Көзінде маздап ой оты...

Көзінде маздап ой оты...

Көзінде маздап ой оты...
ашық дереккөзі
577
Сыр бойында тұратын қазақтың белгілі ақыны Шаһизада Әбдікәрімовті бір адамдай білемін деуге болады. Бірақ оның шығармашылығы туралы қалам тербейтін сәтте дағдарып қалады екенсің. Себебі кітап атаулыны көбірек оқып, әдебиетті біршама білетініміз болмаса, ақындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа мамандықтың өкіліміз. Сондықтан алдымен оның өміріне көз жіберіп, ақындық жолына зер салып, не жазуға болады деп біраз ойландым. Қолыма қалам алып, қағазды саралай алмай біраз уақытымды өткізіп алғанымды жасырмайын. Өмірдегі болмысы жайлы іні-досы Бауыржан Омарұлы «Гладиатор» эссесінде әрбір сөйлемін жүзіңе күлкі үйірмей оқу мүмкін еместей етіп, әдемі, әсерлі жазды. «Өзінен артық досы бар жан – бақытты» (Қадыр Мырза Әли) деген осы шығар, дос болсаң, осындай бол деген ой түйдік. Шаһизаданың бақыттан бал-бұл жанған сол кездегі сәттеріне куә болдық. Ақындығын, шығармашылығын зерттеп, талдаған Бақыт Сарбалаұлы «Махамбеттің сарбазы» атты әдеби мақала жазды. Оқыдық. Тамсандық. Риза болдық. Ақынның өзін де, өлеңдерін де білетіндей едік. Адами келбеті, ақын, талант иесі ретіндегі тәлімі, тұтастығы, тапқырлығы, өнер алдындағы жауапкершілігі көз алдымызда айқындала, тұлғалана түсті. Қармақшы ауданының, бұрынғы Энгельс, қазіргі «Дүр Оңғар» ауылының күн шығыс жағындағы тәпелтек там мен бопыр қоралардың төбесінде асыр салып ойнап, қиялымен жарысып, дауыстап дастан айтып, мәз болып жүретін Өтетілеу қарияның сары тентегінің болашағын, әдебиеттегі орнын кім болжаған? Шаһизаданың бойында жақсы қасиеттер көп-ақ. Айтқан ойына, сөйлеген сөзіне тәнті етпей қоймайтын, тыңдағандарды өзіне баурап алатын айрықша қабілетін көріп, сезініп жүрміз. Күнделікті өзіміз айтып, қолданыста жүрген қарапайым сөздер оның аузынан шыққанда құдіреттеніп, өзі де әруақтанып кетеді. Шаһизаданың сөзімен айтсам, «сәби шақтың махаббаты секілді» «соғыс ойынын» ойнамаған бала жоқ шығар. Соғыс ойынында біздер «фашистерді» аяусыз қырып салатын «батыр» болсақ, Ұлы Жеңістен он бір жыл кейін туған ақын «Қарсы беттің бекінісін туралап, Ұмтыламыз ұран салып, «уралап», Неміс қызын өрт ішінен құтқарып,  Бранденбург қақпасына ту қадап» жүрген мейірімді «батыр». Аты аңызға айналып, ауылға «батыр» болып оралған баласына: «Таста, таста, құр дабыра жырлауды, Пайымдамай Ар менен Даңқ өлшемін. Ұға білсең, Ақындық та, тұрлаулы, Тағдырыңның бөлінбейтін бөлшегі. Солай, ұлым! Өткеніңе есеп бер, – Болжау үшін ертеңіңнің жай-күйін. Баптағанмен бәйге алмайды есектер! Неде болса, тұлпардай бол! Әумиін!!!» деген атасының, «Еліңнің мақтаны бол!» деген әкесінің ақ батасын қабыл алып, жыр керуеніне, әдебиет деген қасиетті ортаға өз екпінімен, өзіндік қолтаңбасымен енді. «Өзіне-өзі сыймаған ақыннан жыр шығады» деп Қадыр ақын айтқандай,  Шаһизада:  «Басқа ауылға балалық қалды кетіп, Жігіт болып сары ұлың алды бекіп.  Жүрмін қазір жыр сыймай көкірегіме, Мына әлемнің өзі де тарлық етіп. Мен өзіме сенемін, сенем берік! Өмір сынын өксімей келем көріп. Мүмкін емес сенің де еленбеуің, Менің даңқым шырқаса өлең болып» деп, әкесіне берген сертінің үдесінен шығып, азаматтығына, ақындығына риза болған ел-жұрттың «Сені туған әкеңнен айналайын» дегендері ақиқат. Ақбасты абыз қарттар ортасында сан мәрте қайталанып қайырған  әпсана-әңгімелер мен батырлар жырларынан жұғысқан ерлік пен өрлік, батылдық пен батырлық, бес ғасырдан бері қарай түгендейтін Сыр сүлейлерінің толғауларынан бойына сіңірген тәлім мен тағылым Шаһизаданың ақындығына азық болды. Әдебиетке жаңа келген адуынды шағында Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов сынды алыптармен тілдесіп те, жүздесіп те жүрді. Жыр қазанын қайнатқан, «Қылқындырған ажырғы мен қарғыға, басыңдағы ноқтаға, қолыңдағы кісенге, аяқтағы тұсауға, ауыздағы құлыпқа, мойынсұну мүмкін емес ешқашан!» деп жырлаған Ұлықбек Есдәулет, Қара бауыр қасқалдақ – Есенғали Раушанов, ақиқаттан алыстағандармен алысып жүрген  Аманхан Әлім сынды таланттар ортасында әдеби бәсекеден өтті. Жаны жақын іні-достары Амантай Шәріп, Бауыржан Омаров сияқты қазақ жұртына танымал, елдің бетке ұстар ғалым азаматтарының алқасында, «Энгельстей досың болса, Маркс болмауың мүмкін емес» деп Қадыр ақын айтқандай, Шаһизада Әбдікәрімовтің мықты ақын болмауға хақысы жоқ еді. 2006 жылдың көктемінде Қызылорда университетінің ректоры Қылышбай Алдабергенұлының шақыруымен Сыр өңіріне Қадыр Мырза Әли келді. Кешкі қонақасыда отырмыз. Әңгіме арқауы – Қадекеңнің поэзиясы. Шаһизаданың: – «Айтамыз біздер ақын деп, Адамды шоқ боп маздаған. Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған» деген өлеңіңіздің алғашқы нұсқасындағы «Жындылық керек аздаған» дегеніңіз дұрыс еді ғой, аға. Осыны өзгертпей-ақ қойсаңыз болмайтын ба еді?» деген сұрағына Қадекең:  «Жындылықты»  ұнататын сен сияқтылар аз болды ғой» деген-ді.  Шаһизаданың ҚазМУ-дың журфагын үзіп-жалғап 22 жыл оқыған, дария боп тасып, қызыл шоқты басып жүрген кезеңінен сыр шертетін «Толық емес өмірбаян» өлеңін оқысаңыздар, басы ноқтаға сыймай, аласұрған сары шайырды көз алдарыңызға елестетесіздер. Адуынды ақынның әруақты  «Жылдарым» деген өлеңіндегі: «Айдаһардың арқасында мызғып ап, Жолбарыстың жотасына мінгескен!.. Талай рет толғап жұтып қойса да, Арыстанның бітеу түскен артынан!»,  – деген жолдар кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Тапқырлық та, тұтастық та, рух сабағы да осында. Тау тұлғалы Тұрмағамбет өзінің «Назым» деген өлеңінде  «Жейхунды жалғыз өзім бөгер едім!» деп ақындық қуат танытса, біздің ініміз арыстанға оңай олжа емес, бірден қылғытып жұта алмайды, қиналып, талай рет толғап зорға дегенде жұтар, бірақ әруақ қолдаған ақын  бітеу түседі. Қайран қалмай, таңырқамай көріңіз.  Қадыр ақын: «Тұрамын деп сертіне, Көрмесіңді көретін, Қызыл алау өртіңе, Қойып кете беретін» десе, Шаһизада «Жылдарым-ай! Айнымаған антынан, Қара суда қаймақ болып қалқыған; Жын-перідей жұлқынған, «Өлемін!» деп отқа қарай ұмтылған» деп, ақын ағасынан асып түседі. Осылай жырлаған ақынның  сол кездегі болмысына «асаулық» аздық етіп, сары шалдың сары тентегіне «жындылық» жарасып-ақ тұрған жоқ па?! Ақынның өмірлік жары – Тұрсынкүлді таңдауы да, қайын атасынан қалыңдығын сұрап алуды ойластырған қиялы да ерен! Қазақы дәстүрдің иісі аңқып тұрған осы өлеңге зер салыңыз. Белді буып тәуекелге миятты, Бірін мініп, жетегіме ап бір атты, Әкеңе кеп... сұрасам ба мен сені, Баяғының батырлары сияқты. Не дейді әкең? «Басынды-ау бұл жас бала, Көрсетейін қылжақтаған қасқаға!» Көк дойырын қолына ала жүгіріп, Қыр асырып қуып шықса, масқара! Жо-жоқ, әлде ойға батып бір тылсым, Көкірегін қоздандырып құмбыл сыр; «Ата қазақ ұлы екенсің!, – деп мені, Аттан демеп түсіре ме... кім білсін?». Мұны Махамбеттің сарбазы ғана айта алар. Сонау тәпелтек там мен бопыр қораның төбесінде асыр салып, қиялымен жарысып ойнап жүрген сары тентек текке жүрмепті. Қорадан  өрген, өрістен қайтқан мал, ауыл адамдарының аралас-құраласудағы қазақы тілі жадына құйыла, зердесіне тоқыла беріпті. Сол бабаларымыз арнайы әдеби тілмен, көркем, көсем сөйлейінші демейді. Қазақы тіл біздер үшін таңсық, тіпті түсініксіз де болып бара жатқаны жасырын емес. Шаһизада өлеңдерінде, мақалаларында жоғары пафосты сөздерді қолдан құрастырмайды және ешбір ақынды қайталамайды. Табиғи. Оның өлеңдері судыратып айтып шығуды көтермейді. Әр шумағын оқып, кідіріп, зерделеп, қайта оқып, сабатынан сусындайсың. Сөзді оңды-солды шашпай, Рахымжанша (Отарбаев) айтсам, ай сәулесіндей тамызып, тамызып қана қолданатыны көрініп тұр. «Көктеу» деген алты шумақ өлеңі – даланың иісі аңқып, бояуға сұранып тұрған сурет: «Көктеуге құлар күнді аңсап, Тәңірдің құтын хош көріп, Қамданған шақта сырдаң шал, Кереге көктеп, таспа өріп, Көзімде маздап ой оты, Қараймын қырға күн салып, «Әлімбұлақтың» әйеті,  Бойыма қосып тың шабыт. Кілтеңге қағып қазықты,  Қонса ғой, шіркін, мың сан үй! Тербетіп жүлге, жазықты, Тоқшылық атты тұмса күй. Үйекке үйір құлатып, Үйездеп тынған кез қандай! Рахман мезгіл рәтін, Сімірер сонда көз қанбай. Көкпегін кешіп қырымның, Құйғытсам құрмен жон бойлап, Қоңырау даусы құлынның, Қымызбен қоса қанда ойнап. Аршылар еді кірбің бір, Көліме көктем құсы кеп, Тізгінін сүзген жыр-дүлдүл, Жас көкіректе кісінеп».  Ақын өлеңдерінің өрісі кең, түр-түсі қанық, Базар жыраудай бейнелейді, Тұрмағамбеттің (Ізтілеуов) жауһар жырларындағыдай тосын теңеулермен айшықтайды. «Гладиатор» жыр кітабын оқып отырып әр өлеңінен ең аз дегенде, татымды бір тіркес, дәмі бар бір емес, бірнеше түйір дәнге кезігесің, зердеңе түйіп алуға тырысасың. Қажетіңе жаратасың. Барлық өлеңінен үзінді келтіріп жатпай-ақ, бес-алты өлеңінен тіркестер ұсынайын:  «Кірсем дедім додаға дүр Оңғармен, Жүрегімнің түгінен шылбыр есіп». («Жырау»), «Төбемнен кәрі Торғай топырағына, Барады будақ-будақ бидай көшіп». («Боз бұлттар»), «Өзгеден өзінікін даулап еді, Олжасты орта жолда сабап кетті!» («Ақындар»),  «Бір ініміз ыңырсиды төрімде, Ел мұңы емес, жамбасына мөр батып». («Біздің інілер»), «Руымен у ішкен барлық қазақ, Шыныменен... қырылып қалатындай»  («Үш жүз»), «Өзбектен озып кетпей-ақ қойдық, оллаһи, Қазақтың басын жетімханадан теріп ап!» («Жетімхана»). Бір ғана тіркес, қаншама жүк арқалап, қаншама бейне сомдалып, қаншама қасіретті көз алдыңа әкеліп тұр. Суреткерлік емес деп кім айта алар! «Шаһизаданың поэзияға келген алғашқы қадамы көз алдымда, өлеңдері санамда сайрап тұр. Мықтылығымен танылды. Қазір жазбай жүр. Неге екенін білмедім». Бұл ініміздің рухани досы, құрдасы, «сөз қуаты жағынан алдына жан салмай жүрген» (Әбдіжәміл Нұрпейісов) жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың сөзі. Талантты талант қана таниды.  Иә, шынымен де, Шаһизада неге жазбай кетті? Ақынына заманы сәйкес келмей, әлде... Осы сұраққа ақынның өзі жауап береді:   Аңырап қарап халқым тұр, Нұсқаулар көп те... нұсқа кем. Абақтыдағы Алтын тіл Аузымды бұзып шықса екен!   ..Жанымды бір мұң тербейді, Мұңымды кім бар ұғатын? ...Өлең де жазғым келмейді, Өлгеннен кейін шығатын.   Қадыр ақын «Сөз сиқыры» деген әдеби талдауында: «Олар, өнер өкілдері, құлағын бұрасаң, сайрап қоя беретін патефон, тоққа қоссаң, сөйлеп қоя беретін радиоқабылдағыш емес. Талант бапты-баптауды, зауық-шабытты қажет ететін қасиет» дейді. Шаһизада Әбдікәрімов өзі көтерілген ақындық-азаматтық дәрежесінен төмендегісі келмегендіктен, жылт еткен жаңалықты жырға қосуды, шенді-шекпенділердің дөңгелек даталы күндеріне арнау жазып, өлермендікпен өлең шығарғанды жаны жақтырмайды. Ақын – жұмбақ. Шаһизада екі есе жұмбақ. Пенделікпен араз. Күйбең тірліктен азат. Еркін. Іздесең таппайсың. Қалыпты өмір оған жат. Мезгілінде ұйықтап, мезгілінде оянып үйренбеген сияқты. Сенбі мен жексенбіні шатастырып, жаңылысып қалатын кездері де болады. Оның өмірдегі бар байлығы – «иманды жігіттердің ортасын толтырып» (өз сөзі) арқырап жүруі, Алла жар таңдауда қателестірмей, Тұрсынкүлмен тағдырының қосылуы. Отбасының ынтымағы, ауызбірлігінің мызғымастай беріктігі – Тұрсынкүлдің жайдары жүзінде, қасы мен қабағында және табағында. «Махаббат айы туғанда, Құмырсқа да кетеді қанаттанып» (Қадыр ақын) дегендей, Сары шайырдың құлашын кеңге салып, қа­нат­танып шарықтауының себепкері сүйген жары – Тұрсынкүлдің оның ша­бытын қыран құстай баптап, бір арманмен ұйықтап, бір арманмен оянып ғұмыр кешуінде. Шаһизада! «Назым сөздің шен­де­семін парқына,  Әр жырымның әрі-дүр. Күштілердің кіргенім жоқ артына, Сыймас едім бәрібір» деген ұстанымыңнан айныма. Өзің айтқандай,  «...Аңдаусызда сені көрген ажалдың айбалтасы түсіп кетсін қолынан!».  

Сәпен (Сәби) АҢСАТОВ

Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары