1569
Мистиканың үзілмей жеткен арқауы
Мистиканың үзілмей жеткен арқауы
Жасыратын несі бар, бүгінде «Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» Кеңес одағымен бірге келмеске кетті, енді қайта тууы неғайбыл» дегендей екіұшты пікірлер мен қаңқу сөздер жиі айтылып та, жазылып та жүр. Оның себебі де жоқ емес. Қоғамды темір заман жаулап алды. Жас түгіл жасамысты да телмірткен ғаламтор – кітап пен газет, кітапхана, қойын дәптерді интернетке ауыстырғалы қашан?! Бұл әдебиеттегі тоқырау да, құлдырау да емес. Халық бар жерде қашан да әдебиеттің болатыны, өлмейтіні айқын. Тек тақырыбы мен идеясы, мазмұны мен формасы тұрғысынан жаңару үстінде.
Әрине, бұрынғыдай кiтапты жата-жастанып оқитын жастарды қазір кездестіру қиын. Жоқ емес, бірақ сирек. Оның себебі неде? Себебі – көп. Көзге анық көрінетіні, бүгінде заман ағымынан қалмай, көшке ілескен қоғамға жаңа ағым мен бағыттағы әдебиеттің қажет екендігі. Яғни дәстүрлі әдебиеттен гөрі постмодерн ағымындағы жаңашыл әдебиет өз оқырманын тауып, сұранысқа ие болуда. Екіге бөлінген қоғамның бір саласы аталмыш ағымды жатсынса, келесісі мойынсұнды, қабылдады. Сондай жаңа заман әдебиетінен ойып тұрып орын алатын жазушының бірі – Қойшыбек Мүбарак.
Қаламгер бүгінде әдебиетіміздегі өз тақырыбы мен формасын тапқан, жаңа мистика жанрында қалам тартып жүрген талантты жазушының бірі.
Қазіргі әдебиет жанрларының қатарын тылсым күш пен реализмді байланыстырып, толықтырған «мистика» жанры. Аталмыш жанр бүгінде қазақ әдебиетінде әлі зерттелмеген, өзекті тақырыптың бірі. Оған ғылыми анықтамалықтарда, «Мистика (грек. Mystіkos – құпиялы) дүниеге діни-идеалистік көзқарас. Оның негізінде табиғаттан тыс күштерге деген сенім жатыр. Мистика иррационализм мен аскеттілікпен тығыз байланысты және оған эзотеризм, яғни құпиялылық тән. Мистика, ең алдымен, рухани әлемді жеке психологиялық тәжірибе арқылы тануға ұмтылу, осыдан туындайтын амал-әрекеттер, жан мен тәннің жаттығулары болып табылады» делінген [Қазақ энциклопедиясы, 6 том].
Бүгінде қазақ әдебиетінде дамымай, болмашы ғана қылаң беріп, бұлыңғыр күйде қалып қойып жүрген бірқатар жанрлар кездеседі. Дегенмен Қойшыбектің әңгімелері арқылы мистика жанры өз кірпішін қалап та үлгерді. Жанр болмысы жоғарыда анықталғандай, адамтану мен дүниетанудағы ақиқат танымы – мифологиядан бастау алатын секілді.
Қойшыбек Мүбарак шығармалары діни түсініктер мен фантазиялық сананың жемісі. Олай дейтініміздің себебі, суреткердің кез келген шығармасын алғаш оқығанда, классикалық әдебиеттен қалыптасқан түсінігіңізге нұқсан келуі немесе автор санасында бір ауытқушылық бар ма деген қауіпте болуыңыз бек мүмкін. Ал жинақты қолға алғанда бірден бойыңызды қорқыныш пен үрей билеп алатыны анық. Жазушының «Жат құшағы», «От ару» жинақтары сөзіміздің дәлелі бола алады. Мысалы, «Алас», «Пері көші», «Құбыжық», «Сайтан қыз», «Пері қыз», «Жетінші көр», «Мүрде» т.б. әңгімелері атынан-ақ жазушыда фобия түрлерінің біразы бар ма екен деген дүдәмал ой да көрініс береді.
Негізінен жазушының шығармаларын тақырыбына қарай үлкен екі топқа бөліп қарастырған жөн. Бірі – фольклорлық мотивтерден құралған туындылар, келесісі готикалық сарындағы – мистикалық әңгімелер. Енді фольклорлық сарындағы әңгімелеріне көңіл бұрайық.
Қойшыбектің «Жат құшақ» әңгімесіне адам баласының санасындағы елеспен бас қосып, балалы болу оқиғасы арқау болған. Әрине, бұл қиял шексіздігі. Яғни жазба әдебиеттегі фольклордың көрінісі дер едік.
Әңгіме фольклорда кеңінен қолданылатын көркемдік тәсіл «түс көру» мотивінің желісімен өріледі. Тек фольклор мен әдебиетте атқаратын қызметтерінің алуандығын ескерсек, шығармада фольклордағы түс көру сарынына көбірек ұқсайды. Себебі түс кейіпкердің сенімі арқылы міндетті түрде орындалып тұр.
Қысқа ғана әңгімеде жігіт түсіне алғашында аса мән бермегенмен, елесті түн сайын көріп, оған ғашық болып қалады. Бірақ кездесе алмағандықтан қиналған жігіт, шынар түбінде отыратын бақсы анаға барып, оны иелерімен сөйлестіріп (Қызылбастының елесі), өңінде кездесуге мүмкіндік алады. Оның жолы – жігіттің бар киімін отқа жағу болатын. Мән-жайды түсінгісі келген жігітке бақсы ана, «үйіңе бара бер, көресің» дегенді айтады. Әдеттегідей кездесуді күтіп, түнгі ұйқыға кеткенде өзінің күйіп жатқанынан оянған жігіт, қолқаны қапқан қара түтіннен қашып далаға шықпақ болғанда, жатарда ілінген киімнің ізім-ғайым жоғалғанына таң қалады да, есінен танып құлайды. Көзін ашқанда қыздың ыстық құшағында жатқанын, өзі ғашық болған елес әйел екенін біледі. Қуанғанынан жарықты жақпақ болғанда, елестің «өмірлік өкінішке қаласың» деген сөзінен кілт тоқтайды. Мұндай кездесулер соңы балалы болуға алып келеді. Біраз уақыт өткен соң бала дүниеге келеді, кіндігін кеспек болғанда, баласының кіндігінің жоқ екенін біледі. Жарықта елес баласы мен сүйіктісін көргісі келген жігіт жарықты жағып қалғанда, қатты шар еткен бала мен әйелдің дауысы естіліп, «үшеуінің де өмірлік өкінішке» ұрынғанын түсінеді. Артына қарағанда төсектің үстінде қалқып тұрған баланы көреді.
Туынды тұнып тұрған – мифология. Енді сөзімізді дәлелдесек, біріншіден, кейіпкерлер жүйесі дәстүрлі емес, керісінше бақсы ана, елес әйел, елес бала яғни фольклорлық қаһармандарға тән бейнелер көрініс берсе, екіншіден, ертеде батырларымыз періге үйленді, ал бүгін ХХІ ғасырдың жаңа кейіпкері елеспен бас қосты. Үшіншіден, жануарға не құсқа құбылу – жігіт түсіндегі елестің өңіне айналуы болып табылады. Бақсы – шамандық түсінікте қалыптасқан екі әлемді байланыстырушы ғаламат тылсым күш иесі.
«Періге не елеске үйлену» халықаралық мотив болып табылады.
Мысалы, ноғайлы жырлары ішінде ескі шамандық нанымдардың көп кездесетін эпостарымыздың бірі «Едіге батыр» жыры болса, одан кейінгі дәуірлерде шыққан жырлардың көбі дерлік түркі халықтарының ислам дінін қабыл алған кезінде дүниеге келе бастаған. Едігенің әкесі Баба Түкті шашты Әзіздің перінің қызына үйленуі ескі түркі нанымына сәйкес болса, Сәтемір патша Едігені отқа салғанда, Едігенің пері-әйелінің көмегімен отқа жанбай, кейін залым патшаның өзін алдап: «О дүниеде әкеңді көрдім», – деп, өзін жағып жіберуі ескі зороастра дінінің сенім-нанымынан туғандығын көрсетеді. Ал аталмыш шығармадағы «елеске үйлену» жаңа формадағы постмодерн үлгісі, яғни баяғыда ұмытыла бастаған үлгіні жазушы қайта жаңғыртқан. Мысалы, қазіргі қорқынышты мультфильмдердегі жалғыз көзді құбыжықтар немесе кез келген уақытта құбыла салатын персонаждар фольклорлық сарындардың жемісі. «Жат құшақта» кейіпкер екіге бөлінеді. Ол өзі және елес. Жалпы түс көру, сандырақтау, елес көру арқылы бұлар ертедегі мифологиядан бүгінге жеткен фольклорлық дәстүр.
Аталмыш мотивке құрылған автордың «Тарғыл мысық» әңгімесінде де түсінде тәнті болып жүрген сұлу қыз өңінде көршінің қызы Мәлике екенін, оның тылсым сырға ие екенін біледі. Алғашында қорқып жүргенмен, кейін оған ғашық болып қалады. Ол тек қараңғы бөлмеде ғана отырады. Ешкім білмейді, тіпті әке-шешесіне де көрінбейді. Тек інісі Ермек қана барлық сырға қанық. Шығармада басқа тіршілік иелерінің де өмірлері жігітке айқын болады. Ол қыз берген тұмар іспетті ғажайып затпен көзін сүрту арқылы іске асады. Бір ғажабы адамдардан басқа тіршілік иелері бақытты. Адамдар ғана бақытсыз. Қайғы-мұң адамдарға ғана тән. Жылан патшалығына өткен адам ондағы бақытты адамдармен қатар, басқа қақпада азан-қазан шулаған ажал аузындағыларды да көреді. Мәнісі олар да адам, о дүниеге де адам болып барады. Яғни олар адам болудан қорқады екен. Осындай ғажайып құбылыстарды аралаған жігіт түнде қызбен бірге болуды әдетке айналдырады. Тек қыздың аяғы таң ата жылан денеге айналады. Шығарма соңы тарғыл мысық ана дүниеде кім екен деген ойымен аяқталады.
Әңгіме арғы дүниеге еркін өте алатын, құбыла алатын ғажайып кейіпкерлерден тұрады. Басты қаһарман мен жалпы кейіпкерлердің кім екені, оның аты-заты, бейнесі толық ашыла бермейді. Классикалық шығармалардағыдай басынан аяғына дейін суреттелмейді. Бұл да автордың стилінің ерешелігі, жаңалығы.
Сондай-ақ автордың «Қара қобыз» шығармасы да фольклордың көне жанрының бірі – хикаяға құрылған. Хикая дегеніміз ел өмірде бар деп түсінген үббе, жезтырнақ, албасты, шайтан, пері, дию сияқты діни нанымға негізделген әңгімелер [Қазақ әдебиеттануының тарихы. Фольклорлық кезең. Т.1. – Алматы, 2008.]. Әңгіме сюжеттері шытырман, күрделі.
Хикаяда аудан орталығында жап-жақсы өмір сүріп жатқан отбасы әкелерінің шешімімен қырсық шалған ауылға көшіп барады. Себебі белгісіз. Әкелерінің мұнда келгендегі мақсаты – кіші ұлы Бектайды албастының қызына қосып, құрбандыққа шалу еді. Бұл құпия жиырма жыл өмірін түрмеде өткізген бауыры Манасқа ғана аян. Ондағы сыр әңгіме соңында әкесінің інісі Манастың Бектайға айтуы арқылы ашылады.
Ал мәселенің негізгі шешімі – кенже ұлды құрбандыққа шалу. Шығарма түйіні бауырын қимаған ағаның «Қара қобызын» алып, қайта келе жатуымен оқырманға ой тасталынады. Хикаяда бақсылық және қобыз сарыны негізге алынған. Сонымен бірге судың, жердің, таудың, оттың, дүниенің, адамның, яғни бар тіршілік атаулының жаратылуы тікелей қобыздың зарлы үні арқылы пайда болыпты деген алғашқы дүниетанымдық мифологиялық түсінік беріледі. Ол табиғаттың бір құбылысының пайда болуын түсіндіретін немесе жер-су, аң-құстардың шығу тегін, әйтпесе басқа бір сырын ашатын мифтің көрінісі. Яғни суреткер көне дүниетаным арқылы бүгінгі дүниені пайымдаудағы жаңаша көзқарасын қалыптастырған. Автордың мифологиялық ойы мен қиялы жайлы Е.М.Мелетинскийдің: «Таза мифологиялық ойлау дегеніміздің өзі – белгілі бір дәрежедегі абстракция», – деген сөзімен түйіндеуге болады.
Қаламгердің «Сайтан қыз» әңгімесі біртұтас сюжеттен алыс, бейне бір фрагменттерден құралғандай. Мұнда жолда кезіккен ақсайтанның өзіне ғашық екені, енді үйлену керектігі айтылады. Қарсы болған жігітке сайтан өзара келісімінің бар екенін дәлелдейді. Ол – арқандаулы тұрған аттың жал-құйрығын шайтан өріп кеткен кезде, жігіттің шешпеуі еді. Енді амалсыздан үйлену керек болған жігіт, шайтан той көйлегін киіп келуге кеткенде жалма-жан өрілген жалдың соңғысын шешуге таяғанда шайтан қыз келіп, жалынып, қайта өре бастауымен бітеді. Хикаяның негізгі мақсаты – тыңдаушысын қорқыныш сезімге бөлеп, оны дүниеде болатын, көзге көрінбейтін мақұлықтардан сақтандыру екенін ескерсек, шығармада ол талаптар ескерілген. Өйткені оқиға айдалада, үңгірде өткен. Жігіт жалғыз. Міндетті түрде ол кездейсоқ үрейлі жайға кездеседі.
Енді автордың мистикалық шығармаларынан аздап тілге тиек етсек. Мұндай туындыларға «Егіз тұмар», «Сүйек», «Жалғыздық», «Аманат», «Қырық бірінші бөлме», «Тұмар», «Би», «Уақыт», «Нүкте», «Оқ» т.б. әңгімелерін жатқызуға болады.
Қойшыбектің «Махаббат» туындысы готикалық сарында жазылған шығарма. Готикалық проза – тылсым күштерге ие, құпия оқиғалар мен фантастика, мистика мен қорқынышты шығармалар.
«Махаббат» туындысы сана еркіндігінің көрінісі. Ирреалды психологиядағы кейіпкер бір адам бола тұра, басқаға өтіп кеткен өз жанымен дауласады. Яғни жан мен тәннің айқасы арқылы автор екі дүние есігіне бас сұққан. Шығармада жол апатына түскен екі ғашық бір-бірін қимай, қыз ана дүниеге өтіп кетеді де, жігіт аман қалады. Дегенмен мұнда негізгі кейіпкер кейде рухымен тілдессе, кейде өзін өзі тірідей сыртынан көреді. Бір оқиғадан келесі оқиғаға бір сәтте ауытқып кете береді. Бұл айтылғандар постмодернистік ағымның өрнектері. Яғни мұнда сана ағымы басты назарға алынған. Абсурд, қиялға ерік беру сана ағымының жүйесі. Осы жерде постмодернист жазушы Д.Амантай автор туралы: «Қойшыбек Мүбарактың шығармалары Милорад Павичті еске түсіреді. Милорадта реализмнің өзі мистикалық тұрғыда бейнеленеді. Яғни, реализм мен мистиканың арасында шекара жоқ, бір-біріне өтіп кетіп отырады. Ғұлама қаламгер Габриэль Гарсиа Маркес пен Карлос Фуэнтестің туындылары сияқты», – дегенін келтіруге болады [Жас прозаиктерге не жетіп, не жетпейді?. Жас өркен. 2013ж].
Яғни біздің жазушымыз да өз алдындағы Габриэль Гарсиа Маркес, Мигель Анхель Астуриас, Хорхе Луис Борхес сияқты саңлақтардың фантастика, қорқынышты әңгімелерін оқып, оған қанығып барып аталған жанрды қазақ әдебиетіне алып келген.
Жазушының «Балшы» әңгімесін оқи отырып, жаңыныз түршігеді. Әңгімені қайтара оқып шығасыз. Қабылдау қиын да үрейлі. Бейне бір триллер, нуар жанрындағы кино іспетті. Балшыға алдында біреудің тұрғаны түседі. Алайда ол жалғыз болады. Шошып жинамақ болғанда, осы кездесуді он жыл күткенін айтқан дыбыс шығады. Жаналғыштан қорқып, денесін тастап қашқан елеспен сөйлесіп, оның дегеніне көнеді. Сөйтсе оқиға осыдан он жыл бұрын болған. Ата-анасынан айрылған жігітке әкесі өлерінде тез үйленуін тапсырып кетеді. Ол ата-анасының қырқы өткен соң өзі секілді көрші жетім қызға үйленеді. Көрші-қолаңымен, бірен-саран дос-жаранды шақырып, шағын той жасайды. Дәл сол сәтте әкесінің аруағы кіріп келіп, жаналғыштың келе жатқанын айтады. Денесін тастап қашудың керек екенін, ескі диірменнің басындағы балшының балына түскен күні үйіне оралатынын, ұрпақ жалғайтынын айтқанда, орнынан атып тұрған жігіттің денесі қыздың алдына құлайды да, жаны қашып кетеді. Дене содан бері ауруханада ессіз екен. Ал әйелі дененің қасында. Ал жан алғыш денесіне келер деп торуылдап, дененің басында отыр екен. Елес денеге барудың жолын балға салып, айтып беруін сұрайды. Балшы таң қараңғысында сәл қалғыған сәтте денеге кіруге болатынын айтып, денесіне жетсе, тоқсанға дейін өмір сүретінін айтады. Елес денесіне жетсе, қайта келетінін айтып, қоштасып кете барады. Балшы ертеңіне таң ата картасын жая бергенде, өзіне қарай келе жатқан дыбысты естиді. Ол қашқынды іздеген жаналғыш болып шығады.
Оқырман мұндай шығармаларды алғаш оқығанда белгісіз психологиялық күйге бөленуі мүмкін. Себебі бұл психологиялық триллер. Яғни санаға салмақ түседі. Ал кейін оқи келе бойы үйреніп, керісінше одан бойын аулақ ұстап, санасын түрлі ауыртпалықтардан тазартатын болады.
Жазушының жаңа формадағы жанрда шығарма тудыруы оның интуициясынан тыс пайда болғандай. Ол өз әңгімелерінде адам санасындағы орын алатын психологиялық әсерлерден туындайтын іс-әрекет пен мінез-құлықтың белгілі бір деңгейін бейнелеуге тырысқан.
Сол секілді жазушының «Тағдыр шайқау» әңгімесі де бірнеше көріністерден құралғандай. Белгілі бір оқиғаға құрылмай ішкі ой арпалысымен жалғасып жатады. Идея мен сюжет автор үшін басты мәселе емес секілді. Көбіне автор оны оқырманның қабылдауына қалдырады.
Шығармада ата-бабасынан қалған кәсіп – тау-тастан алтын іздеу жолында құрбандық шалынуы тиіс екен. Ол құрбандық өзінің жаназасын тірі күнінде беру. Әр қилы бала қиялы мен әкесінің кездейсоқ қайтыс болуымен әңгіме аяқталады. Бар-жоғы екі беттік туынды – жұмбақ. Ал оның шешімін оқырман өзі табады, нүктесін қояды. Яғни әр оқырманның әрқалай қабылдауына ерік беріледі.
Автордың «Дода» атты шығармасында талантты суретшінің халықаралық байқауға арнап салған суретіне жан бітуі сөз болады. Байқау шарты әр суретшінің ең әдемі қыздың кескіндемесін салу болатын. Сұлу қыз іздеп суретшілер барлығы жан-жаққа сабылып кетеді. Ал бұл болса бетінде бала күнінен қалған ай пішінді тыртығы бар, бір көзі қылилау көрші қыздың суретін салады. Суретші үш күн, төрт түн отырып, періштедей сұлу қыздың бейнесін салып бітіреді. Дода басталғанда, сахнаға айдай жамалды сұлу, өзіне бейнесі таныс қыз шыққанда жігіт көршінің кеміс бетті қызын іздеп, оның суретке көшіп кеткенін көріп есінен танып қалады. Жазушы қиялды қалай қабылдасаң солай қол жеткізуге болады дегенді айтқысы келеді. Бұл да Қойшыбектің қарапайымдылығы мен ізденгіштігінің нәтижесі. Осы қасиеттері арқылы қаламгер рухани өсіп, дүниетанымы мен шығармашылық зертханасын кеңейтіп отырады.
Ал «Суретші» атты шығармасында таңғажайып таланты мен ұстазының қаламының арқасында суретші қалаған затының суретін салып, оған жан бітіре алады. Сұлу іздеп сабылмайды. Ұнатқан қыздың, арғымақ аттың суретін салып, қабырғаға сүйеулі тұрған шар айнаның алдына қойса болғаны, бәрі жандыға айналады. Бір күні көне мұрағаттан тауып алған мыс табақтағы ханшаны тірілтуді көздеген суретші, қыздың бұрынғы жігітінің қолынан қаза табады. Шығармада жігіттің таңғажайып өнері, шеберлігі, қыздың ай маңдайлы ажары, қызғаншақ жігіт бейнесі кейіпкер қиялы арқылы көрсетіледі. Оқиға шиеленісуінен гөрі мұнда тереңнен толғану, ойлану бар. Автор әр образдың болмысын олардың тебіренісі мен іштейгі психологиялық арпалысы арқылы ашуға көбірек мән береді. Қойшыбектің тіл қолданысына келсек, сөздерінің бәрі жинақы, қиялы қисынды, артық сөз кездеспейді. Барлығы табиғи қалпында қолданылады. Қызыл, көпірме сөзге ұрынбайды. Осы орайда, Жәркен Бөдешұлының «Қойшыбек тілді төгіп-шашып, ысырап қылмай, үнемді қолданады» дегені еріксіз ойға оралады.
Жалпы жаңа үрдіске аяқ басқан жаңашыл жазушылардың ойлау еркіндігі мен қиял шыңына көтерілуге тұсау жасалмаған лазым. Сонда қоғам мәдениеті, дүниетанымы, философиясы, қала берсе экономикасы да дамитыны шүбәсіз. Ал дәстүрлі әдебиеттен алшақ, мұндай туындылар арқылы қазақ әдебиеті де шетелдік жауһарлар қатарының алғы шебінде көрінетіні сөзсіз.
Қорыта айтқанда, жазушы Қойшыбек Мүбарак ұлттық әдебиетімізге соны мазмұн мен форма әкелген, жаңа жанр мен бағытты ұлттық дүниетаныммен шебер қиюластырып, өзіндік бетін тапқан қаламгер. Бүгінде Қойшыбек Мүбарак стилі қалыптасқан жазушы, ол қазақ халқының мифтері мен аңыз-әпсаналарын шығармаларына өзек ете отырып, әлі де талай тылсым сырдың көркем бейнесін жасайды деп сенеміз.
Жолдасбек Мәмбетов ф.ғ.к, доцент,
Гүлжанат Әбиханова, М.Әуезов атындағы әдебиет
және өнер институтының доктаранты