Túrkistan газеті – Түркістан төрінде

Túrkistan газеті – Түркістан төрінде

Túrkistan газеті – Түркістан төрінде
ашық дереккөзі
1772
Биыл Халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жыл­дық мерейтойы. Айтулы дата қарсаңында Túrkistan газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай оқу орнына арнайы барды. Жиын­да Túrkistan газеті жинағының таныстырылымы өтіп, универ­ситет кітапханасына кітаптар топтамасы сыйға тартылды. Басқосуға университет проректоры Асқар Тұрған­баев, журналистика кафедра­сының оқытушы-профес­сор­лары мен БАҚ өкілдері, студенттер қатысты. Жур­налистика кафедра­сының студенттері сұрақ қойып, тұ­шымды жауап алды.
«Тәуелсіздікпен құрдас, Түркістанмен қатар дамып, оның негізгі рухани орда­сы­ның біріне айналған Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситеті көне шаһар мәдениетінің дамуына үл­кен үлес қосып отыр. Халықаралық уни­верситеттің білікті кадр, білімді маман даяр­лаудағы еңбегі де ерекше. Алдағы уа­қытта университетпен тығыз байланыс ор­натып, бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз», – деді Túrkistan халықаралық газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай.
 width= Алдағы уақытта университет пен газет редакциясы арасында әріптестік байланыс нығая түспек. Университетте білім алып жатқан болашақ журналистер Нұр-Сұлтан қаласындағы газет редакциясында өндіріс­тік тәжірибеден өтетін болады.
«Университет студенттерінің Túrkistan секілді беделді басылымнан үйренері көп. Білім ордасында алған теориялық білімді практикамен ұш­тас­тырып, үлкен орта көріп, білікті мамандардан ақыл-кеңес алып, тәжірибе жинап жатса, бұл білімгерлеріміз үшін зор олжа деп есептеймін. Túrkistan ха­лықаралық газетімен байланысымыз нәтижелі болуына тілектеспін. Өз та­ра­пымыздан басылымға қолдау білдіруге әзір екенімізді айта кеткім келеді» – деді Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ проректоры Асқар Тұрғанбаев.
Ал университет профессоры, филология ғылымдарының докторы Сей­долла Садық халықаралық басылымның қазақ баспасөзіндегі орны туралы айтты.
«Түркістан атауын иеленген халықаралық басылымның жолы, жөні бө­лек. Қалтай Мұхамеджановтай қабырғалы қаламгер негізін қалап, шаңырағын көтерген газеттің әуел бастан-ақ киелі Түркістан өңірімен етене жақын байланыста болуы заңдылық. Қазір Түркістан шаһарына мұқым түркі әлемінің назары ауып, мемлекетіміз тарапынан айрықша көңіл бөлініп жатқан тұста халықаралық Túrkistan газетінің де мән-маңызы тіпті арта түсетіні анық. Сол себепті басылымның тақырып, таралу аясы кеңіп, қазіргі заманның талап-сұранысына қарай мазмұны байып, оқырманы көбейе беруіне тілектеспіз» – деді С.Садық.
 width= Басқосудан кейін университеттің музейінде болған басылым басшысы құрметті мейман есебінде Тілектер кітабына өз лебіз-тілегін жазып қалдырды. Одан кейін Қуат Әуесбай жаңадан салынған Алатау медиаорталығында болып, Túrkistan халықаралық телеарнасының «Түркістан төрінде» бағдарламасына сұхбат берді. Айта кетейік, аталған жинақ басылымның шыға бастағанына 25 жыл толуына орай құрастырылып шығарылды. Жинаққа 1994 жылдан бері газетте жарық көрген үздік материалдар іріктеліп енгізілді. Бұған дейін кітаптың таныстырылымы елордадағы Ұлттық академиялық кітапханасында өткен болатын.

Серіктес жаңалықтары