299
Бағы жанған Бьернсон
Бағы жанған Бьернсон
Әрине, бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысынан қарап Нобель сыйлығының үшінші лауреаты норвегтердің ұлттық мақтанышына айналған суреткері Бьернстано Бьернсонның шығармашылығына түрлі баға беруге қақымыз бар. Иә, ол қазір жұрттың көбіне бейтаныс, шығармалары да аса қатты сұранысқа ие емес ақын һәм жазушы-драматургтердің бірі. Нобель сыйлығының тұңғыш лауреаты Сюлли Прюдом сияқты ол да жазған дүниелері уақыт сынының сүзгісінен өтпеген, шығармашылығы ұмытыла бастаған қаламгерлердің біріне айналды. Дегенмен, осы жерде тақырыбымызға қатысты бір шындықтың бетін ашып, шамамыз жеткенше атақты сыйлықтың Бьернсонға бұйыруының себебін түсіндіріп беруге тырысып көргенді парызым санаймын.
Жалпы Нобельді ғана емес, қандай да болсын атақты сыйлықты әдебиеттің нағыз өлшемі ретінде қабылдау – түбегейлі қате пікір. Кейде оны нағыз таланттардан гөрі, түрлі себептермен айтуға тұрарлықтай шығармалары жоқ ақын-жазушылар еншілеп кетіп жатады. Көп жағдайда мұндай жоғары марапаттарды, сол кездері көтерген тақырыбы оқырмандарды қатты қызықтырғанымен, уақыт өте келе ескіріп, өзекті болмай қалатын шығармаларды жазған қаламгерлер де иеленіп қалады. Сонымен бірге, кейде ақын немесе жазушының саясаттағы беделі мен қоғамдық белсенділігінің де зор қызмет атқарып кететін кездерінің болатыны жасырын емес. Біздің бұл айтып отырған сөзіміздің белгілі бір дәрежеде Нобель сыйлығын алған Норвегия мемлекетінің қаламгері Бьернстано Бьернсонға тікелей қатысы бар. Енді осы айтылған жағдайлардың негізгі себептерін талдап, жан-жақты тоқталайық.
ХІХ ғасырда норвег халқы шығарып, ел арасында мәтел болып кеткен «Бьернсонның есімін айту – ұлттық туымызды көтергенмен пара-пар» деген сөздер бар. «Жазушыны ұлтының туына теңеу» өз заманы үшін Бьернсонның қандай ірі мемлекетшіл тұлға болғанын айқын аңғарта түскендей. Белгілі қаламгер тек шығармашылықпен айналысқан суреткер ғана емес, сонымен бірге Норвегияның тәуелсіздігі, Скандинавияның ынтымағы үшін жанын салып күрескен ірі саяси қайраткер де болды. Алғашқылардың бірі болып бүкіл Еуропада бейбітшілік орнату үшін елеулі еңбек сіңірді. Ақын дауысының жаңғырығы Норвегия жұртына ғана емес, Батыс халықтарының бәріне жетті. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой оған зор құрметпен қарап, одан бейбітшілік пен ізгілік, тұлғаның кемелденуі үшін күрескен өз жақтасын көрді.
Суреткердің аты-жөнінде аю деген ұғымды білдіретін «Бьерн» деген сөз қайталанады. Солтүстіктің ауа райы дін қызметшісінің ұлын шынықтыра түсті, бала күнінен ол жұрттың тұрмыс-тіршілігін бақылап, қарапайым халыққа жақын болды. Шығармашылығы арқылы отандастарын тәрбиелеуге, жүректерінде ізгіліктің шырағын жағуға ұмтылды. Шындық деген сөзді айтқанды ақынның жаны сүйетін. Ол замандастарын ақиқатты сүюге үйреткісі келді. Бірақ, ол үшін өзің де ақиқатпен өмір сүруге тиіссің. Ақын үнемі қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын көріп, оларды шын бақытты етудің жолдарын іздеді. Жаңару айы деп есептеп сәуірді жақсы көрді.
Бьёрнсон 1832 жылдың 8 желтоқсанында дүниеге келді. 1837 жылы Квикнедегі дін қызметшісі болған әкесі Молда қаласының жанындағы махаллаға қоныс аударады. Жазушының балалық өмірі табиғаты тамылжыған осы аймақта өтті. Гимназияны тәмамдаған соң Бьернсон астанаға көшіп кетіп, университетке түсуге дайындалды. Ел астанасында ол атақты жазушы Генрик Ибсенмен танысты. Әсіресе, жас жігітті саясат пен театр мәселесі қатты қызықтырды. Газет бетінде жасаған шолулары елдің құлағын бірден елең еткізді. 1854 жылы ол көлемді мақала жазып, онда бүгінгі заман өнеріне қатысты ойын ашық білдірді. Ол жылдары Норвегияда «ұлттық романтика» деп аталатын басты бағыт үстемдік етіп тұрды. Бұл ағымның жақтастары ел өмірінен алған өз шығармаларында халықтың әндерін, аңыздарын, дастандарын кеңінен пайдаланып, ұлттың өткеніне баса назар аударды. Бьернсон болса, өнердің халықтық рухы ескі қиссаларды баяндау немесе түрлі хикаялары бар шытырман оқиғаларды сипаттап беруде ғана емес, өз жұртыңның ұлттық мінезін, қарапайым адамның өмірін көрсете білуде деп есептеді. Данияның қаламгері Андерсеннің ертегілері мен норвегтердің фольклоры мен әндерін жинаушы Асьбернсонның жазу стилін ол жазған шығармаларына үлгі етіп алды. Оның ұлттық романтикасы шынайы өмірдің көрінісін суреттеумен тікелей байланысты. Қаламгердің шығармашылық жолының алтын бастауы ретінде 1857 жылы Норвегияның тарихынан алып жазылған алғашқы драмасын айтуға болады. Сол жылдың қыркүйегінде оның норвег шаруаларының өмірін
суреттеген «Сюнневе Сульбак
кен» атты үлкен туындысы жарық көрді.
Әрине, проза жанры қарыштап дамып кеткен қазіргі заманда бұл шығарма бүгінгі күннің оқырманын аса қатты қызықтырмауы да ықтимал. Алайда, өз заманында бұл туынды норвег әңгімесінің үлгісі ретінде қабылданып, жазушы өз еліндегі әдебиеттің жаңа бағытын қалыптастырушысы болды. Бір мақаланың барысында Бьернсонның бүкіл шығармаларына шолу жасаудың мүмкін емес екенін ескере келіп, біз «Сюннева Сульбаккен» туындысының ерекшелігіне қысқаша тоқтала кеткенді жөн санадық. Бұл әңгіменің оқиғасы Норвегия тауларында өтеді. Кейіпкерлері – қарапайым шаруалар. Автордың назары негізінен екі түрлі отбасының әдет-ғұрпын, мінезін сипаттауға ауған. Бір ауылда өте қатал, нағыз діндар отбасы тұрады. Олардың үйлерінде Сульбаккен есімді жалғыз қыздары өсіп келеді. Тағы бір Гранлиендердің отбасында Торборн есімді жігіт бар. Ол бала күнінен Сульбаккенді жақсы көреді. Екі жастың махаббатын сүгіреттеу арқылы жазушы күрделі мінез бен күрделі тұлғалардың қалыптасуын сипаттайды. Қаламгер өз туындысы арқылы адам рухының қайсарлығын, махаббат пен адамға деген сенімнің күштілігін көрсетуге тырысады.
1870 жылдан бастап Бьернсон бүгінгі заман тақырыбына арналған драмалар жазуды қолға алды. Міне, осы жерде норвегтердің реалистік драмасының дүниеге келіп, қалыптасуына Генрик Ибсен мен Бьернстано Бьернсон туындыларының қатты ықпалы болғанын айта кеткен ләзім. Сол уақыттағы өз егемендігін алған елдегі қайнаған қоғамдық өмір өнер саласында драманың басты орынға шығуына жол салып берді. Бұл бір жағынан заңдылық та еді. Өйткені, драманың табиғаты уақыт талабы туғызған түрлі сұрақтарды қойып, оны шешудің жолдарын қарастыруға мол мүмкіндік беретін.
Бьернсонның бүкіл драмаларының негізінде ізгілікті мәселелер жатты. Автор бұл тақырыпты түрлі жағдайда зерттейді. «Банкортқа ұшырау» драмасында ол – банкирлер мен іскерлердің әлемі. Автор бұл пьесасында жалған және нағыз мораль, шын және өтірік ар-ұятқа қатысты ұстара сауалдарды қойып, адамдық абырой туралы терең толғанды.
Драманың сюжеті аса күрделі де емес. Оқиға банкир Тьельдтің барлық байлығынан айырылып қалғаны туралы хабарламадан басталады да, банкир мен оның отбасының ізгілікті тұрғыда жаңаруымен аяқталады. Сол заманның әйгілі сыншысы, әрі қаламгердің пікірлесі Георг Брандес бір сөзінде Бьернсонның творчествосын педагогикалық шығармашылық ретінде бағалады. Шындығында да ол шығармалары арқылы замандастарын тәрбиелеуге ұмтылды. Ол тәрбиелеу қолынан келмесе де, жазушы еш уақытта да үндемеуі тиіс деп есептеді. Оның өнері барлық уақытта да ізгілікке үндеген күресімен, адамға деген махаббатымен ерекшеленеді. Еуропадағы қатты белең алған натурализмге ол қарсы шықты. Ырықсыз сезімге берілген, тұлғаның рухани мәнін жоятын өнерді ол қабылдай алмады. Дарвинге сілтеме жасағандарды ол қатты сынады. «Адамның бәрі де – аң» деген тезистен ол ұғымның шатасуын көрді. Дарвин расында да адамның бойынан аңдық мінездерді көрді, бірақ адамдық тұлғаның нағыз табиғатын ол мінездер анықтамайды. Әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғында үлкен сұранысқа ие болған Эмиль Золяның романдары мен Август Стриндбергтің туындылары оның қатты ашу-ызасын туғызды. «Король» атты драмасында Бьернсон қоғамдық жүйенің бәріне қарсы шығып, жоғары лауазымынан бас тартып, өзін қарапайым азамат ретінде ұстап, демократиялық өзгерістерді жасауға ұмтылған нағыз корольдің бет-бейнесін жасайды.
Реалистік бағыттағы драмалары Бьернсоның атағын аспандата түсті. Алайда оның ең алдымен әдебиетте ақын ретінде мойындалған тұлға екенін ұмытпаған абзал. Шайырдың табиғатты суреттеу мен халықтың өмірін жырлаудағы тың ізденістері поэзиядағы жаңа сөз болды. Ол Норвегияның әнұранын жазып, өткен күннің ұлылығын солтүстік өңір табиғатының сұлулығымен әдемі үйлестіре білді.
1870 жылдардың аяғында ол саяси қайраткер ретінде де танылып, норвег демократиялық қоғамының идеялық жетекшілерінің бірі болды. Ол өзін рухы азат ақындардың қатарына жатқызып, мейірімділікті, ізгілікті, адамгершілікті уағыздады. Жан-тәнімен қоғамның әлеуметтік дамуын, түбегейлі өзгеруін аңсады. «Құдірет» атты жаңа драмасында осы ойларының бәрі көрініс тапты. Бұл туындысында ол философиялық және діни мәселелерді ізгілік тақырыбымен сабақтастыруға ұмтылды. Көрермендер мен оқырмандар арасында бұл шығарманың қаншалықты табысты болғанын, алғашқы басылымынан кейін оның автордың бүкіл шығармалар жинағына ғана еніп қоймай, төрт рет өз елінде, бес рет Ресейде басылып шығып, ХІХ ғасырдың аяғында неміс, ағылшын, француз, италиян және испан тілдеріне аударылғанынан-ақ көреміз. Бұл пьеса Швецияда зор табыспен қойылып, Кристианин ұлттық театрының репертуарына енгізілді. 1920 жылдары Ресей театрларында ғана атақты пьеса 300 рет қойылды.
Бьернсон норвег театрының өркендеуіне зор үлес қосты. Ослодағы норвегтердің ұлттық театрының кіреберісінде Ибсенмен
бірге оның да ескерткіші орнатылған. Орта ғасырдағы норвегтердің жылнамасы мен аңыздарына сүйене отырып, ол көптеген пьеса жазды. Орыстың ұлы суреткері Лев Толстой оның шығармашылығын жоғары бағалап «Бұл менің бүгінгі заманғы авторларының ішіндегі ең жоғары бағалайтын қаламгерім, оның жаңа еңбектерін оқу маған ләззат сыйлап қана қоймай, жаңа көкжиектерді ашты» деген болатын. 1870-1880 жылдары ол жаны күйзеліп, қатты діни дағдарысты басынан кешірді. Діни қызметкердің баласы бола тұра, ол ресми шіркеудің догмаларына қарсы шықты. Сол кездердегі Скандинавияда кеңінен тараған Грундтвигтің іліміне жазушының бүйрегі бұра бастады. Бұл ілімнің жақтаушылары христианшылдық адамға қуаныш сыйлап, Құдайға деген махаббат жердегі бақыттан бас тартуға әкелмеуі тиіс. Ұлы Жаратушы бәріне патшалық еткенімен, адамның бостандық еркі болып, ол өз тағдырын өзі таңдауы қажет деп есептеді. 1880 жылдары жазылған шағын романдарында жазушының діни көзқарасы айқын көрініс тапты.
Жұбайы Каролина Раймерс қаламгердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасап, тіпті, театрдағы мансабынан да бас тартты. Ұзақ жыл бақытты өмір сүрген жұбайлар алтын тойларын мерекелеген күні Бьернсон атақ-дәреженің бәріне де әйелінің арқасында қол жеткізгенін ерекше ілтипатпен атап өтті. Норвег ұлтының ұлы қаламгері бар жан-тәнімен өмірге құштар жан еді. Жеңе бастаған кәрілік пен сырқатқа мойынсұну оған қиын болды. Өлерінің алдында да ол өмірді мадақтаған жыр жазды. Көзі жұмылып бара жатып, соңғы демі таусыларының алдында Дагне есімді қызын жанына шақырып, мұндай туындыны өліп бара жатқан адамның шығаруы мүмкін бе деп сұрады. Оның соңғы өлеңі «Әлемді ізгілік құтқарады» деп аталады. Бұл жолдарды жазушы Бьернстано Бьернсонның соңғы ақындық өсиеті ретінде қабылдасақ та қателеспейміз.
Ұлы қаламгер 1910 жылы 78 жасында қайтыс болды. Оның сүйегі Норвегия астанасындағы кафедралдық собордың аумағында жерленді.
1903 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына үміткер болғандар: 1. Иван Жилькен (1858-1924) – француз тілінде жазған бельгиялық символист-ақын. «Жас Бельгия» журналының редакторы болды. 2. Мори́с Полидо́р Мари́ Берна́р Метерли́нк (1862-1949) – бельгиялық жазушы, драматург және философ. 1911 жылы Нобель сыйлығын иеленді. 3. Роберт Лэнгтон Дуглас (1864-1951) – ағылшын жазушысы, Ирландия ұлттық галереясының директоры болған. 4. Джозеф Редьярд Киплинг (1865-1936) – ағылшын жазушысы, ақын және новвелист. 1907 жылы Нобель сыйлығын иеленді. 5. Джордж Мередит (1828-1909) – Викториан дәуіріндегі көрнекті ағылшын жазушысы. Көпшілікке кеңінен танымал «Өзімшіл» романының авторы. 6. Льюис Моррис (1833-1907) – аса танымал ағылшын ақыны. 7. А́лджернон Чарлз Суи́нберн (1937-1909) – аса көрнекті ағылшын ақыны. 8. Георг Моррис Кохен Брандес (1842-1927) – даниялықтардың танымал әдебиет зерттеушісі, публицист, натурализмнің теоретигі. 9. Марсели́но Менéндес-и-Пелáйо (1856-1912) – испан ғалымы, мәдениет пен әдебиет тарихшысы. 10. Хосé Эчегарáй-и-Эйсаги́рре (1832-1916) – испан драматургі, 1904 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 11. Джозуэ Карду́ччи (1835-1907) – италиян ақыны, 1906 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 12. Ге́нрик (Хе́нрик) Ю́хан И́бсен (1828-1906) – әлемге әйгілі норвег драматургі, еуропалық жаңа драманың негізін салушы. 13. Ге́нрик Сенке́вич (1846-1916) – аса көрнекті поляк жазушысы. 1905 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 14. Карл Фридрих Глазенап (1847-1915) – орыс қаламгері, неміс композиторы Рихард Вагнердің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші. 15. Толстой Лев Николаевич (1828-1910) – әлемге танылған орыс жазушысы. «Казактар», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» атты атақты романдардың авторы. Адамзатқа танылған талай қаламгерлердің шығармашылығына қатты әсерін тигізген. Жазушы шығармашылығы туралы мыңдаған мақала, жүздеген зерттеу жазылды. Шығармаларының желісімен көптеген фильм түсірілді. 16. Шарль Вагнер (1852-1918) – француз қаламгері. 17. Франсуа́ Коппе́ (1842-1908) – француз ақыны, драматург және прозаик. Парнас мектебінің өкілі. 18. Фредерик (Фредери) Мистраль (1830-1914) – провансалдық ақын. 1904 жылы Нобель сыйлығын иеленді. 19. Парис, Гастон (1839-1903) – Орта ғасыр әдебиетін зерттеген француз ғалымы. 20. Поль Сабатье (1858-1928) – француз жазушысы, әрі тарихшы. 21. Альбер Сорель (1842-1906) – француз тарихшысы, Француз академиясының мүшесі. 22. Александр Баумгартнер (1841-1910) – швейцариялық ақын және жазушы.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ