1466
Қазақтан шыққан тұңғыш сумошы – Сүйініш Казафузан
Қазақтан шыққан тұңғыш сумошы – Сүйініш Казафузан
Әлемде 50-ден астам күрес түрі бар. Соның бірі – жапонның сумо күресі. Тарихы терең самурайлық күрес – қазір әлемге кең танылған дәстүрлі спорттың бірі. Бұл күресте әуелі жапондар, одан кейін моңғол, грузин және орыс балуандары алғы шепте келеді. Осы ретте «біздің қазақта неге сумошы шықпайды?» деген сөз жиі айтылып жатады. Негізінде бізден де сумошы шыққан еді. Әйткенмен оны көбіміз біле бермейміз. Ол – қазақтың апайтөс ұлы Сүйініш Құдибаев. Сумо күресінің тәртібі бойынша жапон жаттықтырушыларының қойған лақап аты – Казафузан Тайга. Сүйініш – тек қазақтан емес, Орта Азиядан алғаш шыққан кәсіпқой сумошы. Казафузан 11 жыл Жапонияда тұрып, сумо күресімен айналысып, «макусита» деңгейіне дейін жетті. Макусита – 80 балуанды жыққан әрі 3 дивизионның мықтыларына берілетін атақ. Алып денелі қандасымызбен бізге таныс та бейтаныс сумо күресі жайлы әңгіме өрбіткен едік.
– Мен Түрікменстанда туып, Қазақстанда өстім. Егемендік алған тұста отбасым Отанға оралып, Ақтауға қоныс тепті. Ол кезде мен 12-де едім. Кішкентай кезімнен спортты жаныма серік етіп, Алматы облысының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің жекпе-жек түрлері бойынша мектебіне оқуға қабылданып, 4 жыл білім алдым. Маған және бірнеше балаға Жапонияда сумо спортынан өтетін Азия чемпионатына қатысуға ұсыныс жасалды. Қуана келістік. Сол алғашқы жарысымда қола медальге қол жеткіздім. Бағлан Ыдырысов деген бапкер ағамыз маған «кәсіпқой сумомен айналысқаның жөн» деп кеңес берді. Осылайша, мен Жапониядан бір-ақ шықтым. Менен өзге де балалар бірге барған болатын. Бірақ олардың арасынан соңына дейін қалған мен ғана болдым. Нәтижем жаман емес. Жапонияда маған Казафузан Тайга атын берді. Сөйтіп, еркін күресті сумоға алмастырып, Жапонияда қалуға шешім қабылдадым. Осылайша, 11 жыл Жапонияда тұрдым. Алғашында бір аптадай жаттығып, бірден дохёға (сумо күресінің алаңы) шығып кеттім. Жапонияға келіп бір аптаның ішінде сайысқа түстім десем, көпшілік сенбейді.
– Күншығыс елінде үлкен құрметке ие сумо күресіне бір-ақ күнде келе салмағаныңыз белгілі. Оған дейін зілтемір көтерумен және еркін күреспен айналысқан сізге сумо қиын болмаған шығар?
– Сумо – әлсіздер айналысатын спорт емес. Мұнда ең басты талап – шыдамды болу. Егер осалдығыңды көрсетсең, бұл спорт сені шетке ығыстырады. Мен сумоға үлкен дайындықпен келдім деп айта алмаймын. Оның үстіне Жапонияда сумомен айналысатын жалғыз қазақ болдым. Әсіресе, жапон тілін үйрену маған едәуір қиын болды. Сумо күресі мәдениет пен ізеттілікке толы. Байырғы салт бойынша жас сумошы үлкен сумошыға құрмет көрсетуі керек. Олардың айтқан талаптарын бұлжытпай орындауға міндетті. Тіпті, олар тамақ ішіп болғанша ас ішпейтін үрдіс те бар. Бастапқыда бұл маған әлімжеттік жасалып жатқандай көрінді.
– Сумошылар күніне 200 банан немесе 3 келі ет өнімімен тамақтанады екен. Сумошыға осыншама мол тамақ күрескен кезде қиындық тудырмай ма?
– Сумошылардың таңы ерте атады. Өйткені, олар таңсәріде жаттығу жасап, түске дейін ауыр темірлерді көтеру, дене қимылын жасау сияқты жаттығулармен айналысады. Бір қызығы, барлық сумошы шпагатқа отыра алуы керек. Сумо күресі үшін басты талаптардың бірі – молырақ тамақтану. Өйткені, сумоға бойшаңдықпен қоса, ауыр салмақ та қажет. Тіпті, кейбір балуандар түскі аста сыра ішеді. Себебі алкогольді ішімдік тезірек салмақ қосуға көмектеседі. Әдетте, спортшылар жапонша «тянконабе» деп аталатын кеспе мен майлы сорпа ішеді. Сумошылар түстеніп болған бетте ұйқыға кетеді. Тамақтанып біте сала ұйықтау денсаулыққа зиян болғанымен, сумошылар солай етуге мәжбүр. Бұл да салмақ қосып, оны қалыпты ұстап тұрудың жолы. Маған салмақ жинау соншалықты қиындық тудырған жоқ. Өйткені, бұл спортпен кәсіби түрде айналыса бастағанымда салмағым 115 келі болатын.
Сумошыға ең қиыны – спортпен қош айтысу. Өйткені, артық салмақтан кезең-кезеңімен арылу өте қиын. Ал салмақты бірден тастау спортшыға кері әсерін тигізеді. Себебі қанша жаттығу жасап, күшті бола түскенмен артық салмақ бауыр, жүрек, қант диабеті, қан қысымы секілді сырқаттарға шалдықтырады. Жалпы, практикада сумошы балуандар орташа есеппен алғанда 35 жасында спорттық мансабын тәмамдайды. Олар үлкен спорттан кеткеннен кейін диетаға отырып, арықтауды мақсат тұтады екен.
– Бұл күрестің басқа күрестен ерекшелігі неде? Қанша әдіс-тәсілі болады?
– Ұру, шаштан ұстау немесе ауырту әдісіне рұқсат жоқ. Сумошылар айқасқа шығар алдында қолын тізесіне қойып, жүресінен отырады да, қарсыласын көзімен арбайды. Төреші белгі бергенде балуандар шабуылға шығады. Мысалы, еркін күресте қарсыластан қаша жүріп, түрлі әдіс қолдануға мүмкіндік бар. Ал мұнда қашып жүруге мүлде болмайды. Қарсыластан қашу жеңіліс болып саналады. Сондықтан бірден шабуылға шығуы тиіс. Сумошы сайыс үстінде, жалпы өмірде де ешкімді ренжітпеуі керек. Бұл әдепсіздік саналады. Қарсыласыңа кері эмоциялық әрекет байқатсаң, бұл да жеңістен құралақан қалдың деген сөз. Арнаулы алаңға аса ауыр салмақтылар шығып, бар-жоғы отыз-ақ секундқа созылатын айқаста жеңімпазды анықтайды. Алыптар айқасы балшықтан арнайы жасалған дохёде (алаң) өтеді. Әр айқас біткен сайын дохёны жаңартып отырады. Оған екі тоннадай топырақ кетеді. Дохё сырттай қарағанда аумақты көрінгенімен, небәрі төрт-бес метр диаметр болады. Балуандардың алыптығын ескерсек, олардың еркін қимыл-қозғалыс жасауына мүмкіндік те жоқ.
Сумо жапондардың арасында кеңінен таралған күрес түрлерінің негізінде дамыған. Сумошылар белдесу барасында бар-жоғы 48 әдісті қолданады. Сумода әдіс-тәсіл көп болмағанымен, жеңілістің қай тұстан келетінін болжау қиын. Қарсыласың қандай әдісті қолданбақшы, оны да ойлауға уақыт аз. Былайынша айтқанда, сумода салмақ та, мол тәжірибе де кейде көмектеспейді. Яғни, қарсылас өзіңнен ертерек ойланып, әрекетке көшсе, жеңіс соның жағында болады. Сондықтан салмаққа көп иек арта беруге де болмайды. Сергек ойлап, алдыңдағы қарсыластан еш қорықпау керек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, сумошы айналасындағылардың көңілін қалдырудан абай болғаны жөн. Себебі сумошыларды самурай дәстүрінің жалғасы ретінде қарастырады. Балуанның мінез-құлық кодексінде «хинкаку», яғни «қадір-қасиет» деген негізгі мағынасы бар. Сумошы өзіне лайықсыз, ерсі қылық танытса, бұл оның беделіне кері әсер етіп, ёкозуна (ұлы чемпион) атануына кедергі болады. Ал ірі жарыстар алдында сумошылар ғибадатханаларда түнейді. Сондықтан сумода әдістен гөрі, рәсім көп. Мәселен, күрес басталар алдында «Дохё-ири» және «тори куми» деп аталатын ұлттық рәсімдер орындалады.
– Жапонияда сумошылардың тәртібі өте қатал деседі. Себебі олар ата-дәстүрді жалғастырушы ретінде саналады. Егер ол көшеде төбелес шығарып жатса, дереу үйіне қайтарылып, жаттықтырушысы жазаға тартады екен. Басқа қандай ырым-тыйымдары бар?
– Кез келген сумошы шаш өсіріп, қоғамдық орында кимономен жүруге міндетті. Мұның бәрін алғашында ерсі қылық көрсек те, кейін үйреніп кеттік. Жапонияда қазір самурайлар жоқ, сондықтан шаш қойып жүретін сумошылар ғана. Басыңа айдар қою міндет. Әйтпесе, бұл спортқа деген құрметсіздік болып саналады. Сөйтіп, менің де шаш қоюыма тура келді. Ал белдесуге шыққанда маваши (белдік) шығады. Мұның бәрі менің түсінігімде тұрпайы көрінсе де, уақыт өте үйреніп кеттім.
Олардың жалғыз ғана киімі – қарнын айналдыра ораған ұзындығы тоғыз метрлік маваши (белдік). Белбеуді ораудың өзі аса шеберлікті қажет ететін болғандықтан, оның да нағыз мамандары болады. Шаш сәндеудің де қатаң талабы бар. Сондықтан оған Бүкілжапондық сумо ассоциациясы іріктеп, 15 жастан бастап 10 жыл бойы оқытып, арнайы жоғары класты шаштараз мамандар даярлайды.
Сумошы оякатасының (бапкердің) рұқсатынсыз отбасын құра алмайды. Ең қызығы, автокөлік жүргізуге де тиым салынған. Олардың жеке жүргізушісі болуы қатаң қадағаланады. Ояката – үлкен әке, яғни бапкер деген мағына береді. Ол сен үшін жауапты тұлға саналады. Сондықтан олар спортшысының қателігін көтеруге тиіс. Әлгінде айтқанымдай, тойға не кездесуге, керек десеңіз туған күн кешіне барсаңыз да арнайы киіммен жүру міндеттеледі. Бұл – жазылмаған заңдылық. Мұны да сақтамау жаттықтырушыны жазалауға дейін апарады.
– Өткен айда жаздың алғашқы башёсы аяқталды. Сумо күресіне қызығатын қауым «кім жеңімпаз болады?» деп қызу талқылап жатты. Бұл жолғы башёда моңғол балуаны Тэрунофудзи озэки айтойлап алға шықты. Сіз башёны көрдіңіз бе?
– Иә, көрдім. Негізі бір жылда 6 башё (жарыс) ұйымдастырылады. Соның бірінші башёсы қаңтар айында өтеді. Оған императордың өзі барады. Тэрунофудзиді де білемін. Бірақ жарыста кездесіп көрген жоқпыз. Тэрунофудзи – қазіргі мықтылардың бірі. Кешікпей ёкузона атағына ие болатынына сенемін. Қазір екі ёкузона бар: Какурю және Хакухо. Какурю сумомен қоштасты. Хакухо жарақатына байланысты сайыстарға қатыса алмай жүр. Одан бөлек, Асанояма, Такакейшо деген озэки сумошылар бар. Олардың да ёкузона болуына мүмкіндіктері зор.
– Сумошылардың табысы мол болады деп естиміз. Бұл рас па?
– Сумо күресін императорлық күрес деп айтады. Бірақ бұл күресті Жапонияда мемлекет емес, қоғамдық ұйым өткізеді. Бірінші, екінші дивизион сумошыларының табысы мол болады. Мысалы, екінші дивизионның сумошылары айына 10 мың доллардан көп табады. Мен күрескен үшінші дивизионның табысы – айына 2 мың доллар, әр күрестен кейін беріледі. Ал ёкузоналар айына 25 мың доллар алады. Одан бөлек сумошыларға Жапонияның әр аймағынан күріш, сыра, ет т.б. әртүрлі заттар сыйға беріледі. Мен Жапонияға барып, 11 жыл күрескеніме еш өкінбеймін. Бірақ сол табысты өз елімізде де табуға болады деп ойлаймын.
– Қазір Маңғыстау облыстық күрес бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып қызмет атқарып жүр екенсіз. Алайда еліміз ғана емес, Орталық Азияда кәсіби сумо күресімен айналысатын сумошы жоқ. Күрестің осы түрін елімізде дамыту ойыңызда бар ма?
– Алдағы уақытта елімізде Сумо федерациясын ашу мәселесі жоспарда бар. Мысалы, Алматыда сумо күресі қауымдастығы ашылған. Десе де сол ассоциацияның жұмыс қарқыны байқалмайды. Әуесқой сумо күресінің республикалық федерациясын ашу үшін алдымен тоғыз облыста бөлімдері ашылуы керек екен талап бойынша. Өз басым Маңғыстауда әуесқой сумо күресінің облыстық федерациясын ашсам деп жоспарлап отырмын.
Кезінде 25 дүркін император кубогін алған Асасерю Акинори де елімізде аталмыш спортты дамытуға құлықты екенін айтқан болатын. Бірақ уақыт көрсеткендей, сумо спорты елімізде дамып жатқан жоқ. Оған кедергі болып отырған әртүрлі себептер бар. Соның бірі – біздегі түсінік пен менталитет. Бізде жалаңаштанып бәсекеге түсуді халық қабылдай қоймайды. Бірақ Еуропада, ТМД елдерінде сумо жақсы дамып келеді.
Менен басқа тағы бір жерлесіміз Жапонияда жастар арасында өткен чемпионатта жеңіске жетіп, елдің намысын қорғаған Ерсін Балтағұл бүгінде 24 жаста. Ол Жапонияда 18 жасынан бастап өнер көрсетіп келеді. Ендігі үміт Ерсін Балтағұл бауырымда.
Әңгімелескен Бақытбек ҚАДЫР