Асқар Мамин Өзбекстан премьерімен кездесті

Асқар Мамин Өзбекстан премьерімен кездесті

Асқар Мамин Өзбекстан премьерімен кездесті
ашық дереккөзі
179
Премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Үкімет сайтына сілтеме жасап. Үкімет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, энергетикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастықтың, өнеркәсіптік кооперацияның, сондай-ақ аймақаралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы "Орталық Азия" Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының (ХСЭЫО) қызметін ұйымдастыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды жеделдетуге ерекше назар аударылды. Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау саласындағы өзара іс-қимылды, оның ішінде Қырғызстан мен Тәжікстан жіберетін суды Өзбекстан аумағы арқылы Түркістан және Қызылорда облыстарының мұқтаждықтары үшін кедергісіз транзиттеуді дамыту мәселелері қаралды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы табысты өнеркәсіптік кооперацияның бір мысалы бірлескен жобалар - Қостанай қаласындағы Chevrolet маркалы автомобильдер өндірісі, Түркістан қаласындағы тігін фабрикасы, Шымкент қаласындағы тоқыма фабрикасы және т. б. болып табылады. Қазіргі уақытта медициналық бұйымдар (Шымкент қ.), автоклавты газобетон (Ташкент облысы), SAZ маркалы автобустар (Қостанай қ.), HOWO жүк автомобильдері (Саран қ.), Hyundai маркалы автомобильдерді  құрастыру (Үргеніш қ.), ас үй плиталары мен су жылытқыштар (Түркістан қ.) өндірісі сияқты бірлескен жобалар іске асырылып жатыр. Екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту аясында а.ж. 8 маусымнан бастап "Өзбек әуе желісі" Алматы мен Самарқанд қалалары арасында жолаушылар әуе тасымалын бастайды, ал биылғы 21 маусымда Fly Arystan қазақстандық компаниясы "Түркістан - Ташкент" бағыты бойынша тұрақты рейстер ашады. Өзбекстан - Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда серіктесі - ӨР үлесі ҚР-ның Орталық Азия елдерімен сыртқы саудасының 65%-ға жуығын құрайды. 2021 жылғы қаңтар-сәуірде екіжақты тауар айналымы $1,2 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 41,3%-ға және 2019 жылдың алғашқы төрт айының көрсеткішінен 33,3%-ға жоғары. 2020 жылы Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен кәсіпорындар саны 809-дан 919 компанияға дейін өсті. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен кәсіпорындар саны 1231-ге жетті. Келіссөз қорытындысы бойынша А. Мамин мен А. Арипов сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен тауар өткізу жүйесін қалыптастырудағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісімдерге қол қойды.

Серіктес жаңалықтары