Түркілер тегіне терең үңілген ғалым

Түркілер тегіне терең үңілген ғалым

Түркілер тегіне терең үңілген ғалым
ашық дереккөзі
468
Зиялылық дегеннің түсінігі тереңде екенін бағам­да­ғанымыз жөн сияқты. Зиялылық – білім-ғылым, әдебиет пен мәдениеттің көрнекті өкілдері болу ғана емес, со­нымен бірге тәуелсіздігіміздің тұғырлы, болашағымыз­дың баянды болуы үшін аянбай еңбек сіңірген қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтерілгендерді айтуға болады. Міне, осылардың қа­тарына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей және Қа­зақстан Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, фи­лология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Құрманжанұлы Ахметовті қосуға әбден болады. Ықылым заманнан басы ашық бір нәрсе – жалпы жұрт­шылық оқы­ғаны, тоқығаны, ай­тары бар аза­маттарына қарап бой түзейтіні, ой тү­зей­тіні. Тәуелсіз мем­лекетіміздің зиялы қауым өкіл­деріне де артар үміті зор. Өйткені, ұлт өзінің мемлекет құрған уақы­ты­нан бастап зиялыларға зейін қоя­­тыны белгілі. Олардың мем­ле­кет­тің сая­сатына араласып, қоғам­ның әділетті болуын ойлап, оның бо­лашақ жолын ай­қындауда жүр­гі­зетін жүйелі жұ­мыс­тары үлкен рөл атқаратыны анық. Алаш ардақтысы М.Шоқайдың: «Біздің ойы­мызша, бел­гілі бір мұрат-мақ­сат­тардың соңын­да жүрген және сол бел­гілі мұ­рат-мақсаттары төңірегіне жи­нал­­ған оқымыстыларды ғана зиялы деп ай­туға болады. Ұлттық зиялылар қата­ры­на тек өз халқының саяси, эконо­ми­ка­лық және әлеуметтік дамуына қалт­қы­сыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деген қанатты сөзін қапері­мізде ұстағанымыз да орынды болары сөзсіз. Академик Ә.Ахметовтің өмір жо­лына көз жіберсек, мемлекет­шіл­дігі, ағартушылығы, ғалымдығы мен сырт­қы саясаттағы сардарлығы ел үмі­­тін атқарар азамат екенін байқатады. Ол туралы сөз бола қалғанда, алғашқы бо­­лып айтылатыны – оның шет тілде­рін жоғары деңгейде меңгерген мықты ма­ман екендігі. Оған қоса, Алаш ар­дақ­тысы Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, орысша сөй­лесең – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш» деген қағидасын қару еткен ұлтжанды азамат екені өз алдына бір әңгіме. Реті келгенде айта кетейік, академик Ә.Ахметов Ал­ма­ты шет тілдер педагогтік инс­ти­туты­на (қазіргі Абылайхан атындағы Ха­лық­аралық қатынастар және әлем тіл­дері университеті) тағайындалған шет тілі мен ана тілін тел емген тұңғыш рек­тор екенін біреу білсе, біреу білмес. Тәуелсіздігін енді ғана қолына алған кезде елді әлемнің ал­пауыт мемлекеттерімен байланыс­тыра­тын білікті, шет тілдерін меңгерген ма­мандар даярлау міндеті жалғыз кәсі­би жоғары оқу орнына жүктелген еді. Тек педагог кадрлар дайындап келген институтқа халықаралық қатынастар мамандықтарын ашып, әрі ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау үшін аспирантура мен докторантура ашу қажеттілігі туындаған тұс болатын. Білім стандарттары мен бағдарла­ма­ларын әзірлеу, сонымен бірге кеңестік кезеңдегі даңқы әлемді шарпыған дара университет – Мәскеу мемлекеттік ха­лық­аралық қатынастар институтымен тығыз байланыс орнату күн тәртібіне көтерілген болатын. Қатардағы оқыту­шыдан сатылап, институттың ректор­лығына дейін көтерілген, тәжірибелі маманға ұйымдастыру жұмыстарымен тікелей өзі айналысуға тура келді. Инс­титуттың Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті болып қайта құрылу үдерісінде нағыз қа­жыр­лылықтың, іскерліктің білімі мен бі­лігінің сынға түскен кез болғанын қазір айтуға оңай. Құрылымдық өзгерістер, маман даярлау бағыттарын бағ­дар­лаудағы креативті ойлар, стратегиялық болжау, командамен жұмыс істеу, бас­қарушылық қабілетінің арқасында сын­нан сүрінбей өткенін әріптестері аңыз етіп айтып жүргенін талай естідік. Естідік дегеніміз жөн болмас, «қолмен ұстап, көзбен көрдік» десек те орынды шығар. Кәсіподақ комитетін басқара жүріп, басшының батыл шешімдер қа­былдау әдісіне куә болғанбыз. Бастық бол­дым деп, «басқа ұрып, төске шаппай-ақ» көркем мінезімен көпті жұмысқа жұ­мылдырудың үлгі-өнегесін көр­сет­кенін айтқанымыз абзал. Атақты «ИнЯз» түлектері үлкен сұра­нысқа ие болып, енді қанат жая бас­таған қазақ дипломатиясының ал­ғаш­қы қарлығаштары болды десек, ар­тық айтпайтын сияқтымыз. Бәрі деп өті­рік айтпай-ақ қояйын, Сыртқы істер ми­нистрлігінің сол кездегі негізгі құ­ра­мының жартысы Әділ Құрманжанұлы басқарған университет түлектері бол­ғанын және қазір де қалтқысыз қызмет етіп жатқанын зор мақтанышпен ай­туға болады. Кездейсоқтық па, әлде заң­дылық па, Әділ Құрманжанұлы Сыртқы істер министрінің бірінші орын­басары қызметіне тағайындалып, кешегі өзі оқыт­қан студенттердің қызметтегі бі­лім-білігінің шын мәніндегі жетістігіне куә болған аз ғана адамдардың бірі еді. Сыртқы істер министрлігінде де аз уа­қыт ішінде бедел биігінен көрініп, Мем­лекет басшысының Жарлығымен елі­міздің Ұлыбританиядағы елшісі қыз­метіне тағайындалды. Елдің стра­те­гия­лық дамуындағы сыртқы саясаттың қыр-сыры жайлы жазылған оның «Ға­сыр ғибраты» атты еңбегінен то­лы­ғырақ танысуға болатынын оқырман­дар­дың қаперіне салғымыз келеді. Елші қызметінде жүріп, қазақстандық ғылым мен білімді әлемдік кеңістікке кіріктіру (интеграция) мәселелеріне арналған жобаларды жемісті жүзеге асырудағы кәсіби шеберлігін бағалаған ел бас­шы­лығы Әділ Құрманжанұлын Қа­зақстан-Британ техникалық университетінің ректоры етіп тағайындайды. Универ­си­теттің тұңғыш ректоры ретінде оның қа­лыптасуы мен дамуына қосқан сүбелі үлесінің нәтижесіндей, аталмыш уни­верситет еліміздің ең үздік ТОР-10 жо­ғары оқу орындарының рейтингісіне енгені көп нәрсені аңғартса керек. Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Білім ко­ми­тетінің төрағасы ретінде, білім сала­сындағы жинақталып қалған күрделі мәселелердің күрмеуін шешуге атсалыс­қа­нын көпшілік қауым жақсы біледі. Білім стандарттары, бағдарламалары мен кәсіби құзыреттілікті қамтамасыз ету бойынша әзірленетін құқықтық-нор­мативтік құжаттардың дайындап, олар­ды іске асыруда атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Қай жерде де талапқа сай білгір мамандар, кәсіптік құзыреттілігі ба­сым жандарға басымдық берілетіні сөз­сіз ғой. Сондай тұлғалардың бірі – Әділ Құрманжанұлын ел Президенті Пар­ламент Сенатының депутаты етіп та­ғайындады. Жаңадан сайланған се­натор сенімге селкеу түсірмей, халық­ара­лық қатынастар, қорғаныс және ел қауіпсіздігі бойынша дайындалатын заң­дардың сапалы болып, еліміздің қор­ғаныс әлеуетін арттыруға жол ашуы­на өзіндік үлесін қосқанын астын сызып айтуға болады. Қазақстан Президенті жа­нын­дағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның және Түркітілдес мем­лекеттердің Ынтымақтастық кеңесі жа­нындағы ақсақалдар кеңесінің мү­шесі ретінде атқарған жігерлі істері бү­гін де жалғасын табуда. Енді, академик Әділ Ахметовтің пе­дагогтік, ректорлық және дип­ломатиялық қызметтерімен қатар, оның ғылымдағы шыққан биігіне ғы­лыми орта берген бағасына да аз-кем тоқ­талғанды жөн санадық. Ғұлама ғалым әл-Фараби: «Ғы­лым­ның сарайына кіретін адамның ары таза, жан-иманы кәміл, пейілі тура болу керек. Ондай бола алмайтын адам­дар өзін де, өзгені де былғамай, ғы­лым­нан аулақ жүруі керек» деген екен. Ғұла­маның ғалым туралы берген си­пат­тамасы түркі тілдерін салыстыра-сал­ғастыра зерттеп, қазақ тілінің абы­ройын түркі әлеміне әйгілеген, Колумб дәуірінен бұрынғы америкалық «үн­діс­тердің» алтайлық тегін терең зерделеген Әділ Құрманжанұлына қатысты ай­тылғандай көрінеді маған. Көп ғалым­дарды ерекшелеп тұратын қасиеттердің қатарына зерттеу объектісіне жеңіл-желпі қарамай, тиянақтылық таныту­мен бірге, терең талдау жүргізіп, дәлел­дер­мен дәйектеп зерделейтінін айтуға бо­лады. Осыдан 30 жыл бұрын «үндіс­тер» тегі бойынша ұстанған тұжырым­нан таймай, қайта зерттеулерін жаңа идеялармен жаңғыртып келе жатқанын жазғандарынан жазбай танитын бол­дық. Өзіндік пікірін әрқашан дәлелдеп, шет тілін жетік меңгергеннің арқасында үнді-түркі тілдеріндегі тілдік ұқсас­тық­тың тамырын дөп басқаны ғалымдар тарапынан құрметке ие болды. Ғалымның негізгі іргелі еңбек­терінің бірі ретінде «Түркі тілде­рін­дегі табу мен эвфемизмдер (салыс­тыр­малы-этнолингвистикалық зерт­теу)» атты докторлық диссертациясын ерекше атауға болады. Тілші-ғалымдар емес, қоғамдық ғылымдар саласы өкіл­дерінің тарапынан таразыланып, жо­ғары бағасын алғаны да белгілі. «Табу мен эвфемизмдер» атты еңбегі арқылы ғылыми жұртшылық ырым-тыйым­дардың сан қырлы сырларына қа­нықты. Ауызекі тілде қолдануынан өзг­е, оның ғылыми-теориялық астарын ақ­тарған кітаптың танымдық-тағы­лым­дық мәні зор болғаны тағы да рас. Қалыптасып қалған мәселелерге өзгеше қарап, тың пікір айтып, оқ­шау ойын ғылыми негіздеп, түркі әлеміне жаңа көзқарас тұрғысынан қа­растырылған, «Бұрынғы америкалық «үн­дістердің» алтайлық тегі» атты ғы­лыми танымдық еңбек 30 жыл бойы жүр­гізілген жұмыстың жемісі десек те болады. Онда алғашқы америка­лық­тар­дың түпкі тегі археологиялық, ант­ро­по­логиялық, генетикалық, лингвисти­ка­лық және ДНК-генеалогиялық ғы­лым­дар тұрғысынан сипатталған. Аме­рикалық үндістердің қайдан шық­қаны жөнінде сыр шертетін жоғарыда айтылған еңбекке дейін де бірнеше зерттеулері жарық көргенін білеміз. «Азия-Берингия-Америка немесе аме­рикалық «үндістердің» азиялық тегі» (2003) деген атпен жарық көрген кітап та кезінде өзіндік бағасын алғаны есі­міз­де. Сөз етіп отырған жаңа нұсқадағы еңбек туралы белгілі әдебиетші-ғалым, ҰҒА академигі Бауыржан Омаров: «Қашанда тың пікір, өзгеше ой ай­тып жүрген зерделі зерттеуші бұл жо­лы да санадағы сеңді бұзып, ағысқа қар­сы құлаш ұрып отыр. Мәселен, ға­лым осыдан бес ғасыр бұрын Хрис­то­фор Колумбтың Индияны таптым деп ойлап, жұмбақ құрлықтың жергілікті халқын «үндістер» деп атай салғаны, содан бастап осы этнонимнің байырғы жұртқа желімдей жабысқаны, Америго Веспуччи деген ұсақ саудагердің қара­байыр да алып-қашпа ақпарат құра­лының бас кейіпкеріне айналып, алып құр­лықтың атын иеленіп кеткені тура­лы қызықты мәліметтер ұсынады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, автор «үндіс» атал­ған сол халықтың арғы тегі алтай­лық екені жөнінде бұлтартпайтын дерек­тер келтіреді. Үшіншіден, ғылым­ның әр саласынан мол хабардар ғалым зерттеу нысанасының антропология­лық, археологиялық, палеонтологиялық, сонымен қатар, генетикалық және лингвистикалық қырларын жан-жақты сипаттайды. Төртіншіден, ағылшын ті­лінде жыраулардай жосылтып, қазақ­тың кез келген мақал-мәтелін мәйегін бұзбай, сөлін кетірмей, тыңдаушысына дәлме-дәл айтып бере алатын Әділ Құр­манжанұлы осынау кітапты жазып шығу үшін әлемнің мұрағаттар қорын мол пайдаланған. Сөйтіп, Америка Құ­рама Штаттарының ең ежелгі тұр­ғын­дарының болмыс-бітімі, кескін-келбеті, тағдыр-талайы, салт-санасы туралы елдің көңілінен шығатын еңбекті қайта толықтырып, арнасын кеңейтіп отыр» деп, еңбекке берген жоғары бағасымен біз де толық келісеміз. Шынында да, «үндістер» деп ата­лып кеткен халықтың тегі ал­тайлық екенін айқындап, дәлелдер ар­қылы дәйектеген еңбек авторы – ака­демик Әділ Ахметовті абырой биігіне кө­тергені рас. Реті келгенде, ғалымның асыл жары, тілші-ғалым Дариға Княз­бек­қызы аталмыш ғылыми басы­лым­ның редакторы, шет тілін меңгерген маман екенін тілге тиек еткіміз келеді. Шет тіл демекші, Әділ Құрманжанұлы елші ретінде Ұлыбританияның пат­шайы­мы Елизавет ІІ сенім грамотасын тап­сырған кезде, Дариға жеңгеміздің ағыл­шын тілін жетік меңгергеніне құр­мет көрсетілгенін елшіліктегі қыз­мет­керлер мақтаныш сезіммен айтқанын естіген едік. Ұлы ұстазым, академик Шора Сары­баев: «Ғалым болу – оңай, адам болу – қиын» дегенді көп айтушы еді жарықтық. Әр деңгейлі, үлкенді-кішілі, білімді-біліксіз, атақты-ортаң­қол ғалымдардың іс-қимылына, адами қа­­сиеттеріне қарай солай деп топшы­лай ма екен, ол жағын біле алмадым. Бір білерім – ұстаз, ғалым, дипломат, ака­де­мик Әділ Құрманжанұлының шын мә­ніндегі жақсы адам екені. Сөз басында айтылған зиялылық­қа қайта оралып, ойымызды тұ­жырымдасақ, ел тәуелсіздігін нығай­ту­дағы қайраткерлік үлесінен, ерен ең­бектің нәтижесіндей қоғамдағы ор­нық­қан орнынан, ғылымдағы адалдығы мен парасаттылығынан оның зиялы­лығын жазбай тануға болады. Қоғамдағы құбылыстарға өзіндік аза­маттық көзқарасын ашық біл­діріп, халық мүддесіне сай келер са­лиқалы ой-пікірлерін билікке өткізе алатын, ақыл-ойдың иесі, айтары мол елді елдікке, бәрімізді бірлікке шақы­ра­тын абырой биігіндегі Әділ Құрман­жанұлын­дай азаматтың пайым-пара­сатынан, тұлғалық келбетінен зия­лы­лықтың үлгі-өнегесін көргендей бола­мыз.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті

Серіктес жаңалықтары