Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде қол жеткен жетістіктеріміз де, берекелі тұрмыс-тіршілігіміз де – азаттықтың арқасы.
Республикалық маңызы бар қалалардың бірі – үшінші мегаполис Шымкент қаласының өз орны бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесінде Шымкент қаласы шырайланып, дами түсті.
Елбасының 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Шымкент республикалық қала дәрежесін алып, жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Иә, 2018 жыл – Қазақстан картасындағы әкімшілік аумақтың құрылымына елеулі өзгеріс енуімен есте қалды. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып келген Шымкент қаласы тұрғындарының саны 1 миллионға жетіп, республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына ауысып, облыстың атауы Түркістан облысы болып өзгерді. Осылайша, 2018 жыл ел тарихында және Шымкент қаласының тарихында да алтын әріппен жазылып қалды.
Шымкент қаласы Тәуелсіздік жылдары дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматыдан кейінгі үшінші мегаполис. Шымкент жаңа даму жолына түсті. Аумағы кеңейіп, 13 мың гектардан 116,3 мың гектарға дейін ұлғайды. Әлеуметтік-мәдени өрісі өсті. 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанып, бұл жауапты іс-шараны абыроймен атқарды.
Инвестиция тартудан алда келеді
Жалпы, тәуелсіздік жылдары шеңберінде үшінші мегаполис туралы ауыз толтырап айтар жетістіктер жетерлік. Еліміз егемендік алған жылы Шымкентте халық саны 400 мың адам болса, қазір
1 млн 100 мыңға жетті. Қала бюджеті 1994 жылы 1 млрд теңге болса, қазір 455 млрд теңгеден асты. Қала экономикасына 2,6 триллионнан астам инвестиция бағытталды. 1991 жылдан бері 6,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ұлы Жібек Жолы бойындағы керуен жолдарының қиылысында пайда болған тарихи бай және мәдениеті дамыған бұл шаһар – Орта Азиядағы көне қалалардың бірі. Шымкент ежелден-ақ саяхатшылар мен ғалымдардың назарын өзіне аударды. 1991 жылы қалада 72 мектеп қана болса қазір оның саны 170-тен асқан. Отыз жыл бұрынғы 27 денсаулық мекемесінің саны бүгінде 88-ге көбейген. 1991 жылғы Шымкентте осы салаға бюджеттен 50,8 млн теңге қаралса, биыл бұл көрсеткіш 79,1 млрд теңгеге
өскен. Осы келтірілген деректерден-ақ қаламыздың даму деңгейін айқын көруімізге болады.
Баршаға белгілі болғандай, Шымкент бұрыннан өнеркәсіп кәсіпорындары шоғырланған өндірістік қалалардың бірі болатын. Әйтсе де, тоқсаныншы жылдардың басындағы қиыншылықтар бұл саланы да айналып өтпеді. Оларды қайта жандандыру үшін кешенді шаралар қолға алынып, ауқымды жобалар іске асырылды.
Қалада өндірісті жандандыру мақсатында, бұрынғы Фосфор зауытының аумағында «Оңтүстік» индустриалдық аймақ құрылды. Айта кетейік, жалпы қалада өндірістік инфрақұрылымы бар 3 аймақ құрылған. Осы үш индустриялық аймақта жалпы инвестиция көлемі 229,7 млрд теңге болатын 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 170 жоба жүзеге асырылуда.
Қалада жаңа өнім түрлерін өндіретін жаңа өндірістік нысандар ашылды. Жалпы, Тәуелсіздік жылдары қалада 20-дан астам ірі және орта кәсіпорын іске қосылған. Қазір бұл кәсіпорындарда 6 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен бірге, республика бойынша тек біздің шаһарымызда кілем және кілем бұйымдарын шығаратын «Бал Текстиль» және «Назар текстиль», целлюлоза өндіретін «Хлопкопром Целлюлоза» кәсіпорындары жұмыс істейді.
Шағын және орта бизнес қала экономикасының локомотивіне айналды деп айтуға болады. Қазір 72 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, осы салада 160 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Қала бойынша жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі – 28,4 пайыз.
Сонымен қатар қала экономикасына инвестициялар тарту үшін жаңадан «Тұран» шағынауданынан аумағы 420 гектар болатын «Шымкент сити» жобасы іске асырылды. Бұдан бөлек, білім, спорт, мәдени-әлеуметтік салада да елеулі ілгерілеушіліктер бар. Мектептер мен балабақшалар саны өсіп, сапасы артты.
Көз тартар көркем ғимараттармен толықты
Денсаулық сақтау саласында жаңа нысандар іске қосылды. Олар озық медициналық құралдармен жабдықталып, дәрігерлеріміздің белгілі бір ағзаларды ауыстыру бойынша күрделі оталарды жасауына мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде, қалалықтардың өмір сүру ұзақтығы 63,9-тен 74,4 жасқа дейін ұзарды. Мәдениет саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Қаламызда жаңадан облыстық опера және балет театры, «Оңтүстік цирк», «Түркістан» мәдениет сарайы, «Отырар» кітапханасы, «Көрме» орталығы, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы», «Тәуелсіздік» саябағы, «Наурыз» алаңы, Тарихи-өлкетану мұражайы» және тағы басқа көптеген көпшілік демалыс орындары пайдалануға берілді. Сонымен қатар, қаладағы тарихи маңызы бар «Цитадель» ескі қалашығы қалпына келтірілді. Шаһарда одан бөлек көптеген спорт нысаны бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Олардың қатарына «Биік стадионы», «Мұз Сарайы», «Роял», «Тұмар», «Қасиет», «Сұңкар», «Марс», «Жастар», «Ақарыс спорт кешендерін», «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі», «Жеңіл атлетикалық манеж» және «Орталық су спорт кешенін» қосуға болады. Отыз жыл бұрынғы 337 спорт нысаны бүгінде 865-ға көбейген. Қазір Шымкентте спорттың барлық түрінен жаттығу залдарын табуға болады.
Шымкентте бой көтерген келбеті көз тартар ескерткіштер мен жаңа нысандарды тізіп шығуға болады. Солардың бірі – «Жер Ана» Тәуелсiздiк монументi. Қазақ ұлтының тектiлiгi мен бiртұтастығының белгiсiндей Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерi қиылысатын Ордабасы алаңында орнатылған монументтің биiктiгi – 34 метр. Ел тарихы ескерiле отырып жасалған Тәуелсiздiк монументi идеясы одан әрi жетiлдiрiлiп, Ордабасы алаңы ұлттық ұстындарымызды қастерлейтiн тарихи-мемориалдық кешенге айналды. «Рәмiздер алаңы» деп аталатын кешенде елiмiздiң картасы бейнеленiп, Елбасымыз Н.Назарбаевтың сөзi мен Қазақстанның Конституциялық заңынан үзiндi тасқа қашалып жазылған. Бүгiнде Тутөбенiң басында биiктiгi 50 метрлiк көк байрақ алыстан көрініп, желбіреп тұр. Шымкентте Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығына орай салынған «Даңқ» мемориалы Отан үшiн от кешкен майдангерлердi ұлықтайды. Аллея бойына орнатылған гранит тастарға өңiрiмізден соғысқа аттанған 140 мыңнан астам жауынгердiң есiмi қашап жазылған. Сондай-ақ, қала орталығындағы жаңа хайтек технологиясы негiзiнде металл мен шыныдан жасалған «Қызғалдақ» композициясы бүгiнде студенттер, жастар мен қала халқының бос уақытта демалып, серуен құратын сүйiктi орнына айналды.
Үшінші мегаполистің көркіне көрік қосып, мерейін өсірген мұндай нысандар аз емес. Қазірдің өзінде көк аспанмен тірескен биік-биік көпқабатты үйлер мен ғимараттар бой көтеріп жатыр. Бүгінде Шымкентте ынтымақты ұран, татулықты ту еткен 100-ден астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақтың астында достығы берік, бірлігі бекем өмір сүріп жатыр.
Назгүл НАЗАРБЕКОВА,
Шымкент қаласы