2521
Қазақ өркениетін зерделеген ғалым
Қазақ өркениетін зерделеген ғалым
Мемлекеттік мүддені көздеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда елеулі еңбегімен ел мәдениеті және тарихына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ғалымдар аз емес. Сондай тұлғаларымыздың қатарында Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор Еренғайып Омаровтың есімі ерекше аталуының өзіндік себебі бар.
Шынында, Еренғайып Сәліпұлының аты аталғанда Қазақстан тәуелсіздігімен бірге түлеген тұңғыш Қайнар университетін ашқаны және Қазақ өркениеті мен тарихы институтын құрғаны еске түседі. Еліміздегі жаратылыстану және қоғамдық ғылымдардың дамуына бірдей қомақты үлес қосып келе жатқан ғалымның шығармашылық шеңбері кең, таңдаған салалары сан алуан болып келетінін ғылыми орта жақсы біледі. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі екені, атомдық және молекулалық физика мәселелеріне арналған монографиялық еңбектер жариялап, диссертация қорғағаны өз алдына бір әңгіме.
Бұл мақалада академик Е.Омаровтың нақты ғылымдардан өзге, қоғамдық-гуманитарлық, оның ішінде тарих ғылымы бойынша терең ізденістер нәтижесінде қол жеткізген зерттеулері сөз болмақ. Атап айтқанда, қазақ өркениетінің әлем өркениетіндегі бір көрінісі ретінде алатын орнын айқындау үшін мол материалдар негізінде жинақталған дәлелдері мен дәйектері, ұстанатын ұстанымдары баяндалатын болады. Реті келгенде айта кететін нәрсе, ғалым «Ғұмыр бойы оқу» заманауи трендтер қағидасына сүйене отырып, тарих мамандығы бойынша магистратура тәмамдап, PhD докторы (Германия) атағын алуының өзі діттеген мақсатына жету үшін аянбай еңбек етудің үлгісін көрсетсе керек.
Ол 1997 жылы Қайнар университетінің жанынан Қазақ өркениеті мен тарихы институтын ашып, қазақ өркениетін зерделеудегі қадау-қадау қадамдарды, еліміздің рухани дамуындағы қолға алынар зерттеулерді зерделеуде атқарылар іс-шара бойынша жоспар әзірлеп, оның іске асыру тетіктерін тиянақтайды. Атап айтқанда, институт мақсаты – қазақ өркениетінің өзіндік ерекшеліктері мен оның көшпенді, Қытай, Ислам, Еуропа сияқты басқа әлемдік өркениетпен байланысын анықтау. «Өркениет» ұғымының негізі ретінде оның француз тіліндегі лингвистикалық мағынасы алынады. Осы мағына ел мен оны мекендейтін этностардың мәдениеті мен өркениеттік аспектілерін жан-жақты зерттеуді меңзейді. Оған Орталық Азия мен Қазақстан географиясын, тарихын (тарихнама және деректану), қазақ тарихын, қазақ философиясын, филологиясын, мәдениетін, дінін, қазақ менталитеті мен этнопсихологиясын зерттеу сияқты мағыналар сыйғызылады. Институт міндеті – қазақ өркениетінің қалыптасу мәселелері, оның көнедегі, орта замандағы, жаңа замандағы даму процестері мен қазіргі кездегі ахуалын айқындауға жол ашады.
Институт жанында «Қазақ цивилизациясының қайнар көзі» атты теориялық-әдістемелік семинар да Еренғайып Сәліпұлының жетекшілігімен өткізілген болатын. Мұнда Қазақстан жеріндегі этностардың, әсіресе қазақтардың тарихы, философиясы, филологиясы, мәдениеті, діні, олардың өркениеттік аспектілері жүйелі түрде зерттеледі. Семинарға қатысушылар қазақ менталитеті, қазақ этнопсихологиясының қалыптасуы мен генезисі секілді маңызды мәселелерге аса көңіл бөледі.
Университетте тұрақты түрде өткізілетін көптеген халықаралық конференцияларда, оның ішінде екі жылда бір өтетін «Өркениеттер форумы», дөңгелек үстелдер, семинарлар мен конференцияларда қазақ өркениеті тақырыбы терең талқыланатын, пікір алмасатын ғылыми орталықтарға айналғанын айта кетсек, артық болмас. Университет ғалымдары Қазақстандағы және шетелдегі ірі ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми шараларына белсенді араласуының арқасында қазақ өркениеті институтының танымалдығы арта түсті.
Франциядағы Қазақстан елшілігінің араласуымен Е.Омаровтың өтініші бойынша 1998 жылы Нанси, Гавр және Париж қалаларындағы университеттер бойынша турне ұйымдастырылды. Ғылыми тұрғыдан Гавр мен Нанси қалаларындағы Universite du Havre халықаралық қатынастар факультетінің басшыларымен кездесу тиімді нәтиже берді. Факультет деканы Гавр қазақ өркениеті жайлы лекциялар курсын ұйымдастыруға көмек көрсетуді сұрады. Е.Омаров осы курстарды дайындау арқылы алғаш рет жаңа ғылыми бағыт ретінде Қазақ өркениетінің әдіснамалық және теориялык негізін баяндады. Бұған дейін әлемдік ғылымда бұл мәселе терең қарастырылмағанын атап өтсек.
Соңғы кезде Е. Омаров Қазақстанның көне тарихы мен қазақ еркениетін ғылыми тұрғыда зерттеуге ерекше көңіл бөліп жүр. Зерттеулер нәтижесі бойынша ол 2001 жылғы 16-18 шілде күндері Аустралияда ғаламдық өркениет туралы Бірінші халықаралық конгресте баяндама жасады. Ғалымның бұл баяңдамасын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жоғары бағалады. Сондай-ақ 2001 жылы ол Сорбонн Париж-2 және ФАКО университеттері студенттері алдында «Қазақ өркениеті» тақырыбында баяндама жасап, жалпы өркениеттегі қазақ өркениетінің алатын орнын айқындап берді.
Француз режиссері, доктор Катрин Пей (Саtherine Реіх) Алматыда алманың Маlus sіеуегsі жабайы сорты туралы ғылыми-танымдық фильм түсірді. Қайнар университеті және
Е.Омаровтың өзі оларға кино түсіруге және сценарийді талдауда көмек көрсетті. Фильм 2010 жылы түсіріліп бітті, Парижде тұсаукесері өтті. 2010 жылы Францияда Катрин Пейдің белсене қатысуымен «Алма» ассоциациясы құрылды (Саtherine Реіх-Ргеsіdente dе I’Association Аlma), бұл ассоциацияға Е.Омаров шетелдік мүше ретінде тіркелген. Қазір Е.Омаровтың Катрин Пей ханыммен бірге Аттила және Өркениеттер туралы өзге де деректі фильмдер түсіру ойы бар.
Сондай-ақ Лиссабон географиялық қоғамының көмегі арқылы қоғам мұрағатынан Ежелгі Қазақстан территориясы белгіленген көне карталар табылды. Ал ең бір тамаша жаңалықтар Лиссабонның орталық археологиялық мұражайында тұрған балбал тастар болды. Бұл балбалдар Еуразияның барлық аймақтарында кездесетін балбалдардан аумайды. Бұл сәулет үлгілерінде бейнеленген адамдар түр-тұлғасы айқын және азиаттарға ұқсайды, ал киімдеріндегі орнаменттер дәл қазақтікі. Орнаменттерде қазақ оюлары мен киіз үй керегелері бейнеленген. Бұл сәулет үлгілерін олар б.д. І-ІІ ғасырға тиесілі және Португалияның солтүстігінен табылған. Бұл ұйымның қызметкерлері Луис Айрес Варрос және хатшы Анил Самарт ғалым Е.Омаровпен ортақ ғылыми ізденістерін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Анил Самарт пен Е.Омаровтың ортақ жұмыстарының нәтижесінде «Ертедегі үнді-сақ мәдени-өркениеттік ықпалдастық» деген шартты атауы бар кітабы баспаға дайындалып жатыр. Зерттеудің кейбір нәтижелері туралы мынаны айтуға болады. А.Самарт Будда пайғамбардың сақ, нақтырақ айтсақ, қассақ тайпасынан шыққаны туралы болжам айтады. Каспий теңізін индустар өздерінің атажұрты деп санайды, олардың көне тілінде ол «Сүтті теңіз» деп аталады, яғни бейнелі түрде айтқанда – ана сүті. Тілдегі, мінездегі көптеген сәйкестікті айтпағанда, тарихи тұрғыдан алғанда моғолдар мен ақ ғұндардың басым бөлігі солтүстік Үндістанға көшіп келген.
Профессор Е.Омаров бірнеше жыл қатарынан жаһаңдық өркениет мәселелеріне байланысты халықаралық жобаға атсалысып, Сидней (Аустралия) мен Нью-Йорктегі (АҚШ) конференцияларға қатысты.
ҚХР Қоғамдық ғылымдар академиясының Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азия институтымен (Пекин), Украина Ұлттық ғылым академиясының философия және А.Крымский атындағы шығыстану институттарымен (Киев), Чэнчи университетінің Ресей институтымен (Тайвань), Стокгольм университетінің Азия-Тынық мұхит зерттеулер институтымен, Уппсала университетімен (Швеция) ынтымақтастық қатынастар орнатуының негізінде ұзақмерзімді ғылыми жобаларды қолға алу мүмкіндігі туып отыр.
2010 жылғы тамыз айында оның басқаруымен университет ғалымдары Қытай және шетел ғалымдары тобымен бірге Ұлы Жібек Жолының солтүстік бөлігімен жүріп отырып, Үрімші, Қорла, Қарашар, Ақсу және Қашғар қалаларын аралап шықты. Осы ғылыми-практикалық экспедиция барысында Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Аппақ Қожа, Сатүқ Боғра хан, Моғолстан әміршісі Тоғлұк Темір сияқты түркі әлемінің ұлы қайраткерлерінің кесенелеріне тағзым етіліп, тарихи тағылымдарына назар аударылды.
Еренғайып Омаров тарихшы ретінде Ұлы Жібек Жолын басынан аяғына дейін жүріп өту мақсатын алдына қойған. Ол Түркияның Стамбұл қаласынан бастап Қытай мемлекетінің астанасына дейінгі аралықты толықтай жүріп өтті. Кейбір жерлерін жаяу, көпшілігін, әрине көлікпен жүріп өтуге тура келген. Бұл босқа аралау емес еді, ол сол елдердің өркениетін және мәдениетін қоса зерттей жүрді.
Е.Омаровтың осындай жемісті ғылыми ізденістерін ескеріп, Португалияның астанасы Лиссабон қаласындағы географиялық қоғамы ғалымды толық мүшелікке қабылдады. Ғалым сондай-ақ тағы бір қызық жайтқа сонда Португалиядағы археология музейінде кезіккен. Лиссабонның солтүстігінде адамның бейнесінде жасалған құлпытастар табылған екен. Адамның бойындай жасалған балбал тастардың түрі азиаттық сипатта, тіпті қазақ сияқты, үстерінде кигендері шапан. Ол аз болғандай шапандарында кереге мен қазақтың қошқар мүйізіне ұқсайтын оюлары көрсетілген. Шамамен І-ІІІ ғасырларда жасалған және көп табылған екен.
Ғалымның зор ізденістерінің нәтижесінде әр жылдары алыс-жақын шетелдерде жарық көрген «Қазақ өркениетінің қысқаша тарихы», «Қазақ өркениеті», «Атилла. Өркениеттік рөлі», «Тһе Каzакһ Сivilization and Ніstогу», «Портреттер: Геродоттан Гумбольдтқа дейін сырттай көзқарас» секілді еңбектері қазақ өркениетін зерделеуге арналған құнды еңбектер қатарында бағаланғанын көпшілік жақсы біледі.
Аталған еңбектерінде ол «Қазақ өркениеті» атты жаңа ғылыми бағыттың қалыптасуы мен дамуы туралы өзіндік, ғылымға сүйенген оқшау ойларымен бөліседі. «Қазақ өркениеті» концепциясын ұсынған ғалым ретінде танымалдылығы артып келеді. Қазақтарда көшпенділікпен қатар өзіндік өркениет болғанын, ертедегі қазақтардың кеме жасағанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Қазақ өркениетінің – көшпенділік, қалалық, өзендік, әскери, егіншілік, дала өркениеттері болып бөлінетіні туралы тұшымды тұжырым жасаған.
Сондай-ақ Ерекеңнің «Қазақ өркениетінің негізі», «Атилла және өркениет» атты монографиялық еңбектері жуық арада жарық көрмек. Ғалым – 100-ден астам мақаланың авторы, оның бір бөлігі шетел басылымдарында жарияланып, алыс-жақын шетелдердегі өркениеттанушы ғалымдардың оң пікіріне ие болғанын айта кеткеніміз абзал.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті