356
3 маусым: маңызды оқиғалар, тарихи сәттер
3 маусым: маңызды оқиғалар, тарихи сәттер
1994 жылы ТМД-ға қатысушы елдерге Мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру туралы жобасы жіберілді. Еуразиялық Одақ идеясы дегеніміз ең алдымен аумақтық тұтастығын, саяси егемендігін және мемлекеттердің басқа да тұрақты сипаттамаларын сақтайтын тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық одағының идеясы. Интеграцияның жаңа деңгейі бір сәтте жаңа мемлекеттердің шекаралары арқылы бөлініп қалған көптеген адамдардың күнделікті проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.
1995 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың (1845-1904) 150 жылдығына арналған мәдени күндер басталды.
1999 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіндегі Кіші Ақсарайға қазақ халқының хандары мен билерінің мүрделері қайта жерленді.
1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Ана тілінің айбары белгісі тапсырылды.
1999 жылы Халықаралық Алматы инвестициялық саммиті өз жұмысын бастады. Оған 22 елден 160 компанияның 300-ден астам басшылары мен өкілдері қатысты.
2002 жылы Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің алғашқы басқосуы өтті. Оған 16 қатысушы елдің, сондай-ақ БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, Араб мемлекеттері лигасының және 8 бақылаушы елдің өкілетті делегациялары қатысты. Кездесу барысында тарихи құжаттар - АӨСШК Алматы актісі мен Терроризмді аластау мен өркениеттер арасындағы үн қатысуға жәрдемдесу туралы Декларациясы қабылданды.
2010 жылы Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында Әлия Бөпежанованың кітаптары мен кітап жобаларының тұсаукесері өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бағдарламасы бойынша Жібек жолы баспасынан жарық көрген Әлия Бөпежанованың шығармалары 2 кітаптан тұрады. Онда автор өнердің тәрбиелік міндетін қоғамның рухани-эстетикалық дамуымен тығыз байланыста қарастырады. Өнер - жеке тәжірибе деп аталатын бірінші кітабында көрнекті суреткерлер, замандас жазушылар мен режиссерлердің шығармашылықтарын сөз етеді. Ал, Мәдениет - жасампаз сана атты екінші кітабында сыншының Асқар Сүлейменов, Дж.Сорос, Әзірбайжан Мәмбетов секілді бірқатар тұлғалармен сұхбаттары және көркем аудармалары топтастырылған. Сарапшы Әлия Бөпежанова оқырмандарына кітап жобалары ретінде Парасат падишасы, Кек, Болмыспен бетпе-бет және Кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетов сынды альбом кітабын ұсынған.
2010 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (ҚарМТУ) бес мамандық бойынша халықаралық аккредитациядан өтті.
2011 жылы Шымкентте алғаш рет туа біткен ерін ақаулығы бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Ол облыстық стоматологиялық емхана базасында жұмыс істейді.
2013 жылы Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ISAS-2013 Халықаралық магистрлік жазғы мектебі ашылды.
2013 жылы Атырау қаласының делегациясы Әзербайжанға барған сапары барысында Атырау (Қазақстан) мен Ширван (Әзербайжан) арасында ынтымақтастық-бауырластық қатынас орнату туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.
2013 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм АҚ-ның ұйымдастыруымен Замандас келбеті атты деректі фильмдер апталығы басталды. Апта бойы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің №5 Студенттер үйі кинотеатрында фильмдер кейіпкерлерінің қатысуымен Руханият сардары (Сұлтан Оразалин), Шерхан Мұртаза, Академик Ормантаев (Камал Ормантаев), Парасат әуендері (Төлен Әбдік), Шәмші (Шәмші Қалдаяқов) сынды 5 деректі туынды көрермен назарына ұсынылды.
2013 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының экспедициясы ШҚО Үржар ауданында жүргізген қазба жұмыстары кезінде қорғаннан сақ ханымының мүрдесін тапты.
2014 жылы Будапештте Қазақстан мен Венгрия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.
2014 жылы ТМД мемлекет басшыларының кеңесі Тәжікстан Республикасына тәжік-ауған учаскесіндегі шекаралық қауіпсіздікті нығайту үшін қолдау көрсету шешімін қабылдады.
2014 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті базасында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институының филиалы ашылды.
2014 жылы Астанада Саратов облысының күндері салтанатты түрде ашылды.
2014 жылы Венгрияда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Мүсін Венгрия астанасы Будапешттің Астана көшесіне орнатылды.
2014 жылы Қызылордада жергілікті Қайсар футбол клубының орталығы ашылды. Мақсат - болашақ қазақстандық футбол жұлдыздарын тәрбиелеу.
2014 жылы Алакөл ауданының Бескөл ауылдық округінің Бұлақты ауылында салтанатты жағдайда Батыр аналар ескерткіші мен аллеясы ашылды.
2014 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Бодрум қаласына Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің төртінші саммитіне қатысу үшін келді. Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев Кеңеске мүше мемлекеттер басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
2015 жылы Түрік Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Джейхан қаласында Қазақстан мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды.
2016 жылы Мюнхенде Бавариядағы Қазақстан экономикасының күні өтті. Негізгі мақсаты - қазақстандық-германдық экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, сондай-ақ республика экономикасына неміс инвестициясын тарту.
2016 жылы М.-Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ТарМУ мен Кастамону (Түркия) университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумның аясында қазақстандық-түрік орталығының ашылуы өтті.
2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Talan Towers көпфункционалды кешенінің ғимаратында орналасқан Астанадағы алғашқы бесжұлдызды қонақ үй - Ритц-Карлтонның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.