817
Азат Шәуеев: Біз онлайн оқытудың мүмкіндігін ашатын цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз
Азат Шәуеев: Біз онлайн оқытудың мүмкіндігін ашатын цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дейін жеткен соңғы технологиялық прогресс қазақ тілінің дамуына қаншалықты үлес қосты? Мемлекеттік тілдің мерейін өсіруде қандай инновациялық жобалар жүзеге асты? Осыған орай, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында жасалған қашықтан үйренуге арналған Soyle.kz жобасының авторы, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев мырзамен ана тілімізді дамытуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Азат Сәдметұлы, сіз басқарып отырған Мемлекеттік тілді дамыту қоры қалай құрылды және қандай мақсат-мүддесі бар? Осы жайында толығырақ тоқтала кетсеңіз…
– Мемлекеттік тілді дамыту қоры 2008 жылы Қазақстан Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Қордың мақсаты – Қазақстанның ұлттық игілігі және қазақ мәдениетінің маңызды бірлігі саналатын қазақ тілін дәріптеу, әлемдік қауымдастықта мемлекеттік тіл мен әдебиеттің әлеуетін артыру және оған қолдау көрсету. Осылайша, Қор қазақ тілін оқып-үйренуге және насихаттауға бағытталған көптеген жобаларды әзірледі. Оның басты мысалы – Soyle.kz платформасын айырықша атауға болады. Сайт қазақ тілін өз бетінше үйренгісі келетіндерге мүмкіндік береді. Бастапқы деңгейден жоғары деңгейге дейін арнайы әзірленген сабақтар ауызекі сөйлеуді дамытуға бағытталған. Сайт тегін, сондықтан ниет білдірген барлық адамға қазақ тілін үйренуге мүмкіндік бар. Одан бөлек, тағы бір ірі жоба – Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы Abaialemi.kz атты алғашқы интернет-энциклопедиясы іске қосылды. Абайдың шығармашылығын насихаттау мақсатында Мемлекеттік тілді дамыту қоры Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен бірлесіп, студенттер (магистранттар да бар) арасында үздік ғылыми жұмысқа арналған «Абай әлемі» байқауын жыл сайын өткізіліп келеді.
– 2015 жылы Елбасының қабылдауында болдыңыз. Қателеспесек бұл қорды содан кейін құрдыңыздар?
– Иә, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы Наурыз мерекесі қарсаңында мені қабылдады. Сол жылы Елбасы Қытай еліне жасаған сапары кезінде «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығын еншілеп қайтқан болатын. Елбасы алған сыйлығын сыйақы ретінде Қорға тарту етті. Ол қаражатқа балаларға арналған «Тәтті алма» жинағын шығардық. Жинақтың алғашқы екі томына белгілі қазақстандық авторлардың өлең мен прозадағы 90-ға жуық туындысы енді. Кейіннен, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың ертегілері, театр қойылымдары, әңгімелері мен өлеңдері бар жинақтың тағы 6 томы жарық көрді. Жинақтың көп бөлігі республиканың барлық өңірлердегі балалар кітапханалары мен мектептеріне сыйға тартылды. Бұл – Елбасының Қазақстан балаларына берген сыйы болды.
Тұңғыш Президент қазақ тілін сақтау мен дамытудың аса маңызды бағыты – мәдени саланы кеңейтуге әрдайым ерекше көңіл бөліп, бақылауда ұстайды. «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деп сенеді Елбасы. Сондықтан мемлекеттің тілді дамыту үшін Мемлекеттік тілді дамыту қорының атқарар жұмысы мол.
– Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуде қандай нақты жұмыстар атқарыуда? Ең негізгілеріне тоқтала кетсеңіз?
– Біз онлайн оқытудың көптеген мүмкіндігін ашатын цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтанда біздің бұл формат қазақ тілін үйренуді жеңілдетіп, оны кез-келген уақытта ыңғайлы, әрі қолжетімді етуі керек. Осы бағытта қазақ тілін үйрететін ең алғашқы, әрі тегін сайт жоғарыда атап өткен Soyle.kz жобасы. Бұл ресурс Қазақстанда қазақ тілін интернет арқылы оқытудың бастауы болды. Қазір мобильді қосымшасы да іске қосылды. Ағылшын-қазақ, түрікше-қазақша нұсқасы енгізілді. Дәл қазіргі уақытта тіл үйренушілер саны 170 мыңнан асты. Қазақстандықтар да, шетелдік азаматтар да кез-келген уақытта біздің қызметті пайдалана алады. Оқыту құралдарының мол жиынтығы материалды ыңғайлы және тез үйренуге мүмкіндік береді. Сайт үнемі жаңартылып, жаңа бөлімдер қосылып, толықтырылып отыр. Сонымен қатар қазір ең көп оқылып тұрған resmihat.kz сайтымыз. Онда ресми ісқағаздарға арналған дайын үлгілері бар.
Қазақ тіліне қазақстандықтар ғана емес, қазір шетелдіктер де көп қызығушылық білдіре бастады. Мысалы, қазақ тілін Soyle-ден үйреніп жүрген канадалық Роман Коулға тіл үйренуге ештеңе кедергі болмағанын, бар-жоғы 6 айда үйреніп шыққанын айтады. Шетелдіктермен салыстырғанда біздің азаматтар қазақтілді ортада өмір сүріп жатыр ғой, сондықтан қазақ тілін үйренемін деген адамға мүмкіндік мол.
– Дейтұрғанмен, қазір шиттей-шиттей балалардың аулада орысша сөйлесіп жататынын жиі байқаймыз. Оларды да кінәлай алмаймыз. Өйткені қазір олар смартфоннан орыс не ағылшын тілінде мультиктер көреді. Бұл жағдай сіздерді толғандыра ма?
– Әрине, бұл бізді де толғандырады. Тіл үйренуде балаларға ерекше тәсіл ойлап табу керек, олардың жас шамасын, қызығушылығын ескере білуіміз қажет. Осы орайда, Қорымыз кішкентай бүлдіршіндерге тіл үйретуге арналған balasoyle.kz сайтын, мобильді қосымшасын ашты. Онда мектепке дейінгі бүлдіршіндер мен бастауыш сынып оқушыларына арналған дистанциялық оқытып-үйрету және әліпбиімен, аудио-сөздіктер арқылы жаңа сөздермен танысып, санауды үйренеді. Сонымен бірге «Ертегілер», «Сандықша», «Ойындар» атты қосымша бөлімдерінде балалар қазақ тілінде мультфильмдер көріп, ән айтып, ертегі тыңдап, санамақ жаттауға болады.
Бұл ретте, Елбасымыздың қолдауымен жарық көрген, балалар әдебиетінің озық үлгілерін жинақтаған «Тәтті алма» жинағының бүгінде 6 томдығы баспа бетін көргенін және оның арнайы tattialma.kz сайты ашылып, мобильді қосымшасымен толыққанын айта кеткеніміз жөн. Онда да ертегілер, өлең-тақпақтар, сахналық қойылымдар топтастырылған. Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани жетістіктерін дамытуға бағытталған жұмыстарын жүргізіп келеді. Әдебиеттің, мәдениеттің озық үлгілерін жаңа заманға лайықтап шығару да, ұлттық салт-дәстүрлерді цифрландыру да қазіргі заман талабы. Осыған орай, Қорымыз «Ұлы дала аңыздары» онлайн жобасы аясында комикстер әзірлеуді қолға алып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Qazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасын іске қосты. Ал биылғы жылы комикстерді үш тілде баспа бетіне шығарды. Сонымен бірге «Еңлік-Кебек», «Айша бибі», «Алпамыс батыр», т.б. көлемді аңыз-жырларды оқуға жеңіл комикстерге айналдырып, ұлттық құндылықтарымызды заманға сай жетілдіріп, форматын өзгертіп, ең бастысы негізгі өзегін сол қалпында сақтап, жас ұрпаққа жеткізіп отырмыз. Одан бөлек, Қордың ең танымал жобаларының бірі – «Кім білгіш?» зияткерлік ойыны. Ойын жоғары сынып оқушыларына арналған және үш тілде өтеді: (қазақ, ағылшын және орыс). Ойын 2016 жылдан бастап онлайн форматта өткізіліп келеді және турнир басталған сәттен бастап республиканың әр өңірінен келген 50 оқушы арнайы «Жылдың ең ақылды оқушысы» дипломдарымен мен бағалы сыйлықтардың (ноутбук, планшет және смартфон) жеңімпаздары мен иегерлері атанды. Бүгінгі күні қазақ тілін білу – бұл жұмысқа орналасу және кәсіби мансап құруда маңызды басымдық беретін мүмкіндіктер ғана емес, сонымен қатар жастар арасындағы жаңа тренд деуге болады.
– Пандемия кезінде ел өмірі айтарлықтай өзгерді. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша оқу жылының екінші тоқсанындағы оқушылардың үштен екісі, қашықтан оқытуды таңдапты. Осы ретте сіздер құрған «Мен мұғаліммін» жаңа сервисі оқу жүйесіне қаншалықты пайдасын тигізді?
– Бұл жобаны – Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры ойлап тауып, іске асырды. Жаңа сервистің таныстырылымынан бір апта бұрын 3000-нан астам мұғалім сынап көрді. Қазір жобада 7000-ға жуық қолданушы бар. Пандемия кезінде бұл фрилансерлер үшін тиімді болды. Сөйтіп біз мұғалімдерге қиын кезеңде көмектестік және оны мақтанышпен айта аламыз.
Сондай-ақ «Мен мұғаліммін» сервисі өзіне ыңғайлы форматты таңдап, тілді өз бетінше үйренуді қалайтындар үшін жеке оқыту бағдарламасын жасауға көмектеседі. Оны Soyle.kz білім беру порталынан таба алады. Қарапайым тіркеуден өткеннен кейін пайдаланушы бірден жұмысқа кірісе беруге болады. Егер оқу немесе жұмыс барысында сұрақтар туындаса, тұтынушы әрқашан қолдау қызметімен байланыса алады. Тілдерді оқыту саласындағы тағы бір жаңалық Soyle.kz базасында тіл алмасудың ішкі желісін құру. Сервис жаңадан бастаушыларға білім алмасу және бір-біріне тілдерді үйренуге көмектесу үшін ана тілде еркін сөйлейтіндер қатарынан серіктес табуға таптырмас құрал.
– Қорларыңыз мемлекеттік емес қоғамдық ұйым. Оның өзге тілдерді дамытуға арналған мемлекеттік мекемелерден ерекшелігі неде?
– Қордың басты ұстанымы – Елбасының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бастамаларына қоғамдық қолдау көрсету, еліміздің рухани жетістіктерін, тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттау, жастар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен нығайтуға атсалысу. Біз қоғаммен, әртүрлі әлеуметтік топтармен тығыз қарым-қатынастамыз. Жоспарланатын шаралар, атқарылатын істер қоғам өкілдерінің тікелей араласуымен, солардың қажеттілігі, сұранысы мен тапсырысына орай орындалады. Осы уақытқа дейін балабақшадан бастап балалар үйлері, мектеп, колледж оқушылары, жоғары оқу орындары студенттерінің белсенді қатысуымен 100-ден аса ауқымды іс-шаралар өткізілді. Этномəдени топтардың жастар қауымын, дарынды да қабілетті, өткір жастарды ақылдасу- кеңесуге, талдау-талқылауға, басқосуларға шақырамыз, бірлесе жұмыс атқарамыз. Іс-шаралардың ұйымдастыру бағыты да, әдіс-тәсілі де сан алуан. Жастар арасында бірлесе өткізілген сан алуан жарнамалық-ағартушылық акциялар, қазақ тілін оқытуға арналған интернет-портал құру жобалары қазір көпшіліктің көңілінен шығуда. Қоғамдық бастамаларға көмек көрсетеміз, қазақ тілінде оқытудың инновациялық бағдарламаларына, жекелеген авторларға қолдау-көмек көрсетілді. Сондықтан да біздің қор қоғаммен қоян-қолтық жұмыс істейтін ұйым деуге болады.
– Қазақ әдебиетінің дамуы, қазақтілді қаламгерлердің шығармашылығын қолдау мақсатында да біршама істі атқарып жатқандырыңызды білеміз. Бұл ретте алда қандай жаңалықтар болады?
– Иә, жас ақын-жазушылар да біздің қолдауымыздан тыс қалған жоқ. Жастарды шабыттандыратын, қанаттандыратын «Алтын тобылғы» әдеби байқауы да дәстүрлі түрде 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жастарды қолдау, әсіресе талантты да талапты шығармашыл жастарды қолдау – біздің басты міндетіміз. Өйткені қазақ әдебиетінің дамуы – әуелі қазақ тілінің дамуы деп білеміз. Елбасы бір сөзінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп айтқаны әр қазақты қанаттандыр керек. Сондықтан жыл сайын өзіміз де, жас ақын-жазушылар да асыға күтетін ерекше сайыс – «Алтын тобылғы» әдеби байқауы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бастамасымен және қаржылық қолдауының арқасында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіледі. Оған 18 бен 35 жас аралығындағы жас ақын-жазушылар қатыса алады. «Алтын тобылғы» жүлдесі «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия» және «Балаларға арналған үздік шығарма» және еркін тақырып аталымдары бойынша беріледі. Әр номинацияның бас жүлдесі 2 млн теңге.
«Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреанты атанған қаншама жас қаламгер осынау аз-кем сыйлық өздеріне мотивация болғанын айтып жатады. Тіпті ішінде алғашқы жарнасын төлеп үй аландары да бар. Жас қаламгерлердің әдеби әлеуметін арттыру, қазақ тілін қолдау мақсатында алда байқаудың ауқымын әлі де кеңейте түсуді жоспарлап отырмыз.
Сұхбаттасқан
Бақыт БЕКОВ