263
17 маусым: оқиғалар мен сәттер
17 маусым: оқиғалар мен сәттер
1992 жылы Ана тілі баспасы Ахмет Байтұрсынұлының Тіл тағлымы атты кітабын жарыққа шығарды.
1993 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысы болды.
1993 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты құрылды. 1999 жылы ҚР ҰҚК Институты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы деп өзгертілді.
1997 жылы Қостанай облысының Комсомол ауданы Қарабалық ауданы болып өзгертілді.
1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясы алдында ұлы композитор, Қазақстан әнұранының авторы, халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқов ескерткішінің ашылу салтанаты болды.
1998 жылы ҚазАқпарат ҰК АҚ Анадолы ақпарат агенттігінің (Түркия) ақпарат ағыны жүйесіне қосылды.
2000 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау туралы, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрып жатқан тұлғалардың Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуы туралы Жарлыққа қол қойды.
2003 жылы Астанада Думан ойын-сауық орталығының ашылу салтанаты өтті. Орталық тропикалық балықтары бар мұхитаралдан, 5М-кинотеатрдан, Үлкен күмбезді кеңістіктен және тамақтандыру кәсіпорындары мен сауда жүйелерінен, Джунгли аттракционынан тұрады.
Думан ойын-сауық орталығының мұхитаралы - ТМД-дағы бірден-бір нысан. Бұл әлемдегі көк мұхиттан 3000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан жалғыз мұхитарал, мұндағы су қоры 3 миллион литрді құрайды. Оны әзірлеуде 120 тонна теңіз тұзы пайдаланылған. Мұнда Жердің әр түкпірінен әкелінген 2000-ға жуық теңіз жәндіктері тіршілік етуде.
Мұхитарал түбінде жылжымалы жолмен жарақталған, қалыңдығы 7 сантиметрлік акрил шынысынан жасалған 70 метрлік дәлізі бар және әр түрлі көлемдегі 11 аквариумды екі үлкен көрме аймағынан тұрады.
2009 жылы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінде кореялық халықаралық ынтымақтастық жөніндегі KOICA агенттігі Қазақстанда туристік кластерді дамыту жобасын таныстырды.
Жобада Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында ғарыштық туризмді дамыту, Қамбаш көлінде курорттық аймақ салу, Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде этнокурорт салу, сондай-ақ Атырау облысында Сарайшық керуен сарайы - туристік орталығын құру көзделген. Жоба 2011-2020 жылдарға есептелген.
2010 жылы Еуропа Іскерлік ынтымақтастық ассамблеясының шешіміне сәйкес, Ұлттық ғылыми медицина орталығы РМК директоры, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Абай Байгенжин халықаралық Сократ Медаліне ұсынылды және 11-ші нөмірмен Еуропаның Құрметті ғалымы атанды.
2010 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына European Quality (Еуропалық сапа) халықаралық наградасы табысталды.
2011 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев XV Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысты.
Ресей Федерациясының қолдауымен өткен шараға 4000-нан астам саяси және іскерлік орта өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, күллі әлемнен БАҚ басшылары қатысты, олар әлемдік қауымдастық алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылау үшін жиналды.
2011 жылы Астанада Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияға қол қойылды.
2011 жылы РФ Астрахань облысында Бөкейхан мавзолейінің құрылысы басталды. Оның биіктігі - 18.5 метр. Құрылыс Қазақстан мен Астраханның әр өңірлерінен жиналған қаражатқа салынды.
2013 жылы Каспий жағалауында құны 35 миллион доллар болатын, Қазақстанда аналогы жоқ сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Еуропалық үлгідегі шипажай чехиялық инвесторлар есебінен қаржыландырылады.
2013 жылы Қазақстан республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Халықаралық телерадио хабар тарату қауымдастығына (Association for International Broadcasting) кірді.
2013 жылы Қазақстанда Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі іске қосылды. Оның бірінші салымшысы 15, 10, 2 жастағы үш баланың әкесі Данияр Шақаев болды. Білім беру жинақтау қорына, банк сыйақысынан тыс, 5% мөлшерінде мемлекеттік сыйлық та бөлінеді.
2014 жылы түріктің Эдирне қаласында жыл сайынғы Дүниежүзілік түркі форумы аясында түрлі аталымдағы наградаларды беру рәсімі өтті.
Қызыл алма сыйлығының лауреаттары - ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов (номинация - Дипломатия), Түркиядағы Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаев (номинация - Дипломатия) және 2012 жылғы бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев (номинация - Спорт).
2014 жылы 17-20 маусым аралығында Тбилиси қаласында Қазақстан мен Грузияның екіжақты қарым-қатынасы тарихында алғаш рет Грузияда Қазақстан киносы күндері өтті. Көрермендерге соңғы жылдары түсірілген төрт көркем фильм - Жау жүрек мың бала, Шал, Ликвидатор, сондай-ақ Елбасының балалық шағы туралы Балалық шағымның аспаны фильмдері ұсынылды.
2015 жылы Мәскеуде РФ-дағы ҚР Елшілігі резиденциясында Ресей ғылым академиясы Экономика институтының Құрмет белгісімен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты марапаттау рәсімі өтті.
2015 жылы Атырау облысы Индер ауданының Теректі жерінде орта ғасырлық жауынгердің қорымы табылды. Қорымды жазғы практика кезінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген болашақ тарихшылар, Атырау мемлекеттік университетінің студенттері тапты. Қорымның ерекшелігі онда жауынгермен бірге мінген аты да қоса жерленген. Сондай-ақ, қабірдің ішінде ұзындығы 1 метрдей қылыш, жебе ұштары, ұзындығы 1 метрден асатын сауыт, ер-тұрман элементтері болған. Археологтардың айтуынша, табылған барлық материалдар IX-XI ғасырлардағы оғыз дәуіріне жатады.
2016 жылы Ақтөбеде қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер әйел Аққағаз Досжанованың құрметіне көше аты берілді. Ол қала орталығында - М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің жанында орналасқан.
2017 жылы Астанада электр энергиясын үнемдейтін күн батареяларымен жұмыс істейтін аялдамалар іске қосылды.