Қарағанды облысының тұрғындары да Маңғыстауға көмек жіберді (видео)
Қарағанды облысының тұрғындары да Маңғыстауға көмек жіберді (видео)
Маңғыстауға Қарағанды облысының тұрғындары да көмек жібере бастады. Күні кеше ғана облыстық «Ұлттық ат спорты» федерациясының президенті Мақсат Исин Шет ауданы Өспен ауылының атынан алғашқы көмекті жіберді, - деп хабарлайды Saryarqanews.kz.
- Еліміздің батысы, Маңғыстау облысында болып жатқан қуаңшылықты естігелі, менде бей-жәй қарап отыра алмай, "көп түкірсе көл" демекші, "әр қазағым менің жалғызым" деп, қолымнан келген көмегімді Арқаның төрінде тұрған Қарағанды облысы Шет ауданы Өспен аулының атынан жібердім. Аға-бауырлар осындай Алланың берген сынағын "жұмыла көтерген жүк жеңіл" деп, елдігіміз бен бірлігімізді көрсетіп, тығырықтан бірге шыға білейік!, - дейді Мақсат Исин.
Белгілі айтыскер ақын, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің төрағасы Айтбай Жұмағұловтың айтуынша, көмекті Маңғыстау жігіттері қарсы алған екен. Әрине, Арқа жұртының қолдауы мұнымен шектеліп қалмайды. Қазіргі таңда арнайы есепшот ашылып, қаржы жиналып жатыр.
Маңғыстау, Қызылорда жерлерінде тұратын ағайындар қазір көмекке зәру. Ақ адал малдарынан айырылып жатыр. Шөп-жем тапшылығы туындаған. Сондықтан елге көмек көрсету мақсатында Арқаның «мен-мен» деген азаматтарынан көмек сұрап, жылу жинап жатырмыз, - дейді Айтбай Жұмағұлов.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде 10 жылқы жиналған. Сондай-ақ, Ардақ Жүнісов есімді азамат шөп ору үшін өз шабындығын ұсынған.
Көмек көрсетемін деген азаматтар Айтбай Жұмағұловтың «Каспий голд» картасына (87019796601 нөміріне тіркелген) қаражат аудара алады.