803
Алматыда көпбалалы ана моншада тұрып жатыр
Алматыда көпбалалы ана моншада тұрып жатыр
Алматыда үйі өртенген отбасы бір аптадан бері моншада тұрып жатыр. Үйі мен бар мүлкі күлге айналған төрт баланың анасы баспана қайта қалпына келтіруге де жарамайтынын айтады. Жергілікті биліктің жауабын күтуден басқа қайран жоқ дейді. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлады.
Балкон жақ жана бастады. Балаларымды жинадым да қақпаның ар жағына шығып кеттім. Көршілер бәрі жүгіріп келді. Балконда қыстық киімдер болған. Сол аумақ тез жана бастады, - дейді Қаламқас Күлімжанова.Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына электр тоғының тұйықталуы әсер еткен болуы мүмкін. Сол күні бір өшіп, бір жанып тұрған. Тіпті, қырсыққанда құбырдағы су да ақпай қалған. Өйткені, жетісіне бір рет тазалық жұмыстары жүргізіледі екен. Баспана тау бөктерінде болғандықтан өрт сөндірушілер келгенше біраз уақыт өтіпті. Оған дейін үйдің сау тамтығы қалмай өртеніп кеткен. Білікті құрылыс мамандары аядай мекенді қалпына келтіру мүмкін емес екенін айтыпты. Жолдасымен ажырасып, төрт баласын өзі бағып отырған әйел қазір жұмыссыз. Жиған дүниесінің барлығы өртеніп кеткендіктен, енді не істерін білмей дал. Ал, аудан әкімдігі көпбалалы анаға қол ұшын беруге әзірміз, бірақ күту қажет, дейді.
Қазір біз Төтенше жағдай мамандарының қорытындысын күтіп отырмыз. Осыдан кейін қаржылай өтемақы төлеу туралы құжаттарды әзірлейміз. 15 күннің ішінде құжат келуі тиіс. Алты айдың ішінде өтемақы да төленуі мүмкін, - дейді Наурызбай ауданы әкімінің аппараты әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Әсел Жүнісова.