2944
Қашықтан оқу қажытты... Мектепке қашан ораламыз?
Қашықтан оқу қажытты... Мектепке қашан ораламыз?
Өткен оқу жылы аяқтала салысымен, мамыр айының соңында министр Асхат Аймағамбетов тағы бір жыл онлайн оқытуға білім беру жүйесі шыдас бермейтінін, келесі оқу жылы дәстүрлі форматта өтеді деген үміті бар екенін айтқан еді. Қыркүйек те таяп қалды. Бірақ індеттің беті қайтар емес, керісінше күшейіп, әлемді әуреге салды. Оқушылар жаңа оқу жылын мектеп партасында қарсы ала ма әлде онлайн оқытудың машақаты тағы бастала ма? Дәстүрлі форматта оқыту қаншалықты қауіпсіз?
Мәселенің шешімі – мектепке бару
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылғы қыркүйектен бастап дәстүрлі форматта оқытуды ұйымдастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы пандемия білім беру сапасына теріс әсер еткенін, сондықтан олқылықтардың орнын толтыру керек екенін айтқан еді. – Мәселені шешудің жалғыз жолы – бұрынғы оқыту форматына көшу. Үкіметке оқушылар мен студенттердің жаңа оқу жылында дәстүрлі оқыту форматына оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болған жағдайда бұл тапсырманы орындау оңай емес екені түсінікті. Сондықтан оқушылар мен мұғалімдерді қорғауды барынша қамтамасыз ететін кешенді тәсіл әзірлеу қажет, – деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Қыркүйекте оқушылар қайтадан мектеп партасына отырса, оған мектептердің дайындығы қандай? Індеттің қарқыны да бәсеңдер емес. Әйтсе де, мұғалімдер де, балалар да, ата-аналар да дәстүрлі оқыту форматына қайта ауысуды көптен күтіп жүр. Олай дейтініміз – онлайн оқыту білім сапасына кері әсер еткенін, салдары да жақсы болмайтынын білім беру саласындағы сарапшылар айтып, жыл бойы мәселе көтерген болатын. Интернеттен бастап, үй тапсырмасына дейінгі аралықтағы туындаған қиындықтар туралы да бірнеше мәрте жазылды. Осы үшін Білім және ғылым министрлігі қаншама рет сынға да іліккен еді.Министрлік не дейді?
Дәстүрлі форматта басталатын жаңа оқу жылына дайындық қалай ұйымдастырылатынын білу үшін Білім және ғылым министрлігіне хабарластық. Ведомство өкілдері Президенттің тапсырмасы бойынша дәстүрлі оқу форматына көшуге дайындық жүргізіліп жатқанын айтты. Қалған басқа да мәліметтерді жақын арада, барлығы толықтай нақтыланған кезде хабарлайтындарын айтып қысқа қайырды.Мектепте оқу қауіпсіз бе?
16 шілдеде елімізде бір тәулікте 5 648 адам коронавирус жұқтырған болатын. Бұл пандемия басталғалы тіркелген рекорд көрсеткіш болды. Оған қоса, вакцина алған адамдардың өзі коронавирус жұқтыруы ықтимал екені де айтылып жатыр. Осы орайда «Балаларға мектепке барып оқу қаншалықты қауіпсіз?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Шолпан ДАЙРАБАЕВА, Нұр-Сұлтан қаласы №8 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:Дәстүрлі форматта оқығаннан ешқандай қауіп-қатер жоқ
– Білім беру дәстүрлі форматта өткенін құптаймын. Бұл – менің дәрігер ретіндегі пікірім. Оған қоса, балалардың сапалы білім алуы ұлт үшін, ел үшін аса маңызды. Оған қоса онлайн форматта білім беру жалпы білім жүйесін шатқаяқтатты. Онлайн оқуға дайын еместігіміз де байқалды. Балалардың жүйке жүйесіне, психикасына қатты салмақ түсті. Бала қозғалмай, мониторға телміріп, төрт қабырғада қамалып отыратын болса, денсаулығына зиян екені айтпаса да белгілі. Көпбалалы отбасыларға екі есе ауыр болды. Ата-аналар мен мұғалімдерге де оңай тиген жоқ. Әрине, бір жылдан аса уақыт ішіндегі жеке тәжірибеме сүйене отырып, балалардың көбісі қазір коронавирус туралы біледі, маска тағу, антисептик пайдалану сияқты жалпы сақтану ережелерін біледі деп айта аламын. Толық қауіпсіз деп сенімді түрде айта алмаймын, дегенмен, сақтанып, ережелерді толық сақтайтын болса, әрине дәстүрлі форматта оқығаннан ешқандай қауіп-қатер жоқ. Балаларда да ұжымдық иммунитет қалыптасуы керек. Балалар стирильді болмауы керек, яғни инфекциямен кездескен кезде бала оған қарсы тұра алуы керек. «Вакцинаның қауқары жете ме?» деген мәселеге тоқталар болсам, өздеріңізге белгілі, екпе аурудан түбегейлі қорғамайды, бірақ жеңіл өтуіне сеп болады. Вакцинаның әсері алдағы уақытта сезілетін болады. Оған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге вакцина салу жоспарда бар екенін мәлімдеген болатын. Егер жасөспірімдерге вакцина егуге рұқсат берілсе, әр ата-ана баласына екпе салдыртуы керек деп есептеймін.19 шілдеде Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мектептер дәстүрлі форматқа қайта ауысуы үшін қандай шаралар қабылдау қажет екенін айты. Министрдің айтуынша, ведомство Президенттің тапсырмасын ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін талдап, бейімдеген. Сонымен қатар министр қауіпсіздік үшін педагогтарды 100 пайыз вакциналау, 12 жастан асқан оқушыларға да екпе салу, санитарлық нормаларды сақтау және психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын күшейту, коронавирус симптомдары байқалғандардан ПТР сынама алу, мамандардың, оқушылардың денсаулық жағдайына мониторинг жүргізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Алексей Цой білім беру ұйымдары онлайн оқытуға жедел көшуге дайын болуы керек екенін де атап өтті. Яғни дәстүрлі оқу форматына ауысқан күннің өзінде онлайн оқудан түбегейлі бас тарта алмаймыз. Қашықтан оқыту бірінші сыныпты тақтаға емес, мониторға телміріп қарсы алған балаларға тіптен ауыр болды. Білім сапасына да айтарлықтай әсер етті. Сондықтан да биыл қыркүйекте балалар мектепке бармақ. Осы бастан балаларға сақтық шаралары туралы түсіндіріп, үйрете берген жөн сияқты. Ал білім жүйесіне тиген зардап пен олқылықтың орны тола ма, оны уақыт көрсетеді.