768
Шымкент – республикадағы ірі өнеркәсіптік орталықтың бірі
Шымкент – республикадағы ірі өнеркәсіптік орталықтың бірі
Шымкент қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Елорда күні мерекесі аясында бірқатар индустриалды жоба іске қосылды.
Онлайн форматта өткен жаңа өндіріс орындарының ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардың экономикалық әлеуетін арттыруға қосып отырған үлесі үшін кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, жаңа өндіріс орындарының ұжымына табыс тіледі.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында және Елорда мерекесінің құрметіне орай бүгін Шымкент қаласында бірқатар жаңа өндіріс орнын іске қосып отырмыз. Жаңа өндіріс желілерін қосуға 6,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Кәсіпорындарда 344 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Іске қосылған кәсіпорындардың ішінде 6 жоба мемлекет қолдауымен құрылған өндірістік аймақта орналасқан. Олардың ішінде металл және темір бұйымдары, корпустық жиһаз, автомобиль шынылары, халық тұтынатын тауарлар, жеңіл өнеркәсіп жобалары іске асты. Өндірістік аймақтардың инфрақұрылымы мемлекет тарапынан жүргізілді. Жаңа өндіріс орындарына арнайы жер бөлдік. Аймақта орналасқан кәсіпорындар жер, мүлік және корпоративті салық түрлерінен босатылды. Төмен тарифтегі инфрақұрылым жеңілдіктерімен қамтамасыз етілді, – деп атап өтті Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бірқатар кәсіпорын ашылды
Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясат аясында Шымкентті индустриалды қала ретінде дамытуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қабылданған «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары табысты іске асып келеді. Бұл қала экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Іске қосылған кәсіпорындардың қатарында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіретін SAGITEX GROUP ЖШС фабрикасы бар. Жобаға 337 млн теңге инвестиция тартылған. Жылына 400 000 дана ішкиім өнімдерін тігіп, сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Өндіріс орны үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтан 1 гектар жер берілген. Мұнда әзірге 11 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған.
Сонымен қатар осы күні автомобиль шыныларды жасап, монтаждаумен айналысатын «Балкибеков» ЖК жұмысын бастады. 20 жұмыс орны ашылған кәсіпорынға 40 млн теңге инвестиция тартылған. Енді мұнда жыл сайын 5 000-нан аса шыны шығарылатын болады.
Мереке қарсаңында ашылған зауыттың бірі – KASPY STEEL ЖШС. Металл бұйымдарын құюмен айналысатын кәсіпорында 40 адам жұмыспен қамтылып, инвестиция көлемі 400 млн теңгені құраған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 000 тонналық металл өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.
Ал TABA INDUSTRIAL ЖШС «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан. Жобаға 498,8 млн теңге инвестиция тартылып, 65 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Мұнда жылына 150 000 дөңгелек, 300 000 бақша арбасы, 60 000 баспалдақ шығарылатын болады.
Осы күні «СК-АЙМАҚ» ЖШС шкаф жиһазы өнімдері мен құрылымдары өндірісін іске қосты. Кәсіпорын жобалаудан бастап дайын өнім шығаруға дейін толық технологиялық циклын жүзеге асырады. Жобаның инвестиция көлемі – 500 млн теңге, онда 50 жұмыс орны құрылған. Жобалық қуаттылығы жылына 7 000 жиһаз өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру үшін «Тассай» индустриялық аймағынан 1,8 гектар жер бөлініп отыр.
Айта кетейік, бүгінде «Тассай» индустриялық аймағында жалпы құны 28,1 млрд теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылып, онда 800-ге жуық жұмыс орны ашылған. Аталған жобаларға «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында қолдау көрсетілген. Жыл соңына дейін қосымша 70 жаңа жұмыс орнымен 2 инвестициялық жоба іске қосылатын болады. Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінге дейін 2 293 жаңа жұмыс орнымен 26 жоба жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін 12 млрд теңгеге 5 жобаны іске қосып, 290 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Тәуелсіздік жылдары 9,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген
Жалпы, Шымкент қаласы – республиканың ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Бүгінде өнеркәсіп саласында 700-ден астам кәсіпорындар белсенді жұмыс жасауда.
Тәуелсіздік алғаннан бері Шымкент қаласының өнеркәсібі – экономиканың негiзiн қалайтын және айқындайтын секторлардың бiріне айналды. Өткен жылдың өзінде өнеркәсіп саласының үлесі жалпы өңірлік өнімнің төрттен бірін құрады.
Алғашқы тәуелсіздік жылдары қаладағы өнеркәсіп орнымен 9,9 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, өткен жылдың қорытындысымен өнеркәсіп өнімнің көлемі 654,2 млрд теңгеге дейін жетіп, 66 есе өскен. Биыл бұл көрсеткішті 700 млрд теңгеден асыру жоспарланған.
Сондай-ақ тәуелсіздік алғалы бері Шымкентке 2,5 трлн теңге инвестиция тартылған. Қазір қала аумағында 2,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 шетелдік инвестициялық жоба іске асырылды.
Соңғы екі бесжылдықта 184 млрд теңгеге 105 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, онда 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған.
Қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлерге және инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында елімізде алғашқы болып үшінші мегаполисте «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылып, тиімді жұмыс жасауда.
1991 жылы Шымкент қаласында 6 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, онда жұмыспен қамтылғандар саны 35 мың адамды құраған. Тәуелсіздіктің 30 жылында шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіш бүгінде 7 есе өсіп, олардың саны 70 мыңға, ал онда жұмыспен қамтылғандар қатары 164 мыңға толыққан.
2018 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тарихи шешімімен Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала ретінде айқындалды. Бүгінде Шым-
кент өнеркәсіп пен сауданың орталығына айналды.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы