СҚО-да 3 жасар қызын ұрып өлтірген әйел сотталды

СҚО-да 3 жасар қызын ұрып өлтірген әйел сотталды

СҚО-да 3 жасар қызын ұрып өлтірген әйел сотталды
ашық дереккөзі
656

Солтүстік Қазақстан облысында 3 жасар қызын ұрып өлтірген келіншекке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО кәмелетке толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық соты 3 жасар қызын ұрып өлтірген Екатерина Голешоваға үкім шығарды. 22 жастағы келіншек бірден 3 бап бойынша айыпталған еді. Сот оны кінәлі деп танып, әйелді 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Жантүршігерлік оқиға биыл қаңтар айының соңында болды. Екатерина Голешова 3 жасар туған қызын өлімші етіп сабап, сәби облыстық балалар ауруханасының реанимация бөлімшесіне түсті. Денесінде сау жері қалмаған кішкентай Саша бір айдан артық комада жатты. Дәрігерлер баланың өмірі үшін күрескенімен, сәби алған жарақатынан тілге келместен қайтыс болды. Александра Захарова дүниеге церебралды паралич ауруымен келген. Анасы Екатерина қызынан бас тартып, сәбилер үйіне өткізеді. Біраз уақыттан кейін қызды әйелдің алыс туысы Захаровтар отбасы қамқорлығына алмақ болады. Туған анасы сәбиден бас тартып, қолхат та жазған. Алайда ай сайын 92 мың теңге жәрдемақы төленетіндігін білген әйел мүгедек қызды қайтарып алған. Қатыгез келіншек Сашаны қолға алған күннен бастап соққыға жыққан. Сот әйелдің жасаған қылмысын бір сағат бойы тізді.
«23 жастағы облыс орталығының тұрғыны Екатерина Голешова өзінің 3 жасар қызын бірнеше күн бойы аяусыз ұрған. Церебралды паралич дерті бар сәбиді аяққа тұрғызып, жүруге мәжбүрлеген. Оның жылағанына қарамастан бірнеше рет итеріп, басынан ұрған. Салдарынан басының оң жақ бөлігінде субдуральды гематома пайда болған, басына қан кетіп, денесі көгерген, шашы жұлынған, тілінде де бірнеше жарақат болды және тістерінің сынғаны анықталды», - деді СҚО кәмелетке толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Әлия Жұмабаева.
Сашаны асырап алмақ болған Татьяна Захарова туған қызын аяусыз ұрып өлтірген әйел үшін соттың үкімі өте жеңіл жаза деп есептейді.
«Осындай қылмыс үшін бұл еліміздегі ең ауыр жаза деп есептеледі. Алайда, егер ол 20-25 жыл немесе жазасын өмір бақи өтейді дегенді естісем де, көңілім толмас еді. Менің ойымша, Голешова өз кінәсін мойындамады», - дейді Татьяна Захарова. Екатерина Голешова жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді.
 

Серіктес жаңалықтары