Бішкектегі Ұлттық домбыра күні
Бішкектегі Ұлттық домбыра күні
ысты Домбыра күнін кең көлемде, үлкен өнер ордаларының бірінде өткізуге мүмкіндік болмады, сондықтан іс-шараға көп адам шақырылған жоқ. Әйтсе де, орталарыңыздағы әнші-домбырашылар өз өнерлерін көрсетуге құлшынып тұрғанын байқап тұрмын», – деді мерекені ашқан Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшісінің кеңесшісі Жәнібек Жұмбергенов. Ол сонымен қатар Ұлттық домбыра күні мерекесін белгілеу 2018 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың шешімі арқылы басталғанын атап өтті. Домбыра күні Қырғыз еліне танымал өнер қайраткері, халықаралық фестивальдің лауреаты Нұрлан Әбдралиевтің домбырамен шырқаған Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнімен басталып, өнерлі студенттердің ән-күйлерімен жалғасты. Ара-арасында қазақтың атақты домбырашыларының шығармашылығы туралы баяндалып отырды. Әсіресе, қырғыз қызы, Б.Бейшеналиев атындағы Қырғыз мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің студенті Жазгүл Бұлалованың домбырамен «Балбырауынды» бабына келтіріп орындағаны көрермендерді сүйсіндірді. Біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда-а-ай, Ұзын ағаш майысар жел тұрғанда-а-ай. Өзге ауылдың сұлуын не қыламын-а-ай, Тал шыбықтай бұралып, сен тұрғанда-ай... – деп, «Күміс құмған» әнінің бір варианты, қазақтың халық әні «Томпидым, жеңеше-ай» әнін орындап берген Нұрлан Абдралиев өзінің өнер жолынан да сыр шертіп берді. Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Көлтоған ауылында дүниеге келген Нұрланның әкесі Асылбек сол кішігірім ауылдағы бастауыш мектепте әуелі мұғалім, сосын директор болып 50 жылдай еңбек етіпті. Домбырада шебер ойнайтын кісі болған. Күнде таңертең сабаққа барарында кейде домбырамен күй тартады екен. Нұрлан әкесі үйден шығып кеткен соң, үстелдің үстіне шығып, қабырғадағы ілулі тұрған домбыраны алып, әлгі әуенді дыңылдатып қайталауға талпынады. Сөйтіп жүріп домбыра тартуды үйреніп алған. Нұрлан орта мектепті бітірген соң Жамбыл технологиялық институтына (қазіргі ТарМУ) оқуға түскен. Жеңіл өнеркәсіп инженері мамандығына ие болған Нұрланды институт жолдамамен Қырғыз Республикасының Тоқмақ қаласындағы былғары зауыты комбинатына жіберген. Осы кәсіпорында инженер, цех бастығы болып істеген Нұрлан көркемөнер іс-шараларына белсене қатысқан. Бірнеше жыл өткен соң Тоқмақтағы мәдени-ағарту техникумындағы Нұржамал Қожахметова деген апайдан тәлім алып, қырғыздың халық аспабы қомызда ойнауды үйреніп алған. Екі тілде бірдей сөйлеп, екі тілде бірдей жырлап әуелетіп ән салған, домбыра мен қомызды кезегімен күмбірлеткен Нұрлан Абдралиев – бүгінде мерекелі іс-шаралардың қадірлі қонағы, Кыргызстан ел Ассамблеясының, оның тұтымындағы Қырғызстан қазақтары қауымдастығының ерекше құрметтелген белсенді өнерпазы. Іс-шараның соңында Жазгүл Бұлалованы сөзге тартқанымызда, ол Ыстықкөл облысы Ақсу ауданының Керегеташ ауылындағы Жұмағұл Алышпаев атындағы орта мектепті бітіргенін, мектепте 120 оқушыдан құралған қо¬мызшылар ансамблі бар екенін, 30 оқушыдан жасақталған домбырашылар тобы да болғанын айтып берді. Домбыра тартып, қазақша ән салуды музыка мұғалімі Айганыш Мамыралиева апайы үйреткен. Мерекелік шарада өнерпаздарға елшіліктің атынан естелік сувенир тапсырылды.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, Túrkistan газетінің Қырғыз Республикасындағы тілшісі