшілігін қазақи түсініктермен рәсімдеу мәселесінің мәні мен мағынасы одан сайын айшықтала түсетіндігі даусыз. Бұл игі тілекті жүзеге асыруға әдемі де әсерлі естілетін тіліміздің сөздік қоры толықтай жеткілікті екендігі де ешбір күмән туғызбайды. Қаражат та қолбайлау болмауға тиіс. Термин де сөз екендігін, ал әрбір сөздің өзіндік уәжі яки төркіні болуы тиістілігін мойындар болсақ, қазақша рәсімделген «термин төркіні» оны оқыған кез келген қарапайым қазаққа (тек сол саланың маманына ғана емес) әңгіменің не жөнінде болып отырғандығын бірден шамалауға мүмкіндік беруі тиіс. Міне, осы мақсат-мүдде жүзеге асқанда ғана қазақша терминжасам ісі өзінің діттеген деңгейін толығымен игерді деп мәлімдеуге болатын сияқты, себебі көпшілігі қазақ тілі қаражаттарымен рәсімделген терминдер жүйесінің жасақталуы ұлтымыздың зияткерлік дәрежесін халықаралық деңгейге көтерудің бірден бір алғышарты рөлін атқара алатын өте маңызды көрсеткіштердің бірі.
Әрбір сала бойынша жекелеген авторлар ұжымы ұсынған терминдер топтамасы ғылым-білімнің бір-бірімен сабақтас салаларының ғалымдары тарапынан кең ауқымда талқыға түсті. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, мұндай талқылау мәжілістеріне ондаған сала ғалымдарымен қатар жекелеген салалар бойынша бекітілген арнаулы тіл мамандары (А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері) дәйім қатынасып отырды. Мұндай талқылаулар талай-талай тартыстар мен қызу айтыстар жағдайында өткендігіне куәгерміз. Мұндай айтыстар негізінен терминдерді, шама келгенше, қазақшалау ұстанымын жақтаушылар мен шет ел тілдерінен енген терминдердің нобайын сол қалпында қалдыруды жақтаушылар арасында өрбігендігі түсінікті. Талқылау шаралары, өкінішке қарай, соңғы топ өкілдері әлі де болса аз емес екендігін көрсетті. Десек те, дайындалған терминдердің жаңа нұсқасы бұрын жарық көрген томдарға енген нұсқадан әлдеқайда сапалы болып шыққандығы күмән келтірмейміз.
Дайындалған термин топтамаларының жаңа нұсқасында ешқандай да кем-кетік болған жоқ деп мәлімдеу – шындыққа жанаса қоймасы анық. Кез келген үлкен шаруаның нәтижесі ешбір кемшіліксіз болмайтындығы белгілі. Жүздеген адам қатысқан шаруаның нәтижесі «бір қолдың саласындай» болып шыға қоюы екіталай нәрсе, сондықтан сөздіктердің жекелеген томдарында азын-аулақ «әттеген-айлар» кезіксе, кешіріммен қарау ләзім. Қалай дегенде де, еліміздің болашағы үшін өте маңызды іс-шаралар нәтижесі өзінің оң шешімін тапты деп мәлімдеуге толық құқылымыз.
Ендігі жерде мұқият ескеретін аса маңызды бір жайт бар, ол – шама келгенше, көп кешіктірмей дайын болған сөзтізбелер негізінде ғылымның әрбір саласы бойынша толыққанды академиялық түсіндірме сөздіктер дайындау және оны баспадан шығару мәселесі. Бір айта кетерлігі сөздіктерді талқылау барысында сапалы түсіндірме сөздіктер дайындауға қабілетті мамандар мен ғалымдар ғылымның барлық салалары бойынша дерлік бар екендігі байқалды. Алайда бұлар – көбінесе аға буын және орта буын өкілдері. Олай болса, олардың биік әлеуетін тез арада пайдаланып қалу қажет-ақ. Ендеше бұл маңызды шараны «ұзын арқау–кең тұсауға» салудан сөзсіз ұтылатындығымызды естен шығармаған абзал.
Бір сөзбен айтсақ, шамамен екі жылға жуық уақытқа созылған сөздік қолжазбаларын баспаға дайындау жұмыстары жоспарлы да пәрменді түрде және де қатаң қойылған талаптар мен қадағалаулар аясында жүргізілгендігі. Бұл орайда Педагогика ғылымдары академиясының басшылығы мен қызметкерлерінің атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Академия қызметкерлері қыруар шаруаны уақтылы және өте ұқыпты түрде орындап шыққандығын айта келіп, оларға авторлар ұжымы атынан рахмет айту артық болмас деп ойлаймын.
Нәсіпқали СЕЙІТОВ,
геология-минералогия ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі,
Ұлттық жаратылыстану академиясының және
салалық Минералдық ресурстар академиясының академигі