296
Отандастары мойындамаған драматург
Отандастары мойындамаған драматург
Сонымен, Нобель сыйлығының 1904 жылғы тағы бір лауреаты Хосе Эчегарай-и-Эйсагирре XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы испан театрындағы әйгілі тұлғалардың бірі болды. Оның пьесалары туған жерінде ғана зор табысқа жетіп қоймай, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Швеция және басқа да елдердің театр сахнасында қойылды. 1904 жылы ол отандастарының ішінен ең бірінші болып Нобель сыйлығын иеленді. Жетпіске жуық пьеса жазғанымен, олардың бәрі тек ұлттық драматургия тарихының белесі болып қана қалып, өкінішке қарай, ол туындылар уақыт сүзгісінің елегінен өте алмады. Бүгінде оның пьесалары қалың оқырманның сұранысына ие емес.
Хосе Эчегарай 1832 жылғы 19 сәуірде Мадридте дүниеге келді. оның балалық шағы бір кездері атақты Сервантес пен Лопе де Вега өмір сүрген ауданда өтті. Ол тұрған үй екі ғасыр бұрын Испания алтын ғасыры әдебиетінің қаламгері Франсиско Кеведоға тиесілі болған екен. Бес жасқа толғанда, дәрігер әкесіне Мурсиден ұстаздық қызмет ұсынып, отбасы сонда қоныс аударады. Он төрт жасында бакалавр болған Хосе инженер-жолшылар мектебінде оқуын жалғастыру үшін Мадридке қайтып оралады. Әдебиетпен де, философиямен де әуестенгенімен, математикаға бүйрегі қатты бұрып тұрды. Сонымен бірге театрға деген қызығушылығы арта түсіп, аптасына бір рет міндетті түрде театрға баруды әдетке айналдырды. Жиырма жасында диплом алып, жол, көпір құрылысымен айналысып, оқуын бітірген соң білім мекемесінде ұстаздық етеді. Гидравлика, дифференциалдық және интегралдық есептеу, қолданбалы механика курсынан дәрістер оқып, ғылыми еңбектер, әйгілі мақалалар жазып, өз заманының атақты математигі ретінде мойындалады. 1864 жылы нақты ғылымдар жөніндегі Испан корольдігі академиясының мүшесі болып сайланды. «Гармониялық рационализм» философиясы жанына жақын ағартушы Эчегерай, қоғамдық өмірден тыс қала алмады. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағынан артта қалған, прогресс жолында дамымаған елінің дәрменсіздігін көрген ол реформистік-ағартушылық өзгерістерді қолдады. Либерал зиялылармен жақындасып, 1859 жылдан бастап дәріс оқып, шешендік шеберлігімен көзге түседі. Сол кезеңде ол саяси экономиканы зерттеумен айналысып, еркін пікір алмасу теориясын насихаттайды, елдегі жетекші экономистердің біріне, белгілі саяси қайраткерге айналады. Кез келген догматизмнің қарсыласы ретінде өзі депутат болған Құрылтайшы кортестерде экономикадағы озық реформаларды қолдап, іс жүзінде оны жүзеге асырады. Бірнеше мәрте министр болғанымен, кейін әдеби шығармашылықтағы түрлі ағымдар мен концепциялар еркіндігін қолдады. Ұлт игілігі үшін қызмет етуді мұрат еткен оның әрекетінде билікте жоғарылай беруді көздеген ниет болған жоқ.
Испаниядағы Бурбондар династиясы қалпына келгеннен кейін Парижде эмиграцияда жүрген, жасы қырықтан асқан Эчегерай өзінің алғашқы драмалық шығармасы – «Чек кітапшасы» комедиясын дүниеге әкелді. Бұл туындысында ол сол замандағы отбасы мәселесін көтереді. 1874 жылы еліне оралған ол мистика жанрына қалам тартып, Хорхе Айясека деген бүркеншік атпен, театрға өз пьесасын ұсынады. Спектакль көрермен көңілінен шығып, жұрт оны зор қошеметпен қабылдайды. Бірақ пьеса авторының кім екені жұртқа белгілі болып қалып, Эчегерайге әдебиет жолын таңдауына тура келеді. Ол еш ойланбастан және қиналмастан министрлік қызметін қаламға айырбастап, қалған өмірін толықтай театрға арнауды ұйғарады. 1874 жылы драматургия саласындағы алғашқы қадамын бастаған «Кек алушының әйелі» атты туындысы, ар мен ұят тақырыбын Кальдерон дәстүрі арқылы көрсеткен жазушының өзіне деген сенімін күшейте түсті. Замандастары оны «екінші Кальдерон» деп атады. Эчегарай өзіне берілген мұндай бағаны мақтаныш тұтып, өмір бойы ұлы классиктің шығармашылығын пір тұтты. Испан әдебиетінің ұлы классигінің «Ұйқы сияқты өмір» мен Эчегарайдың «Қайта оянбау үшін өліп қалу» пьесаларының арасындағы рухани үндестік осының айқын дәлелі. «Семсердің сабы» трагедиясында автор V Карл кезіндегі билікті көрсетіп, кейіннен тарихи драмалардың тұтас бір циклын жазып шығады. Біресе орта ғасырды, біресе Реформация дәуірін, енді бірде испан үстемдігіне қарсы нидерландықтардың көрінісін көрсете келіп, Эчегарай постромантизм рухында сахнада қиял мен шарттылықтың әлемін жасады. Өз туындыларын оқиғалармен толтыра отырып, ол интрига туғызудың тәсілдерін жақсы пайдаланып, сахнада болып жатқан әрекеттерді шебер ойната білді. Осындай драманың үлгісі ретінде «Есалаңдық немесе әулиелік» пьесасын айтуға болады, бұл туындыда бүгінгі замандағы оқиғалар суреттеліп, рушыл ақсүйектер беделінің баяндылығына күмән келтіріледі.
1895 жылы атақты Бернард Шоу ағылшын тіліне тәржімаланған Эчегерайдың шығармасымен танысып шығып, оны жоғары бағалады. Жыл өткен сайын қаламгердің шығармашылық қуаты артып, шеберлігі шыңдала түсті. Алтын ғасыр дәуіріндегі классикалық драмаларды, романтиктердің туындыларын зерттей түседі. Еуропа жазушылары – Дюма, Ибсен, Метерлинк, Бьернсонның тәжірибесінен тағылым алып, драмалық іс-әрекет құрудың, көрерменді өзіне бағындырып алатын драма тілінің заңдылықтарына терең үңіледі. Әр жаңа шығарма – драмалық форманың тосын ізденісі, «драмалық түйінді» шиеленістіре түсуді қамтамасыз етудің жолдары болып саналады. Эчегарай драма сахналығының театралдық табыстың басты шарты екенін жақсы біледі. Міне осы жылдары ол барлық уақытта ұстанатын өнердегі формуласын ойлап тапты. Бұл ережеге сәйкес, шығарманың мазмұнында дәстүр жатып, туындының формасында мелодраманың тәсілдерінің көрнекті формасы болуы тиіс. Көрермен мен актер атты екі факторды да ұмытпау қажет. Осындай ізденістерінің арқасында ол драмалық өнердегі дербес теориясын ойлап тапты. Ол махаббат, ар-ұят, борыш, қызғаныш, діни фанатизм т.б. тақырыпқа қатысты қақтығыстарды жетілдірді. Эчегарай сахнада әрекет етіп жатқан кейіпкерге деген көрерменнің аяушылық сезімін туғызуға тырысты. Ол үшін көрерменнің қызығушылығын туғызып, көңілін босатып, көркемдік шеберлік арқылы жан әлемінің тазара түсуіне ықпал ету керек. Эчегарай өзінің эстетикалық бағдарламасын 1894 жылы әдебиетші ретінде Патшайым академиясының мүшелігіне өткенде жалпақ жұртқа жария етті. Оның баяндамасы «Сыншы мен әдеби шығармашылық туралы ойлар» деп аталады. Автор онда әдеби процестің ойластырылған және байыпты концепциясын ұсынып, сынды эстетикалық феномендерді бақылайтын және адам жанына қалай әсер етудің құралын ашатын ғылым деп жариялады. Эчегарай пьеса көрерменнің эстетикалық сезімдерін оятуы керек екеніне сенді. Эстетикалық қуат жөнінде айтып, әрекет пен қақтығысқа құрылған «динамикалық эстетика» түсінігін енгізді. Көрерменнің сана-сезіміне әсер ететін тәсілдерді іздеді. Эчегарайдың пьесалары қалың бұқараны немқұрайлы қалдыра алған жоқ, біреулерді таңғалдырып, енді біреулердің ашу-ызасын туғызып жатты. Сол замандағы ірі испан актерлары Антонио Вико, Рафаэль мен Рикардо Кальво, Элиса Мендосаларға арнап рөлдер жазып, оларға арқа сүйеді. 1890 жылы «Ұлы Галеотта» пьесасын жазып, ол барлық еуропа сахналарында қойылып, натуралистік драманың үлгісі болып саналды. Қалыптасқан тәртіп үлгілерін бұзуға жол бермейтін және жолынан жаңылысқандарды қатал жазалайтын ұятсыз тобыр автор туындысының басты кейіпкері.
1904 жылы Эчегарай мен Мистральға әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді. Денсаулығына байланысты драматург Стокгольмге келе алмай қалып, сыйлықты салтанатты түрде табыс ету рәсімі 1905 жылы Мадридте өтті. Эчегарайға дәл осындай зор құрмет көрсетіліп жатқан кезде испан зиялылары драматургтің шығармашылығын сынап, оған бұл атақты марапаттың берілуіне наразылық білдіріп, Швед академиясына ұжымдық хат жазды. Әдебиетші қауым оның шығармашылығын халықтың әлеуметтік сұранысынан алшақ жатқаны үшін қатты сынады. Пьесалары арқылы қоғамдық ережеге қарсы шыққан бүліктің мағынасыздығын көрермен санасына жеткізгісі келген драматургтің идеялары жас әдебиетшілердің нарызылығын туғызды. 1908 жылы драматург «Тұлға және тобыр» және басқа да бірнеше пьеса жазды. 1912 жылы ғана испан үкіметі оның талантын мойындап, драматургті Алтын руно орденімен марапаттады. Эчегарай 1916 жылдың 16 қыркүйегінде Мадридте қайтыс болды.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ