Жұмыссыздық жан күйзелтер

Жұмыссыздық жан күйзелтер

Жұмыссыздық жан күйзелтер
ашық дереккөзі
758
  Жұмыс таппай жүргендерді статистикадан іздеудің қажеті жоқ. Өз маңайымызда да дипломы бар жұмысы жоқ, іні-қарындас, әпке-бауырлардың бары жасырын емес. Кейбірі өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүр, тағы бірі екі қолға бір кәсіп іздеумен әлек. Жуырда кәсіпкерлерге бос жұмыс орны туралы жергілікті жұмыспен қамту орындарына жылына екі рет мәлімет беріп отыру міндеттелді. Олай болса, алдағы уақытта жұмыс іздеушілердің айы оңынан туып, жұмыссыздық дертін азайтуға септігін тигізетіні анық.

СЕЙФУЛЛИН БОЙЫН ТОРЫҒАН ЖҰМЫССЫЗДАР

Сейфуллин даңғылының бойындағы жұмыссыздарды болдырмау туралы неше рет жазылып, түрлі шара қолданылса да, көшедегі топырлаған жұмыссыздар саны азая қойған жоқ. Бұл жердегілердің көпшілігі біркүндік жұмыс іздеп, нәпақасын ажыратып отырғандар. Осы мәселені біржақты ету үшін Алматы қаласы Жетісу аудандық прокуратурасы жергілікті әкімдікпен және жеке кәсіпкерлермен бірігіп, «Қолжетімді жұмыс» жобасын іске асырмақшы. Нақтырақ айтсақ, «Olx.kz» хабарландыру сайтында бір реттік жұмыс туралы хабарландыру беріледі. Ұялы телефондағы қосымша арқылы, ғаламтор арқылы студенттер де, жұмыс іздегендер де керегін табатын болады. Жобаның басты мақсаты – жұмыспен қамту. Әдетте ғаламтордағы хабарландыру сайттарында бос орындар мен вакансиялар тізімі жарияланады. Бірақ жұмыс іздегендердің барлығының дипломы, тәжірибесі мен қажетті өтілі жоқ. Сондықтан бір реттік жұмысқа, уақытша қызметке үміттенгендер саны жетіп артылады. Бұл қосымша іске қосылғанда студенттер де, жұмыс іздеушілер де, жұмысын ауыстырғысы келгендер де керегін тауып алады. Қазір елімізде 500 мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Сейфуллин көшесіндегілер жетіскеннен жүрген жоқ. Біркүндік табыс үшін кез келген жұмысқа құлшына кірісетін азаматтардың күнделікті табысы – 3 мың мен 5 мың теңге арасында. Тапсырыс болмаса, ол да жоқ. Мысалы, есік алдындағы шөпті шабу, құрылыс қоқыстарын тазалау, терезе жуу, ақтау сияқты ұсақ-түйек құрылыс жұмыстарына сұраныс көп. Жетісу аудандық прокуроры Нариман Бекназаровтың айтуынша, осы жұмыс түрлері бойынша жұмысшы жалдауды тапсырыс берушілердің өзіне берген жөн. «Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, халық арасында осы жұмыстарға сұраныс көп. Оның дәлелі ретінде көп жылдан бері Сейфуллин, Рысқұлов және тағы да басқа орындарындағы бейресми еңбек нарығының сақталуын айтуға болады. Осы жобаны енгізгеннен кейін бұл мәселе түбегейлі шешіледі», – деді. Жобаның негізгі мақсаты – жастарды еңбекке баулу, қоғамда ақша табу үшін ұрлық-қарлыққа, қылмысқа бармау түсінігін ұқтыру.  

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ҚЫЛМЫСҚА ИТЕРМЕЛЕЙДІ

Қазіргі таңда Алматыда жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны көп. Ұрлық-қарлықтың саны жылдан жылға артып келеді. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, қылмысты ашып, кінәлілерді құрықтау көрсеткіші 4 пайызға өскен, бірақ бұл ұрлық жасаушыларды тыйып отырған жоқ. Алматы қалалық прокуратурасының мәліметінше, Алматыда 2015 жылы орын алған қылмыстың жалпы саны 74 мыңға жеткен, оның 70 пайызы – ұрлық. Ұрланған заттардың 37 пайызы – аудио, фото, бейне аппаратуралар мен ұялы телефондар. 25 пайызы – тұрмыстық тауарлар. Тек 15 пайызы – ақшалай ұрлық жасайды. Прокуратура дерегінше, ұрлық жасаушылардың 94 пайызы – жұмыссыздар. Осыдан кейін жұмыссыздықтың қандай ауыр дертке апаратынын көруге болады. Бірі күнкөріс үшін қылмысқа барса, бірі шарасыздықтан, екіншісі қылмысты біреудің жұмсауымен орындайды. Кейбірі ұрлықты жұмыс деп те біледі. Ең сорақысы, ауылдан келген жастардың жұмыс таппай қиналғанда, алды-артын ойламай бірден қылмысқа баруы жиілеп келеді екен. Себебі тұрақты табысы жоқ болған соң, жеңіл, жылдам ақшаға қол жеткізбекші болады. Прокуратура дерегіне сүйенсек, олардың мақсаты – ұрлық жасап байып кету, қомақты ақша түсіру емес, керісінше нәпақа табу ғана. Жаңа жоба жүзеге асқанда жұмысшы мен жұмыс беруші өзара келісімшарт жасасып, бір реттік жұмысқа өз жұмысшысын ғана шақырып отыратын болады. Қазіргі таңда Жетісу ауданының әкімі Талғат Разақов жергілікі кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты, нәтижесінде «Қолжетімді жұмыс» айдарына хабарландыру беріп отыруы тиіс. Сондай-ақ, студенттерді де жұмыспен қамту мәселесі қарастырылған. Әсіресе, аула сыпырушы қызметі студенттер үшін таптырмас жұмыс. Ерте тұрып, жұмысыңды бітірген соң, сабағына бара береді. Немесе күндіз 3-5 сағатта жұмысын бітіре алады. Жұмыссыздар да «Алматы ауласы» әл-ауқат бағдарламасына қатыса алады дейді ол.  

Құрылыста кімдер жүр?

Өзбек азаматтарының еліміздегі ұсақ-түйек жұмыстарға, құрылысқа қуана кірісетіні жасырын емес. Кез келген жұмысқа кез келген ақыға келісе беретін өзбек ағайындар өз отандастарымызды жұмыстан қағатыны да белгілі. Көп жағдайда отандастарымыз жұмыстың ақысын өзбектерден гөрі көп сұрайды, сондықтан еңбек нарығында алатақиялылардың жолы болғыш. Оларға төленген қаражаттан ел қоржынана ешқандай салық төленбейтіні анық. Бұл заңбұзушылықтар да прокуратура назарынан тыс қалмады. «Құрылыс саласын Өзбекстан азаматтары басып алған. Елге заңсыз кірген шетелдік азаматтарды шығара бастадық. Биыл елден шығарған өзбектердің жалпы саны 30 мыңға жетті. Осыдан кейін құрылыс компанияларының басшыларын шақырып, бәріне сұрақ қойдым: «Сейфуллиннен неге жұмысшы алмайсыңдар? Менің білуімше, олар 60-80 мың теңгеге жұмыс істеуге әзір. Біз әлеуметтік бағдарлама әзірлеп, Алматы қаласында 70-80 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес екеніне көз жеткіздік. Осының себебін анықтағанда, мемлекеттің құрылыс жұмыстарының бір шаршы метріне белгіленетін сметасы белгілі бір соманы ғана көрсетеді, нәтижесінде жалақы төмен болып шығады. Біз Алматы қаласының азаматтары құрылысқа жұмысқа орналасу үшін сметаны қайта көтеру бойынша жергілікті және республикалық мемлекеттік органдарға сұрау салдық», – деді Жетісу ауданының әкімі. Қазіргі таңда экономикада 8 миллион 907 мың адам жұмыспен қамтылған. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, экономикалық белсенді халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 95 пайызға жетті. Жұмыс істейтін азаматтардың арасында жалдамалы жұмысшылар саны 6 миллион 235 мың адам немесе 74 пайыз, өздігінен жұмыспен қамтылғандар – 2 миллион 228 мың адам. Оның ішінде өнімді түрде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 1 миллион 809 мың адам. Жалпы, жұмыссыздар саны – 443 мың адам, жұмыссыздық деңгейі – 5 пайыз. Жастар арасындағы жұмыссыздық (15-28 жас) – 4,3 пайыз, әйелдер арасындағы жұмыссыздық – 5,6 пайыз. Жыл басынан бері, 11 мың 647 адам орташа айлық жалақысы 53-80 мың теңгені құрайтын әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған. Жастар тәжірибесіне 8 мың 558 адам бағытталды. Жұмыс күші мол аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға 320 отбасы көшіп барған. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов: «Барлық шараларды қолға ала отырып, кешенді жоспар бойынша 417 мың адамды жұмысқа тартуды көздеп отырмыз. Осы жылдың бірінші жарты жылдығында 225 мың адам қамтылды, бұл дегеніміз жоспардың 54 пайызын қамтып отыр», – дейді ол. Қазір жалақым аз, анаған жетпейді, мынаған жетпейді деп, қанағат етпей жүргенде, айлап жұмыс таппай жүрген замандастарды көріп тәубе айтуға тура келетін заман. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар негізінде елдегі жұмыссыздық көрсеткіші азайып, халықтың әл-ауқаты арта түспек.  

 Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары