1583
Инклюзив білім қашықтан қалай беріледі?
Инклюзив білім қашықтан қалай беріледі?
Инклюзив білім беру – дамуында ауытқуы бар немесе мүгедектік жөнінде дәрігерлер шешім қабылдаған балалардың дені сау балалармен қатар білім алуы. Елімізде карантин кезінде қашықтан оқытудың үш түрлі формасы енгізілді: онлайн мен оффлайн және вебинар. Бұл кезде ерекше білім алуды қажет ететін тұлғалар үшін сабақ оқу күрделене түскені рас. Педагогтар командасы қашықтан инклюзив білім беру туралы түрлі онлайн курсқа қатысып, біліктілігін көтерді. Білім сайттарындағы инклюзив курстың материалдарын тегін пайдаланып, жүктеп алу қолжетімді болды. Инклюзив білім беру саласына жауапты мамандар мен ата-аналар қолдауы арқасында балалар қашықтан оқып, білімін жалғастырды. Жағдай тұрақталған соң кезекші сыныптар ашылып, мектептер мен оқу орталықтары балаларды қабылдай бастады. Карантин кезінде инклюзив білім қалай берілді? Осы сұрақты мамандарға қойдық.
Жұлдыз МҰҚАШ,
түзету кабинетінің әдіскері:
БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМ АЛУЫНА МОНИТОРИНГ ЖАСАЙ АЛМАДЫҚ
– Инклюзив білім беру – барлық елдің басын біріктірген білім трансформациясы. Кеш дамып жатқан білім саласында мәселелер де жоқ емес. Алға қойған міндет қаншама?! Инклюзив қоғамы бар, бұл салада 70 жылдан бері заңнама бекітіп қойған шетелмен иық теңестірмесек те, оны дамыту – маңызды міндеттің бірі. 2017 жылы Алматының Бостандық ауданындағы №63 жалпы білім беретін мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Кабинет іші арнайы құрылғылармен жабдықталып, дидактика материалдары ілінді. Баланың дамуын жақсартатын ойыншықтар да бар. Қазір мектепте 25 оқушы ерекше қажеттілікке мұқтаж.
Жалпы сыныптарда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) жолдамасымен ақыл-ойы мен физикалық дамуы, ой-өрісі, есту, сөйлеу қабілеті, тірек-қимыл аппараты және мінез-құлық бұзылыстары бар балалар оқиды. Инклюзив білім беру жaғдaйындa ерекше білім беру қaжеттігі бaр oқушылaрды пcихoлoгиялық-педaгoгикaлық қoлдaу (ППҚ) мaңызды. Бұл орталық біздің мектепте де бар. Онда инклюзив білім беру координаторы, арнайы педагог, логопед, педагог-психолог, әлеуметтік педагог және педагог-ассистент қызмет атқарады. Біріккен ППҚ қызметінің мақсаты – мүгедектігі бар балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету.
Пандемия кезінде арнайы білімді қажет ететін оқушылар да қашықтан білім алды. Пән мұғалімдері мен ППҚ мамандары тарапынан оқушылармен тығыз жұмыс істеп, оларға жеке тапсырмалар дайындалып, Zoom, Skype сервистері мен WhatsApp желісі арқылы онлайн сабақтар өткізді. Биыл ата-аналардың өтінішімен оқушыларға кезекші сынып ашуды жөн көрдік. Арнайы маман бекітіліп, әр баламен жеке жұмыс жүргізді. Кейбір ата-ана жеке мұғалім мен жеке сабақты талап етті.
Жағдай тұрақталғаннан кейін бастауыш сынып оқушылары кезекші сыныпқа қабылданды. Қашықтан оқытуды жалғастырған оқушылар да болды. Аутизмі бар балаларды қашықтан оқыту өте қиын болды. Жарты сағаттың 15 минуты баланы экран алдында отырғызуға кетеді. Ата-аналар жауапкершілікті сезініп, тапсырмаларын тұрақты жіберіп тұрды. Ең қиыны жыл соңында мониторинг жасай алмадық. Тапсырманы бала өзі жасады ма, әлде ата-анасы көмектесті ме, соны білмегендіктен, оқу нәтижесін нақты ала алмадық.
Дархан АЖМОЛДАЕВ,
«Дарын» АВА орталығының директоры:
АТА-АНА БАЛАСЫН
ОНЛАЙН ОҚЫТУҒА УАҚЫТЫ БОЛМАЙДЫ
– АВА (Applied behavior analysis) – мінез-құлық технологиялары мен оқу әдістеріне негізделген терапиялық бағдарлама. Мақсаты – ерекше қажеттігі бар баланың мінез-құлқын зерттей отырып, қоршаған ортаға бейімдеу. Бұл әдісті 1963 жылы Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің докторы Ивар Ловаас пен оның әріптестері қолданды.
2015 жылы АВА мамандығын оқып алдым. 2016 жылдың қаңтар айында орталық ашылды. Дамуында түрлі бұзылысы бар, сөйлеу мен ойлау жүйесі тежелген, аутизм, алалия диагнозы бар балалармен жұмыс істейміз. Мақсатымыз – мектепке дейінгі балаларды қолдау. Қарым-қатынасқа үйретіп, өзін-өзі басқара алатын дағдыларын дамыту. Мысалы, балалар дәретке өздігінен бара алмайды, тамақ жей алмайды. Соны үйретеміз. Бойындағы жағымсыз қылық пен түрлі әдеттен арылту үшін жұмыс істейміз. Кейбір бала сөйлей алмайды. Пандемияға дейін орталықта 30-ға жуық бала білім алды. Қазір карантин жағдайына байланысты 15 баладан ғана қабылдап жатырмыз.
Карантинде өте қатты қиналдық. 2 ай бойы орталық жабық тұрды. Білім жүйесі жаппай онлайнға көшсе де, біздің орталығымыздың білім жүйесі өзгеше. Мысалы, экранның арғы жағындағы мұғалімге біздің балалар жауап бере алмайды. Онымен қалай қарым-қатынас жасайтынын білмейді. Содан ата-аналарымен бірігіп, онлайн оқуға көштік. Білім алуында ерекше қажеттігі бар баланы ата-анасымен бірге қашықтан оқыту әдісі АҚШ-та дәлелденген. Ата-аналарды онлайн оқытып, нәтижесін зерттедік. Экранның арғы жағынан баласымен бірге тапсырма орындайды. Біз кем-кетігін түзейміз.
Карантинде орталыққа келе алмай жатқан әр өңірдегі ата-аналарды да қамтуға тырыстық. Сөзімнің дәлелі болсын, тараздық ата-ана баласымен бірге онлайн сабаққа қатысып, бірінші деңгейді аяқтады. Қазір баласының тілі шығып, сөйлеуді үйреніп жүр. Естігенде қатты қуандық. Негізі онлайн сабақты карантиннен бұрын бастадық. Сұраныс көбейіп, ата-аналар тарапынан талпыныс болды. Өйткені жыл сайын аутизм диагнозы бар балалар көбейіп жатыр. Қазір оффлайн оқуға кезекте тұрған бала көп. Кезегі келген баламен ғана жұмыс істейміз. Сол жағы қиындау болып тұр. Себебі баласына онлайн сабақ оқытып отыруға ата-анасының уақыты жоқ. Амалсыздан, оффлайн сабақтың кезегінде тұр. Пандемия болғасын, ата-аналар баласының вирус жұқтыруынан қорқады.
Әлия АБДИБАИТОВА,
ерекше баланың анасы:
ДӘСТҮРЛІ
БІЛІМ БЕРУГЕ
ЖЕТЕТІНІ ЖОҚ
– Ұлым Әмір Алпамыс Елордадағы №23 мектептің 9-сыныбын бітірді. Инклюзив сыныпта оқыды. Тьютордың жетекшілігімен сабақ орындап, қосымша білім алды. Карантинде кезекші топтарда ашуға рұқсат берді. Себебі балалар «ерекше» болғандықтан, екі ауысымда кезекші топ ашуға тура келді. Ол жақта тьютормен бірге онлайн сабаққа қатысты. Әрине, «ерекше» бала үшін онлайн сабақ қиын. Мысалы, интернет желісі мен компьютерді қолдану, тіпті телефонды дұрыс пайдалану қиынға соқты. Тапсырманы баланың жалғыз отырып орындауы мүмкін емес. Кейбір сабақтарға үйден қатыстық. Мысалы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі YouTube каналдың сілтемесін жіберіп, бала өздігінен жаттығуларды орындады. Бейнесабақтың тапсырмаларын бірлесіп жасадық. Аутизм диагнозы бар балалар үшін тьютордың көмегі ауадай қажет. Әсіресе тапсырма орындап, сабаққа қатысар кезде жетекшілік етіп, қадағалайтын маманның болғаны дұрыс. Сөздің шыны керек, дәстүрлі білім беру жүйесіне жететіні жоқ. Сыныптағы балалармен бірге оқу ыңғайлы. Біздің балаларға қоғаммен байланыс керек. Дәл қазіргі жағдайға ешкімді кінәламай, түсіністік танытқан абзал. Келесі жылы мектеп партасында отырып білім алғымыз келеді.
Айгүл ШАКИБАЕВА,
заңгер:
«ЕРЕКШЕ» БАЛАНЫҢ
ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ
ҚОРҒАЛАДЫ?
– Қазақстан – ТМД бойынша «Білім туралы» заңға инклюзив білім беру институтын алғаш енгізген елдердің бірі. Ерекше қажеттігі бар балалардың қатарынан қалмай білім алуына жағдай жасау ниетін заң жүзінде дәлелдеді. Баланы оқытып отырған маман қанша мықты болса да, ол дәл ата-анадай көңіл бөле алмайды. Бала 24 сағат бойы дами береді. Ерекше баланың жетілу кезеңі көп уақыт алады, кейде тоқтап қалуы да мүмкін. Ондай баланың ата-анасы педагогикалық, психилогиялық және физикалық дамуына байланысты барлық нәрсені нақты білуге тиіс. Педагогтармен психологтар, дәрігерлер мен арнайы сала мамандарынан көмек сұрай алады.
Бала дамуындағы ерекшелігіне қарамастан, диагностика қорытындысы бойынша арнаулы бiлiм беру ұйымдарында немесе мемлекеттiк жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында тегiн мектепалды және жалпы орта бiлiм алуға құқылы. Қазақстан Конституциясының 30-бабы бойынша азаматтарға мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріледі. Мемлекет мүгедектігі бар азаматтардың білім алу құқығын мойындайды. Баланың немесе білім алушының ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері оның қалауы, жеке бейімі мен ерекшелігін ескере отырып білім беру ұйымдарын таңдай алады.
Арнайы түзету сыныптары бар мекемелерден басқа кейінгі жылдары инклюзив білім беру мектептері ашылды. Осындай мектептерде баламен танысу кезінде педагогикалық консилиум өткізіледі. Оған мектеп педагогтары мен психолог, логопед, дефектолог қатысады. Бала туралы ақпарат, қандай да бір саладағы даму деңгейі көрінеді, одан кейін балаға қандай пәндерден жетекшінің көмегі қажет екені, қай сабаққа өз бетінше қатыса алатыны белгілі болады. Нәтижесінде жеке оқу жоспары әзірленеді.
Психологиялық, медициналық және педагогикалық кеңестердің қорытындысы мен оқытудың жеке жоспары бойынша мүгедектігі бар балалар үш жастан бастап мектепке дейінгі білімді ала алады. Мекеменің жеке немесе мемлекеттік екеніне қарамастан білім беру мекемелері әкімшілігі балаға білім беру қызметін беруден бас тартуға қақы жоқ. Бас тартқан жағдайда жоғары тұрған инстанцияларға, прокуратураға шағымдануға немесе сотқа арыз-талап түсіруге болады. Қарапайым қағидаларды «ерекше» тұлға тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана білуге міндетті.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ерекше қажеттігі бар балалардың білім алу мәселесін көтерді. Күні кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Ресми статистика бойынша елімізде ерекше білім беруді қажет ететін бала саны – 161 мың. Бұл көрсеткіш жыл сайын 3 пайызға өсіп отыр.
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА