Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау және Қызылорда облыстарының әкімдерімен өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды телефон арқылы талқылады, деп хабарлады Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов COVID-19-ға қарсы күрес, оның ішінде халықты вакцинациялау, сондай-ақ мал азығымен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Президент өңір тұрғындарын вакцинациялау қарқыны бойынша жұмысты күшейтуді, сондай-ақ өндірістер мен мұнай сервистік кәсіпорындардағы әлеуметтік әл-ауқат бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
"Мемлекет басшысы қатты құрғақшылық пен жайылымдарда өсімдіктердің жетіспеуі салдарынан қалыптасқан жағдайға байланысты Үкіметке әкімдікпен бірлесіп фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды", — деп жазды Берік Уәли.
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова коронавирус инфекциясымен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Сондай-ақ, Әбдіқалықова өңірді суармалы сумен қамтамасыз ету туралы айтты. Бүгінгі таңда Сырдария арқылы облысқа секундына 550 текше метр су келеді. Шаруашылық жүргізуші субъектілерге суармалы су берудің кезектілігі мен көлемін айқындайтын жұмыс комиссиясы құрылды.
Арал ауданында 12 шілдеде төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты Үкімет резервінен және облыстық бюджеттен жемшөпті субсидиялауға, сондай-ақ каналдарды тазалауға және ұңғымаларды бұрғылауға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.
Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкіміне халықпен вакцина бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, мұнай-газ секторының проблемаларын шешу бойынша кешенді тәсіл жүргізуді, сондай-ақ Қызылорда облысының зардап шеккен аудандарының шаруашылық жүргізуші субъектілеріне жем-шөп дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды.